ТАЛАС ӨҢІРІНДЕГІ ЖАЗБАЛАРДЫҢ ТАРИХЫ МЕН МӘДЕНИЕТ

Құрманәлиева Ақмарал*

Ұлан-ғайыр жерге ие болып, көшпелі–отырықшы мәдениетті қалыптастырған түркілер әлемдік ғылымның толассыз дамуына түрткі болатын жаңалықтарды әлі күнге дейін паш етуде. Түркі тайпалары мен олардың құрамына енген ірі тайпалардың отырықшылық пен көшпенділіктен құралған жүйесі үйлесімдік тауып, далалық экономиканы құрып, өмір сүру заңдылығын қалыптастырды. Дала заңына бағынған түркі тайпаларының қол жеткізген мәдени бір шыңы қолөнер, сауда шаһарларын белгілі бір қағидаға сүйеніп орнату, ирригациялық жүйелерді салу мен пайдалана білу өнері еді. Отырықшылық пен көшпенділікті бір-бірімен сабақтастырып, байланыстырған түркілер екі құрылымның ара салмағын теңдей дәрежеде ұстап, дамытуға тырысқан көрінеді. Кең даланың бір жағында қалалар тұрғызылып, шаһардың тіршілігіне сай ирригациалық жүйелер салынып, сауда-саттық пен қолөнер қарыштап дамып, қанатын жайып гүлденсе, екінші жағынан оның тыныс-тіршілігі, күре тамыры іспеттес өз заңдылығына ие көшпелі тайпалардың өмірі жүріп жатты. Мәселен, түркілердің отырықшы мәдениеті бағзы замандардан “түркі елі” деген ұғым қалыптаспаған кезеңнен әлдеқайда бұрынырақ кең етек алғандығын бізге бір ғана Сыр мен Әмудария өзендерінің бойынан табылған қалалар дәлел бола алады. Ғалымдар осы өңірден антикалық дәуірге ( б.з.б. І мыңыншы жылдар мен б.з. Y ғасырды қамититын кезең) жатқызатын көптеген қалалардың орнын тауып, оларды түркілердің бабалары салған деген тұжырым барын осы жерде айта кету керек [Шәлекенов 2003:93]. Талас, Шу өзендерінің бойында археологиялық деректерге сүйенсек, антикалық дәуірде салынған қалалардың қатарына Топырақ қаланы (б.з. III және IY ғғ.), Қият қаласын, Кюзалиғыр (Күзелі-қыр) бекінісін, қаңлы заманына жататын антикалық Жанбас-қала, Құрғаншы-қала, Базар-қала, Қой қырылған секілді тағы да басқа қалалар мен қала типтес мекендер жатқызылады. Түркілердің бабалары отырықшы өмірге бейім болып, қалалар салғандығына сонымен бірге, Сырдарияның төменгі ағысында скиф (сақ) тайпаларының мәдениетіне қатысы бар Жетіасар, Чирик- рабат, Бабши -мулла, Балаңды және Барақ-там ескерткіштері де нақты дәлел бола алады деген пікірдеміз. Бұл дегеніміз қаңлы, үйсін заманы деп аталатын кезеңдердің өзінде түркілердің бабасы болып табылатын тайпалардың отырықшы қалалары мен орталықтары болған деген сөз. Мәселен, бір ғана Отырар өлкесінде археологтармен елуге жуық қалашықтар табылған көрінеді. Қалалардың өмір сүру уақыты туралы кеңестік дәуірдегі ғалым А.Н.Бернштам: “Древнейшие следы жизни в этом районе относятся к І тысячелетию до н.э. когда здесь впервые стали складываться оседлоземледельческие поселения. Много из появились к рубежу нашей эры, когда и по всей Средней Азии возникло много поселений. Это было время господства в Средней Азии величественной Кушанской империи (кушанская империя – государство Средней Азии І-IY веков н.э. Кушанское государство состояло из племен усунь (кушан) и юечжи (тохары),согдицев и др. )”- дей келе, “Отырар деген атау түркілерге дейін пайда болған атау көрінеді” деген болжам айтады [Бернштам 1954: 290] . Түркілерге дейін пайда болған қала мен өзен –көл, тау т.б. секілді жер бедерлеріне қатысты атаулардың көптігі бізге осы өңірде мәдениеті жоғары деңгейге жеткен тайпалардың өмірі мен тарихының хабаршысы іспеттес. Мәселен, түркі тайпаларының негізін құрауға ат салысқан жергілікті тайпа — үйсіндердің ірі мемлекеті Жетісу жерінде өмір сүргендігін бізге осы өңірдегі қала, мекен, жер мен судың Үйсінтау, Мерке, Шығу секілді атаулары дәлелдей алады десек қателеспейміз. Мәселен О. Қауғабаев “Мерке” сөзі ертедегі үйсін тайпаларының бірі дейді [Қауғабаев 1997: 89].

Жалпы осы өлкеде мұндай тарихтан көрініс беретін сөздер молынан кездесетінін айта кету керек. Сондықтан мысал ретінде келтірілген тілдік деректерді бір жағынан Қазақстанның оңтүстігі мен Жетісу жерін қамтитын территорияда кезінде ірі мемлекеттік дәрежесі бар қаңлы, үйсін секілді тайпалардың сөзі, тілі мен жазуы болғандығын көрсететін белгілер деп қабылдағанымыз жөн. Кезінде мәдениеттің биік шыңына қол жеткізген тайпалардың белгілі бір заңдылыққа сүйеніп, жүйеге түскен тілі болған дейтұғын пікірлерді белгілі ғалымдардың еңбектерінен көре аламыз. Мәселен А.Н.Бернштам: Қазақстан мен Жетісу жерінде мекендеген тайпалардың бір-біріне түсінікті ортақ тілі болып, олар үндіеуропа тілінде сөйлеген дейді. Ғалым осы бағытта: “Эти люди говорили на одном из индоевропейских языков –на языке северном, иранском (по другой терминологии — на северно-восточном, иранском). Они имели свою самобытную культуру”-дей келе, түркі тілі мен жазуы Жетісу жеріне түркі тілді ғұндармен бірге келген деп тұжырымдайды [Бернштам 1954: 266]. А.Н.Бернштам бір-біріне түсінікті ортақ тілді үндіеуропа тілі деп есептегенмен, біздің ойымызша, “ортақ тіл” түркі тілі не түркі тіліне негіз болған тіл деген пікірдеміз. Ал үндіеуропа тілі Қазақстанның оңтүстігінде қаңлы, үйсін тайпалармен бірге қатар мекендеген тайпаларға қатысы бар көрінеді. Әсіресе Сыр, Арыс секілді өзендерінің бойында қаңлылармен қатар өмір сүрген тайпаларымен тікелей байланысты болса керек. Жергілікті түркі қаңлы, үйсін тайпаларының түркі тілдес ұлттар болғандығын Су Бихай өзінің еңбегінде атап өтіп, аталған тайпалар өздерінің ру таңбаларын жазудың қалыптасуына негіз ретінде алып, пайдаланған дейді. Мәселен, Су Бихай осы бағытта: “ Үйсін, Қаңлылар алғашқы дәуірден таптық қоғамға қарата ілгерілегеннен бастап- ақ, ру тайпалардың бастапқы таңбасын пайдалануды негіз етіп, бірте-бірте өздерінің жазу әрпін қалыптастырғанын аңғаруға болады”.-дейді [Су Бихай 2001:552]. Осы заманда табылған археологиялық зерттеулерге қарағанда, Қазақстанның кең даласының біраз жерінде табылған тас, кірпіш, теңге ағаш тақтайшаларындағы белгілі бір түрдегі таңбаланған жазулар бізге осы жазулардың түркі жазуына қатысы бар деген ойға жетелейді. Бұл жазулар әсіресе Қазақстанның оңтүстігі мен Талас өңірінен, Арыс пен Сырдария өзенінен, Жетісудың шығыс оңтүстік аймағы мен Іле өзенінің орта бөлігінің оң жақ жағалауынан көптеп ұшырасқан. Кеңестік дәуірдің кейбір ғалымдары аталған өңірлерде табылған: Есік жазуы, Ақтастағы таңбалы тас, Қаратұма бейітіндегі тастағы жазу, Талас ескерткіштеріндегі жазуларды ежелгі көне түркі жазуы мен көне түркі тілі болуы мүмкін деп тұжырымдауда.
Біз білетіндей бұл жазбалар табылған мекендер көне
сақтар мен үйсін, қаңлылардың қоныстанған жерлері болып табылады. Аталған жайдың өзі бізге, әрине, маңызды көрсеткіш. Ескерткіштердің қай тайпаға тиесілі екендігін бір табан болса да айқындап беруге жәрдем беретін көрсеткіш. Жалпы Жетісу жерінде мекендеген жергілікті түркі қаңлы, үйсін, алаң тайпалары жалпы түркі тайпаларына ортақ тіл-түркі тілінде сөйлеп, жазу сызуы дамыған, қажетті деңгейде пайдалана білгендігін бізге осы өңірінде табылып ғылымда Талас ескерткіштері деп аталып кеткен түркі жазбалары да дәлелдей алады десек қателеспейміз. Бұл жазбалардың өзі байырғы үйсін, сақ, қаңлы тайпаларының мекендеген жерінде табылғандығы өз алдына маңызды тарихи фактор болса, екінші жағынан осы тайпалардың жазуы шыңдалғандығын көрсететін белгі іспеттес. Жалпы осы жерде Жетісу жерінде алғашқы мәдениет бесігі болғандығын ғалымдардың тұжырымы барын да айтып кетсек артық болмас. Олардың бұл тұжырымдарының айтылуы да сақ, бертін келе үйсін, қаңлы тайпаларының мәдени қазынасына сүйенгендігінен болса керек. Мәселен, үйсін мен қаңлы заманына дейінгі сақ заманында Жетісу жерінде мәдениеті өте жоғары деңгейде дамыған тайпалар өмір сүргендігін археологтар сан рет дәлелдегеніне куә болғанымыз анық. Сондықтан олардың жазуы болуы да әрине заңды. Су Бихай бұл жазуды көне түркі жазуы деп атап: “ Мазмұны белгісіз болса да, қазақтың арғы ата- бабасы – Сақтар мен Үйсіндердің заманымыздан бұрын- ақ белгілі нұсқадағы жазуы болғандығын дәлелдейді”-дейді. Сондықтан Талас жазбаларын осы тарихи сабақтастықтың ескерткіштері деп ұққанымыз жөн. Талас жазбаларын ғалымда сөз еткен ғалымдардың бір қатары түркі жазбалары деп танығанымен жазбаларды Енисей мен Алтайдан көшіп келген түркі тайпалармен (қырғыз, ғұн) байланыстыруы да кездеседі. Бұл біздің ойымызша, жоғарыда сілтеме жасап кеткен А.Н.Бернштамның ғылымда қалыптастырған бағытымен пайда болған тұжырым болса керек. Ғалымдардың пікірінше, бұл жазбалар Енисейдегі Минусин қойнауында өмір сүрген түркі қырғыз тайпасының Жетісуға келген көшімен тығыз байланысты болып, оны осы өлкеге көшіп келгенде пайдаланған деседі. Енисей қырғыздарының бізге белгілі алғашқы мекені Минусин қойнауының өзінде түркі таңбалары мен түркі әріптері түскен жазулар көптеп кездеседі [Евтюхова, 1954:193]. Байқағанымыздай дәл осындай жазулар мен алғашқы түркі жазуының бесігі деп айтуға тұрарлық Жетісу жерінде табылып отыр. Бұл бір. Екіншіден, Енисейден көшіп келген түркі тайпасы енисей қырғыздары мен ғұндардың Жетісу жеріне Тянь-Шаньның етегі мен Жетісу жерінде алғаш рет пайда болып, тұрақты қонысқа айналуы жөніндегі әр түрлі болжам мен пікірлер орын алуымен байланысты. Мәселен, А.Н. Бернштамның Кенқолда табылған археологиялық деректер негізінде қырғыздар алғашқы ғасырларда көшіп келген деген пікірі бар. Ал, В. Бартольд Тянь-Шаньда қырғыздарды тек ХYI ғасырда ғана пайда болды деп тұжырым жасайды. Белгілі ғалым Н. Аристов қарақыздарды қырғыздардың бір тармағы деп, оларды ерте дәуірлерде көшіп келген дейді. Н.А.Аристов : “нушиби были усуни и что истинное их народное имя было всегда кыргыз”-дейді. В.Бартольд Н.Аристовтың бұл болжамына күмәндана қарап, қырғыздардың Тяньшань мен Солтүстік Қырғызстанда өмір сүрген үйсіндердің арасында пайда болуын ежелде ғұн қолбасшысы-шаньюй Чжи-чжидің бағындырып алып, өзімен бірге үйсіндерге қарсы шабуылында цзянькунь тайпасы болған дейді. Цзянкунь тайпасын Чжи-чжи Тяньшаньда басып алған көрінеді деп топшылайды. Ғылыми еңбектерге сүйенетін болсақ біздің эрамызға дейінгі 47 жылы солтүстік ғұндармен бірге цзянькунь тайпасы Қырғыз Алатауының баурайына келген. Оны А.Н.Бернштам еңбегінің өзінен көре аламыз. Ғұндардың солтүстік әскери тармағын басқарған қолбасшы Чжи-чжи әскерінің құрамына қырғыздар енген. Осы тұста үйсін тайпасы туралы айтқанда ғалымдардың екі түрлі : кең және ауқымы шағын ұғымды қамтитын ескеруін қажет деген тұжырымы еске түседі. Бұл тұжырым бізге Талас жазбаларын зерттеуге көмектесіп, түркі жазбаларын кеңірек басқаша айтқанда кешенді түрде қарастыру керек деген өзекті мәселенің басын ашып береді. Өйткені осы күндері Талас жазбаларын тілдік дерек ретінде қарастыру өз алдына, аталған жазбалардың ең алдымен этникалық, жағрафиялық тұрғыдан сан сауалды туғызатын ескерткіштер екені анықтылып отыр.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *