АЛТЫН ШОҚЫ — Қарағанды обл. Ұлытауда Әмір Темір (1336 — 1405) белгі қалдырған тау. Алтын Орда ханы Тоқтамысқа қарсы жорыққа шыққан Әмір Темір Ұлытауға келгенде А. ш-ның басына үлкен кұлпытас орнатуға бұйрық берген. Ол тасқа шеберлер мынадай сөздерді қашап жазған: “Тарихтың жеті жүз тоқсан екінші қой жылы, жаздың ара (шілде) айы. Тұранның сұлтаны Темірбек жүз мың әскерімен Тоқтамыс ханға соғыспаққа жүреді. Бұл жерден өтіп бара жатып, белгі болсын деп осы жазуды қалдырды. Тәңірі нәсіп берсін. Іншалла, тәңірі бұл кісіге рақым қылып, барша адам есіне алып жүрсін”. Құлпытасты акад. Қ. Сәтбаев тапқан. Қазір Санкт-Петербургтегі Эрмитажда сақтаулы. Жазудың түпнұсқадағы тілі қазіргі қазақ тіліне өте жақын.