Г.К. Көкебаева – т.ғ.д,. Fл-Фараби атындағы аз У профессоры, kоkebayeva@mail.ru
А.М.Сманова – т.ғ.к., азМемПУ доценті, aigulsmanova@mail.ru
Мақала поляктардың Қазақстанға көшірілу тарихын зерттеуге арналған. 30-40-жылдарда миллиондаған адам кеңестік тоталитарлық режимнің құрбаны болды, саяси жəне діни сенімдері үшін, əлеуметтік, ұлттық немесе басқа себептермен жазалауға ұшырады. Зорлықпен көшірілгендердің қатарында поляк халқы айрықша орын алды. Поляктарды зорлықпен көшіру КСРО батыс аймақтарының поляк тұрғындарын жер аударудан басталып, бірнеше кезеңмен іске асырылды. 1920 жылғы кеңес-поляк соғысында Кеңестік Ресей жеңілгеннен кейін Ресейдің поляк тұрғындары «бесінші сап» деп саналды, ал 30-жылдарда осы сенімсіздік оларды елдің солтүстік-шығыс облыстарына жер аударуға ұласты. Екінші дүниежүзілік соғыстың қарсаңында жəне алғашқы кезеңінде поляктарды жаппай Сібір мен Қазақстанға жер аудару іске асырылды. Кеңес-поляк қатынастарының күрделі буындарының бірі поляктардың тұрғылықты жерінен қуылып, елдің шығыс аудандарына көшірілуі. Шекараларға жақын аудандардан мыңдаған адамды жаппай көшіру кездейсоқ оқиға емес, ол кеңес мемлекетінің сыртқы саясаттық доктринасынан туды. Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін Париж жəне Вашингтон конференцияларының шешiмдерi негізінде халықаралық қатынастардың жаңа жүйесі қалыптасты. Бұл жүйе ХХ ғ. 20-шы жылдардағы халықаралық қатынастардың тұрақты, байсалды түрде дамуын қамтамасыз еттi, халықтардың өзiн-өзi билеу құқығын заңдандырды, бiрқатар халықтардың тəуелсiздiгi мен егемендiгi мойындалды, халықаралық қауiпсiздiк пен бейбiтшiлiктi сақтауға қызмет ететiн ұйым – Ұлттар Лигасы құрылды, алғаш рет қарулануға шек қойылды. Кеңестiк Ресей бұл жүйеден мүлде тысқары қалды. Əрине, Үштiк одақпен сепараттық бiтiм жасап, соғыстан шығып кеткен Ресей Париж конференциясына шақырылуға тиісті емес еді. Сонымен қатар 1919 жылы Коммунистік Интернационалдың құрылуы, большевиктердің «əлемдік революция» идеясын іске асыруға тырысуы да Кеңес елінің басқа мемлекеттермен қарым-қатынастарының жақсаруына жағдай жасаған жоқ. Алайда кеңес үкiметi елдің 1918-1923 жылдардағы халықаралық қатынастардан оқшау қалғанын «капиталистiк қоршаудағы жалғыз социалистiк ел» болғандығынан деп түсіндірді. «Капиталистік қоршауда» қалу туралы идея кеңес өкіметінің бүкіл Батыс елдеріне, өзінің көршілеріне сенімсіздікпен, күдікшілдікпен қарауына, үнемі «империализмнің тыңшыларын» іздеуіне ұласты. 30-50-жылдарда Кеңес Одағындағы бірқатар халықтар «сенімсіз» элементтер ретінде жер аударылды.
1920 жылғы кеңес-поляк соғысындағы жеңілістен соң Кеңес үкіметі Польшаны «бейбітшіліктің басты жауы» деп санады. Соған орай кеңес өкіметі Ресейде тұратын поляктарға қатысты арнаулы саясат бағыттарын белгіледі. 20-жылдарда негізгі əрекет поляктарды «буржуазиялық Польшаға» қарайламауға, кеңестік ниетте болуға тəрбиелеу үшін үгіт-насихат жүргізу болса, 30-жылдарда оларды болашақ «бесінші колонна» ретінде қарап, шекарадан алыс аудандарға жер аудару саясаты жүргізілді. Кеңес өкіметінің поляк мəселесіне айрықша назар аударғанын 1923 жылы 14-наурыздағы Əскери-революциялық кеңестің ерекше міндет орындайтын бөлімдерге берген № 141/20 бұйрығынан да көруімізге болады:
«Қызыл Əскер партия ұйымында поляк ұлтының өкілдері немесе поляк тілін білетін басқа ұлт өкілдері бар екенін анықтау үшін бүкіл əскер бөлімдері бойынша РК(б)П мүше немесе кандидат поляктарды жəне поляк тілін білетіндерді айрықша есепке алу туралы бұйырамын. РК(б)П мүшелерінің барлығы қандай қызмет атқаратынына қарамастан (саяси құрам, қолбасшылық құрам, əкімшілік құрам жəне қызыл əскерлер) толық есепке алынсын» [1, 21-22]. Есепке алу үшін барлық поляктар мен поляк тілін білетіндер арнаулы анкета толтыруға тиісті болды. Анкетада: «Польшаның қай бөлігінде (бұрынғы орыс, австриялық немесе пруссиялық), қай жылдары тұрдыңыз?», «Польшада не қызмет атқардыңыз?», «Польшада партиялық немесе саяси қызмет атқардыңыз ба?», «Польшадан қашан кеттіңіз?», «Польшада соңғы рет қашан болдыңыз?»ң «Поляк тілінде еркін оқу жазу, сөйлеу қолыңыздан келе ме?», «Поляк тілінде қандай (үгіт-насихат, мəдени-ағарту, редакциялық, кеңестік, партиялық ұйымдастырушылық) жұмыстарды атқара аласыз?». Есепке алу, əрине, Кеңес Одағының шекаралық аймақтарында тұратын поляктардың арасында əртүрлі жұмыстар жүргізуге қажетті адамдарды табу үшін жүргізілуі де мүмкін, сонымен қатар, осылайша анықталған поляктардың кейіннен жазаға ұшырау мүмкіндігін де жоққа шығаруға болмайды
Кеңес Одағындағы поляктарға қарсы саяси жазалау шаралары 30-жылдарда басталды. Жаппай ұжымдастыру шараларын жүргізу барысында Украина мен Белоруссиядағы кулактар ретінде жер аударылуға тиісті топтарға бірінші кезекте поляк ұлтының өкілдері енгізілді. БК(б)П Орталық Комитеті Саяси Бюросының 1930 жылдың 5-наурызындағы «Шекара маңындағы облыстардағы поляк қоныстары туралы» қаулысы бойынша, Украина мен Белоруссиядан жер аударылатын топтардың ішінде бай кулактармен қоса поляктар аталды.
Поляктарды Украинадан Қазақстанға көшіру 1936 жылы басталды. БК(б)П Орталық Комитетінің нұсқауымен Қазақстанның орталық партия жəне үкіметтік мекемелері 1936 жылдың ақпан айында батыс шекаралық аудандардан поляктар мен немістерді көшіру мəселесін арнайы талқылап, 16-ақпанда Қазақстан коммунистік партиясының Орталық Комитеті мен Халық Комиссарлар Кеңесі «Украинадан көшіп келетіндер туралы» қаулы қабылдады. Бұл құжатта Оңтүстік Қазақстанға – 5500 жанұя, Қарағанды жəне Алматы облыстарының əрқайсысына – 3000 жанұядан, Шығыс Қазақстан облысына – 2000 жанұя, Ақтөбе облысына – 100 жанұя көшіріледі деп жоспарланды. Көшіп келгендердің басым бөлігі бұрыннан бар ұжымшарларға (колхоздарға) орналастырылады, сонымен қатар арнаулы жаңа қоныстар да құрылатын болды. 1936 жылдың 28-сəуірінде БК(б)П Орталық Комитеті Украинадан Қазақстанның Қарағанды облысына поляктар мен немістерді көшіру туралы мəселені талқылады. Шекараға жақын аймақтан – негізінен Житомир, Винница, Кировоград, Киев облыстарынан Қазақстанға 45 мың поляктар мен немістер (15 мың шаруашылық) көшірілуге тиісті болды [2, 762]. . Көшірілгендер «саяси сенімсіз элементтер» деп аталды. Іс жүзінде 1936 жылдың жазы-күзінде Украинадан Қазақстанға 69283 адам көшіп келді, оның 75,7% – поляктар болды [2, 333-334]. Қаулыда көшірілген тұрғындардың азаматтық құқығы шектелмейтіндігі, олардың əкімшілік аудан шегінде еркін жүріп-тұра алатыны, алайда қоныстанғапн жерден басқа аймаққа кете алмайтындығы ескерілді. Көшірілігендерді жаңа жерге орналастыру, оларды тұрғын үймен, жұмыспен қамтамасыз ету мəселелері тұтастай Ішкі істер халық комиссариатына (НКВД) бағынатын Лагерьлерлердің жоғарғы басқармасына (ГУЛАГ) берілді. Тұрғын үй, тұрмыс мəселелерін шешуге қоныс аударушылардың өздерінің қаржысы да жұмылдырылатын болады деп жоспарланды.
1936 жылы Қазақстанға поляктар мен немістерді көшіру екі кезеңмен іске асырылды: бірінші топтар маусым айында, екіншілері қыркүйекте көшіп келді. Маусымда 35 820 поляктар көшіп келді, оның ішінде 23 234 жасөспірім балалар болды [4, 90]. 1936 жылдың 17-маусымында Қарағанды облыстық партия комитеті И.В. Сталиннің атына хат жазып, қоныс аударушыларды орналастыруға қажетті қосымша қаржы бөлуді өтінді [5, 27]. Бұл мəселе Москвада ұзақ талқыланды, ақыры 1936 жылдың 5-қыркүйегінде КСРО Халық Комиссарлары Кеңесі қосымша қаржы бөлінбейтіні туралы қаулы қабылдады.
Поляктардың тағдырындағы бетбұрыс көшірумен ғана шектелген жоқ. 1937 жылдың 9-тамызындағы БК(б)П Орталық Комитетінің қаулысына негіздеп, 11-тамызда КСРО Ішкі істер комиссариаты (НКВД) «Поляк бүлдіргіш-тыңшылық топтарын жəне ПƏҰ (Поляк əскери ұйымының)* бөлімдерін жою туралы» бұйрық шығарды. Поляк əскери ұйымы – 1915 жылы Ю.Пильсудскийдің басқаруымен Австро-Венгрия мен Германия жерінде Польшаны қайта қалпына келтіру жолында күрес жүргізу үшін құрылған құпия ұйым. Ұйым 1921 жылы тарап кетті. Жоғарыда аталған бұйрық шыққан кезде бұл ұйым мүлде жоқ болатын. Соған қарамастан Украина мен Белоруссияның жеріндегі көптеген поляктар осы ұйымға қатысы бар деген жалған жаламен тұтқындалып жатты. КСРО Ішкі істер комиссариатының барлық орталық жəне жергілікті мекемелеріндегі поляктар жазалауға ұшырады. ) Бұйрық бойынша, поляк ұлты өкілдерінің мынадай топтары тұтқыдалуға тиісті: а) Поляк əскери ұйымының аса белсенді мүшелері; б) бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін кеңес жерінде қалып қойған поляк соғыс тұтқындары; в) Польшадан қашып келгендердің барлығы (қай кезде қашып келгені маңызды емес); г) поляк саяси эмигранттары жəне Польшамен алмастырылған саяси тұтқындар; д) Поляк социалистік партиясының жəне басқа да кеңес өкіметіне қарсы саяси партиялардың мүшелері; е) поляк аудандарындағы кеңес өкіметіне қарсы неғұрлым белсенді элементтер жəне ұлтшылдар. Ресейдегі революциялық оқиғалар мен азамат соғысы бірқатар поляк соғыс тұтқындарының еліне қайтуына бөгет жасады. Большевиктер де поляктардың еліне жылдам қайтып кетуіне барынша кедергі жасап бақты. Ақыры 1923 жылы «барлық уақытымен дайындалған эшелондардан қалып қойып, еліне қайтпаған жəне ұлттық төлқұжаты жоқ соғыс тұтқындары РКФСР азаматы болып саналады» деген қаулы шықты. Осылайша кезінде Австро-Венгрия əскері қатарында болып, тұтқынға түскен бірқатар поляктар 1937 жылы жазалау тырнағына ілікті)
Поляк азаматтарының аталған топтарын тұтқындау 1937 жылдың 20-тамызынан басталып, үш айдың ішінде аяқталуға тиісті болды. Бұйрықтағы «Поляк əскери ұйымы» деп аталып отырған ұйымның мүшелерінің «барлау жұмысының нəтижесінде» жасалған тізімі орталықтан жіберілетіні хабарланды. Тұтқындалғандарды екі топқа бөледі. Бірінші топқа «тыңшылық, бүлдіргіштік» əрекеттер жасаған құпия поляк ұйымдарының мүшелері жатады, олар ату жазасына кесіледі. Екінші топқа аса белсенді еместер жатқызылады, олар 5-10 жылға түрмеге отырғызылады немесе лагерьлерге жіберіледі. Бұйрық келген бойда Қызыл Əскер қатарындағы, Ішкі істер халық комиссариатының барлық буындарындағы, өнеркəсіп орындарындағы, кеңшарлар мен ұжымшарлардағы барлық поляктар тұтқындала бастады.
1937 жылдың 15-тамызындағы бұйрық бойынша, «бүлдіргіштік-тыңшылық қызметі» үшін жазаға ұшырағандардың əйелдері мен 15 жастан асқан балалары тұтқындалды. Əйелдерді Ерекше Кеңестер 5-8 жылға түрмеде отыру жазасына кесті, 15 жастан асқан балалар лагерьлерге, қатаң тəртіптегі колонияларға жіберілді. Жетім қалған 15 жасқа дейінгі балаларды балар үйіне орналастырды. Осылайша мыңдаған отбасылар түгелдей жазалау құрбаны болып кетті. 1937-1938 жылдары 134519 поляк азаматтары жазаға тартылды. 1937 жылдың 5-қыркүйегінде КСРО Ішкі істер комиссариаты (НКВД) поляктарды жазалау шараларын күшейтуге, тұтқындалған поляктарға 10 жылға дейін түрмеде отыру жазасын кесуге бұйрық берді. Бұйрық бойынша КСРО Ішкі істер комиссариаты мен Прокуратураның өкілдерінен «екіліктер» құрылды, оларға соттан тыс жаза беру құқығы берілді, қылмыстық істі сотталушының өзін шақырмай-ақ сыртынан, тізіммен тұтас қарау жүйесі бекітілді.
1939 жылы Польшаның шығыс аймақтарын Кеңес Одағына қосқан соң, қазан айының ортасына дейін басып алынған поляк облыстары мен Батыс Украина, Батыс Белоруссия аймақтарын күштеп кеңестендіру басталды. Батыс Украина мен Батыс Белоруссиядағы алғашқы аптаның өзінде-ақ жаңа кеңестік облыстарда мемлекеттік құрылыс жəне басқару қатаң командалық тəсілмен жүзеге асырыла бастады. Ірі өнеркəсіп орындары мен банктерді мемлекет қарамағына алу жөніндегі заңдар қабылданса, да мұның барлығы іс жүзінде басқаша өріс алды. Ұсақ қолөнер шеберханалары жəне жекеменшік үйлер тартып алынды, ақы-пұлсыз помещиктердің жерлерін тəркілеу науқаны жүргізілді. Бай кулактарды тəркілеу шаралары туралы КОКП (б) Орталық Комитеті Саяси Бюросы «мұндай іс-қимылдар кеңес өкіметіне қарсы арандатушылық мақсатты көздеген адамдарға қолданылуда» деп түсіндірді. Сонымен Батыс Украина мен Батыс Белоруссия жерінде бірінші кезекте ауқатты шаруалар шаруашылықтары жойылды. Осадниктер- бұл жерлерге Польшадан келген. Олар алғашқы кезде поляк армиясының құрамында болып, 1920 жылы поляк-кеңес соғысында көзге түскен бұрынғы əскери қызметкерлер орналасқан жерлер болатын. 20-30-шы жылдарға дейін украиндар мен белорустар қоныстанған аймақтан оларға жер бөлініп берілді. Батыс Украина мен Батыс Белорусия Кеңес Одағының құрамына кірген соң поляк осадниктері «еңбекші халықтың ата жауы» деп жарияланып, бүкіл отбасыларымен бірге Сібір, Қазақстан, Поволжье, Орал жəне Ресейдің солтүстігіне жер аударылып, айдауға кетті.
Сонымен, Батыс Украина мен Батыс Белоруссия жерінен «еңбекші халықтың ата жауы» деп танылған осадниктерді арнайы поселкелерге қоныс аудару жұмыстары 1940 жылы 10-ақпанда басталды. Олар КСРО Ішкі істер Халық Комиссариатының өкілдері тарапынан бақылауда болып, бастапқы кездің өзінде-ақ 21 өлкелік облыстың 115 арнайы поселкесіне 139 596 осадниктер орналастырылды. Олардың алғашқылары Киров, Перьм, Вологда, Архангельск, Иванов, Ярослав, Новосибирск, Свердловск, Омбы, Красноярск, Алтай жəне Коми АКСР-нің солтүстігіне 100 ден 500-ге дейін отбасылар қоныстандырылды [6, 26]. КСРО Халық Комиссарлар Кеңесі мен БКП (б) Орталық Комитеті қаулысына сəйкес Кросноярск, Алтай өлкесі, Новосибирск, Омбы, Челябинск жəне Қазақстанның солтүстік жəне шығыс облыстары, Грузин, Тəжік, Өзбек жəне Түркімен кеңестік республикаларына қоныс аударушыларға баспана салуға жер бөлініп беріліп, оларды құрылыс материалдарымен қамтамасыз ету туралы жарлық шығарылды [7, 24]. Кеңес өкіметінің басшылары үшін Қазақстанның жері бүкіл əлемнің өздеріне ұнамаған халықтарын айдап апаратын «дайын тұрған» орасан зор түрмесі сияқты болды. 1939 жылы қыркүйек айының өзінде «Правда» газетінде: «Қазақстан даласы қоныстанушыларды күтуде», – деп жазды. Көшірудің келесі топтарынан 35 670 арнайы қоныстанушылар Қазақстанның жеріне келді. Олардың ішінен 26 771 адам əр облыстарда бесжүзден аса түрлі шаруашылықтарда қызмет атқарғаны мəлім [8, 96].
Қоныс аударушыларға жолға жиналуға бір-екі, ал кей жерлерде небəрі жарты сағат уақыт қана берген. Адамдарды жабдықталмаған жүк тиеуге арналған ескі вагондарға мінгізіп алып жүрді. Осы акциялардың құрбаны болған адамдардың естеліктері, құжатта көрсетілген мəліметтерден, əрине, жоғарыда мəтіні берілген нұсқаулардан əлдеқайда алыс жатқан шындық. 1940 жылдың қақаған сары аязында есігі мықты жабылған, ішіне от жағылмаған вагондармен аш-жалаңаш қалжыраған ересек адамдар мен балаларды апта бойы құлазыған даламен алып жүрген. Осының салдарынан алғаш Қазақстан мен Орта Азияға келгенде олардың көбісі əлсіз, əлжуаз ауру хəлде болды [9, 52]. Жергілікті көші-қон бөлімшесі қоныс аударушылар арасында дəрігерлік көмек, мектеп жəне басқа күнделікті мəдени шараларды іске асыру қажеттігі туралы республиканың, облыстардың денсаулық сақтау, ағарту жəне мəдени мекемелеріне хабар жіберді,. сондай-ақ жергілікті жерлерде оларға арнайы дəрігерлік көмектер көрсетілді [10, 50-52].. Дегенмен қаржы саласындағы тапшылықтарға байланысты оларға көздеген мақсатқа лайықты жағдайлар да жасала бермеді [7, 146]. Сонда да əр саладағы қиындықтарға қарамай-ақ мысалы, Солтүстік Қазақстан облысында арнайы қоныс аударушыларды көкөніс, киім-кешек жəне ұнмен қамтамасыз ету жұмыстары жақсы нəтижелер беріп отырды. Қоныс аударушыларды бірінші кезекте адам қолы жетіспейтін колхоздарға жұмысқа қабылдады. Жергілікті ұйымдар поляк азаматтарын жұмыспен жəне пəтермен қамтамасыз етті [8, 98] Алғаш келген кезде балалардың денсаулығының нашар, əлсіздігіне байланысты бала еңбегіне тыйым салынды [8, 100]. Жаңадан келіп жатқан арнайы қоныстанушылардың ішінде техниканы меңгергендер баршылық болғандықтан олардың есебінен əр облыстарда жаңа машина-трактор станцияларының саны көбейе бастады. Сонымен қатар алғашқы кезде қоғамдық пəндер бойынша арнаулы білім алуға рұқсат етілмесе де, мемлекет тарапынан шаралар жүргізіліп, жергілікті жерлерде поляк мектептері ашылып оларға арнап арнайы оқулықтар шығарылды [9, 20-21]. Комендатура қызметкерлері жер аударылғандарды арнайы журналдарда белгілеп, КСРО Ішкі істер комиссариаты белгілеген тəртіпке сай қатаң тұрғыда бақылап отырды. Жер аударылғандар əкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тарту бақылаудың тікелей тергеуі негізінде жүргізілді. Жер аударылғандардың күн тəртібі олардың негізінен бастапқы тұрғылықты жері мен дəрежесінің шығу тегіне байланысты болды. Жұмыспен жəне жергілікті жерлерден баспанаға ие болған қоныс аударушыларға КСРО Халық Комиссарлар Кеңесінің №1142-208с қаулысына байланысты «арнайы қоныс аударушылар мен олардың балаларына тұрып жатқан жерлерінен төл құжат беру туралы» арнайы бұйрық шықты.
Поляктарды көшірудің тағы бір кезеңі 1940 жылдың сəуір-мамыр айларында іске асты. Бұл көшіру поляк офицерлерінің отбасыларын қамтыды. 1940 жылдың 7-наурызында КСРО Ішкі істер халық комиссары Л. Берия осы үш лагерьдегі поляк соғыс тұтқындарының отбасыларын Қазақстанға жер аудару туралы бұйрық берді. Поляк офицерлерінің отбасыларын Қазақстанға 10 жылға жер аудару 15-сəуірден басталады. Жер аударылатын отбасылардың толық тізімдері 30-наурызға дейін толық жасалып болуы қажет. Поляк офицерлерінің отбасыларының құрамында əйелдері, балалары, отбасымен бірге тұратын əке-шешелері, аға-інілері мен апа-қарындастары саналады. Жер аудару операциясы бүкіл Батыс Украина мен Батыс Белоруссияда бір мезгілде таңғы алаң-елеңде басталады. Арнаулы топтар жер аударылатын отбасыларының үйіне тінту жасап, қару-жарақ, контрреволюциялық əдебиет, шетелдік ақша іздейді. Жер аударылатын отбасыларының қозғалмайтьын мүлігі мен сауда-өнеркəсіптік меншігі тəркіленеді. Жер аударылғандардың босап қалған тұрғын үйлері мен шаруашылық құрылыстары Қызыл Əскердің қызметкерлеріне, Украина мен Белоруссияның батыс облыстарына іс-сапарға жіберілген партия-кеңес қызметкерлеріне беріледі. Жер аударылатындарға қажетті керек-жарақтарын жинауға 10 күн беріледі. Тұтқындағы поляк офицерлерінің отбасыларын есепке алу нəтижесі 31-наурызда жеделхатпен Ішкі істер министрлігіне хабарлануға тиісті. Украина мен Белоруссияның батыс облыстарында тұратын поляк соғыс тұтқындарының отбасыларын жер аудару туралы Л. Берия қол қойған бұл құжат 1940 жылғы 2-наурыздағы БК(б)П Орталық Комитетінің шешіміне жəне Халық Комиссарлар Кеңесінің қаулысына негізделген болатын.
1940 жылдың 20-наурызында Л. Берия Қазақ КСР Ішкі істер халық комиссары С.Н. Бурдаковқа Украина мен Белоруссияның батыс облыстарынан жер аударылатын поляк соғыс тұтқындарының отбасыларын қабылдауға дайындалу туралы бұйрық берді. Бұйрықта Қазақстанға тұтқын поляк офицерлерінің, жандармдарының, полиция қызметкерлeрінің, барлаушыларының, ірі помещиктері мен фабриканттарының, ірі мемлекеттік қызметкерлерінің 25 мың отбасыларының – шамамен 75-100 мың адамның Қазақстанға 10 жылға жер аударылатыны хабарланып, оларды орналастырудың тəртібі белгіленді. Олар Қостанай, Ақмола, Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан, Павлодар жəне Семей облыстарына орналастырылады. Жер аударылғандарға тек сол орналасқан аудныныда ғана жүріп-тұруға рұқсат беретін төлқұжаттар беріледі. Жер аударылғандардың арасында міндетті түрде тыңшылық жұмыстар ұйымдастырылады. Қазақстанның мекемелері осы жер аударылатындардың қандай бекетке келетіні, қалай орналастырылатыны, осы жұмысқа жауапты қауіпсіздік қызметкерлері туралы мəліметтерді орталыққа хабарлап отыруға тиісті. Осы нұсқаулардың негізінде 1940 жылы 4-сəуірде Қазақ Кеңестік социалистік республикасының Ішкі істер Халық Комиссариаты Қауіпсіздік бөлімі арнайы бұйрық шығарды [11, 97]. Онда Қазақстанның əр облысы немесе əр ауданы өкілдері жергілікті жерлердегі бекеттерден поляк азаматтарын қабылдап алып, орналастыратын жерге əкеліп, бірінші кезекте оларды баспанамен қамтамасыз етуге тиісті болды. Екіншіден, жер аударылған контрреволюциялық элементтерді жергілікті халықтан алшақ ұстау керек. Үшіншіден, олар қашып кетпеу үшін алдын-ала бақылау орнату керек. Сондай-ақ, поляк тардың осы жерде кеңес өкіметіне қарсы үгіт-насихат жасауына жол берілмеуі керек. Осындай арнайы талаптар ісе асырылуымен қатар барлық жераударылып келген поляктарды 1939 жылғы №001223 КСРО ішкі істер Халық Комиссариатының Бұйрығына сəйкес тізімге алулары керек екендігі қоса ескертілді [11, 96].
Поляк офицерлерінің отбасыларын жер аудару 1940 жылдың 13-сəуірінде басталды. Алғашқы жылдың өзінде-ақ сəуір-мамыр айларында Солтүстік-Қазақстан облысына бұрынғы Польшаға қарасты Батыс Украина мен Батыс Белоруссиядан 28 000 поляк азаматтары келді [11, 111]. 1940 жылдың 25-қыркүйегіндегі мəлімет бойынша Павлодар облысына 11 201 жер аударылғандар орналастырылды.
Кеңес Одағының алыс аудандарына, Қазақстанға, Орта Азияға жəне Сібірге көшіріліп, осындай еріксіз қуғын-сүргінге ұшыраған поляк азаматтарының тағдыры 1941 жылы Германия Кеңес Одағына соғыс ашқаннан кейін Кеңес Одағы мен Лондондағы Польша эмигранттық үкіметі арасында болған саяси келіссөз біраз жеңілдіктер алып келді. 1941 жылы 12- тамызда Кеңестік Одақтағы поляк соғыс тұтқындары мен азаматтарына кешірім (амнистия) жарияланды. Алайда арнайы жер аударылған поляк азаматтарының кейбір бөлігі бостандық алғанымен өздері қалаған жерлерге орналаса алмады. Поляк азаматтары туған жерінее екінші дүниеүзілік соғыстан кейінгі кезеңде ғана оралуға мүмкіндік алды. 1989 жылдың 14-қарашасында КСРО Жоғарғы Кеңесі зорлықпен жер аударылған халықтарға қарсы қолданылған жазалау шараларын заңсыз жəне қылмыстық сипаттағы əрекет деп бағалаған Декларация қабылдады.