АЛТЫШАҺАР — Шығыс Түркістандағы (ҚХР) Тарым ойпаты төңірегіндегі Ақсу, Жаңашар, Қашқар, Қотан, Құшар, Қазақстандағы Жаркент қ-ларының жалпы атауы. Қытайлар 18 ғ-да жаулап алды. Ең бастысы Қашқар болғандықтан бұл өлкені Қашқария, кейде Тұрпанды да қосып (Ш. Уәлихановтың жазуы бойынша 2 князьдік пен 5 округтен тұрғандықтан) Жетішаһар деп атайды. А. қалалары шығыс пен батыстың ежелгі сауда жолдарының бойына орналасқан. Қазан төңкерісіне дейін мұнда Орта Азия мен Қазақстаннан сауда керуендері келіп тұрды. Қазақтар малын сатып еліне қытай маталарын, үнді шәйін, тері, күміс тауарларын алып қайтқан. Кезінде Қашқарда бір күннің өзінде 40 мыңға дейін мал саудаланған. А-ды еуропалықтарға ашқан Уәлиханов (1856). Өлке к-ларының тарихын, әкімш. құрылымын, экон-сын, тұрғындарының ұлттық құрамы мен кәсібін, діни сенімі мен салт-дәстүрін Уәлиханов Қытайдың Нан-лу провинциясының алты қ-сының жағдайы туралы жазбаларында көрсетті. А. халқы (ұйғырлар, қазақтар, қырғыздар, тәжіктер, т.б.) қытай билеушілеріне қарсы көтеріліске шығып тұрды. Марко Поло заманынан кейін мұнда алғаш келген еуропалық неміс Адольф Шлагинтвейт (Уәлихановтың алдында) осындай көтеріліс тұсында қаза тапқан.