ОРАЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ҚАЛЫПТАСУЫ МЕН ДАМУЫНЫҢ ТАРИХЫ

Ж.М. БИСЕНОВА

Магистрант

М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті

Орал/Қазақстан

Көп ғасырлық тарихы бар Орал қаласы – Евразия кеңістігіндегі Европа мен Азияны жалғастырушы тарихи қалалардың бірі. Орал қаласының қалыптасуы туралы көптеген деректерді археологтар, этнограф және өлкетанушылар айтқан болатын. Қаланың ресми тіркелген жылы болып негізінен 1613 саналады. 20 жылдан астам уақыт бойы облыс аумағында Г.А. Кушаев археологиялық қазба жұмыстарын жүргізді.

Г.А. Кушаев өзінің мақалаларында Орал қаласының қалыптасу кезеңін XIII-XIV ғасырлар деп жазған болатын. Археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған мәліметтер бойынша қазіргі Орал қаласы бұрынғы Саксин қаласымен ұқсас келеді.[1]

Бірнеше мың жыл бұрын Орал қаласының орнында скиф, ғұн, авар, печенег және қыпшақ тайпаларының мекен тұрақтары болған. Қала маңында ерте заман ескерткіші бұрынғы тайпалардың көсемдері мен жауынгерлері жерленген шағын қалалар мен қорғандар қазір де кездеседі.

Орал қаласы аумағында әлі күнге дейін «Курень» (моңғолша қос, елді мекен), «Баскачина росташь» (Басқақ көпірі), «Ханская роща» (Хан тоғайы), т.б. топонимдердің сақталуы бұл жерде қарақшы, қашқын топ (кейін «Жайық казактары» аталған) бекініс салынғанға дейін орта ғасырлық шаһар болғандығын және аймақта мекендейтін байбақты руының бір тармағы әлтеке (әл — тәки) аталуын да археолог Ғ.Кушаев, тарихшы Т.Рысбеков т.б. дәлелдейді. Орыстар Жайық бойында XV ғасырдың аяғымен XVI ғасырдың басында келе бастады. Олар 1580 жылы Жайық бойымен жоғары көтеріліп, Ноғай хандығының астанасы Сарайшықты талап тонады да, Жайық Шаған алқабына біржолата орналасты [2].

XVII ғасырдың 1 ширегінде Ноғай хандығымен шекарада шағын әскери бекініс тірек ретінде Жайық қалашығы салынды.Ол 1613 жылы қазіргі Орал қаласының орнына көшірілді. XVIII ғасырдың бас кезінде Жайық қалашығында 3 мыңға жуық түтін болды. Олар негізінен Стрица (Жайықтың бұрынғы арнасы) және Шаған өзендерінің бойына орналасты. Қаланың негізгі тұрғындары — казактар, орыстар болған. Олар әлеуметтік жіктелу нәтижесінде кедейлер және байлар болып бөлінді. Жайық казак — орыстарының Е.И.Пугачев көтерілісіне қатысуы Орал тарихындағы көрнекті әрі ауыр кезең болды. Шаруалар соғысын басып, Пугачевты жазалағаннан кейін, Жайық қалашығы ІІ Екатеринаның 1775 жыл 15 қаңтардағы жарлығымен «Орал қаласы», ал оның тұрғындары Орал казактары болып өзгертілді. [3]

Орал қаласының неғұрлым ежелгі бөлігі Михайло-Архангельск ғибадатханасының оңтүстігінде орналасты. Мұнда казактар қауымы әскери жиналыс өткізіп тұрды. Ғибадатхана 1741-1751жылдары салынған. Қалада құрылыстардың тығыз орналасуы бірнеше күшті өрттерге себеп болып, қаланың түгін қалдырмады. Бірақ әрбір болған өрттен кейін қаланы қайтып бұрынғыша салды. Бұның себебін оралдықтар былай түсіндірді, қаланың ауданы неғұрлым тығыз болса соғұрлым қорғанысы да жақсы болады деген екен. Қаланың шаруашылық және әкімшілік мәнінің өзгеруіне байланысты, оның сыртқы бейнесімен көлемі де өзгерді. [3]

1807 жылы Орал қаласында болған өрт тарихқа жаңа өзгеріс әкелді. 1807 жылдың 16 шілдесінде тарихи Комитет министрінің арқасында қала толық қанды өзгерді.Толығырақ айтқанда жаңа қала салынды. Губернатор Валконский Комитеттен келген бұйрықты орындауға кірісті. Тамыз айында Орал қаласына өзі келіп қаланы қайта жандандыруды ұйымдастырды, Н.Ф.Савичевтің айтуы бойынша үйлердің ауданын сызуды да өзі белгілеген болатын.1821 жылғы өрттен соң Орал казак орыс әскерлерінің атаманы Д.Бородин қаланы архиттектуралық жағынан жоспарлы түрде салу үшін италиялық сәулетші Дельмединоны шақырды. Кейін қалада Сырым Датұлы бастаған халық көтерілісі және Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлының бастауымен болған қазақ шаруалардың ұлт-азаттық қозғалыстары Орал қаласының және Жайық өңірінің тарихында ұмтылмас із қалдырды. [4]

1869 жылы Орал облысы құрылып, қала облыс орталығына айналды. Қалада 1876 жылы Мемлекеттік банктің бөлімшесі ашылды. 1877 жылы Батыс Қазақстандағы астық саудасының аса маңызды орталықтарының бірі саналды.1894 жылы Орал Покровск теміржолының салынуына байланысты қалада ауыл шаруашылық өнімдерін, металл және ағаш өңдейтін кәсіпорындар салына бастады, және майдагерлік шеберханалар көбейді. Осы теміржолдың арқасында қаланың экономикасы біршама жақсарған болатын. 1900 жылдың қарсаңында қалада марксизм идеялары насихаттала бастады. Сол жылы қалада бу диірмендерімен, жарма, кірпіш зауыттары іске қосылды. 1919 жылдың 1 сәуірінде Оралда жұмысшы, шаруа және солдат депутаттары Кеңестерінің 1-сайлауы болып өтті.1920 жылы Орал губерниясы қалаға айналды. Қала Қазан революциясына дейін ірі сауда орталықтарының бірі болды [5].

Орал қаласында XIX ғасырдың 60-жылдарында өңдеу өнеркәсібінің алғашқы кәсіпорындары салынды. Кеңес өкіметі жылдарында Оралдың экономикасы жедел қарқынмен өркендеп, республикадағы ірі өнеркәсіп орталықтарының біріне айналды. 1925 жылы Жайық өзенімен Орал-Атырау арасында тұрақты кеме қатынасы және 1923жылы Орал-Елек теміржолының ашылуы қаланың экономикалық географиялық жағдайын жақсартты [3].

Кейін Орал қаласы Батыс Қазақстан облысының орталығы болып 1932 жылы сайланды. Одан кейінгі 1950 -1990 жылдары Орал қаласында ірі машина жасау және металл өңдеу, құрылыс материалдарын өңдеу, жеңіл және тамақ өндірістері, медециналық препарат зауыты т.б. екі жүзден аса обьект салынды. Көлік жүйелері күрделеніп, одан әрі дами түсті. Әлеуметтік инфрақұрылымда мәдени-ағарту, денсаулық сақтау, т.б. мекемелер халыққа қызмет көрсетті. Әлеуметтік инфрақұрылымның басқа да салаларында ондаған ірі мекемелер іске қосылды [6].

ХХІ ғасырдың басында Орал қаласы — Қазақстандағы ірі мәдени экономикалық орталықтардың бірі болып саналады. Қаладағы ірі кәсіпорындар: «Зенит зауыты», «Омега», «Металлист», «Орал механикалық зауыты», «Орал араматуралық зауыт», «Орал полипласт зауыты»,«Орал мемлекеттік ауыл шаруашылық стансасы» т.б. Бұлардан басқа облыстық дәрежедегі нан комбинаты, жылу, жарық, газ беретін кәсіпорындар жұмыс істейді [7].

Сөйтіп қалыптасу тарихы сонау ерте кезден басталған Орал қаласы осы батыс өңірінде болған ұлы тарихи оқиғалар мен тарихи дүрбелеңнің барлығын да азды-көпті бастан кешіріп, тарих толқынында дағдарыс пен қиындықты, жетістік пен өрлеуді көріп, дамып, жетіліп, ірі экономикалық – әкімшілік және мәдени орталыққа айналды.

Орал қаласы Қазақстандағы XVIII, XIX және XX ғасырдың басындағы мол тарихымен және архитектуралық ескерткіштерімен маңызды жалғыз қала болып саналады. Орал қаласының ескі тарихи аумағы қаланың 1/12 барлық ауданының бөлігін құрайды.

Қазіргі таңда қаланың ауданы, қалалық елді мекендерді қосқанда 720 кв.км құрайды. Жалпы жасыл екпелер алаңы 6,0 мың га. Қала орманды дала зонасында орналасқан, айналасында Жайық, Шаған, Деркөл өзендері мен жылдық орташа ылғалдылық мөлшері – 69 % құрайтын көптеген көлдері бар. Орал батыс қала болып саналады, орта-азиялық ауданмен Қазақстанның батысында орналасқан. БҚО солтүстік-батысында Ресей Федерациясының Орынбор, Самара, Саратов, Волгоград және Астрахань облыстарымен, шектессе, ал оңтүстік-шығысында Атырау мен Ақтөбе қалаларымен шектеседі. Осы аталған облыстар Қазақстан мен Ресейдің экономикалық тұрғыда дамыған өңірлері болып табылады. Орал евро-азиаттық көлік торабының ыңғайлы жерінде тұр.

Сонымен қатар, қалада 19 кітапхана, 45 мектеп кітапханасы, 3 оркестр, 2 мәдениет үйі,18 техникалық кітапхана, Киров саябағы, 3 мұражай, 2 театр, филормония, көрме залы, 47 мектеп, 2 жоғары оқу орны мен 3 филиал бар.

Қаланың дамуындағы оң өзгерістер, халық санының өсуіне де әсер етті: соңғы 12 жылда тұрғындардың саны үштен бірге көбейіп, 300 мыңға жуықтады. 2030 жылға қарай қала халқының саны жарты миллионға жетеді деген болжам бар. [7,8] Орал қаласының тарихы бай, өткені өнегелі, келешегі жарқын. Серпінді дамуға қаланың әлеуеті зор.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *