Гүлжамал Төлегенқызы ЖОРАЕВА
тарих ғылымдарының кандидаты
Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің доценті,
Түркістан/Қазақстан
Татар ұлт өкілдерінің қазақ жеріне көптеп қоныстана бастауы экономикалық және сауда қатынастарының дамуына үлкен әсерін тигізді. Негізінде XVIII ғасырдың ортасына дейін Қазақстанда сауда айналымдары әлі де мардымсыз еді. Кіші жүз бен Орта жүз Ресейге қосылғаннан кейін ғана орыс-қазақ саудасы жандана түсті. Орыстарға армияға аттар, өнеркәсіп үшін шикізат — түбіт, жүн, тері, қой терісі, елтірі, киіз, кілем, тамақ өнімдері мен аңшылық заттары (түлкі, қарсақ, қасқыр терісі) керек болды. Қазақтар өнеркәсіп заттары мен металл бұйымдарға: қазан, балта, кетпен, орақ, шалғы, ыдыс-аяқ, шеге, қаңылтыр мен мыс, аңшылық қажеттері, ашутас, былғары, мата сияқты заттарға, галантерея бұйымдарына және басқа тауарларға мұқтаж болды.
1735 жылы Орынбор қаласының салынуы татарларға Қазақстан мен Орта Азияда еркін түрде сауда жасауға жол ашты. Орынбор қаласының жанында Қарғалы атанған селоның іргесі қаланып, оған татар саудагерлері қоныстана бастады. Ең алғаш болып бұл селоға татарлар Сағит Хаялин мен көпес Сейітов қоныс тепкен. 1744 жылы Сенат Жарлығы бойынша “Сейітов слободкасы” салынады. Бастапқы кезде слободкаға көпес Сейітовпен бірге 200-дей татарлар қоныстанған болатын. Қарғалы осы өлкедегі ең негізгі сауда орталығының біріне айналды. 1761 жылы Қарғалыдағы сауда жасайтын көпестердің саны 1160, ал 1765 жылы 1600-ға жеткен. Татар Ғабдолла Хаялин көпестердің басын біріктіріп, Орынборда сауда компаниясын құрады. Бұл компания Қазақстан мен Орта Азияда еркін сауда жасауға құқық алды. Компанияның басшылығымен Орта Азияға сауда керуендері жіберіліп тұрды. 1760 жылдары Кіші жүз бен Орта Азияның ұсақ саудасының барлығы татарлардың қолында болды [1].
Татар ғалымы Г.Т. Хайруллин 1760 жылдардың өзінде Қазақстанның Кіші және Орта жүздегі барлық ұсақ сауда татар саудагерлерінің қолында болды деген мәлімет келтірсе [2], татар жәдидшілдігін зерттеген С.Г. Батыев та бұл мәліметті растап, Астрахан, Орынбор, Орал, Омбы, Троицк, Петропавл, Семей қалаларындағы барлық сауда ісі, татар көпестерінің қолында шоғырланғандығын жазады [3].
Орынбордағы “Сейітов слободкасы” тез қарқынмен өсті. Бұл жерде қазақтың ру басыларының балаларына арнап мектеп ашылып, ортаазиялық көпестер келіп қоныстана бастады. Сауда ісімен қоныстанушы татарлар айналысты. Татар ғалымы Ғ. Ибрагимов: “Шығыс пен Батысты жалғастырушы қалалардағы барлық сауда татарлардың қолында болған”, — дей отырып, ол қалалардың қатарына Орал, Орынбор, Ор, Троицк, Қызылжар, Семей қалаларын жатқызды [4].
Қазақ жерінде сауда мәселесін күшейту үшін патша үкіметі қажетті шаралар қолдана бастады. Атап айтқанда, саудагерлер үшін Орынбор, Семей және Ямышев қамалдарында, Троицкіде жыл бойына сауда ісін жүргізуге мүмкіндік беретін арнайы үй-жай салынды. Татар саудагерлері Азиядан өңделмеген тауарларды алып, оларды Ресейге немесе Еуропа елдеріне жіберді. Ал қазақ даласында Мәскеуден немесе Батыстан әкелген тауарларын саудалады.
XVIII ғасырдың екінші жартысы мен XIX ғасырдың бірінші жартысынан бастап қазақ жерінде сауда ісі дамыды. Сауда орталығы болған Орынборға Орта Азияның саудагерлерінің керуендері де келе бастады. Кіші жүзде жәрмеңкелер ұйымдастырылды. Бөкей Ордасындағы алғашқы жәрмеңке 1813 жылы ашылды. Жәрмеңкеге жан-жақтан әр түрлі тауарлар мен мал әкелінді. Қазақстандағы сауда ісінің дамуына татар ұлт өкілдері де өзіндік үлес қосты. Бұл жәрмеңке өлке өмірінде үлкен рөл атқарған. Татар саудагерлері да ірі қалалардан әкелген күнделікті тұтынуға қажетті заттарды малға, теріге, жүнге және тағы басқа өнімге айырбастап отырды. Жергілікті қазақ саудагерлері бастапқы кездерде орыс және татар көпестерінен несиеге тауар алып отырды. А.Дж. Рибердің жазуынша, 1851 жылы Орал-Волга аймағындағы сауда жасайтын мұсылман саудагерлерінің саны Пенза губерниясында — 189 (11,6%), Самара губерниясында — 608 (12%), Вятск губерниясында — 123 (0,6%), Қазан губерниясында — 762 (34%), Орынбор губерниясында — 1752 (57%), Тобыл губерниясында — 87 (9%) болған. Татар саудагерлерінің көпшілігі Қазан мен Орынбор губернияларына қоныстанған. Орынбор, Ор, және Троицк қалалары арқылы саудагерлер қазақ даласы мен Орта Азия мемлекеттеріне сауда жасады. XVIII ғасырдың ортасына қарай Орынбордағы сауда табысы 100%-ды құрады. Тіпті 1862 жылдың өзінде Ресей жағынан Орта Азияға жүргізген керуен саудасы татар саудагерлерінің қолдарында болған [5].
ХІХ ғасырдың 40-шы жылдары осы жәрмеңкелер ауданында тау-кен өндірістері дами бастаған. Александров күміс балқыту (1849 жылы), Богословск (1857 жылы), Николаевск (1859 жылы) және Спасск мыс қорыту зауыттарының іске қосылуы, дала саудасының дамуын жеделдетті. Сондай-ақ, патша үкіметінің көршілес елдермен сауда қатынасын дамыту үшін жасаған қадамдары да Қазақстандағы сауданың дамуына ықпал етті. Мәселен, Ресейдің Сібір линиясындағы салықты жою турасындағы заң, Сібірге келген Азия көпестеріне өз тауарларын сауда куәлігінсіз сатуға мүмкіндік берді, әрі татар саудагерлеріне өте тиімді болды. Осы жеңілдік заң негізінде 1852 жылы 5 жылға, ал 1857 жылы одан әрі ұзартылған болатын.
1869 жылы Семей губерниясының әскери губернаторы мен Қарқаралы уезінің бастығы Қоянды сауда орнын жәрмеңке ретінде тану турасында бұйрық шығарды [6].
XІX ғасырдың соңында Қарқаралының татар көпестері өлкедегі кенді өңдеп, өнім алу үшін зауыттар сала бастады. Көпестер Хамидолла мен Гүлшад Бекметевтер Балқаш бойынан қорғасын-күміс зауытын ашқан. Зауыттың иесі Гүлшад Бекметев болғандықтан, өңірде оны “Гүлшад зауыты” деп атаған. Зерттеуші Е. Ділмұхамедовтың жазуынша бұл зауытта 1885 жылы бір пештің өзінен 1030 пұт, ал 1886 жылы 3000 пұт күміс-қорғасын балқытылып алынған [7].
Жәрмеңке саудасы, әсіресе, Ақмола облысының солтүстігінде де қарқынды түрде дамыды. Мұнда үш ірі жәрмеңкелер: Тайыншакөл (Петропавлда), Константинов (Ақмолада), Петров (Атбасарда) және 50-ден астам ұсақ, орташа жәрмеңкелер жұмыс істеді. Аталмыш жәрмеңкелердің дамуына темір жолдың тартылуы да үлкен әсер тигізді. 1894-1895 жылдары Омбы мен Челябінің (Сібір магистралі) арасына темір жол салынды. Бұл Ресей губернияларын Ақмола облысының өнеркәсіп орталықтарымен байланыстырып, сауда және өнеркәсіп капиталына кең бағыттар ашты.
Петропавл қаласының географиялық орналасуы да қалада сауданың жоғары деңгейде дамуына үлкен әсерін тигізді. Өйткені қала екі маңызды сауда жолының түйіскен жерінде орналасқан болатын. Петропавлға Ресейден, Орта Азиядан, Сібірден өнеркәсіп, азық-түлік тауарлары көптеп әкелінді. Петропавл бекінісі салынған кезде келіп қоныстанған, бастапқы кезде сауда жасап күн көрген татар саудагерлері бірте-бірте әлеуметтік деңгейін көтеріп, кәсіпорындар салып, қазақтарды жалдамалы жұмысқа тартты. Қаланың ірі кәсіпорын иелері, көпестері, қызметшілері татар ұлт өкілдерінен болды. Мәселен, Ғазиз Ақчурин қалалық басқармада, ал Әбдірахман Мамлютов банк саласында қызмет еткен. Нығметжан Шафеев май ерітетін және жүн жуатын зауыттың иегері болып, оның қол астында жүздеген жалдамалы жұмысшылар жұмыс істеген. Қалада сауда саласы жақсы дамыды. Бұл турада Петропавл қаласының полициясының жазбасында: “Инородцы киргизы, живущие в городе Петропавловске, почти все состоят в работах у богатых купцов — татар, иногда за ничтожное вознаграждение”, — деп келтірілсе [8], ал украин халықшылы К.А. Белиловский қала татарлары туралы өзінің есебінде: “Здешние татары — народ торговый, живой, подвижный. Все коммерческие операции производят они преимущественно в степи, среди киргиз, у которых обменивают европейские товары на скот, баранов, шерсть, волос, мех и пух, или покупают баранов, рогатый скоткожи для продажи в Петропавловске или на Ирбитской, Крестовской и других ярмарках”, — деп жазады [9].
XIX ғасырдың соңына қарай патша үкіметі Қазақстан мен Орта Азияда татарларға жылжымайтын мүлік сатып алуға тыйым сала бастады. Бұл татар байларының өндіріс орындарының өсуі мен саудасына үлкен зиян келтірді. Татарларға астық өндірісі мен мал шаруашылығын дамытуға да шек қойылды. Орыс үкіметінің мұндай жарлығынан кейін татар байлары мен саудагерлері жоғарғы пайдаларынан айырылды. Патша үкіметі осындай заңдар арқылы татар капиталының еркін түрде өсуіне тежеу жасады. Ресейдің бүкіл ауыр өнеркәсібі мен саудасына қожалық жасап келген орыс буржуазиясы, жаңа қалыптасып келе жатқан татар буржуазиясынан үрейленді. Татар буржуазиясын өзінің бақталасы есебінде көрді.
Сол себептен татарларды ығыстырып, оларға саяси-экономикалық қысым жасалынды. Мәселен, XIX ғасырдың екінші жартысынан бастап татар жерінде мәуіті өнеркәсібі дами бастаған болатын. Негізінде татарларда тек бір-ақ ірі мәуіті фабрикасы болып, оны Акчуриндер иеленген. Фабрика 1840 жылдан қазан төңкерісіне дейін жұмыс істеген. Бұл өнеркәсіп орнына қажетті шикізат, яғни, мақта тек Қазақстан мен Орта Азиядан әкелінетін. Патша үкіметі осындай заңдар арқылы татар капиталының еркін түрде өсуіне тежеу жасады. Бұған қарамастан татар саудагерлерінің саудасы қазақ жерінде табысты жүрді. Сауданың өзінен олар үлкен капитал қорын жинап алды. Сөйтіп, қазақ жерінде саудамен әлеуметтік жағдайын көтеріп алған көпестер ірі сауда орындарын, баспаханалар ашты.
Қазақстанның ірі қалаларында татарлардың сауда орталықтары, яғни, дүкендері ашылып, күнделікті тұтынатын тауарлар сатыла бастады. Сондай-ақ, татар саудагерлері ауыл-ауылды аралап, қазақтарды қажетті заттармен қамтамасыз етіп отырды. Әрине, қазақтар үшін жақсы және жаман жағы да болды. Бір жағынан, ауылды жерлердегі қазақтардың үйге қажетті тауар үшін қалаға сабылмауына жағдай жасаса, ал екінші жағына келсек болмайтын бір зат үшін қаншама малын беруге мәжбүр болды. Татарлар көп жағдайда тауарларын малға айырбастаған немесе қарызға берген. Қарызын мерзімінде өтей алмағандардың өсімі көбейіп отырған.
Сонымен, татарлардың қазақ даласындағы сауда барысы және шағын кәсіпорындар ашуы елдің экономикасының дамуына, жұмысшы табының қалыптасуына алып келді. Тауар өндірісі мен ақша қатынастарының өсуіне себепші болды. Ішкі рынокта сұраныс артты. Тасымал сауда неғұрлым кеңінен тарады. Ел аралап, сауда жасаған саудагерлердің саны күннен күнге өсті. Сауда саласының дамуы жәрмеңкелердің маңызын арттыра түсті. Маусымдық жәрмеңкелерден басқа, Қазақстанға сауда капиталының енуі нәтижесінде өлкеде тұрақты дүкендер мен көтерме сауда орындары орнықты. Петропавл, Семей, Омбы, Орал, Орынбор, Павлодар қалаларында жүздеген ірі дүкендер мен сауда орталықтары ашлып, Ресей мен Орта Азиядан әкелінген тауарлармен сауда жүргізді. Айырбас саудасымен бірге ақша қатынастары енгізіле бастады.
Қазақстан қалаларында сауданың дамуынан, өндіруші өнеркәсіптер құрыла бастады. Жылдан-жылға тұрақты сауда жасайтын тек татар өкілдері ғана емес, қазақ саудагерлерінің де саны өсті. Жәрмеңкелік сауда қазақ ауылдарының өмір сүру деңгейінің көтерілуіне біршама әсер етті. Сондай-ақ, өзге ұлттарды жақындастыруда үлкен рөл атқарды. Жалпы айтқанда, жәрмеңкелер сауда-саттықтың ерекше түрі ретінде ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында Қазақстан экономикасының дамуына елеулі әсерін тигізді.