Әрбір азамат өз елінің өткені мен тарихын білуге, Отан тарихын үйренуге, тәжірибесі мен құндылықтарын келесі ұрпаққа үйретуге міндетті. Қазақ елінің ежелгі дәуірден қазіргі күнге дейінгі тарихы әлемдік тарихтың құрамды және маңызды ажырамас бөлігі болып табылады.
Адамзат тарихы өзінің әлеуметтік-экономикалық дамуына байланысты ұзақ-ұзақ кезендерге бөлінеді. Ол тас дәуірі, мыс (қола) дәуірі болып 3 кезеңге бөлінеді. Ежелгі тас дәуірі адамзат тарихындағы ең маңызды кезеңдердің бірі. Бұл кезеңде адамның жерден бауырын көтеріп, екі қолдың еңбек әрекетіне бейімделуі іске асты. Мұның өзі алғашқы іспеттес тіршілік иелерінің күнкөріс үшін тас құралдарын жасауына мүмкіндік берді. Осы құралдардың қалдықтары адамзат баласының ең ұзаққа созылған тас дәуірінің уақытын шартты түрде белгілеуге негіз болды.
Қазақстан жерінде ежелгі адамның қазынды қалдықтары әзірге кездесе қоймағанына қарамастан олардың мекен еткен аудандарының бірі Қаратау жотасы болғаны анықталып отыр. Арыс өзені жағасындағы кіші Қаратау жотасының солтүстік-шығыс бөлігінде жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары кезінде ертедегі адамдардың еңбек құралдары болып табылатын ірілі-уақты шақпақ тастардың табылуы осыған айқын дәлел бола алады.
Б.з.б. 2 мың жылдықтың ортасында Қазақстан тайпалары қола заттарын жасауды меңгерген. Қола әр түрлі өлшемдегі мыс пен қалайының, кейде сүрменің, күшаланың, қорғасынның қорытпасы. Мыспен салыстырғанда қола өте қатты және балқыту температурасы төмен, түсі алтын сияқты әдемі болып келеді.Ол еңбек құралдары мен қару жасау үшін қолданылатын негізгі шикізат болып табылды. Қазақстан жерінде түсті металдар өңдеуге, әсіресе, мал өсіруге мықтап көңіл бөлген. Сөйтіп, б.з.б. 2 мың жылдықтың аяғында – 1 мың мыңжылдықтың басында дала халықтары шаруашылықтың жаңа түрі – көшпелі мал шаруашылығына ауысады.
Қола дәуіріндегі экономикалық 2 бағыт – мал шаруашылығы мен металл өңдеу кәсібінің тез дамуы, ең алдымен еркектердің еңбегін қажет етті. Мұның өзі қоғамда еркектер рөлінің күшеюіне әкелді. Сөйтіп, аналық рудың орнына аталық ру (патриархат) пайда болды. Қоғамдық өмірдегі ірі өзгерістер өндірістік күштердің өсуіне, қоғамдық мамандануына, патриархаттық қатынастың дамуына байланысты еді. Жеке отбасылар бөлініп оқшауланды, меншік ұлғайып кеңейді, рулық қауым ішінде мүлік теңсіздігі көрініс бере бастады.
Қола дәуірінде Сібірдің, қазақстанның және Орта Азияның кең-байтақ далаларын тегі және тарихи тағдырының ортақтығы жағынан туыс тайпалар мекендеді. Бұл тайпалар бір үлгідегі, бір-біріне ұқсас мәдениет қалдырды. Олар қалдырған ескерткіштердің табылған жері Сібірдегі Ачинск маңындағы Андронов селосының атымен ғылымда шартты түрде «Андронов мәдениеті» деп аталды.
Андронов мәдениетінің негізгі орталықтарының бірі – қазақстан жері. Андронов мәдениетінің алғашқы ескерткіштерін 1914 жылы А.Я.Тугаринов ашты. Содан бергі өткен уақыт ішінде Кеңес елінде, сонымен бірге Қазақстанда бұл мәдениетке қатысты көптеген археологиялық материалдар жиналды. Андронов мәдениеті қола дәуірінің алғашқы кезеңін (б.з.б. XVIII-XVIғғ.) және орта кезеңін (б.з.б. XV-X ғғ.) түгелдей қамтиды.
Қоныстарды мекендеушілер арасында керамика ыдыстарын жасау кеңінен дамыған. Оның бәрі шаруашылық пен тұрмыста пайдалануға арналды. Ыдыстарға әшекейлеп өрнек салынған. Соңғы қола дәуіріндегі құмыралардың дені иіні дөңгелек, бүйірі шығыңқы болып жасалынды.
Өзін-өзі тексеруге арналған сұрақтар