Дамудың табиғи және антропогендік факторлары. Энергия көздері, олардың қарым-қатынасы. Ритмикалық, тӘуліктік жӘне циклдық өзгерістер. Геолиогеофизикалық өзгерістер. Табиғи кешендердің тарихи даму ерекшелігіне шолу жасау олардың болашақтағы өзгерісіне баға беру үшін қажет. Л.С.Бергтің «табиғи ландшафтарды танып білу үшін оның қашан, қалай пайда болғанын, уақыт өте келе неге айналатынын анықтау керекң — деген тұжырымы осы ойдың бірден-бір дәлелі болып табылады. Алуан түрлі табиғи факторлар мен процестер комплекстердің дамуына бірдей әсер етсе де әрқайсысының қарқыны мен бағыты әрқалай.
А.А.Григорьев, М.И.Будыко сияқты ғалымдар әсіресе климатқа негізгі фактор ретінде көп көңіл бөлген. Климаттың жылу мен ылғалдың қарым-қатынасы, ылғалдану коэффициенті сияқты көрсеткіштерінің рөлі ерекше. Сонымен қатар, климаттың көп жылдық көрсеткіштерінің ауытқуы, кеңістік пен уақыт аралығында өзгеруіне көп көңіл бөлу қажет.
Жалпы ылғалдану теориясы бойынша солтүстік жарты шарға әртүрлі ұзақтықтағы ритмикалық ауытқулар тән. Ең ұзақ ритмнің мезгілі 2000 жыл. Ол ірі екі фазаға бөлінеді: а) салқын-ылғалды 300 — 500 жыл; б) жылы және құрғақ — 600 — 800 жыл; в) бірінші мен екінші фаза аралығындағы өтпелі фаза 700- 800 жыл.
Дегенмен, қазіргі климаттың өзгеруі – ылғалданудың бірде артып, бірде төмендеп ауысып отыруына сәйкес. Шнитников бойынша мұндай кезеңдердің ұзақтығы 45 жыл. Ылғалданудың соңғы өсу фазасы Қазақстан территориясында өткен ғасырдың 40 ж. болған.
Сонымен, өткен геологиялық даму кезеңінде де климаттық көрсеткіштер өзгеріп отырған. Мерзімі бойынша климаттық көрсеткіштердің өзгеруі соңғы геологиялық кезеңде пайда болған: 70 млн. жыл бұрын жылы климат оның қайта суынып мұздықтарды пайда етуімен ауысып отырған. Мұздықты кезеңдер плейстоценде (ұзақтығы 100000 ж) мұз аралық жылынумен (ұзақтығы 20000 ж), соңғысы осы күнге дейін созылуда. Плейстоцен мен голоцен аралығындағы климаттың өзгеруі қазіргі табиғи зоналардың шекараларының қалыптасуына ықпал етті.
Алғаш рет М.Х.Байдал Қазақстан территориясы үшін апатты қуаңшылықтың қалыптасуын күннің активтілігімен байланысты екенін дәлелдеді: күн активтілігінің (белсенділігінің) 11 жылдық цикл максимумында қуаңшылық сирек, ал керісінше болған жағдайда көп, яғни жиі қайталанып отырады. Ал ауа температурасының көп жылдық өзгеру циклы 30 жыл. Сонымен, жоғарыда айтылған авторлардың еңбектерінен ылғалдану режимінің, температура мен жауын-шашын мөлшерінің өзгеруі күннің активтілігімен байланысты екенін түсінеміз. Циклдық өзгерістер жылы және суық кезеңдердің бір-бірімен ауысып отыратынынан байқалады. Бұл кезеңдердің ұзақтығы әрқалай: 2 ден 11-22 және 30 жылға дейін.
Сонымен Қазақстан территориясының қазіргі климаттық жағдайының өзгеруі, мысалы, теңіздердің деңгейлерінің тартылуы мен өзен суларының азаюы жағымсыз табиғи процестердің қалыптасуына әсер етті. Егер де өткен ғасырдың 60 жылдарына дейін батпақтану, су эрозиясы, тұздану, дефляция сияқты процестер басым болса, қазір теңіз деңгейінің төмендеуіне байланысты жер асты суларының деңгейі төмендеуі. Аридті климат үдеді, батпақтардың, қамысты комплекстер мен тоғайлардың ауданы азайды. Кейбір жерлерде өзен, көлдер құрғап, сортаң және сор шұңқырлар пайда болды. Осы процестердің нәтижесінде табиғи комплестердің ауысуы, тұз шоғырлану, өсімдік пен топырақтың нашарлауы, жалпы алғанда, эолдық процестер ұлғайды. Мұндай процестер бүкіл Қазақстан территориясына тән.
Осы процестердің тарихи кезеңде дамуы мен кеңістік бойынша алмасып отыруы бірнеше факторға байланысты. Әсіресе территорияның морфоструктуралық және морфоскульптуралық құрылымын, неотектоникалық қозғалыстардың режимін, климат және антропогендік факторларды ерекше атап кетуге болады. Осы процестерге байланысты аккумуляция мен денудация, экзогендік процестердің қарым-қатынасы кеңістік бойынша әртүрлі . Бағыты мен қарқыны әр түрлі эолдық процестер бүкіл Қазақстан территориясында дамыған.
Ландшафттардағы органикалық өмір биоценоздардың комплекстердің күрделілігімен сипатталады. Фацияларға қарағанда ландшафттарды тек бір ғана өсімдікпен немесе өсімдіктер тобымен сипаттау мүмкін емес. Бір ғана ландшафт аумағында әртүрлі өсімдіктер типіне жататын көптеген топтар кездесуі мүмкін. Мысалы, тайга зонасының әрбір жекелеген ландшафт құрамында орманның, батпақтардың, шалғындардың, кейде тіпті тундралық өсімдіктер де кездесуі мүмкін. Екінші бір жағынан бір ғана өсімдіктер формациясы немесе ассоциациясы әртүрлі ландшафттарда кездесіп, негізінде, оның біреуіне де тән болмауы мүмкін. Сонымен, әрбір жекелеген ландшафт өз аумағында белгілі бір топо-экологиялық қатар құрып әр алуан өсімдіктер топтарының заңдылықты құрамымен сипатталады. Топо-экологиялық қатарлар нақтылы ландшафттардың өсімдік топтарының ерекшеліктерін анықтайды да геоботаникалық карталардың негізіне алынады. Осының нәтижесінде территория бойынша ландшафтқа геоботаникалық аудан сәйкес келеді.
Ландшафттардың компоненттері ретінде жануарлар дүниесінің әсері әлі де болса толық қарастырылмаған. Бірақ зооценоздардың ландшафтпен оның морфологиялық бөліктерімен тығыз байланысты екені даусыз. Кейбір жануарлар түрлері белгілі бір мекен жайларға тұрақты қоныстанған, ал көпшілігі қозғалмалы, орын ауыстырып отырады, бірақ бұндай орын ауыстырулар белгілі ландшафттың шекараларымен (немесе антропогендік-территориялық комплекстер-дің) сәйкес келеді.
Топырақ жамылғысы мен ландшафттар арасында, ландшафттар мен биоценоздар арасындағыдай байланыс бар. Табиғи орталықтан біз ландшафттың бір ғана топырақ жамылғысымен немесе топырақ түрімен сипатталатын мысалын кездестірмейміз. Ландшафттардың морфологиялық құрылымына бейімделген әртүрлі топырақ түрлері, тіпті топырақ типтері күрделі территориялық бірлік құрайды. Әрбір ландшафт белгілі бір топырақ ауданына сәйкес келетін, заңдылықты түрде қалыптасқан әралуан топырақ типтерінен, түрлерінен тұрады.
Көптеген географтар ландшафт компоненттерін “күшті” және “әлсіз” деп бөлуге тырысты. Мысалы, Н.А.Солнцевтің компоненттерді “күштісінен”, “әлсізіне” қарай орналастырған қатары белгілі: геологиялық құрылым – литология – рельеф – климат – су-топырақ — өсімдік жамылғысы – жануарлар дүниесі. Н.А.Солнцевтің түсінігі бойынша литогендік компоненттер, яғни қатты фундаменттпен байланыстылар “күшті” компоненттерге жатады, екінші орында климат пен су компоненті, ал ең әлсіз компоненттерге биогендік компоненттер жатады. Бұл көзқарас, әрине даусыз. Ландшафттың жекелеген компоненттерінің осы бірліктегі рөлі туралы басқа да көзқарастар кездеседі. В.Б.Сочава тұжырымы бойынша жылу, ылғал және биота геожүйенің “сыншыл” компоненттері, өйткені бұлар оның тұрақтылығы мен энергиясын анықтайды. А.А. Крауклис геожүйелердің компонентерін қызмет ету ерекшелігіне қарай 3 топқа жіктеді:
1) инертті (минералдық субстрат пен рельеф) – геожүйенің негізін құраушы; 2) мобильді (ауа және су массалары – молекулалық қосылу күші әлсіз) – геосистемада алмасу, транзит функциясын құрайды; 3) активті компоненттер – биота геосистеманың тұрақты, өздігінен орнына келетін компоненті.
А.А.Крауклистің түсінігі бойынша геожүйелер өзінің өмір сүруі мен дамуына құрамындағы компоненттерге міндетті, сол үшін компоненттердің қайсысы бірінші орында, қайсысы екінші орында деп бөлу мақсат емес, керісінше геосистеманыңбүтін бірлік ретінде сақталуында әрқайсысының рөлі қандай екендігін анықтау. Абиогендік компоненттер биотаға қарағанда, геосистемада белгілі мағынада, алғашқы болып есептеледі, жер дамуында бірінші пайда болғандығы үшін емес, олар геожүйенің алғашқы материалдық субстраты болып табылады да организмдердің арқасында тірі заттар тұзіледі. Осымен қатар тек қана абиотикалық компоненттерден түзілетін геосистемаларда кездеседі, мысалы, мұздар. Мұндай не топырақ жамылғысы, не тірі организмдері жоқ геожүйелерді толық дамымаған немесе “протоландшафттар” деп атайды.
Бірақ, тіршіліктің пайда болуы нәтижесінде абиотикалық ортаның құрамы мен құрылымы біршама өзгерістерге ұшырады. Тірі организмдер ең маңызды ландшафт жаратушы фактор болып есептелді. Биологиялық айналым атмосфера, гидросфера және литосфераны түпкілікті өзгерістерге ұшыратты. В.И.Вернадскийдің тұжырымы бойынша атмосфераның оттегі, азот және көмірқышқыл газдарының шығу тегі биогендік, бұлай дегеніміз қазіргі ауа қабаты организмдерден пайда болды деген сөз. Бүкіл шөгінді қабат жыныстары организмдердің тура немесе жанама әсері нәтижесінде, ал табиғаттағы сулардың да, газдың иондық құрамы да осы организмдердің нәтижесінде пайда болған.
Сонымен қатар ландшафттарда да биота ең активті компонент болып саналады. Олар биологиялық айналымға органикалық емес заттарды қатыстырады, сөйтіп биомасса түзеді, күн энергиясын ауыстырып оны органикалық заттарға жинақтайды: өсімдіктердің жер асты бөліктері арқылы атмосфераға булану арқылы су қорлары “түседі” т.б.
Керісінше литосфера заттары “орамсыздығымен” айқындалады, тек құрамындағы сулардың тынымсыз циркуляциясы арқасында оттегінің, көмірқышқыл газының енуі, әсіресе тірі организмдердің. Олар зат айналымына қатысады, өзгереді және толықтырылады. Сондықтан да осындай пассивті немесе консервативті қатты компонентті ландшафттың негізгі факторы деп есептеу дұрыс емес.
“Фактор” деген ұғым ландшафттану ғылымында кеңінен қолданылады, көбінесе қандай да болсын компонентпен тепе-тең деп есептеледі, бірақ фактор және компонент екеуі екі түрлі ұғым, теңдік белгісін қойған дұрыс емес. Фактор дегеніміз процесстердің негізгі қасиеттері мен белгілерін айқындайтын активті бастама. Ландшафттарда бір ғана “бастаушы” фактор болуы мүмкін емес, өйткені ол көптеген факторлардың әсерінде болады да оның әрқайсысы ландшафттардың алуан сапасы мен қасиеттерінің дамуында әртүрлі рөл атқарады. Сондықтан “бастаушы” фактор болмайды. Ландшафттардың интеграциялық, дифференциациялық факторлары, олардың даму, орналасу факторлары туралы айтуға болады. Әрбір жекелеген жағдайда факторлар әртүрлі болады. Мысалы, ландшафттардың өте айқын білінетін шекаралары ландшафттардың қатты фундаментінің құрылымымен байланысты, өздерінің тұрақтылығымен, консервативтілігімен айқындалатын факторлармен анықталады. Бірақ ландшафттардың дамуында өзінің табиғаты жағынан консервативті, басқасымен салыстырғанда баяу өзгеретін фактор бастапқы бола алмайды. Ландшафттардың даму факторлары сыртқы және ішкі болып жіктеледі. Барлық компоненттер бір-бірімен тығыз байланыстығы сонша, олардың әрқайсысы ішкі қарым-қатынастың, сыртқы факторлардың әсерінен дамып отырады. Сондықтан климатты да, қатты фундаментті де ландшафт дифференциациясының бастаушы факторы деп айта алмаймыз. Мұндай факторларға күн радиациясы ағынының біркелкі еместігін, жер айналымын, тектоникалық қозғалыстарды, атмосфералық циркуляцияны жатқызуға болады. Климат пен қатты фундамент арқылы осы факторлардың әсері басқа компоненттерге ықпал етеді, бірақ климатта қатты фундамент сияқты геосистема компоненттері мен сыртқы факторлардың әсерінен пайда болған “азық” болып табылады. Мысалы, климаттың пайда болуы рельефтің тау жыныстарының, өсімдік, топырақ жамылғысының әсерімен байланысты.
Шындығында ландшафт құрушы факторларды сыртқы және ішкі энергетикалық күштермен, зат ағындарымен байланыстыра қарастырған жөн. Кейде ландшафттардың заттық компоненттерімен қатар энергетикалық компоненттерін де ажыратады, соның ішінде күннің шашырау энергиясы, тектоникалық және вулкандық процестердің энергиясы, тарту күші. Дегенмен, энергетикалық факторлар туралы айтқан дұрыс. Сондай-ақ ландшафттар дифференциациясының зоналық және азоналдық факторлары да табиғаты жағынан энергетикалық. ТӘуліктік жӘне циклдық өзгерістер