Тұрсынова Мархаба Ахметқалиқызы*
Бидола Патиман**
Бүгінгі таңдағы түркі тілдері белгілі бір ортақ немесе жеке тілдердің өзіне тән қалыптасу кезеңдерін бастан өткерді. Тілдің дамып, қалыптасуында тарихи жағдайлар, басқа халықтармен араласу сияқты факторлар өзінің ізін қалдырары сөзсіз. Қазір-гі кезде әртүрлі сипатта немесе дәрежеде өмір сүріп отырған туыстас тілдердің әрқайсысының ортақтығымен қоса, тілдік фактілерден көрінетін ерекшеліктерін де байқай аламыз. Бұл – тарихи салыстырмалы зерттеудің қарастыратын мәселелерінің бірі. Сол арқылы қазіргі тілдің ерекшелігінің, тіл-тілдің айыр-машылығы мен ұқсастығының себебін білу мүмкін. Салыстыр-малы лексика арқылы туыстас тілдердің сөздік қорындағы сипа-тын көрсетуге мүмкін болатын сөздердің бірі – түркі тілдерінде қолданылатын жеке ұғымдарға тән атаулар болып табылады.
Лексиканы салыстыра зерттеу түркі тілдерінде М.Қашқа-ридің еңбегінен басталған [Қашқари, 1997]. Сөздікте сол кезде өмір сүрген түркі тілдері тйпаларының тілдеріндегі қолданы-сты бір-бірімен салыстыра қарастыру арқылы мысалдар, кел-тіріліп, тұжырымдар жасалған.
Түркі тілдерінің салыстырмалы лексикасы тұрғысында еңбектердің қатарына СССР Ғылым Академиясы Тіл білімі институтының түркі тілдері секторы 1955 «Исследование по сравнительной грамматике тюркских языков» [Исследования…1955] деген үлкен еңбек жариялап, оның бір томы лексикаға арналған. Еңбекте Ф.Г.Исхаков, Н.А.Баскаков, В.Ф.Вещилова, С.А.Бурнашеваның мақалаларында түркі тілдері салыстырма-лы сөздігін жасау тәжірибесі, қарақалпақ, татар, түрік тілдері салыстырмалы лексикасы сөз болған.
1961 жылы Е.М.Убрятованың редакторлығымен шыққан «Историческое развитие лексики тюркских языков» [Историческое…1961] деген еңбекте Л.А.Покровская, А.М.Щербак, Э.Р.Тенишев, А.А.Юлдашев, Н.З.Гаджиеваның ғылыми мақалалары арқылы, түркі тілдеріндегі туыстық атаулар, жан-жануарлар атауларының тарихи-салыстырмалы сипаты көрініп, мысалдармен дәлелденген. Сондай-ақ түркі тілдеріндегі сандық мағынадағы сөздер мен етістік мағынасындағы сөздерге лексикалық талдау жасалған.
Кеңес дәуірінде түркі тілдерін салыстырып, ғылыми еңбектер мол жазылып, сөздіктер жарияланса, соның бірі – «Көне түркі сөздігі» [Наделяев 1969]. Онда берілген материалдар ҮІІІ-ХІІІ ғасырлардағы көне түркі жазба ескерткіштеріндегі әртүрлі жазу жүйелері негізіндегі орхон-енисей, араб, ұйғыр, манихей, брахми сияқты мұралардағы жиырма мыңға тарта сөзді қамтиды.
Э.В.Севортянның «Этимологический словарь тюркских языков» [Севортян 1974] атты еңбегінде түркі тілдерінде қолданылатын сөздердің шығу тегі айқындалып, көне және қазіргі түркі тілдеріндегі қолданысы сараланған.
Соңғы жылдары түркі тілдері лексикасына қатысты зерттеу еңбектері де баршылық. Солардың қатарына Б.Сағындықов [Сағындықов 1994], С.Мұрат [Мұрат 2004] т.б. еңбектерін жатқызуға болады.
ЖОО-ның филология факультеттерінде «Қазақ тілі мен әдебиеті», «Филология» мамандықтарында түркі тілдеріне қатысты «Түркітануға кіріспе», «Көне түркі тілі», «Түркі тілдерінің салыстырмалы грамматикасы» пәндері оқытылып, әсіресе «Түркі тілдерінің салыстырмалы грамматикасында» түркі тілдерінің жалпы сипаты, жеке түркі тілдерінің өзіндік ерекшеліктері, түркі тілдерінің классификациясы, қазіргі түркі тілдерінің фонетикалық, лексикалық, грамматикалық сипаты ұғындырылып, ұқсастықтары мен айырмашылықтарын саралаланады және салаларының бірі салыстырмалы лексика болып табылады.
Салыстырмалы лексикада талдау жасалатын, түркі тілдері ортақтығы мен кейбір ерекшеліктерінен хабар беретін мал атауларынан мысал келтіріп, қой мен сиырға қатысты атауларды салыстырып көрейік.
Қазақ тіліндегі қой сөзінің көне түркі тілі мен қазіргі басқа түркі тілдеріндегі сипатына келетін болсақ. Көне түркі тілінде, Махмұт Қашқаридің «Диуани лұғат – ит–түрк» еңбегінде qоj деп берілген [Қашқари 1998:198]. Әзірбайжан, түркімен тілдерінде koyun; алтай, қазақ, қарайым, қарақалпақ, қырғыз, ноғай, ұйғыр тілдерінде қой; гагауыз, түрік тілдерінде koyun; тува, хақас тілдерінде хой; өзбек тілінде қўй деп қолданылады. А.М.Щербактың жазбаларына сүйенсек, қой сөзінің ең көне түрін қонун деп атайды: «В фонетическом отношении наиболее ранней является форма kонун (kон). Дополнительный слог (ун) – морфологический элемент, некогда выражавший значение уменшительности. В древних тюркских языках он был весьма употрибительным, однако впоследствии утратил продуктивность и полностью слился с основой» дей келе, kуртун (құрт), боjун (мойын) сөздерін мысалға келтіріп өтеді [Исследования… 1955:110].
Татар тілінде құйрықты қойды ғана қой деп атайды. Ал құйрықсыз қойдың түрін татар, башқұрт, чуваш, қарақалпақ тілдерінде сарық деп атайды. Барлық түркі тілдерінде қойдың ұрғашысына арналған жекелеген сөздер мен сөз тіркестері бар. Мәселен, қазақ тілінде жоғарыда атап өткендей ұрғашы сөзі қолданса, қарақалпақ тілінде урғашы қой, түрік тілінде dışı koyun; түрікмен тілінде ене koyun; якут тілінде тыһы бараан деп қолданады. Якут тілінің бір ерекшелігі қойдың ұрғашысын жоғарыдағыдай атаса, ал еркегін хой деп көрсетеді [Исследования… 1955:111].
Қойдың түр-түсін, жынысын анықтайтын жекелеген сөздер сияқты қысылған (піштірілген) еркек қойдың да әр тілде өзіндік жеке атаулары бар. Одан бұрын Махмұт Қашқаридің сөздігіне келетін болсақ, көне түркі тілінде піштірілген қошақарды, жұмыртқаларының терісі ажыратылғандықтан қойға шаба алмайтын қошқарды azma (азма) деп көрсеткен [Қашқари 1997:159]. Әзірбайжан диалектісінде бурух; ноғай тілінде бурық; гагауыз тілінде хазман; қазақ тілінде азбан деп аталады. Көне түркі тілінде екі жасар еркек қойды, ісекті тішек деп атаған [Қашқари 1997:446]. Осы сияқты қазіргі гагауыз тілінде jеркек; қазақ, қарақалпақ тілдерінде ісек; қырғыз тілінде ірік; түркімен тілінде бічіlен; хакас тілінде сіlеке деп атайды [Исследования…:111].
Басқа жануарлардағыдай аталығын да өзіндік атаулар мен белгілі сөз тіркестерін пайдаланып қолданған. Қазақ тіліндегідей қошқар сөзі қарақалпақ, ноғай, тува, ұйғыр тілдерінде де қолданылады. Әзірбайжан, түрікмен тілдерінде goýun; алтай тілінде қуча, қочқор; башқұрт тілінде қушқар; қарайым тілінде қочхар; қырғыз тілінде қочқор; татар диалектісінде тәкә; түрік тілінде koyun; өзбек тілінде қўчқор; хакас тілінде хуча деп қолданады. А.М.Щербактың еңбегіне сүйенетін болсақ, ежелгі ескерткіштерде қоч(у)нғар сөзі жиі кездеседі деп айтады [Исследования… 1955:111]. М.Қашқари қысқарған түрін оғызша деп атайды. Түркі сөздігінде қошқар сөзін қош деп көрсеткен [Қашқари 1997:380].
Қазіргі қазақ тіліндегі қозы сөзінің көрінісі көне түркі тілінде кездесіп, қойдың төлін қозы деп атаған [Қашқари 1997:357]. Әзірбайжан тілінде quzu, ғузу; алтай тілінде қураған; гагауыз және түрік тілдерінде қузу; қазақ, қарақалпақ, ноғай тілдерінде қозы; татар диалектісінде қузы; тува және хакас тілдерінде хураған; қырғыз тілінде козу; түркімен тілінде ғузы; ұйғыр тілінде қоза, қозы; өзбек тілінде қўзи, қўзичоқ деп қолданылады. Бұдан қазіргі қазақ тіліндегі қозы сөзінің басқа түркі тілдерімен салыстырғанда аса айырмашылықты байқамаймыз. Көне түркі тілінде қозы немесе қозу сөзі көне форма болып саналады. Мұнда ерекше мән беретін жағдай алтай тіліндегі қураған сөзі мен тува және хақас тіліндегі хураған сөздері. Бұл сөздерді осы мағынада қолданылатын моңғол тіліндегі qurayan сөзімен байланысты деп айтуға болады.
Қозы мағынасын білдіретін – бәті, бәрән (бәрәс), бікәч (бәкәч), чаға, пүтек сөздері башқұрт, татар және чуваш тілдерінде кездеседі. Осы сөздердің ішіндегі бәрән және бәрәс сөздері орыс тіліндегі баран және барашка сөздерінің әсерінен туындағанын байқау қиын емес.
Қозы сөзі жалпы қой малының төлі деген мағынаны беріп, барлық түркі тілдерінде жаңа туғанынан бастап алты айға дейінгі төлін атайды. Тек кейбір түркі тілдерінде он-жиырма күндік немесе бір-үш ай аралығындағы төлдерді жекеше атаған. Әзірбайжан диалектісінде туғанына он күн болған қозыны көрпә деп атаса, бір-екі ай аралығындағы қозыны әмлік, әмліж деп атайды. Қазақ тілінде үш-төрт айлық семіз қозыны сырбаз қозы деп атаған. Осы орайда көрпә сөзіне ерекше мән берген дұрыс. Себебі басқа түркі тілдерінде көрпә, көпей, көбе, көрпеш, кебе сөздері жасына емес, туған уақытына байланысты қолданылады. Мысалға ерте туған қозыларды кепе – кебе – көбе деп атаса, кеш туған қозыларды көпеш деп атайды. Махмұт Қашқаридің сөздігінде жазда туылған ұл баланы көрпе оғул, кеш туылған қозыны көрпе деп көрсеткен [Қашқари 1998:114]. Башқұрт тілінде бәрәс сөзі көктемде туған қозылардың жалпы атауы болса, күзде туған (кеш туған) қозыларды әтәмбәй деп атаған.
Кейбір түркі тілдерінде қозының келесі жастық өлшемін марқа деп атайды. Қырғыз тілінде марқа, қазақ тілінде бір қырқар, марқа, бағлан; ұйғыр тілінде пақлан деп айтылады. Сонымен қатар кейбір түркі тілдерінде бұл сөздер басқа да мағына береді. Қарақалпақ тілінде семіз қойды бағлан, сол сияқты семіз қозыны бақлан қузы деп атап көрсетеді. Көне түркі тілінде baklan (бақлан) сөзі кездеседі. Бұдан қазақ тіліндегі бағлан сөзінің формасы сақталғанын байқауға болады.
Қойдың дәстүрлі жас өлшемі бойынша жоғарыда атап көрсеткендей, жаңа туған қозыдан кейін марқа қозы, одан кейінгісін тоқты деп атайды. Жалпы қой малының жас мөлшеріне байланысты жеке атаулар барлық дерлік түркі тілдерінде кездеспейді. Түркі тілдеріндегі тоқты сөзі барлығында бірдей жас ерекшелігін білдірмейді. Әзірбайжан диалектісінде тоғлу, тоғлы, тохлу, parlaq; гагауыз тілінде тоқлу (екі жасар қой); қазақ тілінде тоқты (алты айдан асқан қозы); қарақалпақ тілінде тоқлу, тоқлы, тоқты (бір жасар қозы); қырғыз тілінде тоқту; ноғай тілінде тоқлы (екі жасар қой), тоқлу (екі жасар ұрғашы қой); түрік тілінде тоқлу, par-lak; түркімен тілінде тоқлы (бір жасар қозы); тува тілінде тоғду (бір жасар ұрғашы қой); өзбек тілінде тўқли деп атайды [Исследования… 1955:115]. Көне түркі тілінде алты айлық қозыны тоқlы (тоқлы) деп атаған [Қашқари 1997:490].
Түрік тілінде жас мөлшері бойынша қойдың тоқтыдан кейінгі түрін шішәк – шішік деп атайды. Бұнда да жас мөлшері қазіргі түркі тілдерінің бәрінде бірдей көрініс таппайды. Әзірбайжан диалектісінде шішәк, шішәй, шәк деп екі жасар қойды атаса, ал башқұрт тілінде екі жастан үш жас аралығындағы қойды шешәк, һарық деп атайды. Гагауыз тілінде шішек (үш жасар қой); татар диалектісінде шешәк; түрік тілінде шішек; өзбек диалектісінде шішәк (бір жас пен екі аралығындағы қой) деп аталады [Исследования…1955:115]. Келтіріп өткен сөздер қойдың ұрғашысына қатысты болып саналады. Қырғыз тілінде шішек, ішек сөздері мен қазақ тіліндегі ісек сөздері қысылған еркек қойға қатысты қолданылады. Өзбек тілінде екі жасар еркек қойды шішік деп атайды. Қазақ тілінде екі жасар ұрғашы қойды тұсақ деп атайды.
Қойдың келесі жас мөлшерін анықтау үшін басқа да жануарларға да ортақ қолданатын құнан, дөнен сөздері жатады. Мысалға қазақ тілінде құнан қой, қарақалпақ тілінде қунан қой, яғни үш жасар қойды осылай атайды. Ал дөнен сөзі тіркесіп келген жағдайда төрт жасар қойды білдіреді. Тува тілінде осы сөздер жастық мағынасында біршама басқаша ұғымды білдіреді. Мысалға хунан хураған, хунан хой немесе хунан доғду сөздері бір жасар қозыға қатысты қолданылады. Дөнен хураған, дөнен доғду, шүдлең хой, шүрүлең хой сөздері екі жасар қой деген мағынада жұмсалады. Қыжалаң хой үш жасар қойды, ал сожалаң хой мен чедішкен хой сөздері төрт жасар қой деген мағынаны білдіреді. Осы топқа әзірбайжан тіліндегі екі-үш және төрт жастағы қойды білдіретін өджәж, өгәж сөздері жатады. Бұл сөз үш жасқа дейінгі еркек қойға да қатысты айтыла береді. Ғарадіш сөзін бір рет шағылысқа түскен қой мен үш жастан асқан еркек қой мен ұрғашы қойға қатыста қолданады. Гагауыз тілінде бір қузу аламыш (төрт жасар қой); түркімен тілінде маң (үш жасар еркек қой мен ұрғашы қой), маңрамаз (төрт жасар еркек қой) деп қолданады. Махмұт Қашқаридің сөздігінде төрт жасқа толайын деп қалған еркек қойды іrk (ірк) деп атап көрсеткен [Қашқари 1997:71].
Түркі тілдерінің көбінде ұрғашы қойға қатысты саулық сөзі қолданылады. Қазақ тілінде саулық, кейбір жерлерде жандық; қырғыз тілінде соолуқ; татар тілінде саулық; өзбек тілінде, савлық деп атайды. Біздің ойымызша, саулық сөзі сауу деген сөзден шығуы әбден мүмкін. Ал түрік тілінде осы мағынадағы қойдың ұрғашысын маржа деп атайды.
Сиыр сөзі қазіргі түркі тілдерінде кең тараған. Салыстырмалы түрде сиыр сөзі әр тілде айрықша сипатқа ие екенін көреміз. А.М.Щербак «Название домашних и диких животных» еңбегінде «Сиыр» сөзінің барлық түркі тілдерінде кең тарағанын айтады. Мысалға, алтай, қырғыз тілдерінде үй, түрік тілінде ұд, башқұртта – һыйыр, гагауыз тілінде сыыр, қазақ, қарайым, қара-қалпақ, ноғай, құмық, татар тілдерінде сыйыр, түрікменде сығыр, ұйғырда сійір деп тараған деп қарастырған [Исследования… 1955:96].
Көне түркі тілінде «іңек» сөзі де кең таралған. Әзірбайжан, өзбек, ұйғыр тілдерінде іңек, алтай, гагауыз, қырғыз, чуваш, түрік, түрікмен, хакас тілдерінде інэк, чувашта енэ, сахада ынах деп таралған [Исследования… 1955:97]. М.Қашқаридің сөздігі бойынша оғыз тілінде «іңек» сөзі тағы «тасбақаның ұрғашысы» деген мағынаны береді [Қашқари 1997:142] .
«Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде» бұқа сөзі сиыр малының піштірілмеген еркегі; аталық ірі қара мал деп көрсетілген [Қазақ тілінің… 2008:151]. Әзірбайжанша, гагауызша, қарақалпақша буға, алтайша, қырғызша, түрікменше, өзбекше, ұйғырша буқа, қазақша бұқа, құмықша буғча, ноғайша, татарша буғай, түрікше боға, хакасша пуға деп қолданады [Исследования… 1955:99]. Бұқа сөзінің басқа сөздермен тіркесіп келгенде оның жас мөлшерін білдіретінін А.М.Щербак өз еңбегінде атап өтеді. Мысалға әзірбайжанда буғайа дуран – екі жасар бұқа, йаз буға – екі мен үш жас аралығындағы бұқа, гагауыз тілінде бу’а алты – үш жасар бұқаны атайды. Сол сияқты қазақ тілінде де бұқа сөзімен тіркесіп жастық атауды білдіретін болған: бұқашық,
бұқаша, тайынша бұқа, құнан бұқа, дөнен бұқа, бесті бұқа.
Бұзау – сиыр, марал т.б. мүйізді малдың алты айға толмаған жас төлі [Қазақ тілінің… 2008:149]. Әзірбайжан тілінде бузовс (алты айға дейін), екі жасар бұзау – бызо, алтай тілінде бызас (бозу), башқұрт тілінде бызау, балқар тілінде бузоу, гагауыз тілінде бузоу, қазақ тілінде бұзау, қарақалпақ тілінде бызав, түрік тілінде бузағы, өзбек тілінде бузақ, ұйғыр тілінде мозай, хакас тілінде пызо, чуваш тілінде пару, саха тілінде бороску, бороско (төрт-бес айдан кейінгі), борон (бір жасар) деп қолданады. Бұзау сөзі жаңа туған сиырдың төлі деген мағынаны білдіргенмен, кейбір түркі тілдерінде алты айға дейінгі төлдің басқаша атаулары кездеседі. Мысалы: түрікмендерде гөлэ және өйэк, өзбекте ужак, ұйғырда ойак, саха тілінде нарай нұсқалары кездеседі [Исследования… 1955:100].
Башмақ сөзі көп түркі тілдерінде кездеседі. Көктемде туған бұзауды башмақ деп атаған. Қазақ тілінде баспақ (бес айға дейінгі бұзау), қарақалпақ тілінде баспақ, басвақ, ноғай тілінде осы сөзді ұрғашысына қатысты айтады (баспақ, басвақ), татар тілінде башмақтана (бір мен екі жас аралығындағы урғашысы), чуваш тілінде пушмақ деп аталады [Исследования… 1955:101]. «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде» тана екі жасқа жетпеген торпақ, тайынша деп берілген. Ал торпақ алты айдан бір жасқа дейінгі бұзау деп көрсетілген [Қазақ тілінің… 2008:781, 813]. Тана сөзі әзірбайжанда дана (алты айдан бір жасқа дейінгі бұзауға қаратылып айтылады), башқұртта тана (бір жас пен екі жас аралығындағы бұзау), түрік, гагауыз тілдерінде дана, қырғыз, ноғай, татар, өзбек тілінде тана (екі жасар) деп аталады. Ал торпақ сөзі алтайда торбок, қырғызда торпок, қазақ, ұйғырда торпақ, хакас тілінде торбах деп қолданады делінген [Исследования… 1955:100-101] .
Махмұт Қашқаридің «Диуани лұғат-ит-түрк» еңбегінде «сиыр» лексемасы сығыр, ұд, іңек,үй нұсқаларында кездеседі. Сөздікте автор «ұд» сөзін «Түрік халықтардың қабылдаған он екі жылдың бірі Ud jыlы: ұд иылы –сиыр жылы деп аталады» деп көрсетеді [Қашқари 1998:73]. Жалпы түркі тілдерінің тұрғысынан алып қарағанда сығыр (сиыр) сөзі әдеби нормаға сай келеді де, уй, ұд лексемалары одан тысқары ысырылып қалатын сияқты. Осыдан барып ұд сөзі мен уй сөзінің қолдану аясы тарылған. «Іңек» сөзі де жәдігерде сиырдың тағы бір атауы болып табылады [Қашқари 1998:42]. Жоғарыда атап өткен сығыр, ұд, үй, іңек сөздері ұрғашы малға қатысты аталған. Олардың негізгі атқаратын міндеттері – сауын сиыры болу. Ірі қараның еркектеріне байланысты атаулар сөздікте «бұқа, өгіз, оп» деп беріледі. Жәдігерде сиыр малының піштірілген түрін өgүz (өгіз) деп береді. Бұл сөз араб графикасының ерекшеліктеріне байланысты «өкүз» деп те қолданылады. Сөздікте «Өкүз азақы болғынша бұзағұ башы болса ииг — Өгіздің аяғы болғанша, бұзаудың басы болса игі. Бұл мақал «басқаға жүгінді болғаннан, бас-басына болған артық» деген мағынада қолданылады» деп көрсетіледі [Қашқари 1998:88]. «Қазақ тілінің түсіндірмелі сөздігінде» «өгіз – күш көлік ретінде пайдаланылатын сиыр малының еркегі» деп көрсетілген [Қазақ тілінің… 2008:646]. Әзірбайжан, түрікменде өкүз, башқұртта үгэз, гагауыз тілінде йөкүз, қазақ, қарақалпақ, ноғай тілдерінде өгіз, қарайым, қырғыз, құмық тілдерінде өгүз, өзбекте хукіз (укіз, хавкуз), ұйғыр тілінде хөкүз, чувашта вакар, саха тілінде ат оғус деп көрсетілген [Исследования… 1955:98].
Түркі тілдеріне тарихи-салыстырмалы зерттеу жүргізу арқылы түбі бір түркі тілдерінің тарихынан да, қазіргі түркі тілдерінің өзіне тән ерекшеліктерінен хабардар болып, жеке тілдердің өзіне тән сипатын көре аламыз. Түркі лексикасының дамуы жеке халықтардың қалыптасуына да, басқа халықтармен араласуына да байланысты болары сөзсіз.