АЛТЫН КЕНТАСТАРЫ

АЛТЫН КЕНТАСТАРЫ — құрамынан алтын ажыратып алынатын минералдык шикізат. Алтын өндірісін ұйымдастыру үшін оның түпкі кендердегі мөлш. 3 — 5 г/т- дан, ал кенқайраңдардағы мөлш. 0,1 г/т-дан кем болмауы керек. Түпкі жыныстардағы А. к. кварц желілері түрінде криптозойлық, палеозойлық гранитоидтерде, минералданған және кварцтенген метаморфтық жыныстарда, мыс және полиметалл кендерінде кездеседі. Алтын кенқайраңдары түзілу жағдайына байланысты аллювийлік, элювийлік, теңіздік, т.б. болып бөлінеді. Хим. құрамына сәйкес А. к. жеке элементтерге және теллуридтерге бөлінеді. Жеке элементтерге саф алтын (Аu) және электрум (АuAg), алтеллуридтерге петцит [(Аg,Аu)2Те4], калаверит (АuТе2), креннерит (АuТе2), сильванит (АuАgТе4), т.б. жатады. Теллуридтермен салыстарғанда саф алтын мен электрум табиғатта анағұрлым жиі кездеседі. Саф алтын минералы хим. таза түрде өте сирек тараған, оның құрамында 4—10%-ке дейін күміс болады. Құрамындағы қоспа элементтерге байланысты А. к. мысты (купроаурит, Сu — 20%), палладийлі (порпецит, Рd — 11%) және висмутгы (висмутоаурит, Ві — 1%) болып келеді. Түпкі кендердегі алтынды бөлу үшін кентасты ұнтап, алтынды сынап жұқтыру арқылы жинайды (амальгамалау) немесе көгерткіш қышқылмен ерітіп, хим. жолмен тұндырады. Кенқайрандағы алтын арнаулы науаларда шайылып, тұндыру арқылы ажыратылады. Алтыннын барланған қоры бойынша Қазақстан дүние жүзіндегі алдыңғы10 мемлекет құрамына кіреді, ал оның түп кендердегі қоры бойынша Оңт. Африка Республикасынан кейінгі 2-орында. Елімізде алтынның 30-дан астам ірі кен орындары ашылған (Арқарлы, Бақыршық, Майқайың, т.б. алтын кендері). Бұлардан басқа кейбір ірі мыс және полиметалл кендерінен алтын қосымша өнім ретінде алынады (Ақжал, Балқаш, Зырян кеніштері). Дүние жүзінде 2300 т-дан астам алтын өндіріледі (1997).

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *