ТҮРКІ БІРЛІГІ – МҮМКІНДІГІ ЗОР ИДЕЯ

Жанна ИМАНҚҰЛ

журналист

Ғ.Мүсірепов атындағы сыйлықтың лауреаты,

«Ақпарат саласының үздігі» белгісінің иегері

Алматы/Қазақстан

VI ғасырдың ортасынан бастап түрік деген атаумен тұтасқан тайпалар одағы – Ұлы Түрік қағанатын құрғаны тарихтан белгілі.

Осы кезде аталған жерде түркітілдес халықтар этникалық және саяси үстемдікке ие болды. Шығыстан Батысқа қарай керуендер жүретін Ұлы Жібек жолының бойындағы көптеген сауда қалалары Түрік қағанаты бақылауында болды. Түрік қағанаты өздерін құлдықтағы елдерінің халықтарымен сыпайы ұстап, жергілікті салт-дәстүрлермен санасты. Түркілердің жеңістері алдымен өздерінің Ұлы империясын әскери күшке негіздеп кұрғанымен байланысты болды. Сондықтан, солтүстікте – Енисей мен Қытайға дейін, оңтүстікте – Иранға дейін, батыста – Қара теңіз, Шығыста – Коре дейінгі аралықты алып жатқан Ұлы қағанаттың билігі ұзақ уақыт жүрді.

Орта ғасырда өмір сүрген көрнекті ғалым Махмұд Қашқаридың еңбектерінде «Ұлы жаратушы: «Менің бір тайпа қосыным бар. Оларды түркі деп атап, күншығысқа қоныстандырдым. Кейбір тайпаларға ренжісем, түркілерімді қарсы аттандырам!» – деген екен» дейтін аңыз бар. Сол жаратушының өзі арнайы ат қойған түркі халықтарын тарих сан тарам жолға түсірді, көбі жеке мемлекет болып өзінше бағыт алып кетті.

Тек жеңіспен көзін ашқан түркілер дәуірінде көптеген халықтар: «Уа, құдайым, жын-сайтаннан, аспан қаупінен және түркілерден сақта» деп тыныштық сұрайтын болған. Мұның себебі түркі тектес халықтардың ерекше батыл, қайсар, қайтпас мінезді келіп, «мешіттер – қорғанымыз, күмбездер – дулығамыз, мұнаралар – найзамыз, муминдер – әскеріміз» деген ұранмен әлемнің жартысына билігін жүргізген ержүрек халық болғандығынан болса керек. Ал тарих ешқашан түрік халықтары соғысты әділетсіз бастамайтынын, ал соғыс бола қалған жағдайда жеңіске жеткенін, жаулап алған елдеріне де айуандық жасамағанын алға шығарады. «Бек ұлдары – құл болмасын, пәк қыздары – күң болмасын» деп, күллі түркі әлемін қорғау жолында «бастыны – еңкейтіп, тізеліні – бүктірген еді» дейді шежіре-тарих…

Түркілердің алтын дәуірінде алыс-жақын жұрттардың елшілік ресми тілі түркі тілі болып танылған еді. Қытай мен Ресей, Еуропа түгелдей бір-бірімен қатынасты түркі тілі арқылы жасаған. Алтайдан Ақ теңізге дейінгі аралыққа ие болған өр бабаларымыз түркі тілін осындай биік деңгейге шығарған.

Бірліктің мәнін тереңнен түсінгендіктен бабаларымыз бір шаңырақтың астына жиналып Түрік қағанатын құрды. Түрік қағанатын құрған ер Бумыннан бастап, Естеми қаған, абыз Тоныкөк, көне түріктің көк семсері атанған Күлтегін сынды батырлар «күндіз отырмай, түн ұйықтамай» келешекке ел болудың, мәңгілікке ұлт болып ұйысудың кемел үлгісін жасаған еді…

Көне түркілер аңсаған Мәңгілік Ел идеясын жаңғыртушы, іске асырушы қазақ елі бағыты мен бағдары анық жол ұстанып, бейбітшілік пен келісімді, ұлтaрaлық татулық пен төзімділікті сақтaп, сындарлы сәттерден сүрінбей келе жатыр.

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев 2015 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында: «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты «Мәңгілік Ел» идеясының бастауы тым тереңде жатыр. Осыдан 13 ғасыр бұрын Тоныкөк абыз «Tүркі жұртының мұраты – Мәңгі ел» деп өсиет қалдырған. Бұл біздің жалпыұлттық идеямыз мемлекеттігіміздің тамыры сияқты көне тарихтан бастау алатынын көрсетеді», деп қадап айтқан еді.

Көне түрік өркениетінің ұлы жетістіктерінің бірі – өз жазуын жасауы еді. VI-VII-ғасырларда Түрік қағанатының құрамына кірген Орта Азиялық және Қазақстанның тайпалары, сондай-ақ, Еділ бойы, Дон өлкесінің, Солтүстік Кавказда Хазар мемлекетін құрған батыс түрік тайпаларының өз жазулары әлдеқашан пайдалануда болатын. Түріктер әріп-белгілерді шағын ағаш тақтайшаларға салатын. Мәселен, 598-жылы Константинопольдегі император Юстинге келген түрік елшісі қағанның «скиф жазуымен жазылған» сәлемін жеткізген.

Алтайдан Ақ теңізге дейінгі Ұлы далада өз билігін жүргізген ұлы бабаларымыз бізге өшпес қаһармандық эпос және мол рухани қазына қалдырды. Тұңғыш рет әлемге өнеге болған ортақ шаңырақ – киіз үйді, арбаны, темірді, шалбарды, жебені, етікті және өкшені, жылқыны қолға үйретті т.б., үзеңгіні ойлап тапты. Осындай тарихи деректерді дүние жүзіне танытудың кезі келді. Көкіректері ақыл мен даналыққа толы тұлғалары халқының рухани азып-тозбауы үшін терең де, мағыналы кесек-кесек туындыларды қалдырды. Күлтегін, Тоныкөк, Қорқыт ата, әл-Фараби, Жүсіп Баласағұн, Махмұд Қашқари, Ахмет Йассауилермен қатар ержүрек Бейбарыс сұлтан, Атила т.б. даңқы шартарапқа тараған есімдер түркі халықтарына ортақ тұлғалар. Олар – біздің мақтанышымыз.

Тегі, тілі, діні бір халықтарды тарихтағы түрлі саясат толқыны жат етуге тырысты. Бір-бірінен алыстап, алыстаған сайын рухани байланыс үзіліп кетуі үшін барын салды. Алайда, саясат қанша өктем де озбыр болғанымен түркі жұртының бауырмалдығын, бірлігін, мол мұрасын жоя алмады. Азуын айға білеп отырған одақ ыдырап, оның құрамындағы елдер оның ішінде өз еліміз де, тәуелсіздігін жариялай салысымен түркі жұртшылығы бір-біріне кең құшақтарын аша бастады. Бұл ретте Қазақстанды тәуелсіз мемлекет ретінде ең алдымен Түркия мемлекеті танығанын айрықша атаған жөн.

Қазір саяси қыспақ жоқ. Туыстас халықтардың жан-жақты араласуына жол ашық. Тек сол ашық жолды дұрыс, орнымен пайдалана білуіміз қажет. Біздің бай мұрамыз – ортақ руханиятымыз бен ортақ тұлғаларымыз.

«Түбім – Түрік, ал дінім хақ – Ислам» деп түсінетін түрік, әзірбайжан, түркімен, өзбек, татар, қазақ, башқұрт, ноғай, қарақалпақ, т.б. халықтардың түп негізі бір тамырға барып тіреледі. Сол тамыр рухани бастауымыздың да қайнар көзі болып табылады. Мәселен, «Сақ ананың өлеңі», «Мөденің хаты», «Кейуктің хаты», «Алшы тауынан айрылғандағы елдің зары», Көкесір Алтынның «Тула жыры», Апаран Шор тегіннің өлеңдері т.б. рухани мұралар түркі әдебиетінің біздің заманымызға дейінгі кезеңін құрайды. Одан кейін VІІІ-ХVІІ ғасырларда хатқа түскен ортақ мұралардан – Күлтегін (VIII ғ.), Тоныкөк (VIII ғ.), Білге қаған (VIII ғ.) ескерткіштерін, «Қорқыт ата кітабын» (VIII ғ.), түркілердің асыл мұрасы – қырғыз эпосы «Манасты», Әбу Насыр әл-Фараби (ІХ-Х ғғ.) еңбектерін, Жүсіп Баласағұнның «Құдатғу білік» дастанын (ХІ ғ.), Махмұд Қашқаридің «Диуани лұғат ит-түрк» сөздігін (ХІ ғ.), Қожа Ахмет Йасауидің «Диуани хикметін» (ХІІ ғ.), Ахмет Йүгінекидің «Хибатул хақаик» кітабын (ХІІ ғ.), Низами Гәнжәуидің шығармаларын (ХІІ-ХІІІ ғғ.), «Кодекс куманикус» ескерткішін (ХІІІ ғ.), Қажы Бекташ Уәлидің (ХІІІ ғ.), Юнус Емренің (1238-1321 жж.) шығармаларын, Рабғузидің «Қисса-с-ул анбийа» еңбегін (ХІV ғ.), Хорезмидің «Мұхаббат-наме» дастанын (ХІV ғ.), Сайф Сараидің «Гүлістан бит-түрки» аударма дастанын (ХІV ғ.), Әлішер Науаи (1441-1501 жж.) шығармаларын, Махмуд ибн Әлидің «Нахдж ул-фарадисын» (ХVІ ғ.), Физули Сүлейман Бағдади (ХVІ ғ.) өлеңдерін, Захир ад-дин Мұхаммед Бабырдың (1483-1530 жж.) «Бабырнама» шығармасын, Қадырғали Жалаиридің «Жамиат тауарих» (ХVІІ ғ.) жылнамасын атауға болады.

ХІХ-ХХ ғғ. кезеңіндегі әр елдегі бір-бір тұлғаны – қазақ әдебиетінен Абай Құнанбайұлы (1845-1904 жж.), түрік халқынан Зия Гөкалып (1876-1924 жж.), түрікмен әдебиетінен Молла Напес Кадырберды оглы (ХІХ ғ.), өзбек әдебиетінен Абдурауф Фитрат (1885-1938 жж.), татар әдебиетінен Ғабдолла Тоқай (1886-1913 жж.), башқұрт әдебиетінен Ақмолда Мұхамедияров (ХІХ ғ.), қырым татарларынан Исмайыл Гаспыралы (1851-1914 жж.), қырғыз халқынан ақын-жырауы Тоқтағұл Сатылғанов (1864-1932 жж.), әзірбайжан әдебиетінен Хусеин Джавид (1882-1941 жж.), сондай-ақ, Шыңғыс Айтматов, Мұхтар Шаханов т.б. шығармаларымен танысқан адам үлкен жалпытүркілік, биік парасатқа құрылған, адамзаттық ойларға жетелейтін руханияттан сусындайтыны хақ.

Түркі әлемінің ортақ құндылықтарының бірі – орынды әзілімен, ащы кекесінімен, тапқырлығымен, халықтың мұң-мұқтажын айта білген Қожанасыр образы. Қазақ халқында еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін білетін қожекеңді әзірбайжандар – Молла Насреддин, Өзбектер – Насриддин Эфенди, қырғыздар – Әпенді, Түріктер – Насреддин Ходжа деп құрметтейді. Басқа да түркі халықтарында бұл образ бірді-екілі дыбыстық өзгерістерге ұшырап аталады. Бір ғана тұлғаның түркі халықтарының барлығына ортақ болуы түп тамырымыздың бір екенін әйгілейтін факты екені рас.

Алаш қайраткерлері Ахмет Байтұрсынов пен Мұстафа Шоқай, қазіргі Түрік мемлекетінің басты қаһарманы Мұстафа Кемал Ататүрік секілді танымал тұлғалар ұсынған ұлттық сананы ту еткен сара жолды қазіргі ұрпақ жалғастыруы барынша қажет.

Түркілер мекен қылған бір қияны мен бір қияны ұшқан құстың қанатын талдыратын ұлы дала – Еуразия 4 млн. шаршы шақырымнан астам аумақтан асады. Барлық шикізатқа өте бай осынау байтақ өңірдің табиғи ресурстарын зерттеген сарапшылар ен байлықты 500 триллион АҚШ доларынан астам деп бағалаған. Ал дүние жүзі бойынша түркітілдес халықтар саны 300 миллионға асып жығылады екен. Бұның өзі рухты көтеретін көрсеткіш. Түркітілдес халықтардың қай-қайсысының да геосаясатта болсын, әлемдік экономикада болсын, өзіндік орны бар. Географиялық орналасулары жағынан Батыс пен Шығысты, Оңтүстік пен Солтүстікті жалғастырар транзиттік маңызға ие. Осындай артықшылықтар түркі әлемінің халықаралық аренадағы орнының басымдыққа ие екеніне айғақ.

Бүгінде әлемдік өрекениеттің аса маңызды өлшемдерінің жалпыадамзаттық құндылыққа ие болуы деп танылатын жаһанданудың аса қарқынды түрде жүріп жатқан кезеңінде отырмыз. Бұл кезеңнің өз артылықшылықтары мен кемшіліктері туралы аз айтылып жатқан жоқ. Көз алдымызда өте тез қарқынмен жүріп жатқан үрдістен қалмай, орасан ғылыми-техникалық прогресстен ажырамай, бірақ түбі бір түркі халықтарына ортақ құндылықтарымызды сақтаудың жалғыз жолы – бірігу. Біз бірігуге асықпасақ – ХХІ ғасырдағы жанталасқан жаһандану аз ұлттар мен ұлыстарды жайындай жұта салатынын танытты. Аз халықтардың үні көмескіленіп, тарихы бұрмаланып, тегінен ажырап, тілінен безініп мүлде жоғалу үстінде. Оның ішінде, түбі бір түркі халықтардың да кейбіреуі өзге елдердің империялық саясатының негізінде тілінен айырылып, өзге ұлттарға сіңісіп бара жатқанын жасырын емес. Сондай-ақ, ай сайын, күн сайын түрлі жаңалыққа толы, құбылмалы заманда, қаржы дағдарысы, лаңкестік, сепаратистік келеңсіз құбылыстар, экстремистік, есірткі тасымалы мен заңсыз қару-жарақ саудасы сияқты күрделі де, күрмеулі экономикалық-әлеуметтік мәселелерді шешуде бір жұдырық бола алғанымыз үлкен күш болары сөзсіз.

Сондықтан да тамырлас, тарихтас елдердің қазіргі мақсаты – түбі түркі халықтардың арасында рухани-мәдени, экономикалық байланыс орнату, бауырлас елдердің арасындағы қарым-қатынасты дұрыс жолға қою. Бұл ретте 24 жыл бұрын Алматы қаласында (1993 жылы) құрылған ТҮРКСОЙ (түркі мәдениетін және өнерін дамыту халықаралық ұйымы) ұйымын ерекше бөліп атай аламыз. Бұл ұйымның құрылуы қазақ мәдениетінде ғана емес, түркі халықтарының мәдени өміріндегі үлкен жаңалық болды. Ұйым құрылғаннан бері түркі халықтары мәдениетінің дамуына, ықпалдасу мен жақындасу, бір-біріне танылу бағытында көптеген көлемді шараларды іске асырып келеді. Бірақ, жалпы түркітілдес халықтар үшін халықаралық бір ұйыммен ғана шектеліп қалуға болмайтыны айдан-анық жайт…

2017 жылдың 20-22 наурыз күндері Түркістан қаласында «ТҮРКСОЙ» Халықаралық ұйымы, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі және Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен «Түркістан – Түркі әлемінің мәдени астанасы» тақырыбындағы бағдарлама өтіп жатыр. Бағдарлама аясында Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті ұйымдастырған «Түркістан және Түркология» атты Халықаралық ғылыми-теориялық конференцияда бүгінгі күннің ең маңызды тақырыптары қозғалуда. Сондай-ақ түркі әлеміне ортақ Наурыз мерекесінің тұңғыш рет халықаралық деңгейде тойланып жатқанын да баса айтып өту керек.

Шара аясындағы 42 бағдарламаның 14-і «ТҮРКСОЙ» Халықаралық ұйымы тарапынан өткізілсе, алтауын республикамыздың Мәдениет және спорт министрлігі, 21-ін Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігі ұйымдастыруы да ТҮРКСОЙ ұйымының беделді, мақсатты ұйым екендігін анық көрсетсе керек.

Елімізде алдымен 2012 жылы Астана қаласының, енді ер түріктің бесігі болған Түркістан қаласының «Түркі әлемінің астанасы» атануы қазақ халқы үшін зор мақтаныш.

Мәні мен маңызы зор мұндай іс-шараларға барлық түркітілдес халықтар бір кісідей атсалысып келе жатқаны түркі бірлігінің мүмкіндігі зор идея екендігінің айғағы. Тарихымызды түгендеп, дәстүрімізге құрмет көрсетіп, рухымызды оятып, болашықты айқындайтын бұл бағдарлама барша түркітілдес мемлекеттердің рухани дамуына соны серпін беретіні сөзсіз.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *