Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов отбасының әр мүшесіне шаққанда ай сайынғы табыстың мөлшері үш күнкөріс шегінен аспаса, онда «5-10-20» бағдарламасына қатысуға мүмкіндік алатынын мәлімдеді.
Оның сөзінше, баспана азаматтар санаты бойынша емес, әр отбасы мүшесіне шаққандағы табысқа байланысты беріледі. «Біріншісі, айлығы төмен адамдар. Егер отбасының әр мүшесіне санағанда ай сайынғы табыс 1 күнкөріс шегі немесе 31,2 мың теңгеден аспаса, онда арендалық пәтер ұсынылады», – деді министр. Отбасының әрбір мүшесіне шаққанда кіріс 2 күнкөріс шегі немесе 62,4 мың теңгені құраса, «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша жылдық 2 пайызбен ипотека берілетіні белгілі болды. Бұндай азаматтар «2-10-20» бағдарламасына қатыса алады. «Әр отбасы мүшесіне шаққанда ай сайынғы табыс 3 күнкөріс шегін, 96 мың 700 теңгені құраса, баспана жаңа «5-10-20″ бағдарламасы бойынша ұсынылады», – деді Атамқұлов. Ал кірісі әр отбасы мүшесіне санағанда үш және одан жоғары күнкөріс шегінен асса, онда екінші деңгейдегі банктер арқылы «7-20-25» бағдарламасына қатысып, баспаналы болуға мүмкіндік бар.