ҰЛЫ ЖІБЕК ЖОЛЫНЫҢ СЫР БОЙЫНДАҒЫ ҚОЖА АХМЕТ ЯСАУИ, АРЫСТАНБАБ КЕСЕНЕЛЕРІН ТҰЗДАНУДАН ҚОРҒАУ

Аманкүл Жақанқызы АҚБАСОВА

техника ғылымдарының докторы, профессор

М.О.БАЙХАМУРОВА

магистр

Ё.С.САТАНОВ

Магистр

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті

Түркістан/Қазақстан

Архитектуралық кесенелер тек мәдени және тарихи құндылықтарымен шектелмейді. Олар сонымен қатар зор әлеуметтік қатынастарға яғни, ғылым және білім мәдениетінің дамуына, болашақ қоғамның отанды тануына, патриоттық-эстетикалық тәрбиесіне, сана сезіміне орасан зор ықпал етеді.

Егер жүз жыл бұрын ежелгі кесенелердің жалпы жағдайы табиғи құбылыстарға, уақытқа, құрылыс заттарының тозуына байланысты болса, қазір олар орасан техногендік күштерге душар болып отыр.

Тарихи аймақтарға жаңа техникалық заманның әкелген өзгерістері, жылдамдығы, қозғалысы архитектуралық ескерткіштерге қауіп төндіріп отыр. Архитектуралық ескерткіштердің тозуына, құлау қаупіне тек техногендік құбылыстар мен ауа-райының өзгеруімен түсіндіруге болмайды. Заманауи талаптарға сай барлық жайттарды ескере отырып, дер кезінде мән беріп мониторинг жүргізіп, қайта қалпына келтіру жұмыстарын жасап, болашақ ұрпаққа мұра етіп жеткізу біздің борышымыз, міндетіміз болып табылады.

Материалдық мәдени ескерткіштер адамзаттың мәдени мұраларының маңызды бір бөлігін құрайды. Бұл ескерткіштердің қазіргі кездегі жағдайына табиғи факторлар мен адамзат тіршілігінің барысы өз әсерін тигізеді. Мәдени мұраларды сақтап қалуға дүние жүзінде ең тиімді, пайдалы құрал ретінде экологиялық мониторинг қолданылады.

Қазақстан Республикасының Ұлы Жібек жолының Сыр бойындағы Оңтүстік-Қазақстан облысында маңыздылығы зор тарихи-мәдени және сәулет мұралары бар. Бұл сәулет мұраларына «Қожа Ахмет Ясауи кесенесі» мен «Арыстанбаб кесенесі» жатады.

Ұлы Жібек жолында орналасқан Қожа Ахмет Ясауи кесенесі — Түркістан қаласында XIV ғасырдың соңында тұрғызылған көне сәулет ғимараты. 2003 жылы маусымда Парижде өткен ЮНЕСКО-ның 27-ші сессиясында Қожа Ахмет Ясауи кесенесі дүниежүзілік мәдени мұралар тізіміне енгізілді. Бірақ соңғы жылдары, екінші Мекке болып есептелінетін Қожа Ахмет Ясауи кесенесі және Арыстанбаб кесенелерінің жағдайы алаңдатырлық. Бұндай теңдеуі жоқ Түрік әлемінің тарихи мәдени сәулет ескерткіштерін қорғау және оларды кейінгі ұрпаққа бастапқы қалыпта сақтап қалудың мәні ерекше зор.

Қалалардың тарихи аудандарының заман талаптарына сай өзгеруі, соған қатысты үдерістердің түрлері мен жылдамдықтары көптеген тарихи және мәдениет мұраларына кері әсерін тигізуде. Табиғи әсерлер мен антропогендік факторлар көптеген ескерткіштердің бұзылуына немесе толық жойылуына дейін әкеп соғады. Ғасырлар бойы орын алған табиғи апатты құбылыстар мен соңғы кездердегі қоршаған ортаның техногендік өзгерістері, әртүрлі өндірістік үрдістердің әсері кесенеге орасан зиян келтіріп келеді. Атап айтатын жағдайдың бірі, зерттеуге алынып отырған екі кесененің сыртқы экзогенді әсерлерге, әсіресе табиғаты әртүрлі ластағыш заттармен қаныққан атмосфералық жауын-шашынның, тұздары жоғары ыза суларына және де басқа да факторларға төтеп бере алмайтындығында.

Жылдан-жылға әртүрлі өндіріс саларарының дамуы, автокөлік нысандарының көбеюі қоршаған орта жағдайын нашарлатып, антропогендік факторлар қысымының жоғарлауына әкеліп, биосфераның барлық жанды және жансыз нысандары зардап шегуде. Осы қалыптасып келе жатқан экологиялық тұрғыдан қолайсыз жағдайлар сәулет ескерткіштерін де тыс қалдырмай, олардың тұздану коррозиясын қоздырып, бұзылуына да себебін тигізуде. Сондықтан кешікпей бұл мәселеге уақытылы мән беріп, қажетті ғылыми зерттеулер өткізіп, нақты шаралар қолдану керек екені сөзсіз.

Осыған орай алдымызға қойған мақсатымыз Ұлы Жібек жолының Сыр бойындағы бүкіл әлемдік мұра ескерткіштері — Қожа Ахмет Яссауи мен Арыстанбаб кесенелерінің тұрақты сақталуына қолайсыз әсер етіп келе жатқан табиғи және антропогендік факторлардың қысымын, яғни тұздану үдерісін тежейтін, орын алған тұз түзілімдерін жоятын оңтайлы ғылыми түрде негізделген әдістерді табу.

Қабырға бетіндегі тұз құрылымдарын жоюға бағытталған бірнеш әдістері белгілі. Оларға механикалық тазалау жолы, жоғары қысымдағы сумен шаю, химиялық еріткіштерді (қышқылдар, сілтілер, т.б.) қолдану, электрохимиялық, сорбциялық, компрестік және т.б. әдістер жатады [1-3]. Бұл пайдаланылуға ұсынған әдістерге бірнеше кемшіліктер тән. Олар тұздарды тазалаумен қатар ескерткіштерге едәуір зиянын тигізеді. Мысалы, қолданылып жүрген күшті бейорганикалық қышқылдар, рН>10 сілтілі заттар құрылыс материалдарында шөгінген тұздармен қатар басқада құрауыштармен реакцияға түседі. Күшті су ағынымен тұз құрылымдарын шаю әдісі көп мөлшерде суды қажет етеді, сонымен қатар тұз шайындысы жерге төгіліп, қосымша қолайсыз жағдайлардың орын алуына әкеледі [4-5]. Ал, тұздар түзілімін жоюға қолданылып жүрген механикалық әдістер, атап айтқанда абразивтік метал щеткаларымен, құм қағызымен, құм ағынымен сыпыру, ысқылау арқылы өңдеу қажетті дәрежеде мәселені шешуге мүмкіндік туғыза алмайды [6].

«Экология» ҒЗИ компресс әдісін қолдана отырып, Қ.А. Ясауи кесенесінің тұзданған қабырғаларына тазалау жұмыстарын жүргізген. Компресс жасауға суландырылған химиялық күлсіз сүзгі пайдаланылды. Табиғи климаттық жағдайға байланысты компресс құрғағанша құрылыс бұйымының бетінде ұсталады. Егерде тұздар толығымен жойылмаса компресс қою қайталанылады. Бұл әдic бapыcындa құpылыc мaтepиaлдapының бeткi жәнe iшкi жaғындaғы epитiн тұздapдың көптеген мөлшері құрылыс материалдарынан компресс жүйесіне қарай өтеді [7]. Оның себебі тұз миграциясы ылғал айырмашылығына байланысты жүреді және де бұл сорбциялық үдерістің жылдамдығы қоршаған ортаның температурасы мен желге тәуелді. Осы жағдай компресс әдісінің кемшілігін сипаттайды.

Зерттеу нысандары ретінде негізгі құдыққа жақын орналасқан Арыстан баб кесенесінің тұзданған сыртқы қабырғасы мен Қ А Ясауи кешені құрамына кіретін кесенеден 22 метр арақашықтықта орналасқан Шілдехананың қабырғасы таңдалып алынды. Жоғарыда сипатталған әдістердің тиімді немесе тиімсіз жағын ескеріп, жұмысымызда бұрын-соңды пайдаланылмаған бір уақытта қатарласа жүретін — су жібере отырып еріту мен еріген тұз ерітіндісін сору үдерістері қолданылды.

Ұсынылып отырылған біздің жетілдірілген әдісімізде құрылыс материалдарының ішкі қабатына еріген тұз ерітіндісінің өтуіне мүмкіндік берілмейді, себебі вакуумдық жағдайда тұз ерітіндісі кері қысым әсерімен жинақтайтын ыдысқа тартылып шоғырланады. Шайылған тұз ерітіндісінің құрамы Қ.A. Яcayи aтындaғы Xaлықapaлық қaзaқ-түpiк yнивepcитeтiнiң «Экoлoгия» ҒЗИ-ң aккpeдиттeлгeн «Экoлoгиялық бaқылay жәнe xимиялық тaлдay» aнaлитикaлық зepтxaнacындa жүpгiзiлді.

Ұсынылып отырған түйдектелген әдісті қолданғанда 1 м2 аудан бетін тұздан тазалау үшін шамамен 1 литрдей су және 5-10 минутты қажет етеді. Тәжірибелік зерттеу нәтижелері көрсеткендей қабырғадан шайылып жинақталған ерітіндінің негізгі құрамы хлорид, сульфат, нитрат тұздарынан тұратыны айқындалды.

Қорытындылай келе ірге тас пен қабырғаның беткі жағын тұздардан және басқа ластануларды сумен шайып тұзды ерітіндіні сорып жинап алудың түйдектелген әдісі жасалып, оның тиімділігі басқа әдістермен салыстырғанда жоғары екендігі дәлелденді. Сонымен қатар, бұл әдістің құрылыс материалдарының бойындағы ерігіштік қасиет тән тұздар түзілімдерін тазалауға мүмкіндік беретіні тәжірибе түрінде анықталды. Ластанған атмосфералық ауаның әсері мен капиллярлық су көтерілісін тоқтату мақсатында, яғни тұздардан тазаланған нысандарда қайтара тұздар түзілімдері жинақталмауы үшін гидрофобизациялауды қолдану орынды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *