Алмуханова Риза Таскынгалиевна*
«Тurkvizyon» конкурсы − 2013 жылдан бері түркі әлемінің астанасы атанған қалаларда өткізіліп жүр. 2015 жылы алғаш рет «Bala Turkvizyon» ұйымдастырылды. Сонымен кәсіби әншілер конкурсының үшеуі өтті, ал балалар үшін 2015 ж. ұйымдастырылды.
Шарт бәріне ортақ: байқауда осы конкурсқа арналған жаңа авторлық әндер ғана орындалады. Бұл орынды, өйткені, мұндай шара әр халықтың фольклорының жарысына айналмауы керек. Бірақ бұл конкурстарға қатысушылардың сахналық образын өз еркінше жасауына шектеу жоқ, мұндайдың дұрыс болмайтыны да түсінікті.
Конкурс шартына сай замануи үлгіде киіну көбірек орын алатын сияқты көрінгенімен, кейбір әншілердің сахналық киімдерінің идеясы, қандай да бір киім бөліктерінің өзгеріске түсуі орын алуда.
Сонымен бірге кейбір әншілер тарапынан өздері ұсынатын шығармалардың өңдеуіне ұлттық аспаптар қатыстырып, әуендеріне халықтық, ұлттық нақыштар қосқан жағдайлар да бар. Бұл да конкурстың шартына қайшы келмейді, өйткені, «Turkvizyon» конкурсына жаңа әндер орындалуы шарт. Ал үлкен мақсаты – түркі халықтарының музыкалық мәдениетінің дамуы.
Бұл − кеңестік дәуірдегі идеологияның салқынынан бір-бірінен алшақтап қалған халықтардың бір-бірін жақын тануына және танытуына сәтті мүмкіндіктердің бірі. Осы байқауда ұлттық киіммен өнер көрсеткендер: Алина Шарипжанова (Татарстан, 2013). Фазиля Ибрагимованы (Украина, Қырым, 2013) қолдаушы биші жігіттер. Бұл жағдайлар − тарихи және патриоттық сана көріністері.
Жалпы, ұлттық киімдердің тарихын зерттеуде еңбектер бар, сондай зерттеулердің бірі − С.В.Суслованың «История костюмов тюркских народов» кітабы. Бұл еңбек, негізінен, татар халқының ұлттық киімдерінің аймақтық ерекшеліктерін зерттеудің нәтижесі ретінде ұсынылған. Сонымен бірге зерттеуші татар ұлттық киімдерінің тарихи трансформациялануы туралы жазған бөлімінде төрт бағытты атаған. Оларды фольклорлық-этнографиялық, фольклористикалық, жалпыұлттық-символдық, авангардтық деп жіктеген [Суслова 2011: 207−210].
Бұларға қоса өткен ғасырдың 90-жылдарынан бергі кезеңде мұсылмандық киімнің қолданылуына берілген еркіндік ұлттық татар киімдеріне де өзгерістер енгізгенін жазған. Бұл жіктеу Кеңес Одағының құрамында болған түркі халықтарының бәріне ортақ. Осы жіктеуді басшылыққа алғанда, қазіргі эстрада сахнасында фольклорлық-этнографиялық бағыт орын алғаны белгілі. Және олар өз алдына жеке зерттеу нысаны бола алады.
Алина Шарипжанова киген ұлттық киім үлгісінде Татарстанның туындағы түстердің семантикасы сақталған. Көйлектің ақ болуы адам көңілінің ақтығын, тазалығын паш етеді. Қамзолдың алтын түсті сары жіппен оюланып зерленуі тек эстетика үшін ғана емес, гербпен де байланыстылықты аңғартса керек. Өйткені, Татарстан туындағы үш алтын шеңбер үш деңгейді, яғни бірлік, шексіздік және жоғары жетілуді мазмұндаған. Ал алтын түс әдеміліктің, байлықтың белгісі ретінде алынған. Халықаралық конкурсқа қатысуға келген әншінің бұларды ескермеуі мүмкін емес, яғни бұл отансүйгіштік сезіммен бірге фольклорлық сананың да ықпалын танытады.
Эстрадалық әндер орындалса да, әншілер байырғы киім үлгілерін заманауи тұрғыда стильдендірген түрде шықты. Мәселен, Башқұртстаннан қатысқан «Заман» этнотобы жартылай финалда да, финалда да жауынгерлердің киім үлгілерін негізге алған. Қыздар белдемше (юбка) кигенімен, оның астынан шалбарланған, ал көйлек орнындағы жейделерінің үстінен «сауыт» киген. Жігіттердің үстіндегі киімдері де осылай стильденген, бірақ дәстүрлі әскери киімнің үлгісі байқалады (дизайнер – Ильдар Гатауллин). Бұл стильді образдардың идеясында башқұрт халқының мақтанышы, рухани мұрасы − «Орал батыр» эпосының мазмұны ойластырылған.
«Тurkvizyon» конкурсын әншілер тек сайыс ретінде ғана қабылдамай, музыка мейрамы деп мойындайды және, сонымен бірге, осындай үлкен шара кезінде бауырластарға өз халқының тарихын, салт-дәстүрін танытудың оңтайлы мүмкіндігі ретінде де қарайды.
2014 жыл Түркі дүниесінің мәдени астанасы деп танылған себепті «Turkvizyon−2014» конкурсы Қазан қаласында өткен, сондықтан ұйымдастырушы тарап қонақ күтуші екендіктерін таныту мақсатында Айдар Сулеймановтың қойылымына сах-наға үлкен шар түсірді, ол − Жер шары, түркі әлемінің симво-лы ретінде қолданылды және ол шар арқылы қанатты ат бейнесі қолданылды. «Қанатты аттың» бейнесін көрсетуде де мазмұн, маңыз бар, бұл, негізі, түркі халықтарына ортақ миф.
Мәселен, Алып Манаштың мифтік сипаттағы атының жұрнағы «Алпамыс батыр» жырында да сақталған. Жыр мәтініндегі:
– Айналайын, Шұбар ат, Қолтығыңда бар қанат [Қазақ халық әдебиеті 1986: 167], − дегізген Байшұбарды еске түсірсек те болады.
«Атлар шаба» әнін орындаған татар әншісі Айдар Cулеймановтың (Татарстан, 2014) сахналық бейнесі − шабандоз бейнесінде сомдалған (модельер – Екатерина Борисова).
Ал Қырғызстаннан қатысқан Жидеш Идрисова киімі қырғыз батырларының киім үлгісін заманауи түрде ұсынған (дизайнер − Мээрим Оморова, былғары шебері − Жаныбек Шакиров). Соның өзінде әншінің сахналық киіміндегі қимыл-қозғалысқа еркіндік беретін кеңдік сақталған және тіршілігі табиғатпен біте қайнаған халықтың киімінің ерекшелігі – қандай жағдайда да төзімді былғарыдан қосылған бөліктер
жауынгер киімінің үлгісіне сай ету ойымен қосылған. Белдік
те жауынгерлік стиль үшін және оған қырғыз оюлары бағалы
тастармен тігілген.
Былғарыдан тігілген қамзолды татар әншісі Айдар
Сулейманов та ұсынған. Назар аудартатыны − қамзол ақ жейдемен құрамдас бөлік ретінде сахнаға лайықталып ойластырылған, яғни дәстүрлі ұғымдағы бүтін қамзол емес, ол киім бөлшегі ретінде трансформацияланған. Жидештің де киімінде осындай өзгертулер орын алған. Біріншіден, ол жауынгер киімін негізге алса да, шалбарланбаған, көйлекпен шықты, мұның да мәнісі бар. Әншіні қолдаушы бишілер тобы түгел шалбарлы, яғни әнші жауынгер басшысы ретінде өзінің әйел екендігін көрсетуі қажет болған, түркі халықтарының қай-қайсысында да батыр қыздардың аз болмағаны белгілі.
XIX ғасырдың соңында неміс ғалымы Фридрих Готтенрот-тың «Иллюстрированная история стиля и моды с древнейших времен» деген еңбегінде [Готтенрот 2009: 256] әлемдік өрке-ниетке қосылған үлес ретінде әр халықтың байларының, са-райдағылардың, қалалықтардың киімдеріндегі ерекшеліктерге және стиль, мода ұғымдарының қалыптасуына мән беруі біздің де бұл тұрғыда әлі ойланатын, қолға алатын шаруалардың аз еместігін байқатады. Атап айтқанда, соның бірі − әншілердің заманауи стильге салу барысында ұлттық киімдердің қалай өзгеріске түсуін де зерттеу қажет. Әлі де болса зерттеулердің ауқымын кеңіту қажеттігі түсінікті.
Рас, ұлттық киімдерді жаңа заман талабына сай жаңғырту жолында «…сақ, ғұн, түркі, қыпшақ, қимақ, қидандардың жиырма киім коллекциясын археологиялық қазба жұмыстарының нәтижелерінде және тарихи жазбаларды басшылыққа ала отырып, қалпына келтірген» [Қазақ халқының ұлттық киімдері 2011: 29] кәсіпқой суретші Мүсілім Жұмағалиев, т.б. азаматтар еңбек етуде. Осындай ізденісті еңбекпен қазақтың ұлттық киімдерін қалпына келтіру үлкен шаруа, сонымен бірге ұлттық дәстүрлі киімдердің қазіргі заманауи түрленуі үдерісін саралайтын да зерттеулер керек. Тек қазақ арасында ғана емес, жалпы түркі халықтарында стильдің, сән үлгілерінің қалыптасуы, сахна иелерінің ұлттық ерекшеліктерді қолдану ерекшеліктері арнайы нысан етуді қажетсінеді.
Қазақстаннан қатысқан және «Turkvizyon−2014» конкурсының жеңімпазы Жанар Дұғалованың сахналық образы шаман бейнесі деп бағалағандар да болды. Алайда, ол орындаған «Ізін көрем» әнінің мазмұнын, мағынасын түсінген адам оның шамандыққа қатысы жоқ екенін түсінеді. Сахналық киімі де классикалық үлгідегі бақсы киіміне еш ұқсамайды. Қазақтың көне наным-сенімдеріне қатысты ғұрыптық фольклорды зерттеген Болатжан Абылқасымовтың жазғанындай, «Қазақ бақсының сыртқы пошымы былайғы жұрттан көп ерекшеленбейтін» деп жазып, оның дәйегін, себебін М.Ястребовтың «Киргизские шаманы» еңбегіндегі: «Қазақтың бақсылары сахалардікіндей, буряттікіндей немесе моңғолдікіндей қорқыныш не таңданыс туғызатын киімдерімен ерекшеленбейді» деген сөздерімен сабақтастырып, қорытындысында «…2− 3 ғасырдан бергі өмірімізге тән күмәнсіз шындықты білдіреді» [Абылқасымов 1993: 125− 126], − деп, нақты жазған. Демек, XXI ғасырда заманауи әнші өзге халықтардың тарихындағы бақсы киімдерінің үлгісіне қызығушылық танытты деуге болмайды.
Бірақ Жанар Дұғалова конкурс үстінде өз өнерін жоғары деңгейде таныту мақсатында берілгені сондай, оны продюсері Баян Есентаева трансқа түсті, ал мұның бір себебі музыкалық продюсер Бағым Мақсатқызының: «Жанар, сен шаман сияқты болуың керек» деген бағдар беруі әсер еткен деп есептейді. Оның үстіне әншінің өз өнеріне толық берілгендігі осындай нәтижеге жеткізген.
Ж.Дұғалованың басына кигені де оның шаман бейнесін сомдамағанын аңғартады. Жалпы, соңғы кезде қазақ сахнасында дәстүрлі ұлттық бас киімнің түрленуі орын алуда. Оны Мақпал Жүнісованың, Роза Әлқожаның сахналық киімдерінен көреміз. Дәстүрлі қазақтың менталитетінде бас киімсіз жүрмейді. Қыздар болсын, ер адамдар болсын, негізі, бас киімсіз жүрмеу жағы ескеріледі, бұл, біріншіден, шаш – магиялық орын. Қыздар тұрмысқа шыққанға дейін тақия, бөрік кисе, қалыңдық болғанында − сәукеле, кейін ана, әже болғанында, яғни өмір жолының әр кезеңінде басына киетіні өзгеріп отыратыны белгілі. Қазақ эстрадасында да бас киімсіз тұрмаудың амалы осындай тәж, бұл бас киімнің осылай ойластырылуын түсіндіретін болу керек.
Ж.Дұғалованың сахналық бейнесінің идеясын іздегенде, одан патшайым бейнесін көру де дұрыс болмайды. Өйткені, «Ізін көрем» әнінің мазмұны бойынша бабалардың жүріп өткен жолын, қазақтың тарихын білуге деген құлшыныс бақсы арқылы іздету қисынсыз. Бұл − тәуелсіз Қазақстанның дәуірінде ұлттық тарихты зерттеудің жолы ашылуымен байланысты жас ұрпақтың айтары, іздеуі, мақсаты. Бұл үгінгі ұрпақтың атынан айтылатын, бабалардың рухына арналған, қазақ халқының тағдырын әнмен жеткізуді мақсат еткен, сондықтан мұндай әнді бұрынғы дәуірде өмір сүрген патшайымның да «айтуы» мүмкін емес. Нәтижесінде заманауи стильдегі әншінің сахналық образы деп тұжырым жасауға болады.
2015 жылы тұңғыш рет ұйымдастырылған «Bala Turkvizyon» жеңімпазы Айдын Нурдиновтың да сахналық киімі стильдендірілген, оның мазмұндық сипаты − қырғыз, өйткені, ән аты − «Қырғыз биі», ал оның өзегінде «Қара жорға» әуенінің өңделген нұсқасы байқалатыны жасырын емес.
Ал бұл конкурстың «Алтын даусы» атанған екінші орын жүлдегері қазақстандық Тұрсынхан Еркін орындаған әннің атауы − «Самға», ән мазмұны құсқа тікелей қатысы болмағанымен, «Arunaz» дизайнері Назым Қарпықова сахналық киім баланың қысылмауына, дене қимылдарын еркін жасауына кедергі жасамайтын тұрғыда ойластырған. Сонымен бірге ұлттық нақыштардың арасында белгілі дәрежеде тұрақтанып келе жатқан қошқар мүйіз оюлары қолданылған.
Ару әншілер киімдеріндегі оюлардың түрлері, атап айтқанда, қошқар мүйіз бен гүлді оюлар синкреттелген, стильденген. Мәселен, Ж.Дұғалованың көйлегіндегі оюлар қошқар мүйіз бен гүлді оюлардың синкретті түрі пайда болған.
«Тurkvizyon» қатысушылары үшін бата да маңызды. Сұхбаттасқан әншілердің бәрі де бата алғандарын айтты. Мәселен, Жидеш Идрисова өз елінен жолға шығарда анасының батасын алған, қатысушылардың арасында имамның алдынан өткендері де бар екен. Сахнаға шығардың алдында Құраннан аят оқығандары да бар.
Өмірде «тілділер» мен «көзділердің» сұғынан сақтану үшін «жаман» көздерді өздерінен тайдыру үшін жылтырақтар тағу ежелден бар. Бұл қазіргі заманда да маңызын жойған жоқ. Ал көптің алдында жүретін өнер адамдары үшін бұл аса маңызды. Сондықтан «Turkvizyon» қатысушылары – кәсіби әншілер де, өнерпаз балалар да киімдеріне осындай мақсатта жылтырақтар таққан және өздері тіл-көз тиеді дегеннің бар екенін мойындайтын болып шықты.
2014 жылы Саха эстрада театрының Еңбек сіңірген артисі Владлена Иванова (шығармашылық лақабы − Сахаайа) өз ұл-тының мәдениетін көрсетуге бағытталған қойылым әзірлеген.
Оның сахналық киімі саха халқының дәстүріндегі үлкен орны
бар Күн символымен сабақтас ойластырылған.
Конкурсқа қатысушылар өздері орындайтын әндерімен,
сахналық бейнелерімен ғана емес, халқының тарихын,
оның даласының кеңдігін, сипатын жеткізуді де режиссерлік тұрғыдан ойлаған. Мәселен, Ж.Дұғалованың сахнадағы қойылымында көпті матамен «ойнаған» кейіпкер қызықтырды. Мұны бұл қойылымның режиссері Александр Фломбайм қазақ даласының кеңдігін және сол кең даладағы желді жеңіл мата арқылы жеткізгісі келген. Ендеше бұл «желдің» қызметі тағы бір қызметті атқарды, ол қазақтың кең даласында қаншама тарихи жағдайлар өтті, сол жағдайлар осынау желмен «ойнатылды». Нәтижесінде халыққа, жюри мүшелеріне әсер етті.
Ал ырымның қолданысы конкурстанттардың жеке сенімі және сахна үшін тек қолданбалы қызметте көрінген. Мәселен, Владлена Иванова –Сахаайа конкурста сахнаға шығар кезде қолына қымыз құйылған «қасиетті» кесе ұстап, дұғасын айтты. Бұл Күнге табынған халықтың мәдениетінен хабар беру болып табылады. Шамандар ғұрыптарды өткізерде халық алдында осылайша «қасиетті» кесеге қымыз құйып, Құдайға жалбарынғандары белгілі.
«Turkvizyon−2014» конкурсына Өзбекстаннан қатысқан жас әнші Азиза Низамова «Айна» деп, бойтұмар тақты. Және оны фольклорлық сана ықпалымен сәттілік беруші қүрал мақсатында пайдаланды. Айна әзірбайжан халқының дәстүрінде қыздарды ұзатқан кезде «Жолы айнадай жарқырап тұрсын» деген мақсатпен қолданылады, сондықтан бұл бойтұмар құрал ретінде өзбектерде де қазіргі кезде де өз маңызын жоймағанын байқатты.
Айдар Сулейманов былғары қамзолына «Айдар» деп араб әріптерімен жаздырған, араб тілінен енген бұл сөздің «сәттілікке» деп аударылатынын білген соң жаздырған.
«Атлар шаба» әнін таңдағанда жылқыдай мықты, жүйрік болуды ойлаған бұл әншіге достары конкурстың алдында ырымдап алтын таға сыйлаған, ол оны, әрине, тағып шықты.
Түркімен әншісі Зулейха Какаеваның «Білезік» әнін орындағандағы жеке өзінің және әнді әрлеу мақсатында қолдаушы бишілер тобы – бәрінің сахналық киімі тұтас ұлттық дәстүрді ұстануымен ерекше. Әнші өздеріндегі зергерлік бұйымдарының жалпы салмағы – 36 кг екенін айтты. Қатысушылардың санына бөлгенде, олардың әрқайсысына 5−6кг-дан келеді, яғни бұл түркімен дәстүрінде тұрақтанған. Әрине, әйелдердің зергерлік бұйымдарды қолдануының ежелден тамыр тартқан тарихы бар екені белгілі, ол бүгінде эстетика үшін сияқты көрінгенімен, сахнаға шығар жас әйелдердің «көзден» сақтануы да түсінікті. Әсіресе, олардың киімдеріндегі көкірекше қазақтардағы өңіржиектерге ұқсас, бұл әйелдердің омырауларын тіл-көзден сақтау мақсатында арнайы қосылған.
Татар әншілердің ұлттық киімдердегі оюлар ұлттық сипатты көрсету мақсатында фольклорлық сананың ықпалымен қолданылған. Әйтпесе, оюлардың бастапқы семантикасын ескерді деуге бүгінде келмейді, дұрысы: оюлардың тұрмыстық қолданысы ретінде ғана қолданылады. Оның өзінде Татарстанның туында да ортадағы дөңгелектің іші қазақ оюына ұқсас, яғни зооморфты оюдың түріне келеді. Бұл бұрынғы заманда малшылық шаруашылықтың дәстүрлі болғанына меңзесе, сонымен бірге түбі бір туыс халықтардың тұрмыс-тіршілігіндегі ортақтықты да білдіреді. Қазақстан Туында қошқар мүйіз берілген, ал Татарстанның туындағы ою барыс, жұлдызгүл, қызғалдақ суреттерінің жиегін көмкеруші, бекітуші элемент ретінде қолданылған. Ал ұлттық киімдердегі оюлар Туды қайталауға деген еліктеушіліктен бөлек, тұрақтанған ұлттық айшық қызметін атқарады.
Қорыта айтқанда, «Turkvizyon» − түркі халықтарының ұлттық киім үлгілерінің заманауи өзгерістерге түсуі жаһандану мен ұлттық жанданудың қатар жүріп жатқан үдерісінің айғағы, қазіргі сахна мәдениеті де зерттелуі тиіс. Ұлттық ою-өрнектерде де түркілік ортақтық бар, олардың да түрлі нұсқаларда түрленуі де назар аударуды қажет етеді. «Turkvizyon» конкурстантарының ұлттық киімдерді түрлендіру барысын көрнекті айғақтайтын арнайы жинақ шығаруға да болар еді. Бұл алдағы зерттеулер үшін қажет.
Фольклорлық шығармалар конкурсқа қатыстырыл мағанымен, фольклорлық үлгілерді өңдеу жағдайлары кездесу мүмкіндігін ескеріп, әділқазы мүшелерінің қатарына осы сала маманын қосу артықтық етпейді.
Ұсыныс ретінде айтарым: «Turkvizyon» «Еurovision» музыкалық конкурстың көшірмесі деңгейінде қалмай, түркі халықтарының дәстүрлі музыкалық мәдениетін сақтап қалуға бағытталған шаралардың да ұйымдастырылғаны дұрыс болар еді. TURKSOI түркі мәдениетін дамытуды мақсат еткендіктен, дәстүрлі ән мектептерінің сақталуы да ойландыруы қажет.