АЛТЫН АРЫҒ

“АЛТЫН АРЫҒ”— хақас халқының батырлық эпосы. Ел аузында “Ақ жартастан туған Алтын Арығ” атымен белгілі. Жыр хақастың қызыл деген тайпасында сақталған. Жырдың байырғы орындаушысы, 19 ғ-дың 2-жартысы мен 20 ғ-дың 1-ширегінде өмір сүрген атақты қызылдық хайжы-нымақшы (әнші-жыршы) Хара балахчин болды. Эпос алғаш рет 1955 ж. белгілі хайжы-нымахшы С.П. Кадышевтен, екінші нұсқасы 1964 ж. тағы бір ірі хайжы-нымахшы П.В. Курбижековтен жазып алынды. Екі нұсқаның да сюжеті ұқсас. Курбижеков нұсқасы көлемді — он мыңнан астам өлең жолынан тұрады, әдемі композиц. құрылымымен, бай ақындық тілімен, әрлі қайталаулармен ерекшеленеді, өзінің көркемдік мазмұны жағынан хақас батырлық эпосының аса көрнекті жыры болып табылады. Жырда халықтың ғасырлар бойғы арман-мұңы ақыңдық тілмен айқын көрініс тауып, халық батырларының бейбіт өмір үшін шетелдік басқыншылармен күресі жан- жақты көрсетілген. “А. А.” эпосы батырлардың үш ұрпағының: күшті әйел батырлар Пис-Тумзух-Пле-Харын-Хуу Инейдің, оның сіңлісі Алтын Арығ пен одан туған батыр ұл, жас Таптаан Молаттың өмірі мен ерліктерін баяндайды. Алтын Арығ бостандық жолында жауларын бірнеше рет жеңіп, халқын тұтқыннан босатып, мал-мүлкін қайтарады. Жырдың басты кейіпкерлері — әйелдер. Мұны әйелдердің хақас халқының қоғамдық тұрмыс-тіршілігінде үлкен мәнге ие болғандығымен түсіндіруге болады. Эпосты хайжы-нымахшылар ұлттық муз. аспап — чатханада сүйемелдей отырып, көмей әуенімен орындайды. 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *