ТҮРК ТАРИХЫНА БАЙЛАНЫСТЫ КӨНЕ ДЕРЕКТЕРГЕ ТАЛДАУ ЖАСАУ ЖӘНЕ ІРІКТЕП ЖҮЙЕГЕ ТҮСІРУ МӘСЕЛЕЛЕРІ

Уржамал Абдуллақызы АЛМЕНБЕТОВА
Тарих магистрі

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ
Астана/Қазақстан

urzhamal61@mail.ru

Қазіргі кезде тарихи деректерді пайдалану тарих ғылымына үлкен үлес қосып, жаңа бағыттар ашуға мүмкіндік беретіні анық. Оны қай елде, қай мұрағаттарда қаншалықты сақталып, ашылмай жатқаны көбінесе нақты мәліметтер беріле бермейді.

Оның үстіне көне тарихымыз туралы өз тіліміздегі жазба деректердің аздығы тарихшыларымызға қол байлау болып отырғаны да мәлім. Біздің тарихымызға қатысты деректердің көбі көрші елдердің жазбаларында сақталып, сол елдің зерттеушілерінің ұлттық және саяси мүдделеріне орай өзгертулер мен «түзетулерге» ұшырағандығы ескерілмей, шала қорытылды. Өз уақытында қазақтың шежіре деректері алып қашты сенімсіз нәрсе ретінде қаралып, тарихи дәлел ретінде пайдаланылмады.

Кеңестік идеологияның кезінде, қазақ зиялыларының халқымыздың рухани мұраларына халықтық талғаммен қарап, баға беруіне жол бермеді. Себебі, халықтың өз болмыс-бітімін тура тануға ұмтылуы – бағынышты халықтың тарихи жадын үзіп, өткенін ұмыттырып отыруды мақсат тұтқан кеңес билеушілерінің түп мүддесіне және саясатына қайшы келетін.

Ұзақ уақыт дәурендеген отаршылдық езгі мен үстем саясат халқымыздың ұлттық ойлау жүйесіне зор нұқсан келтіріп, оны талқандап, жасқаншақ, құлдық психологияны ұлт санасына терең сіңіріпте жіберді. Ол ата-бабаларымыздан қалған, кейінгі ұрпаққа қалдырар рухани мұраны, ұлттық тұрғыдан, халық тарихымен бірлестіре зерделегенде ғана туған әдебиетіміздің тарихы мен табиғатын тануда шындыққа жақындай түсетіндігімізді ойлатпады. Дегенмен де бұл түйін жалпылық мән алатын, баршаға ортақ шындық емес.

Түркілік дәуірдегі көне жазбаларды, жырларды, аңыздарды және түркі текті халықтардың ұлттық дәстүрлеріндегі жазба деректерді, оның тарихы туралы түрік, өзбек, әзірбайжан, ұйғыр, қазақ ғалымдары көптеген зерттеулер жасады. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңде тарих ғылымы, оның ішінде үлкен сала түркология ғылымы күн санап ілгерілеп, аясы кеңіп, тың серпін алып келеді. Әйтсе де, осы жазба деректерді жүйелеу, оның шығу тарихын сараптау туралы бірауызды пікір қалыптасып, көзқарас бір жүйеге келген жоқ. Зерттеушілердің назарына ілінбеген, жазба мұраларға қатысты деректер жетерлік. Бұл саладағы шындық әлі де ашыла бермек. Қзаіргі кезеңде деректану және тарихнама туралы ғылыми ой да ары қарай дами түсуде. Сондықтан, көне жазба тарихи деректерді зерттеу тақырыбы үздіксіз зерттеуді талап етеді.

Түрк тектес халықтарға ортақ түрк қағанаты дәуірі алдыңғы жазба тарихи деректер мен көне жәдігерлерді зерттеудің маңыздылығы зор, бірақ бұл сала бойынша бүгінге дейін тұрақтанған көзқарас қалыптаспаған. Бірлі-жарым зерттеушілердің жеке пікірлерін айтпағанда, көп санды оқулық авторлары Орхон-Енисей ескерткіштерінен арғы дәуірге бара бермейді. Біз зерттеуімізде осы күрделі мәселеге жеткілікті дәрежеде мән бердік.

Түрк қағанаты ыдырағаннан кейін тарих сахнасына Түркеш, Ұйғыр, Қарлұқ Оғыз т. б. қағандықтар шықты. Бұл тұста түрк тектес халықтардың сенім тұтастығына сызат түсті, көне тәңірлік дін әлсіреп, ислам, будда, христиан, манихей діндері әр тұстан әр түрлі дәрежеде бой көрсетті. Мекемтас Мырзахметұлы осы жіктелісті: «ХІІ ғасырдың өзінде-ақ, оңтүстік батысқа жылжи бастаған түрк рулары ХІІІ ғасырда Шыңғыс жорығының соңынан бөлек-бөлек хандарғы бағынып, бөлек-бөлек территорияда жасағандықтан оңтүстік-шығыс, оңтүстік түрк тайпаларының ұйғыр-қарлұқ бірлестігін, ал, ХІ-ХІІ ғасырда Сырдарияға қарай жылжып, одан Орта Азияға, батысқа қарай жылжыған көшпенді тайпалар оңтүстік батыс түрк тайпаларының оғыз бірлестігін құрды.

Дешті-қыпшақ даласында Алтын Орда хандығы құрылып, қыпшақ бірлестігі қалыптаса бастады» [1; 296 б],- деп таратады. Біз бұл жіктелуді ІХ ғасыр мөлшерінде болды деп қараймыз. Ә. Нәжиптің зерттеуі бойынша, дәл осы тұста түрк халықтарына бұрынғы «ойма жазуымен қатар соғды жазуы мен араб жазуы» келіп қосылған көрінеді. Түрк қағанаты ыдыраған соң түрк жазба деректердің қалыптасуының басты бір себебі осы еді. Ә. Қоңыратбаев, Ә. Нәжип, М. Мырзахметұлы, Б.Алдамжаров сынды ғалымдардың ұсыныс-пікірлерін айтпағанда, тарихи жазба деректер мен көне жәдігерлерді зерттеудің маңыздылығы қатысты ғылыми еңбектерде бұл жіктеліс ескерілмей, VІІ-VІІІ ғасырлардың көне түркі ескерткіштері делініп, ІХ – ХІІІ ғасырларда кейде «ислам дәуірі», кейде «Қарахандар дәуірі» делініп келді.

Тарихи жазба деректер мен көне жәдігерлерді зерттеу тарихы түрк халықтарының бәріне ортақ көне дәуірден басталады. Сондықтанда тарихи жазба деректерді зерттеуді қай дәуірден, қандай жазба деректерден, ауызша шығармалардан бастау керек па деген мәселеге келгенде туысқан түрк халықтарының көне жәдігерлерді зерттеу ғылымының жетістіктерін назардан тыс қалдыра алмаймыз. Жазба деректер бойынша түріктың айтулы білгірі Махмұт Фуат Көпірүлузаде түріктің көне деректертерін зерттеген кезеңнен бастап, мынандай салаларға бөлуді ашып көрсеткен: «Алғашқы қауымдық кезеңі, Ислами және Түркияның жаңару кезеңі» [2; 19 б] сынды тарихи кезеңдерге бөліп,VІІ–ІХ ғасырлардағы ислам мәдениетінің таралуына байланысты жаңа сипат алған, түрк халықтарының жазба деректануын исламның әсерінде дамыды деген қорытынды жасаған. Бұны Махмұт Фуат ауызша жырлар, деректер және жазбаша деректану деп екі салаға бөлген.

Біздің қазіргі кездегі басты мақсатымыздың бірі:

1.Көне қытай жазбаларында сақталған, түрк халықтарына қатысты, бұрын ескерусіз қалып келген деректерге талдау жасап, ондағы көне түрк тарихына байланысты материалдарды іріктеп жүйеге түсіру;

Әр дәуірдің жазба деректерін және көне жәдігерлерін сол тұстағы нақты тарихи-әлеуметтік шарт-жағдаймен салыстыра отырып, өзіндік белгілерін анықтау;

Жазбаша деректер мен көне жәдігерлерді тарихи, діндік, тілдік жіктелістер тұрғысынан жүйелеу;

Ендігі бір өзекті мәселенің бірі қай дәуірде болса да тарихи жазба деректер мен көне жәдігерлерді зерттеудің ерекшелігі қоғамдық сананың бейнеленуі болмай қалған емес. Оның үстіне көне жазба жәдігерлерге байланысты деректер аз болғандықтан әрі басқа халықтардың тілінде сақталғандықтан, біз ол нұсқалардың тарихи тұрғыдан талдай алмаймыз. Тек қана ондағы әлеуметтік сарындар мен тарихи оқиғалардың бейнеленуіне байланысты ғана ой қозғай аламыз. Орта ғасырдан бергі жазба деректің қалыптасып дамуы да, эстетикалық талғамның өсуіне ғана байланысты болмай, сыртқы ықпалдың әсеріне ұшырап, бейнелеу тәсілі және діни сенім жақтан жиі өзгеріске түсіп отырды. Мысалы: ХVІІІ ғасырда ауызша деректану жыраулық дәстүр үстем орында бола тұра, Көтеш, Тәттіқара, Шал сынды ақындардың еңбектерінде сол кезеңнің тарихи болмысы, орны да елеулі болған. Ал, ХІХ ғасыр басында бұл дәстүр биік деңгейге көтерілсе де, Махамбет, Шортанбай, Дулаттардың шығармаларында көне жыраулық дәстүр жалғасын тауып жатты.

Батыс және шығыс ғұндар болып екіге бөлінуі, ғұндардың саяси-экономикалық жақтан әлсіреуін тудырып, айбынды ғұн империясының күйреуін тездетті. Қытайдың «үш патшалығы» дәуіріне (заманымыздың 220 жылдар шамасына) келгенде, Шығыс ғұндардың билігі біржолата Сау Сауоның қолына өтіп қытайдың боданына айналды. Кейін ғұндар бірнеше ұсақ мемлекеттер құрғанымен, олар бұрынғы бірліктен айырылған, жартылай қытайға тәуелді ұсақ бектіктер дәрежесінен аса алмады. Шығыс ғұндар өздері күйреп қана қалған жоқ, батыс Ғұндардың күйреуі үшін де аянбай күресті. Батыс ғұндар «заманымыздың 90 жылдары Хан патшалығы мен шығыс ғұндардың қосындары жағынан жеңіліске ұшыраған соң» [3; 254 б], Баркөл мен Арал теңізі арасына қарай ығысады. Осыдан кейін көне түрктер баяғы жауынгерлік дәуіріне қош айтса керек. 545 жылы Бумын қаған жужандардың езгісінен құтылып, түрк қағанатын құрғанша көне түркілер телім-телім болып тентіреп жүрді.

Заманымыздан 48 жыл бұрын тәңірқұттың ханзадасы Бай өзін «Ху хание тәңірқұт», — деп, жариялап, қытай патшасына бағынатынын білдіреді. Қытайлар оны өзіне қарасты елімен «Ұлы қорғанның ішіне көшіріп әкетеді» [4;136 б]. Заманымыздан 36 жыл бұрын, Тезек тәңірқұт өлген соң, ғұндар тіпті әлсіреп, ішкі жағдай онан ары күрделене түсті. Ғұндардың бір бөлігін уысында ұстап отырған Қағанза тәңірқұт (бұл тұстарда ғұндардың ішкі жағында өзін-өзі тәңірқұт қойып алатын ұсақ мансаптылар көптеп кездесетін. Қағанза да солардың бірі еді) қытай патшасына: «Мен көктің ұлымен дидарласуды көптен армандап келдім. Бірақ, Тезектің үйсіндермен тізе қосып, батыс жақтан тап беруінен алаңдап, Хан сарайына бара алмадым. Енді Тезек өлді. Мархабат болса, патша ағзамның ғұзырында болмақшымын» [5; 519 б], — деп, хат жазады.

Бұл хаттан баяғы ғұндардың менмен өр рухын емес, тозған елдің азған рухын байқаймыз. Баяғы хаттарда айтылатын «Көк тәңірі жаратқан ұлы ғұн тәңірқұты» дейтін асқақтық жоғалған. Бұл тұстарда ғұндарда бұрынғы айбын қалмаған, Шығыс ғұндар қытайға бағынышты болып кеткен. Олар тіпті Батыс ғұндарға қарсы Хан елінің жорықтарына да қатысып отырған. Сөйтіп ғұндар мен үйсіндердің екіге бөлінуі, үйсін елінің өз ішінен қытайшыл күштер мен дәстүршіл күштердің ортасындағы таластан әлсіреуі, үйсіннің ұлы ордасын ұстаған қытай қызынан туған, үйсін күнбилерінің қытай патшаларының ықпалында болуы салдарынан түрктер бұл тұста саяси жақтан да, рухани жақтан да әлсіреді. Осы әлсіреудің белгілері көне жазба деректерден анық көрінеді.

Қытайдың «Солтүстік патшалықтар» тарихында көне түрктерге қатысты көптеген жазба деректер сақталған. Солардың бір бөлімі қаңлы еліне байланысты. Үйсін дәуірінде қаңлы тайпасы үйсін күнбилігінің құрамында болған. Сондықтан, қытай жазбаларындағы қаңлыларға қатысты деректерде осы дәуір әдебиетіне тиесілі болады.

Қытайдың «Гаозоңнама» атты кітабында қаңлы Бату ақынның бірнеше өлеңдері сақталған. Бату заманымыздың 232 жылы туып, 348 жылы өлген атақты ақын. «Зерттеу жұмысымен бүгінгі Кәшмір, Индия өңірлеріне дейін барған. Өз кезінде қаңлы ғұламаларының биік ұстазы атанған» [6; 311б]. Батудың бірнеше шығармалары «Батыс өңір аз ұлт ақындары жырларынан» (1988 ж) атты кітапқа кірген еді.

«Гаозоңнамада» аты аталатын ақынның бірі қытай елінде тәрбиеленген, ақын әрі музыкант қаңлы Жотантай (347-411). Жотантай қытай жазбаларында Жи Тиянди болып жазылады З. Сәнікұлы осы дыбыстық атау бойынша алған.

705–750 жылдар арасында, Валид І, Сүлеймен, Ғұмар ІІ, Жазид ІІ (720–724), Хишам (724– 7443), Валид ІІ (743–744), Ибыраһым (744–749), Варван ІІІ (749–750) сынды халифалар тұсында, Араб түбегі мен оның батысындағы, дін тарату ісінің жеңістері, арабтарға Орта Азияны жаулап алу ісіне алаңсыз кірісуге мүмкіндік әперді. Арабтар осы бас-аяғы 50 жылдың ішінде түрктерді арабтандырудың негізін қалап, Орта Азиядағы діни үстемдігін орнатты. Әсіресе, халифа Валид Орта Азияға қаратқан шабуылдарын өте тегеуірінді жүргізді. Құтайба ибн Мүслүм Қорасанға найып болып тағайындалғанда оған жүктелген ең басты міндет «Орта Азияны бойсұндыру» [7; 217 б] еді. Арабтардың Орта Азияны жаулап алуына түркілер аянбай қарсы тұрды. «712 жылы Күлтегін бастаған түрк сарбаздары Құтайба ибн Мүслүм әскерін ойсырата жеңеді» [8; 218 б]. Десе де, арабтарға қарсы күресте ерлік көрсеткендер Түркештер болды. Кейін түркеш қағандығының орнын басқан қарлұқ мемлекеті де арабтармен көпке дейін ымыраға келе алмады. Әйтсе де, арабтар жеңіске жетіп, Орта Азия мен қазақ жеріне ислам дінін шеге қылып қақты.

Ислам дінінің түрктерге тез сіңіп, орнығуына өз кезінде бірнеше себептер болды: Бірінші, дін тарату мақсатына күшпен жете алмайтындарын білген арабтар жаулап алудың да, дін таратудың да жаңа тәсіліне көшті. Қорасан найыпы Насыр ибн Сеяр 704 жылы бейбітшілік жариялады. Онда дінге кірушілерге орасан мол тиімділілік жасалады, діннен шығушылар да ерікті болады дейді. Осы келісімнің нәтижесінде «Соғды Қорасанға қосылып кетті» [9; 360 б]. Содан бастап араб дипломатиясы осы бағытта жұмыс жүргізді. «Халифа Хишам (704–743ж) Білге қағанға елші жіберіп, мұсылман дінін қабылдауын өтінген. Абдұлла ибн Аббас 750 жылы Мойыншор қағанға да дәл осындай елші жіберген» [10; 17 б]. Халиф Хишам Түркеш қағаны Сұлуға да Мұсылман дінін қабылдауды ұсынып, дін уағыздаушысын жіберген.

Екіншіден, бұл тұста түркілер соғыс тақсіретін тартып, экономикалық жақтан әбден әлсіреген. Арабтардың өздері жаулап алған жерлерде, мұсылман дінін қабылдаған адамдарға экономикалық және саяси жақтан тиімділік жасауы, жұрттың ықыласын өзіне аударды.

Үшіншіден, ең бастысы түрк қағанаты ыдыраған соң, түрк халқының діни сенімі шайқалып, рухани тұтастық бөлшектенді. Будда, манихей, христиан діндері үстем орынға шықты, ол діндерге берілгендер «жауынгерлік жігері мен ұлттық болмысын жойып бара жаты». Алуан дінге сенген түрк тайпалары арасында, туыстық жақындық қатынастан гөрі, діни сенімнен туындайтын өшпенділік басым бола бастады. Сондықтан халықтық тұтастыққа жету үшін бір дінге сену қажет болды.

Төртінші, бұл дәуір араб мәдениеті мен мұсылман дінінің гүлдену дәуіріне тұстас келді. Ұлы жібек жолының бойын мекендеген түрктер бұл ахуалды да иелеп отырған. Араб халифаларының жіберген жансыздары да ел ішінде мұсылман діні үгітін белсене жүргізді. «Сұтұғ Бура ханның ислам дінін қабылдауына Әбу насыр Саманидің роль ойнауы» мұрындық болады. Көне тәңірлік дінге қайтудың жолы өте ауыр еді.

Бесінші, тәңірлік дінге сенетін түрктер ешқандай нақты затқа табынбайтын. Оларға будқа табынатын будда діні ғана емес, манихей діні де күн сайын жек көрінішті бола бастады. Өйткені олардың «Табынатын орындарында будда аяғын жуған шайтан бейнеленетін» [11; 384 б], бұларға қарағанда көк тәңірлік дін мен бір аллаға сенетін мұсылман діні жақынырақ, екеуі де бір тәңірлік діндер еді.

Осы себептерге байланысты, Қарахандар мемлекетінің ел тұтқасын ұстаған біліктілері, ислам дінін қабылдау арқылы түрктерді қайтадан сенімдік тұтастыққа әкелуге болады деп қарағаны шындық. Арабтар болса, мұсылман дінін күштеп кіргізіп, түрктерді тарихи жадынан айырып, рухани қайнарын суалтамыз деп есептеді. Сөйтіп бір-біріне қарама-қарсы екі мүдде түрк даласында ислам діні негізінде тоғысты. Ең қызығы белгілі дәрежеде екеуі де өз мақсаттарына жетті.

Қарахан мемлекеті түрк халқының басын біріктіріп, жаңа дін негізіндегі рухани тұтастыққа жетуге тырысты. Сол үшін ол дәуірдегі ислам діні үстем орынға шықты. Тарихи жазба деректер мен көне жәдігерлерді зерттеуде, тарихын тануда, арнаулы зерттеуді күтіп тұрған араб тілді жазба деректер бұл тұста қатты дамыды. Алайда Қарахандар мемлекетінде араб мәдениетінің ықпалында ғана болған жоқ. Қазір бізге жұрнақтары ғана жетіп отырған, көне түркілік дәстүрдегі мәдениеттің Қарахандар дәуірінде өзіндік дамуға ие болғаны даусыз. Қараханилер тұсының барлық жазба деректері діннен ғана туған жоқ, дін үшін ғана қызмет еткен жоқ. Ақжан Машановтың зерттеулері бойынша әл-Фараби 16 жасқа дейін Отырарда түрк тілінде білім алған. Оның Бағдаттағы кезінде жалаң діндарлық жолын емес, ғылым жолын қууы, өзіне ұстаздыққа ғұлама білімпаз ғана емес, «Неостриандық ғалым Абу-Матта ибн Хайланды» [12; 53 б] таңдауы да сонан болса керек.

Н.Мыңжани «Қазақтың қысқаша тарихында»: «Жетісу өлкесі мен Сырдария алқабында сақталған Айша бибі күмбезі, Аяққамыр, Алаша хан күмбездері Қарахан дәуіріндегі өнердің озық үлгілері. Қарахандар дәуірінде ғылым мен мәдениет мейлінше гүлденіп, жоғары өреге көтерілді. Бұл мәдениеттің батыс иеліктегі басты орталығы Самарқант қаласы мен Бұқара қаласы, Шығыс иеліктегі негізгі мәдениет орталығы Қашқар мен Баласағұн қаласы болды» [13; 218 б], — деп жазған. Ол дәуірдегі жазба деректердің куәсі Баласағұнидың «Құтты білік»(1069 – 1070ж.) дастаны мен Қашқаридың «Диуани лұғат ат-түрк» (1072 – 1074ж.),- атты шығармалары.

Қарахан мемлекетінде ауызша тарихпен бірге түрк тілді, араб тілді жазба деректер туды. Олар діни, философиялық бағытта болған деп бөлуге болады. Бұл деректердің сипатын араб жазуымен жазылған шығармалар мен ауызша жырлармен белгіледі.

Бұл дәуірден бізге жеткен ең құнарлы саласы араб мәдениетінің әсерінен туған жазба деректер болды. Бірақ, бұл бүгінгі көзбен қарағандағы шындық. Ал, тарих бұдан басқаша болуы мүмкін. Ол заманда көне түркілік дәстүрде жазылған шығармалар мен деректер басым орында болған болуы, кейін мұсылман дінін қабылдаған ел мұсылман мәдениетінің әсеріндегі көптеген жазба деректер көбірек уағыздап, көбірек сақтауына байланысты олардың ара салмағы өзгерген болуы ықтимал. Оған М. Қашқаридың Алып Ер Тоңа туралы жоқтаудан бастап, өз дәуіріне дейінгі ылғи түркілік ауызша жазба жырларын мысалға алуы-ақ дәлел болғандай. Мысалы, «Құтты білікте»:

Өтукеннің бегі айтқан тебіреніп,

Тілін тисын сыр ашсаң еміреніп (1753 бәйт).
Бұл түрк айтқан, жаққан ілім –жұлдызын,
Көрер көздің шырағы деп ұл-қызың (1008 бәйт).
Түрк сөзін үркек тағы киіктей,
Қолға үйретіп қамап ерік бермедім, —

деп, түрк тілі мен мәдениетінің мәртебесін көтеріп, түрк бектері мен ақындарының сөздерін, істерін ізгіліктің, құлықтылықтың, парасаттылықтың, әділдіктің жоғары үлгісі ретінде ұсынады. Бұл бағыттағы шығармалар өзінен бұрынғы дәуір әдебиетімен елдікті ту еткен идеяларымен сабақтасып жатады. Мысалы, «Құтты білік» Күнтуды Елік арқылы түрктерге әділ патша керек болғанын меңзейді, ханды әділетке шақырады. «Барлық аштар жесе ақыры тояды, Сұғанақ көз тек көрінде қояды»,- дейтін жолдар Томирис туралы аңызбен Абайдың Ескендір дастанының арасындағы алтын байланысты нақты көрсетеді.

Орта ғасырлар да ауызша жырларды тарату үстем орында болғандығын назардан тыс қалдырмаған жөн. Түркеш қағанаты дәуірінде де бұл үрдіс сақталды.

Белгілі ғалым, түрколог Қойшығара Салғара «Қозы Көрпеш–Баян Сұлу» жыры Түркеш қағанатында туған, сол дәуірдің шындығын бейнелейді деп қарайды. Қозыдан қашқан Қарабай көшінің ізі Түркеш қағандығының шекарасымен бірдей. «Шу өзенінің сарқылар тұсынан шыққан Қарабай көші, әуелі Балқаш көлінің теріскей жағалауын ала, Арқаның күңгей белдеуін көлбей қуалап Ертіске барады. Онда да көп кідірмей» судың басы үлкен бір көлге – Зайсанға келеді. Көлдің батыс жақ жағасын жайлай көшкен Қарабай, Орталық Азияның батыс шекарасына өтіп, Көл-Қарасуға барады. … онан кері қайтып Жоңғар Алатауының сыртымен Құлжаға құлайды. Одан шығып тау бөктерлей Шыршыққа соғып, содан ары Сырдарияның бойына барады. Сөйтіп жүргенде Сарыарқаны сағынып сонда көшеді. Ол жақта да тұрақтамай, Бетбақдала шөлін кесіп өтіп баяғы алғашқы көшкендегі көш ізімен Аягөз өңіріне ат басын тірейді»[14; 669 б].

Ғалым Қ. Салғараның пайымдауынша Қарабай мен Сарыбай адам аты емес, қара түркештер мен сары түркештердің хандарын меңзесе керек. Жырдың Радлов нұсқасында бұлар Сары хан, Қара хан деп айтылады. Абай нұсқасы атанып жүрген нұсқада «Балталы мен Сақалы ел аман бол»,- деген жол кездеседі. Мұндағы сақалы сөзін түрколог ғалым Қ. Салғара Түркештердің Саға қағанына байланысты Сағаның елі деген сөз деп түйіндейді.

Белгілі ғалым Әлкей Марғұлан ХVІІІ ғасырда Алтай тауы мен Ертіс өзені арасынан табылған алтын ілгектің бетіне түсірілген «Шоқтерек” сюжетін Қозы — Көрпеш жырымен салыстырып, мұндағы бейнеленген жас әйелді Баян, оның жанындағы сақа еркекті Айбас, өліп жатқан алып ерді Қозы, екі атты Ардакүрең мен Бақа айғыр деп табады. Қозы Көрпеш-Баян Сұлу жырының сюжеті көне сақтар дәуірінде туған болса да, түркі дәуірінде жырланған деген деген қорытындыға меңзейді. Ә. Марғұланның айтуы бойынша «Шоқтерек» көне дәуірдегі эпос тудыруда жиі қолданылатын орта болған.

Жырда Қозы Баянмен шоқтеректің түбінде кездеседі, Қозы шоқтеректің түбінде жау қолынан қаза табады. Шоқтеректің түбінде қайта тіріледі, өзін күзетіп, алладан тілек тілеп отырған Баянды көреді. Өйткені шоқтерек (мықан ағашы) жер мен көкті, жақсылық пен жамандықты жалғастырушы ағаш. Қозының шоқтеректің түбінде тірілуінде шоқтеректің «ағаш ананың» мифтік қабығынан тазарып, идеял тұлғасынан ажырап, арман ағашы бола бастағандығының белгісі жатыр. Сондықтан жыршы «мықан іздеп жігіттер кел кетелі» дегенде, Қозының мұратын тапқан жерін іздейік деген ойды да, махаббаттың мұратын іздейік дегенді де меңзеген секілді. Жырдың сюжеті ертеде шықса да, бізге жеткен нұсқаның жырлануы Түркеш қағанаты кезінде туған деген пікір жақын, әрі қонымды.

Халық арасында Түркеш қағанаты дәуіріне байланысты «Сұлу менің хағаным, Суық еді қабағың»,- деп келетін екі тармақ тәмсіл сөз сақталған. Саға қаған өлген соң, Түркештердің билігін ұстаған Сұлу шор қаған, өз кезінде ел ішіне мейірімді, жомарт болған, соңынан ел ерген әйгілі қаған. «Түркеш қағаны Сұлу Орта Азия елдерімен бірлесе отырып, араб шапқыншыларына қарсы қарулы күрес жүргізіп, араб әскерлеріне бірнеше рет тойтарыс берген». «Ежелгі және орта ғасырлардағы Қазақстан» деген кітапта: «Сұлу қаған Орта Азиядағы арабтарға қарсы күрестерді пайдаланып, оларды қолдап, жәрдем беріп отырғаны, 723 жылғы Ферғана қарлұқтарының арабтарға қарсы күресі мен Самарқант Бұқара халықтарының арабтарға қарсы күрестеріне көмектесіп арабтарды қуып шыққандығы», онан соң 737 жылы қарлұқтармен бірлесіп Тохарстандағы арабтарға соққы бергені, бұл соғыстарға Сұлу қағанның өзі тікелей араласқандығы, сол үшін арабтар оны «сүзеген қаған» деп атағаны айтылады. Сұлу қаған түсі суық түксиіп жүретін адам болса керек. Сондықтан әлгі сүзеген сөзі оның осы қасиетіне де меңзеліп айтылған. Жоғарыдағы өлең жолдары осындай айбынды қағанға арналған жырдан қалған үзік тәрізді.

Түркеш қағанаты араб шапқыншыларына қарсы көп уақыт күресті. Сондықтан, ислам діні кірген соң, Түркеш қағанатына тиесілі рухани мұраларды халықтың есінен шығарып тастауға арабтар бар күшін салды да және оны меңзеген жеріне жеткізе білді. Түркеш қағанаты дәуірінің көптеген жазба мұраларының жоғалып кетуіне бұл басты себебінің бірі болды. Сурет салуды, өлең айтуды, күнә деп қарайтын ұғымдар қазақ арасына Түркеш қағандығының соңғы кезінде кірсе керек. Мысалы, домбыра туралы аңызда: «Бірде пайғамбарымыз өз айналасындағы сахабалары мен төрт шаһаржарын жинап алып, әр қайсыларың бірден өнер тауып келіңдер деп тапсырады. Үш күннен кейін әр қайсысы өз жасаған өнерлерін көрсетуге келеді. Сонда Әзіреті Әлінің жасағаны домбыра екен-мыс. Шанағы тесілген, ішегі тағылған, бірақ домбыра дыбыс шығара алмайды. Өз өнеріне көңілі толмаған Әлі домбыраны қара жолдың жағасына тастап кетіпті. Арада бірнеше күн өткен соң әлгі жолмен келе жатып, өзі тастап кеткен домбыраға тиек орнатылып, тасқа сүйеулі тұрғанын көреді. Қолына алып, шертіп көрсе домбырадан сайраған үн шығады. Әзіреті Әлі домбыраны орнына қояды да, пайғамбарға келіп істің жайын баяндайды. Сонда Мұхаммед пайғамбар: «домбыраға тиекті шайтан орнатқан екен. Менің үмбеттерім бұл аспапты ұстамасын депті»,- дейді. Бұл аңыз халықтың төлтума өнерін шектеу мақсатында, ислам дінін үгіттеуші молда-қожалардың шығарған аңызы екені анық.

Түркеш қағанаты «Ақша шығарған алдымен көне түркі жазуын, сонан соң соғды жазуын қолданған» [15; 194 б]. Сондықтан ол дәуірдің жазба ескерткіші болмауы мүмкін емес, дегенмен бұл тұста да ауызша поэзия үстем орында тұрған сияқты. Қытайдың таң дәуірі поэзиясының шоқтығы араб ұйқасты төрт жолды өлең. Осы өлең стилі қытайларға түрк халықтарынан ауысқан деген көзқарастағы зерттеушілер де бар. Ондай пікірдің тууына, «төрт таған» өлеңді қытай поэзиясына кіргізген ұлы ақын Ли Бэйдың, Сояп қаласында – дулат-халаш, үйсіндердің ортасында туып, ержеткені мұрындық болды. Сонымен бірге өлеңнің табиғаты да, кейінгі тағдыры да осылай қорытынды жасауға жетелейді.

Шығыс Түркістанда жасаған көне қытай тілінің білгірі Ә.Тышанұлы «Бұл дара шумақ делінетін жанрдың бітімі, тұлғасы, ұйқасы, тармағы, сөз алысы қара өлеңнен аумайды. Мұнан ғасырлардан ғасырларға созылған халықтардың жалпы араластығы дара шумақты өлеңнің тууына әсер еткенін аңғарамыз», — дейді. Мұндағы «дара шумақты өлеңнің тууына» деген сөзді, осы өлеңнің қытай поэзиясында пайда болуына деген мағынада айтып отырғаны анық. Оны автордың «Әр халықтың өзі тудырған дүниесі өзімен бірге жасасып кете береді, қара өлең сондай, ол халқымызбен бірге жасасып келеді және бірге жасай береді. Ал таң дәуірінің дара шумағын алсақ, ол таң дәуірінде 300 жыл дәуірлеп, қытай жазба деректерінің жинақталуындағы алтын дәуіріне жазылса да, солайда қазірге дейін сол тебінімен жеткен жоқ. Қазірді қойып өзінен кейінгі Сұң дәуірінің өзінде-ақ, сұйқылси бастап, оның орнын өлеңнің терме түрі басты»[16; 119 б], — деген пікірі растайды. Шынында да қытай поэзиясының арғы-бергі тарихында төрт жолды өлең тек қана таң патшалығы дәуіріне тән құбылыс. Сақтар заманындағы сақ ананың өлеңінде де төрт жолды өлеңнің белгісі бар.

Түркеш қағанаты қазақ хандығы еді дегенге құлай кетпесек те, жазба деректердің қомақты көлемі түркеш қағанаты кезінде әжептәуір дамығаны, қытай жырларындағ төрт жолды өлең өлшемі қытайларға түрктерден ауысқаны тиянақтанған пікірді туғызды. Оны қытайлар да терістеген емес. Көршілес қытай жазба деректеріне осынша әсер еткен көне жәдігерлеріз бен нұсқалары қолымызда болмаса да, біз ол дәуірдің мәдениетін тәрк ете алма та едік. Міне, тарихи жазба деректер мен көне жәдігерлерді қопарып, салыстыра берсек мұндай дәлелдемелер, сараптаулар жиілене береді.

Қорытындыда тарихи жазба деректер мен көне жәдігерлерді зерттеудің маңыздылығы көне жазбаларында сақталған, түрк халықтарына қатысты, бұрын ескерусіз қалып келген деректерге талдау жасап, ондағы көне түрк тарихына байланысты материалдарды бірізділікке түсіру. Әр кезеңдегі, дәуірдегі жазба деректерді және көне жәдігерлерді сол тұстағы нақты тарихи-әлеуметтік, саяси жағдаймен салыстыра отырып, өзіндік белгілерін анықтайтын кез келді, бұл қазіргі тарих саласында, түркология бағытында ізденіп жүрген ғалымдардың еншісінде болады деп ойлаймыз. Сонымен қатар жазбаша деректер мен көне жәдігерлерді тарихи, діндік, тілдік жіктелістер тұрғысынан жүйелеу қазіргі кездегі өзекті мәселенің бірі болып табылады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *