Ландшафттану ғылымының дамыған кезінде-ақ Л.С.Берг ландшафттар бір-бірімен табиғи шекаралармен шектеседі деген еді. Бұл сөзімен ол ландшафттардың шекарасының обьективті түрде табиғатта болатынын және өз бетінше қалай болса солай белгіленбейтін немесе субьективті болмайтынын айтқан еді. Іс жүзінде ландшафтты зерттеуші ғалымдар олардың шекараларын анықтауда көптеген қиындықтарға кездескен еді. Бұл жайында пікірталас 50 – жылдардың бас кезінде өріс алды, осы кезде бірталай ғалымдар бүкіл ландшафттар шекарасының тік сызықты екенін дәлелдемекші болды. Бірақ көпшілік бұл пікірмен келіспеді, өйткені практикалық өмірде әртүрлі ландшафттардың бір-бірімен ауысатыны, өтпелі шекара екендігі бұрыннан белгілі еді.
Сызықты шекаралар геосистеманың дискретті концепциясына сәйкес еді, бірақ біздің білуімізше, ландшафттық сферада дискреттік диалектикалық мағынада континуалдықпен сай келеді, сол үшін де шекаралар проблемасы тік сызықтарды жүргізумен шешілуі мүмкін емес. Дұрысында, кеңістіктегі ландшафттар шекарасы әртүрлі ені бар ауыспалы алқаптар болуы керек. Ландшафттар шекарасының шығу тегі әртүрлі және бір ғана бастаушы фактордың әсерімен айқындалуы дұрыс емес. Өйткені ландшафттар дифференциациясы зоналық және азоналық факторлармен айқындалады, яғни соңында кеңістікте осы факторлар ландшафт шекараларын анықтайды. Зоналық, сонымен қатар секторлық айырмашылықтар өз көрінісін климаттан, ал азоналдық ландшафттың қатты фундаментінен табады, сондықтан да осы компоненттер ландшафт шекараларының ерекшеліктерін анықтайды. Нақтылы жағдайда ландшафттардың кеңістікте ауысуының негізгі себебі зоналар немесе секторлар бойынша климаттың өзгеруі, теңіз деңгейімен салыстырғанда биіктіктің өзгеруі, беткей экспозициясы, морфоструктуралар ауысуы, осыған байланысты байырғы және төрттік жыныстардың өзгеруі.
Жоғарыда көрсетілген себептер ландшафттың барлық компоненттерін өзгеріске ұшыратады, сондықтан ландшафт шекараларын комплекстік деп айтуға да болады, өйткені олар көптеген жеке шаралар жиынтығынан тұрады. Бірақ әрбір жекелеген компоненттің кеңістіктегі ауысуы бірдей емес. Мысалы, климаттық шекаралардың табиғатының тиянақсыз екендігі белгілі, топырақ және геоботаникалық шекаралар тиянақсыз да, анық та, Ал геологиялық, геоморфологиялық шекаралар көбінесе анық болады. Сонымен қатар кеңістіктегі шекаралар уақыт бойынша өзгермелі, оның үстіне әрбір компоненттің өзгеру деңгейі бірдей емес.
Қатар орналасқан ландшафттардың шекаралары өз маңызын морфологиялық құрылымның өзгеруінен табады, яғни морфологиялық бірліктердің жиынтығынан. Шын мағынасында ландшафттың шекарасы жекелеген “көршілес” жатқан мекендердің шекараларының қоспасынан тұрады да, біз оны не бірінші, не екінші ландшафтқа жатқызуымыз керек. Дегенмен, біз мекендер шекаралары сызықты деп айтсақ та, одан ландшафт шекаралары да сызықты деген түсінік тумау керек. Көптеген мекендер ауыспалы болғандықтан екі ландшафтқа да жатқызуымызға болады (мысалы, тайгадағы суайрықтық батпақтар).
Көбінесе белгілі бір ландшафтқа тән мекендер кенеттен осы ландшафт шегінде жоғалып кетпейді, біртіндеп өтпелі аумақта сирейді. Мысалы, Балтық қалқанындағы жартасты қырат мекендерінің шекаралары оңтүстікке қарай біртіндеп көлемі азайып, биіктігі төмендеп кетеді. Сонымен, ландшафттардың морфологиялық құрылымының өзгеруіне негізделе отырып та біз сызықтық шекаралар емес, керісінше өтпелі аумақтар туралы түсінік аламыз. Олай болса, ландшафт шекараларының белгілі ені болады және карта масштабына сәйкес шартты түрде сызық деп қаралу керек. Ландшафт шекараларының шын мәнісіндегі ені үлкен шекте түрленіп отырады. Әсіресе айқын көрінетін шекаралар азоналдық геологиялық, геоморфологиялық факторлармен байланысты. Мысалы, петрографиялық құрамы әртүрлі жыныстар рельефте айқын кемерлер құрғанда (Балтық глинты, Үстірт). Айқын білінетін ландшафттық шекаралар бір-біріне қарама-қайшы тау жыныстарымен де байланысты болады, тіпті бұл ауысу рельефте айқын байқалмаған жағдайда да. Рельефте айқын байқалмайтын шекаралар біртіндеп ауысып отыратын, тіпті бір-біріне кірісіп жататын төрттік дәуірдің жыныстарына тән.
Зоналықпен салыстырғанда азоналдық факторлар кеңістікте тез өзгеріп отыратын болғандықтан, көптеген ландшафт шекаралары азоналдық болып келеді. Ірі және рельефі бойынша біртекті болып келетін жазықтарда олар тиянақсыз ландшафттық өткелдер құрайды. Кейбір жағдайда зоналық шекаралар азоналдықпен сәйкес келеді, мұндай жағдайда айқын ландшафттық шекаралар пайда болады. Ең айқын ландшафттық шекаралардың өзі күрделі болып келеді, өйткені жоғарыда айтылғандай жекелеген компоненттердің шекаралары бір-біріне сәйкес келмейді. Мысалы, Онега – Валдай қыртының батыс бөлігінің ландшафттары көршілес жазықтардан айқын орографиялық шекара арқылы бөлінеді. Бірақ геологиялық шекара “карбонаттық глинт” моренаның қалың қабатының астында жатқандықтан біршама шығысқа қарай орналасқан, ал климаттық шекараны жауын-шашын мөлшері бойынша жүргізетін болсақ, онда ол орографиялық шекарадан да батыста болады. Өйткені ауа массаларының көтерілуі орографиялық тосқауылдан біршама батыста айқын байқалады. Ландшафттық шекара есебінде соңғысы есептеледі, өйткені бәрінен оңай белгіленеді, сонымен қатар басқа компоненттер үшін де маңызы зор.
Ландшафт — үш өлшемді зат, сондықтан оның литосферада сыртқы (вертикальды) және тропосферада шекарасы болуы керек. Геожүйенің әрбір таксономиялық бірлігіне географиялық қабықшаның белгілі қабаты сәйкес келеді, яғни геосистеманың деңгейі жоғары болған сайын оның вертикальдық қабаты да үлкен деген ұғым бар. В.Б.Сочава бойынша фацияның вертикальдық қалыңдығы 0,02 – 0,05 км, ландшафттікі 1,5 – 2,0, ландшафттық провинцияныкі 3,0-5,0, ал ендік белдеудікі 8-17 км. Бірақ мұндай таза теориялық пікірді дәлелдеу қиын.
Атмосфера қабатындағы ландшафт шегін осы ландшафттың атмосфералық процеске тигізетін әсері білінбейтін орталық деп есептеу керек. К.Н.Дьяконовтың зерттеуі бойынша тундра зонасындағы фациялардың температуралық айырмашылығы антициклональдық ауа райы кезінде 2 м биіктікте, қисық қайыңды ормандарда 4-5 м биіктікте теңеледі де ландшафттар шекарасы 7-9 м биіктікте болады. Бірақ мұндай қорытынды бір жыл мезгілінің біртекті климаттық жағдайында жасалған еді.
Ауа қабаты қозғалмалы болғандықтан біз геосистеманың әсер ету шегін бір мезгілде анықтағанмен келесі уақытта өзгеріп кетуі мүмкін. Сонымен қатар ландшафттардың жоғарғы шекарасын анықтаудың қиындығы ландшафттың үстінде қалыптасқан ауаның касиеті, оның әсерімен емес, сыртқы әсерлердің негізінде болатындығы. Көптеген атмосфералық құбылыстар (бұлттылық, жауын-шашын) қандай биіктікте пайда болса да тек қана ландшафттарды емес, ландшафттық зоналардың, провинциялардың, тіпті ландшафттың морфологиялық бөліктерінің ерекшеліктерін сипаттайды. Сондықтан геожүйенің таксономиялық бірліктері артқан сайын оның атмосферадағы жоғарғы шегі артады деген теориялық жорамалдың практика жүзінде керектігі шамалы. Сол үшін ландшафттардың жоғарғы шекарасын анықтауды өзекті мәселелердің бірі деп айтуға болмайды.
Геожүйелердің деңгейі мен оның төменгі шекарасы арасында әрқашанда тура байланыс болмайды. Мынандай жоғарғы азоналдық аймақтар: физгеогрфиялық елдер, жер қыртысының ірі геоструктуралық бірліктерімен байланысты болғандықтан өзінің негізін литосфера қабатынан бастайды. Бірақ ландшафттық зоналар мен подзоналардың төменгі шегі күн энергиясының сәулесімен анықталатын болғандықтан, төменге, онша тереңге бармайды. (А.А.Григорьев бойынша бұл шекара 15-20 м тереңдікке барады). Жүйелі мағынада ландшафттардың шекарасы зоналар мен подзоналардың шекарасынан төмен болмау керек. Ол эпигеосфераның түйісу қабатының қалыңдығымен анықталады. Бұл қабаттың төменгі деңгейі ландшафт компоненттерінің қарым-қатынасы, күн энергиясының өзгеру процесі, ылғал айналымы, үгілу, организмдердің белсенді геохимиялық әсері тиетін тереңдікпен анықталады.
Жыл ішіндегі температураның өзгеруі 20-30 м тереңдікке дейін болады. Оттегінің жер қыртысына ықпал етуі жер асты суларының жоғарғы деңгейімен сәйкес келеді. Тотығу зонасының қалыңдығы 60 м, ал ең көп жарылған жыныстарда 300 м дейін. Үгілу қабығының қалыңдығы ондаған метрге, кейде 100 м дейін жетеді. Тірі организмдердің: өсімдіктердің, микроорганизмдердің, омыртқалылардың жер асты бөліктері көбінесе топырақ жамылғысында, аздаған бөлігі үгілу қабығында жинақталған. Кейбір кеміргіштер 5-6 м тереңдікке, ал жауын құрттары 8 м-ге дейінгі тереңдікке енеді. Өсімдіктердің тамыры аналық жыныстарға ондаған метр тереңдікке дейін әсерін тигізеді.
Сонымен ландшафттың дамуына әсер ететін процестердің төменгі шегі бір-біріне сәйкес келмесе де жақын. Осы көптеген көрсеткіштердің біреуін екіншісінен жақсы, артықтау деп айту қиын. Дегенмен, ландшафттардың төменгі шекарасын анықтайтын көлемді, мөлшерді ондаған метр деп ландшафтты гипергенез зонасына жатқызуға болады. Фациялар мен ландшафттардың төменгі шекарасы үшін, негізінде, ерекше бір критерийді іздеудің керегі жоқ, өйткені олар жоғарыда көрсеткен шекке сәйкестенеді. Дегенмен литосферада ландшафт шекаралары айқын болмайды. Үгілу және топырақ түзілу процестерімен өзгермеген тау жыныстары ландшафттың фундаменті болып есептеледі де біртіндеп зат айналымына қатысады. Ландшафттардың пайда болуын, оның құрылымы мен дамуын қарастыра отырып біз оның фундаментінен дерексіздендіре алмаймыз. Сондықтан жыныстардың жоғарғы литосфераның түйісу қабатын құрайтын бөлігін ландшафттардың сыртқы бөлігі деп қарастырамыз.
Осылайша ландшафттардың жоғарғы шекарасы туралы сұрақты шешуге болады. Әрине, еш талассыз ландшафттарға ауа қабатының өсімдіктер әсерін тигізетін тропосфераның жер бетінен 30-50 м биіктікте орналасқан төменгі бөлігі кіреді