ТҮРКІСТАН ӨҢІРІ ӘЗ ТӘУКЕ ХАН ЗАМАНЫНДА (қазақ шежіресі мен жазба деректері бойынша)

Жамбыл Омарұлы АРТЫҚБАЕВ

тарих ғылымдарының докторы, профессор

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ

Астана/Қазақстан

socantropology@mail.ru

Бір қарағанда Әзіреті-Сұлтаннан басқа көзге көрінер тарихиғимараты, құрылысы жоқ Түркістанда қазақ тағдырын шешкен оқиғалардың болғанына сену қиын. Бірақ тарихи деректер
ХVІІ ғасырдың соңы мен ХVІІІ ғасырдың басында Түркістан өңірінің қазақ экономикасы мен саясатының орталығы болғанын сөзсіз дәлелдейді. Деректерге қарағанда Түркістан қаласы деген
түсінік оны жағалай орналасқан қалаларды да қамтиды. ХVІІ-ші ғасырдың соңына қарай Түркістанға келген орыс елшілерінің жазбалары: «…А городе де Казачьей Орды от Туркестана все близости, город от города в виду, а дальние де города под каменеем; ходу до них дни по 3, и по степи де, а от Сырта реки в дальном разстоянии, а при реках де в близости не живут, а деланы де городах их многие колодцы, а городов де их всех считают 20. А крепости де в Туркестане и в городах валены, валы земляные и по валу кладены стены кирпича необожженного, а вышиною и с валом стена сажени в полтретьи, а шириною местами в сажень, а в иных местах больше и меньше, а к верху аршина по полутора и по 2; а больше де у них в городах валенье один земляные валы без кирпичу, а земля плотно и не сыпуча, а рвов де копаных нет. И во всех тех городах живут бухарцы, а казаков мало, а казаки де все живут для пашенных земель по кочевьям, а пахоти де их скудны, коней и овец много, а коров мало; кормятся мясом и молоком. А к бою де удачливы, вольшевству де учены от донских беглецов, а по смете де всех из казаков будет тысячь с 20 и больше. А бой де уних лушной и копейный, а пушек де нет и мелкого, длинного, огненного ружья мало, а кузнецов де у них не сказывают, а огненное де ружье и порох и свинец и луки привозят из Большой Бухарии; а сказывают де, что берут селитру по кислым озерам и варят в котлах, а сера де топится из камени близко Еркенских городов, а свинец де плавят из руды в городе Карнаке и порох де чинят приезжие бухарцы полоненники; а руду де красной меди плавят на тобольской дороге…».

Түркістан кішкене қала болғанымен Қаратау бауырын, Сырдың орта белін, Алатау бөктерін қамтитын үлкен аймақтын орталығы.Тікелей орда қаланың маңында Иқан, Қарашық, Иыңқы, Сунақ, Қарнақ, Сөре қалашықтары, көнеден келе жатқан атақты Шүйтөбе т.б. бар. Әзіреті Сұлтан күмбезіне таяу қаланың ескі орны Күлтөбе, яғни ежелгі Яссы белгілі. Бұл жер Әз Тәуке хан заманында ел басшыларының бас қосып мемлекет ісін талқыға салатын қасиетті қара орын. Егер біз жоғарыда айтылған Түркістан ұғымына кіретін екінші деңгейдегі қалаларды түгендесек, онда олар мына сипатта болады: «роспись Казачьи Орды городкам, которые городки с приезду от Тобольска до Туркистану: первой город Савранской дороге с правую сторону Савран; позади того города Саврана вниз по Сыр-Дарье реке в Каракалпацкую сторону городок Сырнак, а промеж Савроном и Сырнаком ходу день; от Саврану с правую же сторону под за Сыр-Дарьею рекою городок Ок-Корган, и от Саврана до того городка ходу больши полудия; с левую сторону от Саврану городок Сусак, ходу до него от Саврана 2 дни, стоит в каменю; в полуденной стороне от Саврану город Тургистан, в котором владелец Тевки хан, а промеж Саврану и Тургистану ходу день; от Саврану города идучи к Туркистану на полдороге стоит город пуст (Шорнақ болуы керек-Ж.А.), а по ведомости разорил де Кучюк-Салтанхан; да по той же дороге слевую сторону под каменеем город Карнак, а от Тургустану с русскую сторону под каменеем город Уралхай(Оранғай-Ж.А.) , до него от Тургистану верст с 10;// да от Тургистану же промеж востоком и полуднем в 5 верстах город Ташлиак; да от Тургистану же в полдень город Гихан (Иқан-Ж.А.), а ходу до него от Тургистану верст с 20, и иные многие городки близ Тургистану, а имян их не ведаем; да в полуденную же сторону от Туркистану город Отров, а ходу до него день; да от Тургистану же промеж полуднем и западом город Сайран, а ходу до него от Тургистану 2 дни; а всех городков в Казачье Орде 32».

Қазақ шежіресі Түркістанның көне заманның қаласы екендігіне бірнеше түрлі дәлел айтады. Мәшһүр Жүсіп «Түркістан һәм қадимнен келе жатқан зор шаһар еді: бір шеті Алатауда, бір шеті Қаратауда. Осы күнде Сайрам суының күнбатысында «Ат бұлағы» аталатын жер ат базары еді, Түркістанның күнбатысында «Теке суы» деген жер қой базары еді» деп бастайды Түркістан баянын.

Шежіренің айтуына қарағанда ертеде бұл мегаполисті «Қырық қақпалы Қарашық» деп те атаса керек, қазіргі уақытта Қарашық Түркістаннан Қарнаққа қарай орналасқан орташа сарт қалашықтарының бірі. Түркістанның аумағының шектеліп, айбатының азайуына себеп болған Һулаку –қырушы деген билеуші деп те баянлдайды шежіре. Әңгімені мазмұнына қарағанда бұл Шыңғыс немересі Хулагу емес, одан ертерек қарақытай –қидан тайпасы ОрталықАзияны билеген заманда өмір сүрген ел билеушілерінің бірі: «Сол Түркістанды харап қылып, быт-шыт қылып жіберген –Һулаку. Мұның зардабынан Қондыкер-Құбан деген ел «дін исламның шегесі, мұсылманның паналайтын жері» деп Халифа жұртын қарай ауып кетті». Егер Қондыкер-Құбан жұртын біз ортағасырлық оғыз елімен байланыстырсақ, онда әңгіме шамасы ортағасырлардың жуан ортасындағы селжук пен қарақытай арасындағы соғыстар айтылады. Егер біз жалпы Түркістанның даму кезеңдерін еске алсақ, онда әфсаналық «Қырық қақпалы Қарашықтың» пайда болуы тіпті ертерек замандарға бастайды.

ХVІІІ ғасырдың ортасына қарай Ресейдің қазақ сахарасындағы саясатына жауап берген адамдардың бірі П.И.Рычков Түркістанға қатысты шежірелік ескі мәліметтерді көп жинап қаланың көне дүниенің ескерткіші екенін баса жазады: «Сие владение и город Туркестан, в рассуждении других мест в тамошней стороне имеющихся, ныне хотя и незнатны, но по древности надлежит ему пред всеми дать преимущество, потому что город Туркестан в татарских историях многим старее Бухары почитается, и якобы в древние времена повелительство сперво в нем началось, и во всю Азию распространилось. Находящийся в Оренбурге ахун обьявил, будто бы сей город построен внучатами Турка-хана, сына Яфетова, от которого он название себе получил, и все тамошние города, даже до Индии и Китая, яко то: Кашкар, Табат, Еркень, Ходжант, Ташкент, Мартикан, Фантак, Янгы, Хасар, Хитяк, Утрар, Сабран, Барзягин и прочие во власти Туркестана состояли. Ту область назвали они в древние времена и другим названием Яссии, кое аки бы еще и туркестанского старее. Сие выписано из арабских и татарских книг помянутым ахуном».

ХVІІІ ғасырда қазақ арасына жиі келіп, көптеген жауапты мәмлегерлік шаруаларды атқарған тілмаш Уразлин де шежіре деректеріне сүйене отырып Түркістанды «Авеста» дәуірінде Жәмшид патша салды деген мәлімет қалдырған. Жәмшид адамзат баласы әлі бір-бірінен ажырамай тұрған ескі заманда өмір сүрсе керек және оның мекені қазақтың кең сахарасы болғанға ұқсайды. «Авестада» Жима (Жәмшид) патшалығы деген арнайы бөлім бар, ол бақташы тайпалардың патшасы, оның билік құүрған дәуірі «алтын ғасыр» деп аталады. Ахура Мазда (Ормазд) зәрдүш дініндегі бас құдай, жақсылықтың иесі «Арианам Вайджа» сияқты шетсіз-шексіз даланы, шүйгін қонысты мекен еткен Жәмшидке:

«Солай дедім мен, о Зәрдүш, мен, Ахура Мазда: «О, Жима қызыл шашпаулы, Вивхванта ұлы, дінді сақтайтын және қорғайтын бол мен үшін !». Бірақ, о Зәрдүш, былай деп жауап қатты Қызыл шашпаулы Жима ! «Мен Дінді қамқор сақтауға және алып жүруге үйренгенім жоқ, ол үшін жаратылғаным жоқ».

Сол кезде, о Зәрдүш, мен айттым саған, Ахура Мазда: «Егер сен мен үшін, сәнді Жима, дінді сқтап, алып жүре алмасаң, онда мен үшін мына әлемді көркейт, көбейт ! Бұл әлемнің қорғаушысы, сақтаушысы, ұстазы бол !».

Осыған былай деп жауап берді, бұл Жима қызыл шашапаулы, о Зәрдүш: «Мен саған әлемді көбейтемін, мен саған әлемді өсіремін, мен әлемнің қорғаушысы, сақтаушысы, ұстазы боламын ! Менің патшалығымда не суық жел, не шөл, не ауру, не өлім болмайды».

Сонда оған екі қару бердім мен, Ахура Мазда, «алтын мүйіз және алтынмен әдіптелген қамшы».

Бұл бақташылық тұрмыстың қазақ сахарасында жаңа пайда болған кезеңі, жер-жайылым тарылып барады «сонымен Жәмшид патшалығы үш жүзінші қысты бастан өткерді. Осы жер ірілі-ұсақты малға, адам мен итке толып ктті, ит пен құсқа, жанған отқа толып кетті, Ірілі-ұсақты мал, адам өзіне орын таба алмады…Сонда Жәмшид патша қырға шығып, Күннің бағытына қарады. Алтын мүйізді үрлеп күй тартты және қамшысын көтеріп былай деді, жалынып : «Айналайын Спэнте-Армайти, жазыла түс, қанатыңды жай, менің ірілі-ұсақты малым мен адамым сыйсын». Осылай бақташы тайпалардың көктемдегі судың жайылмасындай Еуразия даласына кең жайылған тарихы басталады. Әлем алғашқы қауымдық оқшау тіршіліктен шықты, шөптің тамырын іздеп, даланың аңын қуып жүрген адамзат баласы өнімді шаруашылыққа көшті, бақташылардың қарапайым қауымдарды бағындыруы кезінде мемлекеттер дүниеге келді.

-Міне, Түркістанның көне тарихы сол ертегідей елес заманға барып саябыр табады.

Адам баласы Жәмшидтен кейін, билікке Феридун патша келген уақытта бөлінді дейді әскі әфсаналар. Оның үш баласы Сәлім, Тұр және Ирандж Еуразиядағы үш түрлі үлкен ұлыстың көш басшысы болса керек. Біріншісінен арабтар, екіншісінен түрік елдері, үшіншісінен ирандықтар мен үндістер. «Шахнамені» жырлаған Фердоуси Сәлім мен Тұр бірігіп Иранджды өлтіріп, содан осы елдердің ара жігі ашылды, Иран мен Тұран арасындағы мыңдаған жылдарға созылған жаугершілік басталды. Біздің жыл санаумызға дейінгі екінші мыңдық жылдықтың ортасына қарай иран (арий) тайпалары Ұлы даладан оңтүстікке қарай сырғып, иелік Тұранның ұлдарына біржолата көшті. П.И.Рычков «и так Туркестан можно почесть за древнее отечество турков, что и с европейскими историями согласует» деп осы мәселені айтады.

Ерте уақытта Түркістан қаласының ортасында ағып жатқан өзеннің аты Қарашық аталады, бертіңгі деректерде Қарасу деп те атай береді, үй саны мыңнан астам, егіншілігі, саудасы дамыған жер және бір тамашасы сауда қаланың сыртында жүреді, іште базар жоқ. Ескі қаланың қисық-қисық көшелерінің өзі сондай тар көрінеді, кей жері тіпті бір сажын да болмас. Қаланы айналдыра саз балшықтан соққан қабырға көрінеді, бірақ үлкен бекініс деп айтуға ауыз бармайды. Бір жақсысы айналдыра ор қазылып, онымен су жіберілген. Балшық қорғанның жағдайы онша емес екен, биіктігі бар болғаны 3 сажын, жалпақтығы 2, шеңберінің көлемі 500-дей. Қабырғаның кей жерінде зеңбірек ататын тесіктер бар және қорғанның бұрыштарында мұнаралар көрінеді. Түркістанның қырға қарайтын басты қақпасы- Дарбаза қақпа аталатын қақпа, одан басқа Ысты ата, Мұсалы, Есек қақпа аталатын бөліктері бар. Әр қақпа бір махалланың тіршілігіне қызмет жасайды. Қаланың тура солтүстік-батыс жағында Йассауи мешіті орналасқан. Орта Азия жеріндегі ең биік күмбезді айнала бес бұрыш қорған салынған, көлемі шамамен -13x80x90x130x120 адым мөлшерінде. Қаланы басқаратын қазақ хандарының қала шаруашылығына қатысты істері шешетін, Хан кеңесін өткізетін сарайы да осы ішкі қамалдың ішінде. Одан төмен қарай қала ішінде хан сарайы аталатын жеке құрылыс тұр, жан-жағынан биік дуал қоршаған бұл зәулім үйде Түркістанды билеген қазақ хандарының бірнеше ұрпағы қыс мезгілін өткізеді. Түркістанның бір жағы Кәріз атанады, бұл көне суару жүйесінен қалған қалдық.. Кәріз жан-жағын бау-бақша мен егістік алқаптары қоршаған тамаша елді мекен. Кәріз іргесіндегі Бақ жаһан жаздың ыстығында Түркістан ақ сүйектерінің келіп демалатын сүйікті орыны.

Түркістанның жан-жағының бәрі жиырма-отыз шақырым жерге орналасқан кішкене қалашықтарды көбінесе қазақпен әбден араласып кеткен сарттар мекендейді. Қай қалашықты алсаң да шаруашылығы дамыған, бау-бақшасы мол, егіндік алқаптары Қаратаудан қаланың етегіне дейін созылған құнарлы қоныстар.

Түркістан маңайындағы елдің қызығатын қонысының бірі Иқан қалашығы, арасы 20 шақырым. Бұл қонысқа ХVІІІ ғасырда қазаққа аты танымал Қырық сан Барақ сұлтан тұқымының қысқы сарайлары орналасқан. Орынбор басшысы И.Неплюевтiң тапсырмасымен келген М.Арапов Барақ сұлтан туралы, ол Ташкент, Иқан, Отырар, Өгiзтау, Созақ қалаларының иесi дейдi. Тек қана ие емес сол қалалардан үлкен үй салған, елдiң шаруашылық жұмыстарын басқаратын адам. М.Арапов қалаларды ылғи сарттардың мекендейтiнiн, осы өлкенiң бәрi Бараққа әкесi Тұрсыннан мұраға қалғанын айтады. Халқының саны 300 үйден сәл ғана асады, оның өзі Иқан төбе аталатын қорған ортасындағы биікте қиқы-жиқы орналасқан махаллаларда жинақталған. Жаугершілік көп болған себепті Түркістан өңірінің қалашықтарының бәрінің сыртында қорғаны бар, бейсауат адам қорғанан сыртқа шыға бермейді. Иқанда ертеден бері бірнеше әулиеге зиярат етеді, оның бірі «Ғашық Жүсіп» атанған Ахмет Йассауиге шәкірт болған Жүсіп ата күмбезі, Ақ әулие атанған Ахмет шайқы Иқоний бейіті т.б. бар. Созақтың халқы көбі қазақ текті болса, Иқанда ондаған сарт әулеттері мекен етеді. Олардың ішінде Суфақил, Қырық таз, Қалмақ, Қожа сияқты Иқан Иқан болғалы осы жерде мекендеп келе жатқан әулеттер де, сонымен бірге әр жылдары әр түрлі жағдаймен келген отрарлықтар,бұхарлықтар, қашғарлықтар, қарақалпақтар да бар. Түпкілікті ел басым болғандықтан өздерінің ерекше дәстүр салттарын да, тілдерін де сақтап қалған. Ұзатылған қыздың бірінші баласын туғанша өз үйінде болып, күйеу жігіттің ұрын жүретіні осы Иқанда әлі күнге дейін сақталған. Иқандықтар өздерін аталарымыз Хорезм аймағынан келді-мыс дейді. Дегенмен Түркістан аймағында Иқанға дәстүрлі мәдениетімен жақындайтын Қарабұлақ сияқты қышлақтар бар.

Түркістанға таяу орналасқан тарихи қышлақтардың бірі Қарнақ. Қаратаудың қойнауына ене, тау баурайына сұғына орналасқан қалашықта П.И.Рычков ХVІІІ ғасырда бар жоғы 300 үй болды дейді. Соған қарамастан Қарнақ тарихи қала, бұл қала туралы ХІ ғасырда қалам тербеген М.Қашқари жазады. ХVІІІ ғасырда Ескі Қарнақ төбесінде төрт дарбазалы, биік қорғаны бар қышлақ биік төбе. Елдің бәрі де жаз күні қалашық маңайында қызмет жасайды да, жау келді десе болды қорғанның ішіне тығылады. Қарнақ осы өңірдегі ілім-білімнің орталығы, қазақ балалары да Қарнақ медреселерінде көп оқиды. Патша заманында Қарнақ қаласында 20-дан астам мұсылманша сауат ашатын мектеп болды дейді жергілікті қариялар. Қалашықта әлі күнге сақталған көне құрылыстардың бірі Шәмет ата мешіт-медресесі. Қарнақ қазаққа белгілі «Зар заманның» ақыны Шортанбай Қанайұлының туған жері, Жаңаарқа өңіріне белгілі Хамит қожа, Сәмен молда, Шолақ молда, Темешәлі молда сияқты білімдар адамдардың оқыған жері.

Қарнақта қожа әулеттері аз емес. П.И.Рычков «потом в Туркестан перешло из агарян несколько ходжей, которые и поныне тут живут и, будучи признаваемы за отродие магометово, отменно и ъа святых почитаются. Из таких ходжей доныне в туркестанской большой мечети есть гроб одного, по их закону за святого почитаемого, который именуется Ходжа Ахмет, и есть один из семи святых, коих магометане за знатнейших почитают, и великую честь их гробам воздают» деп бұл өңірде қожалардың көптігі мен беделін ескертеді. Қарнақта қылышты қожа, жүйнектік қожа, қарашықтық қожа, момын қожа, шілікті қожа т.б. бар. Қожалармен қатар жергілікті, ертеден келе жатқан бірнеше сарт әулеттерін де атауға болады-толча, қараханлар, қозықилы, сартораш, тәбризи т.б.). Сонымен бірге тегі қазақ бірнеше ата баласы да осы қалашықты мекен етіп жергілікті сарттардың тұрмыс тәртібін қабылдап сарт болып кеткен. Олардың ішінде қарағұрлық тінейлерден шыққан Тұрба әулеті, Молла Хамза әулеті, Жетімдерден Нұр әулеті, Шоқморлы, Тау тұмалық арғындар, Өгіз таулық арғындар т.б. Олардан басқа қазақтың төре, төлеңгіттерінен сарт болып кеткендер де аз емес. Қарнақ қалашығында өзге елдерден келген елшілерді орналастыратын қонақ үй болған.

Қарнақ маңында орныққан аруақты жерлердің бәрі де оғыз-қыпшақ заманына барып өз тамырын тауып жатады. Одан әрі арабтың осы Түркістан өлкесіне келіп оғыз тайпаларымен соғыстары да ескерткіш күйінде сақталып тұр. Ерте уақытта кәпірлермен соғысып шахит болды дейтін Имам Бабыр, Ақкөсе сахабалардың қасиетті зираттары сол Қарнақта. Ақкөсенің шын атын Домбы ата дейді. Кәпірлер басын кескенде кесілген басы домалап отырып Меккә-Мәдинаға тартқан-мыс. Домалап бара жатқанда бір тесікке түсіп кетіпті. Шалдардың айтуынша сол тесіктен су дария тасып шығып, кәпірдің бәрін сел болып шайып кетіпті. Көргендердің айтуынша асты үңгір қып-қызыл қия тас, батысқа қарай аққан су көрінеді екен.

Бұрынғы заманда бір диуана сол құдыққа таяғын түсіріп алыпты, содан бір уақыттарда оны Меккеге барған уақытында кездестіріпті. Қайдан алдыңдар мына таяқты, — деп жаңа иелерінен сұраса, олар Зәмзәм-Шәріптен алдық — дейді екен.

Қызықты әңгіменің бірі Ысқақ бап пен Сауыр тонды Өтеміс батыр арасындағы ұзақ жылдардағы күресті баяндайды. Ол заманда ислам дінін қабылдамағандарды «мық», «тарса» деп атаған, солар Сауыр тонды Өтеміс батыр бастап шет елден келген басқыншыларға көп қарсылық көрсетеді. Әңгіме оғыз-қыпшақ дәуіріне қатысты болғанымен қазақтың шешіресінде бұл оқиға жақсы сипатталады.

Түркістан маңындағы қалашықтардың ішіндегі үлкені Сауран деп есептеледі. Оның жан-жағындағы қамал-қорғанының өзі де еңселі. Қаланың орталығында әдемі құрылыстың қирандылары тұр, бұл әлемнің жеті жұмбағына жататын теңселмелі екі мұнарасы бар Сауран мешіті. Шығыстық қала салу, құрылыс орнату өнері теңдесі жоқ өнер. Сауран қаласының сыртын ерте заманда қоршаған күйдірген кірпіштен салынған ескі қамалдың орыны әр жерден көрінеді.

Осы ғаламат қала үш жақтап Бұқарлық Абдолла, ташкенттік Бабасұлтан, қазақтан Хақназар хандар соғыс ашқанда енді қайтып жөнделместей бүзылды. Бұқарадан әдейілеп тас атқыш қаруларды (қара бура) алып келіп, қаланы қиратып, кәріздің бәрін құдығымен қосып ағызып жіберді. Иә, ендігі қалпына қарап сонау Қасым мен Хақназар уақытында Саураннан қозы көш жерде тұрған Мәртөбеде қазақ баласы жиналып, төбе басындағы алаңда қазақтың игі жақсылары бас қосып отырды деп кім ойлайды. П.И.Рычковтың айтуына қарағанда ХVІІІ ғасырда Сауранда бар-жоғы 100 үй қалған. Сол сияқты Отрарда да шамалы -50 шақты үй, Өгізтауда да осы шамалас. Олардан көрі Сөре мен Ташанақтың халқы молдау, әрқайсында 100 -ге жуық сарттың отбасы қоныс қылып отыр.

Ертеде Жібек жолы бойында Шығыстан Батысқа ағылған сауда керуендері осы қалалық өңірге күн аралатпай өтіп, қан тамырындай шырайын келтіріп отыратын. Түркістан өңірінің тағы бір атақты қаласы Сығанақта сауда қызған уақытта бір күнде 500 түйені кәуәпқа сояды, содан кешке бір жапырақ ет қалмайды дегенді ХVІ ғасырдың басында осы өлкеде болған Фазлаллах Рузбихани жазады.

Түркістан қалаларында ХVІІІ-ХІХ ғасырларда үлкен өндіріс болған жоқ. Қажетті металды маңайдағы кен орындарынан керегінше алады, мыс, қорғасын, қалайыны Сарыарқа даласындағы кен орындарынан қазақтар алып келіп сатады. Ресей сяхатшылары ол туралы «медь добывают на тобольской дороге» дейді. Дегенмен Қаратау өңірінде, әсіресе Суындық маңында әр түрлі кен көздері аз емес: «В Ташкентском и туркестанском владениях довольна железа копают в горах, а наипаче по реке Шыршык, медь привозят из Самаркандской стороны, и продается дешевою ценою, свинца, вблизи Туркестана в горе, называемой Сууындык, великое множество, где всяк кому надобно берут и льют пули, а золото добывают песчаное в верховьях Шыршык реки и в верховье же Сырдарьи, и отвозят на продажу в Бухарию…».

Түрік ұлыстарының әлемге қанат қаққан жері, түркі тілі мен мәдениетінің қайнар көзі Түркістан өңірінің қалаларының ХУІІІ ғасырдың 40-шы жылдарындағы жағдайы осындай. Үлкен сауда болмаған жерде берекелі қала өмірі де болмайды. П.И.Рычков Түркістан ахуалы жөнінде: «Прежде сия провинция собственно имела в себе городов до тридцати, а ныне более десяти нет. Оными городками и народами владеют ныне киргиз-кайсацкие владельцы Большой и Средней Орд, однако, с позоления зюнгорского владельца, который над сими местечками, яко же и над Большою киргиз-кайсацкою ордою, недавно учинился государем (әңгіме 1734 жылы Ұлы жүздің Жоңғарияға бодандықты мойындауы туралы). В городах сего владения счисляется жителей ныне около двухтысяч семей, которые все люди пахотные (сарттар-Ж.А.), и от помянутых владельцев на подобие крестьян употребляются» дейді.

Түркістанды Қазақ хандығы өмірге жаңа келген уақытта өз көзімен көрген Исфахандық Рузбехан деген тарихшы оның жерін нақты шектеп айтқан. «Мехман-наме-йи Бухара» (Бұқаралық қонақтың кітабы) атты еңбегінде Сырдың сол жағалауындағы бекініс қала Аркукты ол Самарқан мен Бұқарадан Дешті Қыпшаққа қарай шығатын жолдың бойындағы «Түркістанның алғашқы бекініс қамалы» деп көрсетеді. Түркістанның шығысындағы бекіністердің қатарына Рузбехан Сайрам мен Ясы қалаларын, ал Сығанақты Түркістанның солтүстік — батыстағы шеткі қаласына жатқызған.

Сайрам тек қана Орталық Азия емес, жалпы Еуразия құрылығындағы да ең көне қалалардың бірі. Әлем халықтарының тарихын алғаш бір жүйеге түсірген атақты Рашид ад-дин заманында Сайрам ертегі сияқты қала еді. «Жами-ат тауарих» Сайрам тарихын қазақ «Атамыз -Алаш, керегеміз-ағаш» дейтін Алаша хан заманымен, яғни жылқышылық өркениеті басталған энеолит дәуірімен байланысты баяндайды: «…түріктер Яфетті Абулджа-хан (Алаша-хан) деп атады және қазір де солай атап келеді және осы Абулджа-ханның (Алаша-хан) Нұқтың не ұлы, не немересі екенін анық біле қоймайды, бірақ соның әулетінен екеніне және уақыт жағынан соған жақын екендігіне келгенде олардың барлығының да жауаптары бір. Бүкіл моңғолдар, түрік тайпалары және барлық көшпелілер (мәтінде: далада өмір сүрушілер) соның әулетінен тарайды. Осы мәселенің анық-қанығын былай түсіндіреді.

Абулджа-хан (Алаша-хан) көшпелі болған; оның жазғы жайлауы керемет үлкен және биік таулар болып табылатын Ортағ және Қазтағ, сол шамада Инандж (Жұбан ана-Ж.А.) атты қала болған. Абулджа (Алаша)-ханның қысқы қонысы да сол маңайда болған, Бурсук (Борсық құмы-Ж.А.), Какьян және Қарақұм, оны Қарақорым деп те атайды, аталатын жерлерде. Осы жерге жақын Талас және Кары-Сайрам сияқты қалалары орналасқан.

Соңғы қала өте көне және тым үлкен. Осы қаланы көргендер, оның бір шетінен екінші шетіне жету бір күн жүру керек және оның қырық қақпасы бар дейді. Бүгінгі уақытта онда түрік-мұсылмандар мекен етеді….».

Содан бері Сайрам аты талайды қызықтырды. Қаланың аты да сан алуан өзгерді, оны бірде Исфиджаб десе, бірде Мадинат ал-Байзо, бірде Ақ шаһар, бірде Орынкент деп атады. Сайрамның қасиетті орындары, осы жерде туып өскен ғұламалар туралы аз жазылған жоқ, солардың ішінде бүгінгі күні арамызда бар Мирахмад Мирхолдар ұлы жазған «Сайрам тарихи» кітабы да бар. Ол ескі деректерге (рисола) сүйеніп бұл жерде ерте замандарда Ыдырыс пайғамбар сәжде қылған, Қызыр пайғамбардың ізі қалған, Иса пайғамбар мен Нұқ пайғамбарлар жүрген, Ануширван Әділ билік жүргізген дейді.

«Авеста» кітабында Сайрам аты аталады. Қаңлы елінің қысқы қонысы осы жерде болды, соның дәлеліндей Сайрамда «Қаңқа» аталған «жой» болды дейді жергілікті өлкетанушылар. Қожа әулеттерінің насаб-намаларында ислам келгенге дейін мұғ және тарса деген халықтар мекен етті деген де мәлімет бар, көбінесе өздерінің тәңірілік дінінде өмір сүрген оғыз тайпаларын да осылай атай береді. М.Мирхолдор ұлы Сайрамда 1980-шы жылдары табылған пұтхананы зәрдүш дінімен байланыстырып, оны «мұғ дайри» деп атайды. Бұл жормал дұрыс болар дедік, себебі «мұғ заманы» деген қадым уақытты дала қарияларды да қола дәуірімен байланыстырады.

Қалай болғанда да Сайрам тек қана шаруашылықтың қаласы емес, әулеиелер мекені десек сыйымды. Өзгені айтпағанда бұл қала Әзіреті Сұлтан -Қожа Ахмед Йассауидың туған жері, оның ата -анасы Ибрагим ата мен Қарашаш ананың мекені.Иә, бұл шығыс жаққа бағытталған шеп қалада қазақ мемлекетінің тағдырын шешетін талай кеңестер өткенге ұқсайды. Атағы мен айбары Жошы ханнан кем болмаған Қасым мен Хақназар уақытында Сайрамнан қозы көш жерде тұрған Мәртөбеде қазақ мемлекетінің игі жақсылары бас қосып, алқа- қотан кеңестер өткізіп отырды. 1758 жылғы деректерде Төле би бастаған Ұлы жүздiң қазағы Сайрам қаласының маңында көшiп жұргенiн, өзi сол маңдағы қалалардың негiзгi басшысы екенiн бiлемiз.

Шымкент ежелден Қазақстанның оңтүстігіндегі ірі шаһарлардың бірі. М.Мирхолдорұлының «Чимкент тарихи» кітабы «Қозоғистоннинг энг гўзал шаҳарларидан бири, шу сабаб, уни жанубнинг “яшил гавҳари”,- деп басталған. Шымкент орта ғасырларда Ұлы Жібек жолының бойына орналасқан ірі сауда бекеттерінің бірі болған. Сол себепті бұл қала ертеден сарт қауымдарының мекен қылғаны заңды, бұл жер әуелден сауда-саттықтың қайнаған, өндірістің дамыған ортасы.

«Шымкент» атауын кейде жасыл қала деп те аударады, ал шын мәнінде ежелгі соғды тілінде «шым» деп қорған, қаланы да айтады. Сонда «Шымкент» сөзі қорғанды қала, немесе қорғаны бар қала деген мағынаға көбірек келетін сияқты. Таза шаруашылықтың, сауданың қаласы болғандықтан көбінесе саяси өмірді сипаттауға арналған ортағасырлық тарихи деректерде көп айтыла қоймайды. Тек қаланың қашанда Қазақ хандығының құрамында болғанын және ХІХ ғасырдың басында Қоқанд билігіне өткенін білеміз. Ресей елшілері ХІХ ғасырдың басында бұл қалада 700 -дей үй болды және сонымен бірге қаланың маңайында оннан астам қышлақтар бар еді «все они обнесены нетолстыми глиняными стенами и по большей части находятся на возвышенных местах» дейді. 1829 жылы Шымкентте болган хорунжий Н.И.Потанин «Город Чемкет располжен при речке Бадам, в лощине, посреди которой на возвышенном месте находится небольшая крепостца (по ташкентский -орда), обнесенная со всех сторон высокою стеною, сделанную из глины и имеющая въезд со стороны речки, по узкой дороге…В крепостце выкопаны многие каналы, наполненные водою, втекающую в них из речки…на каналах этих выстроены мельницы. …Домов в Чемкете находится до 600; мечеть одна в крепости, улицы в городе узкие и неправильные… Жители преймущественно занимаются хлебопашеством и частью торговлею с кочующими поблизости киргизами (казахами-Ж.А.) Большой Орды» дейді».

Қаланы Ресей әскерлері 1864 жылы 20 қыркүйекте басып алды. Бұл жаулап алу М.Мирхолдорұлы кітабында былай суреттеледі: «Чимкент 1864 йили 20 сентябрда штурм билан босиб олинди. Шаҳар ўрисларники бўлди. Солдатлар бозорларни таладилар, уйларга кириб, одамларни ўлдирдилар. Кўп аёллар ва болалар ҳам жабрланди. Босқиннинг бир йиллиги куни ҳам маҳаллий халқ йиғлаб юрди».

А.И.Добросмысловтың «Города Сыр-Дарьинской области» кітабында Чымкент үшін соғыста орыстан 13 адам өліп, 44 адамның жарадар болғаны, ал жергілікті халық пен әскерден екі мыңнан аса адам саптан шығып, оның үштен бірі өлгені айтылады. Орыстың келуі және жаугершілікке байланысты шаһар халқының саны азайып кетті, өлгені өлді, қалғандары күн көріс үшін жан-жаққа кетті. Үлкен шаһарда 1870 жылы 5422 кісі қалды делінеді деректерде. Ресей жаулап алуынан кейін біртіндеп Шымкент көтеріле бастады және 1915 жылы Арыс-Шымкент темір жолы арқылы Орынбор-Тәшкент магистраліне жалғасып экономикалық жағынан аса үлкен мүмкіндіктерге ие болды. Қазіргі күні Қазақстанның үшінші қаласы болып саналатын Шымкентте статистикалық есептерге қарағанда 100 мыңнан аса бұрынғы сарт, қазіргі өзбек этникалық тобының өкілдері тұрады.

Сайрамға жақын, Талас Алатауының бөктерінде Қарамұрт аталатын ескі қоныстардың бірі орналасқан. Ертеректердегі деректерде Іш қорған деп те атайды. В.Наливкин Қарамұрттың халқы Түркістан қаласынан көшіп келген еді дейді. Бұл оқиға Ахмет Йассауи туралы аңызда да тілге тиек болады. ХІХ ғасырдың ортасында Қарамұрт қышлағы Ақсай және Көксай дарбазаларына ыңғайланған екі махалладан тұрған. Халқының саны ХІХ ғасырдың соңында 300 үйдей болған. Деректерге қарасақ әр махалланың өз мешіті, сонымен бірге махалланың ортасында қышлақтың елінің басы түгел қосылытан, үлкен жиындарды өткізетін Жұма мешіті бар.

Шаруашылық мүддесіне байланысты Қарамұрт халқы Хан-арық, Жаңа жол (Янги-Юл) сияқты ауылдар құрды. Бұрын Қарамұрттың ортасында жалғыз Кент -арық болса, енді оған Ақсудан тартылған Қыдыр -арық қосылды.

Арыс бойында орналасқан үлкен сарт қышлақтарының бірі -Қарабұлақ. Қышлақтың халқын негізінен Түркістан маңынан көшіп келген иқандықтар құраған. Кейіннен оларға Отырар қаласынан келген отырарлықтар, Мат және Чага қышлақтарынан келген матлық және чагалык қосылған. «Ақтабан шұбырындыға» дейін осы маңайда көшіп жүрген ошақты тайпасының қазақтары да қарабұлақтық болып кетті. ХХ ғасырдың басында, 1920 жылғы санаққа қарағанда Қарабұлақта 1440 шаруашылық болса, оның 10 мыңға жуық халқы бар еді. Қазіргі уақытта Қарабұлақта 60 мыңдай адам мекен етеді.

Жазба және ауызша деректерге қарағанда Әз Тәуке кезінде хан ордасы біраз уақыт Ташкентте болғанға ұқсайды. Атақты Бұхар тарихшысы Мұхаммед-Әмін Мәуреннахр билеушісі Сұбханқұлдың өмір тарихын, саяси қимылдарын суреттей отырып оның 1688 жылы Тәшкентке Әз Тәуке ханмен келіссөзге Қошеке- би деген елшіні жібергенін жазады. Сұбханқұл ханның жіберген елшісі қарапайым адам емес, ханның жанындағы белгілі аталық еді делінген деректе.

Қорыта келгенде Әз Тәуке хан заманында қазақ билігі Түркістанмен шектелмей, Сыр бойындағы ұлан-байтақ қалалық алқапты да қамтыды, олардың ішінде Тәшкент сияқты ірі қалалар да бар. Түркістанның қазақ тарихындағы, жалпы Еуразия тарихындағы орнын түсіну үшін Әз Тәуке билік құрған ХVІІ ғасырдың соңы-ХVІІІ ғасырдың басы таптырмайтын дерек көзі қызметін атқара алады. Сонымен Түркістан Еуразиялық жауынгер тайпалардың ұлыс құру ерекшеліктерін, ол мемлекеттердің өмір сүру заңдылықтарын, бірнеше мыңдаған жылдар бойы құрылықтағы үстем күш ретінде өмір сүру тетіктерін түсінуге мүмкіндік береді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *