Ескеева Мағрипа Қайнарбайқызы*
Түркітану – адамзат өркениетіндегі түркі мәдениетінің сү-белі орнын теориялық тұрғыдан негіздейтін әлемдік гумани-тарлық ғылымдар жүйесінің құрамдас бөлігі, батыс мәдениеті мен шығыс мәдениетін ұштастыратын айырықша сипаттағы аралық мәдениеттің ғылыми тұғыры. Түркологиялық бағыттағы ғылыми-зерттеулерді жүйелі түрде жүргізу түркі халықтарының өткені мен бүгінін қамтитын тарихы мен мәдениетіне, тілі мен әдебиетіне, басқа да рухани-мәдени және материалдық құндылықтар жүйесіне қатысты кешенді ғылыми білім жүйесін қалыптастырумен ұштасып, этно-лингво-мәдени тегі бір түркі әлемінің өзара ынтымақтастығы мен рухани тұтастығын қамта-масыздандыруға бағытталған жалпытүркілік идеологияның негізін құрайды.
Түркі халықтарының жартылай көшпелі өмір салты мен саяси-әлеуметтік жағдайына байланысты ХІ ғасырда Мах-мұд Қашқари шығармашылығынан басталып, ХҮІІ ғасырға дейін классикалық араб филологиясымен сабақтастықта дамыған лингвистикалық түркітану біраз уақыт кешеуілдеп ба-рып, жалғасын тапты. ХҮІІІ-ХІХ ғасырларда Еуропа мен Ресейдің саяси мүдделеріне байланысты түркі тілдерін, түркі жазба ескерткіштерін зерттеу мәселесіне мән берілгені белгілі. Түркі халықтарының негізгі бөлігі Кеңес үкіметінің құрамында болуына орай ХХ ғасырың 20-25 жылдарынан бастап ерекше қарқынмен дамыған кеңестік түркітану (тіл білімі) үлкен ғылым саласына айналды.
Түркі халықтарының тарихы мен мәдениетін, түркі тілдерін, түркі жазба мұраларын зерттеу ХХ ғасырдың алғашқы жылдарына дейін негізінен басқа ұлт өкілдерінің, шетел ғалымдарының үлесінде болды. Саяси-әлеуметтік жағдайларға және академиялық ғылыми дәстүрдің кешеуілдеп қалыптасуына байланысты түркі халықтары өкілдерінің өз елінің тарихы мен мәдениетін, тілі мен әдебиетін зерттеуге мүмкіндігі аз болды (Түркия ғалымдарынан басқа). Бұл мәселе де түркі халықтарының, олардың тілдерінің табиғи болмысы мен тарихи даму жолын анықтаудағы еуроцентристік көзқарастардың қалыптасуына алып келді.
Кеңес үкіметі кезінде жаңа жазу жүйелерінің енгізілуі, соған сәйкес жаңа емлелік ережелердің қалыптасуы, түркі халықтары тілдерінің табиғи дыбыстық жүйесіне көп өзгерістер әкеліп, кейбір тілдердің қолданыс аясын біршама тарылтқанымен, ұлттық кадрлардың қалыптасуы, әрбір түркі тілінің терең зерттелуі, түркі тіл білімінің аясында академиялық деңгейдегі салалық тіл білімдерінің (қазақ тіл білімі, өзбек тіл білімі, түркімен тіл білімі, қырғыз тіл білімі, әзірбайжан тіл білімі т.б.) қалыптасуы осы кезеңнің жемісі.
1991жылдан кейін түркі тілдерін зерттеудің бағыт-бағдары жаңаша сипат алды. Әсіресе дербес мемлекетін құрған түркі халықтары тіл мәселесіне ерекше көңіл бөліп, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту бағытында жұмыстар жүргізіп келеді, түркі тілдерінің тарихына, көне түркі, орта ғасыр түркі жазба мұраларын зерттеуге қатысты жіберілген олқылықтар мен бұрмалаушылықтарды тарихи ақиқат тұрғысынан зерделеу қолға алынуда. Қазіргі түркі халықтарының мәдени-рухани құндылықтары мен ұлттық рухы ежелгі жалпытүркі әлемінің рухани құндылықтарынан бастау алатындықтан ұрпақ бойына ұлттық рухты сіңіріп, жалпытүркілік ұлттық сананың берік қалыптасуын қамтамасыз ету түркілік тектілден тараған ана тілдерінің тарихи даму жолын саралай білу деңгейіне байланысты. Сондықтан түркі тілдерінің тарихына, жазба мұраларына, әліпби жүйесіне, түркі тілдерінің зерттелуіне қатысты мәселелер жалпытүркілік континуумда қарастырылуда. Бұл түркі тіл білімінің проблемасы шешілді деген сөз емес екені белгілі. Ұзақ жылдар бойы басқа мәдениеттің ықпалында болып, суперэтностық тұтастығына нұқсан келген түркі халықтарының тілін зерттеуге қатысты әлі де шешімін таппаған өзекті мәселелер ХХІ ғасыр түркі лингвистикасының үлесінде. Лингвистикалық түркітанудың заманауи проблематикасы диахрониялық, синхрониялық зерттеулерді де, ғылыми-теориялық және қолданбалы-практикалық бағыттағы мәселелерді де қамтиды:
Түркі тілдерінің қалыптасуы мен дамуын тарихи-хронологиялық тұрғыдан кезеңдестіру мәселесі. Тіл тоқтаусыз қозғалыстағы (даму немесе тоқырау үдерісіндегі) құбылыс болғандықтан әрі ұзақ хронологиялық мерзімді қамтитын қат-қабат үдерістер аясында жүретіндіктен тіл тарихын, тарихи даму кезеңдерін тап басып анықтау аса күрделі мәселе. Соған орай түркі тілдерінің тарихи даму жолының бастапқы кезеңдері жайлы көзқарастар қайшылығы да туындап жатады. Лингвистикалық түркітануда түркі тілдерінің дамуын алты кезеңге бөліп қарау дәстүрі қалыптасқан: Алтай дәуірі (мерзімі анықталмаған, б.з.д. ежелгі кезең); Хун дәуірі (б.з. Ү ғасырына дейін); Көне түркі дәуірі (ҮІ-Х ғғ.); Орта түркі дәуірі (ХІ-ХҮ ғғ.); Жаңа түркі дәуірі (ХҮ-ХХ ғғ.); Ең жаңа дәуір (1917 жылдан кейінгі кезең) [Баскаков 1969: 148]. Түркі тілдері тарихи дамуын кезеңдестірудің Н.А.Баскаков ұсынған осы нұсқасы дәстүрлі кезеңдестіру ретінде орнығып қалды. Бұл жерде есте ұстайтын мәселе – түркілердің жазба дәстүрі бастау алатын көне түркі дәуірі (ҮІ-Х ғғ.) адамзат тарихының әлемдік кезеңдестіруі бойынша ерте орта ғасыр дәуіріне сәйкес келетіндіктен кезең атауына қатысты қайшылық туындайды. Сондықтан “көне түркі” терминінің шарттылық сипатын ескеру керек.
Түркі халықтары тарихындағы сақ(скиф) дәуірінің айрықша маңыздылығын және ежелгі дүние тарихында скиф дәуірі біршама жақсы зерттелгенін негізге алған белгілі түркітанушы М.Закиев түркі тілдерінің тарихи даму жолына қатысты тың хронологиялық кезеңдестіруді ұсынады: 1) Сақтарға(скифтерге) дейінгі кезең. Бұл дәуір америкалық үндістердің Еуразия құрлығынан Америка құрлығына қоныс аудару кезінен, шамамен 20-30 мың жыл бұрынғы кезден басталып, б.з.д. І мыңжылдықтың алғашқы кезеңін қамтиды. Осы кезеңде түркітектес халықтардың өмір сүргенін дәйектейтін фактілер жеткілікті; 2) Сақ (скиф) дәуірі б.з.д. І мыңжылдықтан басталып б.з. ІҮ-Ү ғасырларына дейінгі кезең, шамамен 1500 жылды қамтиды; 3) көне түркі немесе сақтардан (скифтерден) кейінгі дәуір, орта ғасырдың алғашқы жылдарынан (б.з.Ү ғ.) басталып б.з. ІХ-Х ғасырларына дейінгі аралықты қамтиды. Ғалым осы үш кезеңдегі түркі тілдерін «көне түркі тілдері» (древнетюркские языки) деп атайды: «Итак, в развитии древнетюркского языка в течение 20-30 тыс. лет выделяются три основных периоды: а) доскифский период; б) скифский период; в) послескифский период” [Закиев 2013: 101-102]. Түркі жазба тілдерінің тарихи даму жолы бес кезеңге бөлінеді:
Көне түркі дәуірі (ҮІ-Х ғғ.) немесе ерте орта ғасыр кезеңі;
жалпы ескітүркілік немесе түркілік кезең (ХІ-ХІҮ ғғ.); 3) жекелеген ескітүркілік халықтық әдеби тіл немесе локальды түркілік кезең (ХҮ ғасырдан ХІХ ғасырдың бірінші жартысы);
жаңатүркілік ұлттық тілдер (ХІХ ғасырдың екінші жартысы– ХХ ғасырдың бірінші ширегі). Бұл кезең 1917 жылға дейін жазба әдеби тілі қалыптаса бастаған тілдерге қатысты ажыратылады;
1917 жылдан кейінгі түркі тілдері кезеңі [Закиев 2013: 24]. Түркі халықтары өміріндегі 1991 жылдан кейінгі өзгерістерге байланысты соңғы кезеңді іштей екіге бөліп қарастыруға болады. Себебі 1991 жылы дербес мемлекетін құрған түркі елдерінде тіл мәселесіне айрықша маңыз беріліп, “мемлекеттік тіл” мәртебесін иеленген тілдердің функционалдық ауқымын кеңейту бағытындағы нақтылы іс-шаралар жүргізілуде. Академик М. Закиев кезеңдестіруіндегі түркі тілдері дамуының сақтарға дейінгі кезеңі дәстүрлі дәуірлеудегі алтай дәуірінің жалпы сипатына, сақ дәуірі хун дәуіріне, сақтардан кейінгі кезеңі көне түркі дәуіріне сәйкес келеді.
Түркі тілдері дамуының бастапқы кезеңі адамзат тілінің алғашқы дыбыстық тілі қалыптасу кезеңінен басталатын мыңдаған жылдарды қамтитын гипотезалық кезең. Бізге белгілі жазба ескерткіштері тілі мен қазіргі түркі тілдеріндегі реликт белгілерде ғана сақталуы мүмкін ежелгі түркі тілінің сұлбасын айқындау аса күрделі мәселе. Дегенмен Американың, Мексиканың байырғы тұрғындарының тілі мен түркі тілдерінің ұқсастықтары жайлы тілдік деректердің жиналуы (мая т. aak `ақ (түс)`, bet `біт, бітіру, аяқтау`, boja `боя, бояу`, bijn `мен (есімдік)`, bil `біл, білу`, jaš `жас, балғын (жеміс)`, koš `құс`, ijmiš jašče `жеміс ағашы`, muluk `мол жыл (бай жыл)`, ijk `екі`, ooč `ас, тамақ`, čačak `өте әдемі (түркі тілдерінде čеčеk `гүл`)`, tuj `түк, шаш` т.б.) [Каримуллин 1995: 34-41], түркі тілдерінің ежелгі шумер тілімен сабақтастығы барын дәйектейтін фактілердің кездесуі, тарихи-антропологиялық зерттеу нәтижелерінің де үнділер мен түркілер арасындағы байланысты жоққа шығармауы түркі тілдері дамуының ең ежелгі дәуірін 20-30 мың жыл бұрынғы тарихи тереңдіктен бастауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ Америка үндістері мен түркілер арасындағы, шумерлер мен түркілер арасындағы тарихи-генеалогиялық байланыстарды тереңдеп зерттеу түркілік тектілдің (прототүркі) реконструкциялық моделін сомдауға мүмкіндік беретін лингвистикалық түркітанудың өзекті мәселелерінің бірі (палеотүркология). Сондықтан түркі тілдерінің даму жолының бастапқы кезеңдерін нақтылау, прототүркі тілінің реконструкциялау, сақ тілі, үйсін тілі, қаңлы тілі, ғун тілі мәселелерімен, түркі-шумер, түркі-үндіс (Америкалық) гипотезаларымен сабақтастықта қарастыруды қажет ететін күрделі де кешенді мәселе. Бұл бағыттағы шынайы зерттеулер әлем тілдерінің глоттохронологиялық және глоттогенеалогиялық жіктемелеріне өзгерістер әкелуі мүмкін.
Тұран тілдік одағы концепциясы. Түркі тілдерін лингвоконтактологиялық бағытта зерттеуде ерекше назар аударарлық мәселелердің бірі — түркі тілдерімен тығыз ықпалдастықта болған иран, сино-тибет, орал т.б. тілдердің құрылымындағы ұқсас белгілерге кешенді-компаративті зерттеулер жүргізу. Бұл дәстүрлі алтай тіл бірлестігі аясындағы (түркі-монғол, тұңғыс-маньчжур, корей-жапон) тілдермен ғана шектелмей Орталық Азиядағы түркі-монғол, тұңғыс-маньчжур, иран, сино-тибет, орал т.б. тілдерді қамтитын тұран тілдік одағы концепциясын дамытудың өзектілігін айқындап отыр. Тұран тілдік одағының қалыптасуында өзара ықпалдастықтағы түркі, иран, монғол, сино-тибет, орал тілдерінің, кейбір басқа да тілдік семьядағы тілдердің даму үдерісіндегі ішкі, сыртқы факторлардың күрделі кешені; оның ішінде қарым-қатынастағы тілдер дамуындағы бастапқы генетикалық белгілер мен бастапқы типологиялық ұқсастықтар; олардың дамуындағы этно-мәдени, шаруашылық-экономикалық, әлеуметтік-саяси жағдай; дамудың тереңгі қабатындағы субстратты және жағары қабаттағы адстратты катализаторлар маңызды роль атқарады [Түймебаев, Егоров, Чеченов 2009 13-14].
Қазіргі тіл білімінде тілдік одақ белгілі бір географиялық кеңістік шегінде ұзаққа созылған тығыз қарым-қатынас пен конвергентті дамудың нәтижесінде құрылымдық, семантикалық, функционалдық ұқсас белгілердің белгілі бір сандық өлшемімен сипатталатын ареалды-тарихи тілдік бірлестіктің ерекше типі ретінде қарастырылады. Тілдік одақтың сөйлесім және дискурстық аспектісі тілдік одақ құрамындағы тілдердің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайға байланысты қалыптасқан тығыз қарым-қатынас талабынан туындаған қостілдік немесе көптілдік жағдаятындағы ерекше модель болып табылады.
Түркі тілдеріне өз жүйесінде, тілдік одақтар деңгейінде
жүргізілген компарпативті-контрастивті зерттеулер түркілік тектілдің эволюциялық дамуын, макротоптар мен микротоптарға ыдырау процесін, жекелеген тілдердің қалыптасу жолын шамалауға мүмкіндік беретін жүйелі заңдылықтармен қатар кейбір сирек кездесетін, негізгі заңдылықтарға қайшы құбылыстарды да анықтап отыр. Мұндай құбылыстардың кездесуінің бірнеше факторларын көрсетуге болады: адамзат тілінің (дыбыстық тілдің) қалыптасу кезеңінен сақталған реликт белгілер; архиформалар мен архисемалардың даму үдерісіндегі кері процестер; субстраттар; конвергенциялық дамудың нәтижесі; кірме элементтердің тілдің төл табиғатына бейімделіп, сіңісіп кетуі т.б. Басқа жүйедегі субстраттар тектілдік жүйеде сақталғанымен одан тараған кейінгі тілдерде белгілі бір себептерге байланысты қолданылмай қалуы мүмкін, ол белгінің сол тектілмен тығыз қарым-қатынаста болған келесі бір тілдік жүйедегі тектілде сақталмай содан тараған тілдердің біреуінде ғана сақталуы да мүмкін. Бұл тілдің генеалогиялық жіктемесіне байланысты жаңсақ пікірлердің туындауына себепкер болды. «Тұран тілдік одағы» теориясының ғылыми-методологиялық ұстанымдары ХХІ ғасырдағы лингвистикалық түркітануға жаңа мүмкіндіктер беруде, әлі толыққанды шешімін таппай келе жатқан түркі тілдерінің шынайы глоттогенеалогиялық және глоттохронологиялық сипаттамасын жасаудың теориялық-әдістемелік негіздерін тереңдете түсуге ықпал етеді. Бұл Тұран тілдік одағы концепциясы аясындағы зерттеулерді де кешенді түрде дамытудың өзектілігін сипаттайды.
Түркі тілдерін глоттогенеалагиялық тұрғыдан классификациялау мәселесі. Туыс тілдерге генеалогиялық классфикация жасауда өзара жақын барлық тілдердің жеткілікті дәреже зерттелмеуі, олар бір-бірімен тығыз қарым-қатынаста болғандықтан тілдік элементтердің тілден-тілге ауысуы тәрізді мәселелер қарастырылады. Түркі тілдерін генеалогиялық тұрғыдан топтастырудағы басты қиындықтардың бірі – көне дәуірлерде өмір сүрген, өзіндік тілдік ерекшеліктері бар түркі тектес ру-тайпалардың қазіргі түркі халықтарының құрамына шашырай таралуы, яғни түркі тайпалары жеке-жеке халық болып қалыптасу барысында тек қандық-туыстық негізде ғана емес территориялық-аймақтық негізде де шоғырлануы.
Түркі тілдерінің шынайы генеалогиялық классификациясы мен дифференциациялану хронологиясын (глоттохронологиясын) анықтауда туыс тілдер арасындағы үздіксіз қатынастар маңызды рөль атқарады. Осы уақытқа дейін түркі тілдерінің бірнеше классификациялары ұсынылғаны белгілі (А.Ремюза, В.Радлов, Ф.Корш, А.Самойлович,
В.Богородицкий, С.Малов, И.Бенцинг, К.Менгес, Т.Текин, Н.Баскаков, Р.Ахметьянов, О.Мудрак т.б.). Әрбір классификацияның өзіндік жетістіктері де, кемшіліктері де болды, тілдік деректердің қамтылу деңгейі де, тілдік белгілер мен тарихи белгілердің сәйкестендірілу деңгейі де әртүрлі [Түймебаев, Ескеева: 2015 323-352]. Заманауи лингвистикалық түркітанудың зерттеу нәтижелерінің толығуына байланысты түркі тілдерінің генеалогиялық шежіресін жасау, яғни генеалогиялық классификация мен тілдің қалыптасу кезеңдерін қатар қамтитын шынайы классификация түзу мәселесі көтерілуде, соған сәйкес түркі тілдерін іштей жіктеудің амал-тәсілдері мен ұстанымдарын қамтитын теориялық-методологиялық базаның ауқымы да кеңейе түсті. Сондықтан түркі тілдерінің толыққанды генеалогиялық жіктемесін жасау ХХІ ғасыр түркі тіл білімінің басты талаптарының бірі.
Туыс тілдердің салыстырмалы-тарихи грамматикасын түзуде, гомогенді тілдік бірліктерді реконструкциялауда (архифонемалар мен архетиптер); тілдерді классификациялауда салыстырмалы-тарихи әдіс аса маңызды да нәтижелі [Тенишев 2006: 22]. Түркі тілдерін генеалогиялық тұрғыдан
жіктеу салыстырмалы-тарихи, ареалдық-географиялық, типтік модификация (фреквенталий), тілдік универсалий, жүйелі-диахрондық, лингвистикалық статистика әдістерін т.б. амал-тәсілдерді кешенді түрде қолдануды қажет етеді. Лексикостатистикалық әдісте салыстырылатын гомогенді лексемаларды талдаудың принципі бойынша ең жақын туыстас тілдердің сәйкестік пайызы жоғары болады, ал осы тілдерден тұратын тілдік топтың өзге топтағы тілдермен сәйкестік пайызы төменірек болады, ең жоғары пайыздық көрсеткіші бар тілдер бір топқа кіретін ең жақын тілдерді анықтайды. Мысалы: «А және тілдерінің ең жоғарғы сәйкестік пайызы 89% болған жағдайда С тілімен сәйкестік пайызы 60% болады. (нақты сәйкестіктер А мен С~60% , В мен С~72%). Осылайша В және С тілдерінің арасында соңғы кезеңдерде пайда болған контактологиялық алмасулардың қамтылуына мүмкіндік берілмейді» [Мудрак 2009: 15-32]. Бірнеше тілдер мен диалектілеріден тұратын түркі тілдерінің өзара туыстық деңгейі мен дербес тіл ретінде ыдырау кезеңдерін анықтауда тіларалық диалектілерге басымдық беретін толқын теориясының шарттары да аса маңызды.
Түркі жазба ескерткіштері тілін зерттеу мәселесі.
Түркі жазба мұралары жыл өткен сайын деректанымдық құндылығы арта түсетін түркі мәдениетінің көрсеткіші болып табылады. Өркениет ұғымының ғылыми-теориялық
тұжырымдамасын белгілі бір этностық топтардың жалпыадамзат мәдениетіндегі сүбелі үлесімен сипатталатын граммотологиялық білім жүйесінің қалыптасуы, тарихи шежіресінің, әдеби мұраларының хатқа түсуі, өз дәуіріне сай ғылыми нәтижелер мен өнер туындыларының, мемлекеттік-құқықтық құрылымының болуы, гуманизмге негізделген дүиетанымдық ұстанымдарының қалыптасуы сияқты рухани-мәдени және материалдық құндылықтар кешені құрайды. Тарихи-мәдени хронологиялық тұрғыдан алғанда ерте ортағасырлар кезеңіне жататын көне түркі жазба мұраларын зерттеу – ҮІ-ІХ ғасыр түркілерінің этномәдени болмысы мен рухани құндылықтарының мән-мазмұнын түсінуге жол ашады. Сондай-ақ Орхон, Енисей, Талас ескерткіштері терең тамырлы түркілердің әлі толық ашылмаған сақтарға дейінгі, сақ дәуіріндегі «мəдени-лингвистикалық субстраттары» мен қазіргі түркі мәдениетін сабақтастырушы алтын көпір қызметін атқарады.
ХІ-ХҮІ ғасыр түркі әдеби тілін, ХҮІІ-ХҮІІІ ғасырлардағы ескі түркі тілдерін құрылымдық, антропоөзектік тұрғыдан жан-жақты зерделеу, орта ғасыр түркілері тілі мен қазіргі түркі тілдерін салыстыра талдап, ортақ рухани бастаулар мен жекелеген түркі халықтарына тән дара руханияттың жігін ажырату түркі тіл білімінің күн тәртібінен түспек емес. Себебі, түркі өркениетінің ірі мұралары – әлемдік тарихи-граммотологиялық жүйеде өз орны бар түркі руникасымен ҮІ-ІХ ғасырларда хатқа түскен, түркілердің ортақ әдеби тілінде жазылған Орхон, Енисей, Талас-Шу т.б. жазба ескерткіштері, ХІ-ХҮІ ғасырларда көне ұйғыр, көне латын, араб т.б. әліпби жүйелерімен жазылған орта ғасыр түркі мұралары, қазіргі түркі халықтары тілдерінің ыдырауына сәйкес дербес тілдік ерекшеліктердін қалыптасу барысын көрсететін ХҮІІ-ХҮІІІ ғасырдағы жазбалары тілі зерттеу парадигмаларының жетілуі мен ғылыми технологияның мүмкіндіктері артқан сайын қайта зерттеуді қажет етеді.
Түркі тілдерінің жүйелі салыстырмалы-синхронды корпусын сомдау мәселесі. Қазіргі түркі тілдерінің синхрониялық қалып-күйін деңгейлік жүйе бойынша (фонетика-фонологиялық, морфологиялық, лексикалық, синтаксистік) компаративтік негізде саралап, түркі тілдерінің жүйелі салыстырмалы-синхронды корпусын сомдау; интеграциялық және дифференциациялық лингвоиндикаторларды толық қамтитын түркі тілдері грамматикалық құрылымының бірізді моделін түзу лингвистикалық түркітанудың негізгі міндеттерінің бірі. Бұл міндетті орындау диахрониялық зерттеулерге негізделеді. «Толқын теориясы» бойынша тілдегі әрбір жаңа құбылыс белгілі бір орталықтан тарап, бірте-бірте басылатын толқындарға ұқсайды, әрбір диалектінің дамып, туыс тілге қосылуы толқындар тәрізді бір-бірімен ұласуының нәтижесі. Туыс тілдер арасында оларды жақындастыратын буын-белгілер пайда болады, туыс тілдераралық диалектілер арқылы бір-бірінен байланысын үзбейді. Сондықтан түркі тілдерін салыстырмалы-диахронды тұрғыдан зерттеу мәселесі де үздіксіз жалғасуы қажет.
Шағын санды түркі этностарының тілі мен диалектілерін құжаттау және түркі тіл біліміндегі далалық лингвистиканы дамыту мәселесі. Әрбір түркі тілі, әрбір түркі диалектісі – жалпытүркілік құндылық. Ал тілдің өлуі немесе тілдегі ассимиляциялық құбылыстар этностың жоғалуына тікелей ықпал етеді. Түрлі сыртқы факторларға, тарихи-қоғамдық жағдаятқа байланысты тілдің қолданыс аясының тарылуы немесе мүлдем жойылып кетуі де табиғи заңдылықтар қатарынан орын алады. Түркі тілдерінің ішінде де жоғалу алдында тұрған, аз ғана тілдік топ қолданатын шағын этностардың тілдері бар. Олардың қатарында сары ұйғыр, салар, қарайым, құмық, ноғай, шор, халадж т.б. тілдерді атауға болады. Сондықтан қазіргі түркі тілдерінің ішіндегі қолданыс аясы тым шағын тілдерді зерттеп, жойылып бара жатқан, ассимиляцияға ұшыраған этностар тілдерінің статикалық қалып-күйін саралау, лингвоэкологиялық талдаулар жүргізу, сол тілдер бойынша эмпирикалық материалдарды мүмкіндігінше толық жинақтап құжаттау, “шағын санды түркі этностары тілдері лексикасының электронды қорын” жасау да лингвистикалық түркітанудың басты міндеттеріне жатады. Бұл экспедициялар ұйымдастырумен тікелей байланысты жүзеге асатындықтан түркі тіл біліміндегі далалық лингвистиканы дамытумен мәселесімен ұштасады.
Түркі лексикографиясы. Түркі тілдерінің функционалдық әлеуетін арттырудың, түркі лексикалық қорын жинақтаудың, түркі тілдерінің тілдері экологиялық ахуалын жақсартудың, жойылып бара жатқан шағын этнос тілдерін сақтап қалудың тетігі; түркі тілдерінің экологиялық ахуалын жақсартудың, жаңа ұғымдарды атауда төл лексиканы мейілінше сарқа пайдаланудың, кірме элементтерді қабылдауды біріздендірудің, түркі тілдеріне ортақ терминологиялық жүйе қалыптастырудың, түркі халықтары тілдері арасындағы алшақтықты өсірмеудің материалдық базасы ретінде түркі лексикографиясын теориялық және практикалық тұрғыдан жан-жақты дамыту қажет. Әлемдік лексикографияның соңғы жетістіктерін пайдалана отырып, түркі тілдерінің екітілді, көптілді сөздіктерін, тарихи, этимологиялық, фразеологиялық, паремиологиялық сөздіктерін түзу – заман талабы.
Тарихи жағдайға байланысты бір негізден тараған түркі халықтарында әртүрлі әлеуметтік-экономикалық, демографиялық және тілдік жағдаяттар қалыптасты. Осыған орай қарым-қатынас үдерістерінің әлеуметтік шарттары мен әлеуметтік-мәдени факторлары, этникалық үдерістердің тілдік салдары, әрбір этносқа тән ұлттық-мәдени дүниетанымның өзіндік ерекшеліктері қалыптасты. Жекелеген түркі тілдері даму барысында өзге тілдермен ықпалдастыққа түсіп, лексикалық қорын кірме сөздер арқылы жаңартып, байытып отырады. Бұл түркі тілдерінің барлық деңгейлеріндегі алшақтықтардың ұлғаюына алып келді. Жалпы тілдегі сөздік қорды толықтай жинап алудың аса күрделілігі жайлы академик Ә.Қайдар: «Кез келген тілдің сөз байлығын, сөздік қорын түгел де толық көрсету алыстағы армандай қиын дүние, тіпі ол мүмкін емес. Өйткені тіл байлығы шегі жоқ теңіздей мол дүние. Ол күн санап жаңарып, толығып, жаңаланып отыратын организм іспетті. Екіншіден, тіл қазынасын түгел қамтуға мүмкіншілік беретін әмбебап лексикографиялық сөздік түркітануда әлі дүниеге келген жоқ. Бүгінгі таңда сөз қазынасын түгел болмаса да біршама толық қамтуға мүмкіншілік беретін жол біреу-ақ: салалық сөздіктерді жасау», — деп ой түйеді [Қайдар 1998: 119]. Түркі тілдері лексикалық қорын мүмкіндігінше толық жинақтау, жүйелеу, әр тілдегі тарихи қабаттарды саралап, кірме сөздерді қабылдау ерекшеліктерін анықтау түркі тіл білімінің лексикография саласына тікелей қатысты өзекті мәселе болып табылады.
Түркі тілдері терминжасам жүйесін біріздендіру мәселесі.
Жалпы лексикалық байлықтың үлкен бір саласын ғылыми-техникалық терминдер құрайды. Зерттеушілердің көрсетуі бойынша, қазақ тіліндегі терминдердің жалпы саны орыс және интернационалдық терминдер мен қазақ тілі негізінде жасалған терминдерді қоса есептегенде, қазақ тілінің байырғы, яғни төл сөздерінің санынан асып барады, яғни терминдер төлтума өз сөздерімізден көп. Жер бетінде ауыс-түйісі жоқ тіл кездеспейді, бірақ заңды түрдегі ауыс-түйістің де белгілі шегі болуы қажет. Егер басқа тілден енген сөздер белгілі бір мөлшерден көбейе бастаса, онда тілдің табиғатына, табиғи түрде дамуына нұқсан келеді. Өйткені әр тілдің өзіндік фонетикалық, лексикалық, морфологиялық, семантикалық даму заңдылықтары бар және ол заңдылықтар түгел сақталған жағдайда ғана тіл өз қасиетін сақтап қалады. Ал сыртқы әсер күшейген сайын тіл өз еркінен айрыла бастайды. Ғылым мен техниканың дамуына, қоғамдық-әлеуметтік, экономикалық өзгерістерге байланысты тілімізге еніп жатқан терминдер ағымын тоқтату мүмкін емес.Тек оларды түркі тілдерінің ішкі заңдылығына бейімдеп енгізу ғана тіл табиғатының бұзылмауына ықпал етеді. «Терминологиялық лексиканы өз бетімен жіберу деген сөз – тілді ұлттық қасиеттен жұрдай етумен пара-пар» [Қайдар 1998:120]. Сондықтан түркі тілдеріндегі терминологиялық жүйені біріздендіру біріншіден, түркі тілдерінің төл заңдылықтарының сақталуына, түркілік табиғатының бұзылмауына кепілдік берсе, екіншіден, түркі халықтары тілдері арасындағы алшақтықтың одан әрі дамымауына ықпал етеді. Бұл мәселе де түркі тілдері лексикалық қорын жинақтап, жүйелеп, жан-жақты лексикографиялық ізденістер жүргізумен ұштасады.
Заман талабынан туындап отырған ХХІ ғасыр түркі тіл білімінің өзекті мәселелері түркі өркениетінің жалпыадамзаттық өркениеттен алар орнын көрсетуге; түркітілдес елдер арасындағы өзара ынтымақтастық пен ықпалдастықты арттыруға; жалпытүркілік рухани және тарихи құндылықтарды бағалайтын ұрпақ қалыптастыруға; жалпытүркілік ғылыми білім кеңістігін құруға қызмет етеді.