Гүлзат Дулатқызы БИЛЯЛОВА
Археология және этнология кафедрасының оқытушысы
Әйгерім МАҚҰМ
Археология және этнология мамандығының 3 курс студенті Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті
Астана/Қазақстан
Б.з.б. I-мыңжылдықтың басынан осы заманға дейінгі кезеңді алсақ, темір — адамзаттың заттық мәдениетінің негізі болып келді. Бастаулары осы металды қолданумен сәйкес келетін адамзат тарихының маңызды кезеңі дәл осылай аталды. Өндірістік технология саласындағы барлық мәнді ашылымдар аталмыш металлмен байланысты болды.
Темір дәуірі – адамзат тарихында қола дәуірін алмастырған, аса маңызды әлеуметтік-экономикалық, саяси, демографиялық, технологиялық өзгерістерді дүниеге әкелген жаңа кезең.
Ертетемір дәуірінің басталуымен Еуразия кеңістігіндегі далалык этностар өмірінде шынайы ғаламат өзгерістер басталды. Бұл дәуірде шығыстағы Монғолиядан батыстағы Дунайға дейінгі далаларды мекендейтін бақташы, бақташы-егінші тайпалардың жайылымдар мен су көздерін пайдалануды маусымдық шектеудің күрделі де қатаң жүйесіне негізделген малшылық шаруашылықтың жылжымалы түрлеріне көшуіне тура келді.
Адамзат тарихында елеулі оқиғалар, өзгерістер мен сыры толықтай ашылмаған кезеңдердің орын алып отырғаны көпке мәлім. Сол кездерде өмір сүрген халықтардың тағдыры жан-жақтан түйіскен жағдайларға байланысты өзгерістерге ұшырап, тіпті, мүлдем басқа сарынға бұрмаланып отырды. Әрине, адам болған соң, іштегі көңіл сыртқа шығуға асықты. Сол себепті де, өнер, өнермен қоса мәдениеттің дамуы алға жүрді. Бұл даму үдерісі, менің ойымша, ең біріншіден, адам баласы үшін қажет болғандықтан дамыды. Сол себепті, ертедегі тайпаларды осы жолдың негізін салушылар деп айтсақ, қателеспейміз.
Ішкі күй, әлемді тану, таң қалу, түсінбеу — көбіне сызу, бейнелеу арқылы жеткізіліп отырды. Бұл өнердің дамығандығы соншалық, уақыт өте келе әр туындыға, бөлшекке тиесілі мән-мағына мен идеология қалыптаса бастады. Енді келе, әр адам өзінің қай тайпа өкілі екендігін, кімді құдай санап, кімге табынатындығын белгі ретінде ең бірінші боп көзге көрінетін жерге, яғни, күнделікті киіп жүретін киіміне қосты. Ең қызығы, мұндағы негізгі мағына- киімде ғана емес, бас киімде де жатыр. Оған дәлел: сонау, сақ дәуірінің өзінде тиграхауда, хаомаварга, парадарая болып бөлінген сақтардың тиграхауда тобы «шошақ бөрікті» деп киген бас киіміне бола солай аталған. Одан кейінірек, қазақ әдебиетінде орны ерекше туынды М.Әуезовтың «Абай жолы» романында айтылғандай әр рудың өзіне сай белгісі болған. Мысалы: Ертоқымы, шапанының жағасы мен оюы, келген баласын немесе қариясын сол жоғарыда айтылған белгілеріне қарап таныған. Бұл мақаланың негізгі мақсаты да осы киім, нақтырақ айтқанда — бас киімнің маңыздылығы жөнінде болмақ.
Ертедегі және дәстүрлі қоғамның костюмы — оны жануарлар әлемінен айырықшаландыратын адамзат мәдениетіндегі маңызды элементтердің бірі. Кейбір көне мифтерде адамдарды — Жаратушының өзі ең алғашқы пішуші ретінде қабылданады; ал басқа халықтарда, керісінше, киім тігу құпиясын әзәзілдер сол елдің батырына үйрету арқылы дәріптеген делінеді.
Костюм — көпшіліктің назарына ұсынулуға бағытталған. Сол себепті, ол әр заманда күрделі белгілердің жүйесі болды, әрі тәжірибелі бақылаушыға сол киімнің иесі жайлы мол және жан жақты ақпаратты беріп отырды (тіпті, оны алыстан, арқасынан көрген кезде, яғни, сөйлеспей тұрып ақ). Демек, костюм — тек жеке адамның көрнекті нышаны ретінде ғана емес, бүтін халықтың мақтанышы әрі ұлттық образды сомдайтын көркем бейне ретінде рөл атқарады.
Костюмның толық мағынасын көрсететін біртұтас композиция болатын әр элементтің өзіндік ерекшелігі болады. Кеудеден ең жоғары деңгейде тұратын қасиетті бөлік — ол бас, дәл сол сияқты, бас киімнің де костюм құрамында алатын орыны жоғары. Бас киім — ол тек қана сәндік үшін киілетін киім емес, ол әр кезде адамның лауазымдық деңгейін, абыройын аңғартатын ерекше дүние. Зерттеу барысында көкейде сұрақ тудыратын жәйттәр көп кездесті, себебі, безендірілу жағынан аспан денелері мен тылсым күштердің образдары кездеседі. Оған дәлел ретінде археологиялық қазба жұмыстарынан табылған ер және әйел адамдардың бас киімдері бола алады[2, 35-б].
«Есік» қорғанындағы жақсы сақталған деректер — киім, бас киімнің реконструкциясын жасауға және олардың бетіндегі алтын бұйымдардың жүйелі орналасуын алғашқы орнына қайта келтіруге мүмкіндік берді. Есіктен табылған бас киімнің ресімделуі өте күрделі болып келеді. Дегенмен, бірқатар белгілері бойынша оның көне үндіеуропалық және үндіеуропалық емес халықтармен ұқсастығы байқалады. Ондай ұқсастықтарды рельефтердегі суреттерден, мүсіндерден, торевтикадан, қолжазбалардан, петроглифтерден, сонымен қатар скиф және сақтардың қорғандарынан табылған бас киімдерден көруге болады.
Біз қолданған материалдардың өзіндік ауқымды хронологиялық көлемі бар болып шықты. Олардың кейбіреулерінің шығу-тегі бір-бірінен ерекшеленсе де, бұл бас киімдерді айқын көрінетін ғұрыптық міндет және бір-біріне келетін ою өрнекті рәсімдеу тәсілі біріктіреді.
Есіктегі бас киімнің құрылысына келсек, ол биік (65 см) тік тұратын, конус пішінді қалпақ, құлақ шекеге арналған қалағы немесе құлақшыны бар, және мойынды жауып тұратын жартылай домалақ тіл тәрізді бөлшегі бар. Оның оюларының құрамында жіті ұйымдастырылған ғарыштың бейнесі көрсетілген: үш аспан өрісі арқылы өтетін тамырын жайған күн тәрізді Дүние жүзілік ағаш; әлемнің төрт бұрышы, ал диаграмманың ортасында күн тәрізді төрт атының образы.
Есіктен табылған бас киімнің теріден немесе ішкі жағы қатты негізден (ағаш, киіз) тігілгендігін айта аламыз. Егер, тымақтың негізі мықты болмаған жағдайда, түрлі бұйымдармен әшекейленген оның ұшы салмақты көтере алмай, иіліп кете беретін еді, яғни, ресімделген әр бөлшек сынып, ең бастысы — маңызды саяси ұғымды көрсететін композиция түгелімен бұзылушы еді. Биіктігі (орташа алғанда 70 см) және қымбат алқалармен әшекейленген тойда киілетін бас киім — сәукеле міндетті түрде негізі мықты болу үшін ағаштан немесе картоннан жасалынды. Мысалы, Пазырық қорғанынан табылған бас киім ағаштан жасалған. Оның ең жоғарғы жағында жасанды бұрымдар тік тұру үшін арналған домалақ тесіктері бар. М.П. Грязнов бұл бас киімді алтын айылбасқа салынған тымақтың бейнесіне сәйкестендіріп, оған «жолдағы демалыс» деген ұғым береді. Ол тымақ түсініксіз болатын биік діңгектен тұрады. Биік тымақтарға арналған ағаш негізден жасалған Есіктегі бас киім осы құрылымға ұқсас болуы мүмкін.
Биік, шошақ бөрікті тымақтар скиф-сақ әлемінде кең тараған. Көне жазбаларда және бейнелі сипаттауларда этнографиялық веризм арқылы біз әртүрлі халықтардың бейнелерін ажырата аламыз. Мысалы, Бехистундағы Дарийдің табытында Есіктегі шошақ бөрікті киіп тұрған белгісіз бір сақ тобының суреттері бейнеленген. Олардың беткі жағында қосымша мата, сонымен қатар мойын жақтан салбырап тұратын тілше бар. Маңдай көлемінде айнала тігілген немесе белбеумен оралған. Дәл осыған ұқсас, бірақ, кері қайырылған қошқар мүйізді тымақты киген тиграхауда тобының сақ патшасы Скунха бейнеленген [3, 15-б].
Сақ қорғаны Үржардан 35 км жерде «Жаңа тілек» (бұрынғы Южный) ауылы маңынан табылған «Үржар ханшайымы» ескерткіші б.з.д. ІV-ІІІ ғасырларға жатады. Салтанатты киімімен жерленген жас әйел сол кездегі патшаның зайыбы, бәлкім қызы болуы да мүмкін. Әшекейлердің ішіндегі ең маңыздысы — бас киімі. Жас әйелдің ханшайым болғаны туралы тұжырымды ғалымдар негізінен соған сүйеніп жасап отыр. Ол «мүйіз» ою-өрнегімен безендіріліп, алтын және бағалы тастармен көмкерілген. Келбеті мен өрнегі жағынан сәукелеге ұқсас және жан-жағында алтыннан жасалған сым-сырға, салпыншақтары да бар [4].
Аса маңызды жұмыс ретінде металлургиялық, зергерлік орталықтарды іздеу (көптеген аймақтарға ортақ) орын алады, өйткені, мұнда- зергерлер мен шеберлер билеушілер мен төрелерге салтанатты киімдер дайындаған. Бұл табылымдар Қазақстан сақтарының тарихын зерттеуде маңызды рөл атқарады. Олардың ғылыми құндылығын жақын және шетел ғалымдары жоғары бағалады. Қазіргі уақытта Орталық Қазақстанның ерте темір дәуірі ескерткіштерін зерттеу әлі де жалғасуда.
Қазақстан жерінде ерте темір дәуірі айырықша қарқынмен дамыды. Үлкен «патшалық» обалары, яғни қайтыс болған ауқатты адаммен бірге қару-жарақ, ат әбзелдері, әшекейлер, киім кешек және бас киім сияқты өзінің құндылығымен мәнді болып саналатын бұйымдар бірге жерленген күрделі құрылымды ірі обалар тұрғызылды. Мәдениет пен өркениет тек қана өз территориямызда емес, сонымен қатар өзге елдердің мәдениетімен араласып, астарланып, бүгінгі күнде теңдесі жоқ бай тарихи дерек болып қалыптасты. Аса шеберлікпен орындалған әр заттың көркемдік стилі, жасалу технологиясы бар. Ол (Зергерлік өнер) б.з.д 3-5 ғғ. «полихромдық өнер» бағытта дамыды. Тек алтын қолданылды. Жиі кездесетіндері — түрлі-түсті тастармен безендіру (инкрустация), зерлеу, оқа жүргізу, жалату т.б. болды. Жалпы алғанда, далалық белдеуде ерте Темір дәуірінің соңына қарай қалыптасқан әлеуметтік-экономикалық үдерістердің барысы, саяси оқиғалар мен ағымдардың тоғысы біздің заманымыз 1-мыңжылдығының 2-жартысына қарай Түркі әлемінің түбегейлі тарих сахнасына шығуына алып келді.