АЛТЫН ОРДА — ЕГИПЕТ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСТАРЫ, 13 ғ-дың ортасы мен 14 ғ-дың соңында Алтын Орда мен Египет мемлекеті арасындағы өзара достық қатынас күшейе түсті. 13 ғ-дың 50-ж. Алтын Орда билеушілері мен Ирандағы монғолдық Хулагу (Ильхан) мемл. (1256 — 1353) арасында Кавказ бен Иранның солт.-шығыс аудандары үшін күрес жүрді. Таяу Шығыста Египет мемл-нің билеушісі Бейбарыс сұлтан (1260 — 77) Ирактан соң Сирияны бағындырмақ болған монғол әскерлерін талқандады (1260). Христиан дініндегі ильхандыктарға қарсы ортақ ниет Алтын Орда мен Египет мемл-терін сауда қатынасы, әскери және мәдени жағынан жақындастырды. Бейбарыс пен ислам дінін қабылдаған Алтын Орда ханы Берке (1256 — 66) тұсында орнаған, тіпті туыстық байланыстарға дейін ұласқан, арадағы қатынас 14 ғ-дың ортасында Ирандағы Хулагу мемл. ыдырағаннан кейін де жалғасын тапты. Мемл-тер арасындағы дипломат. жолдаулар қыпшақ тілінде жазылды. 1357 ж. Жәнібек хан өзінің Әзербайжандағы жеңісі жөнінде Египеттегі қыпшақ сұлтанын хабардар етеді. Алтын Орда мен Египет мемл. арасындағы тығыз байланысқа Темірдің Қыпшақ даласына жасаған бірқатар әскери жорықтары да кедергі бола алмады. 1395 ж. Алтын Ордаға соңғы Египет елшілігі келді. Бұл сапар Алтын Орданың талқандалуына әкеліп соқтырған Темір мен Тоқтамыс хан арасындағы шешуші шайқаспен тұспа-тұс келді.