Ландшафт морфологиясы

Мекендердің жіктелуі. Жіктеуде қолданылатын негізгі көрсеткіштер. Қарапайым жӘне күрделі мекендер, қалыптасу ерекшеліктері. ТӘуелді, доминантты жӘне субдоминантты мекендер. Зоналық жӘне азоналдық факторлардың тигізер Әсері. Жазық жӘне таулы аймақтардың мекендерін жіктеудің ұқсастықтары мен айырмашылықтары.

  Мекендер жер бедері мезоформасының біртекті субстратына негізделіп, физгеографиялық үрдістердің жалпы бағытымен сипатталатын фациялардың үйлесімді қатары. Олардың жекелену себебі әртүрлі ылғалдануға, инсоляция айырмашылығына, литологиялық және механикалық құрамдағы айырмаға, жер асты суларының деңгейінің алуан түрлілігіне байланысты болады. Мекендердің бір-бірінен жекеленуінде негізгі рөлді геологиялық, геоморфологиялық негіз атқарады. Олар, әсіресе, жер бедері мезоформасының дөңес және ойыс аймақтары басым жерлерінде айқын – төбелер мен ойпаттар, қыраттар мен сайлар, жыра аралық плакорлар мен жыралар. Жергілікті атмосфера циркуляциясы, химиялық элементтер миграциясы, ағын үрдісі жер бедерінің оң және теріс формасында қалыптасқан фацияларды бір жүйелі қатарға жинақтаса да осы қатардың жоғарғы және төменгі бөліктері жоғарыдағы үрдістердің әсері бойынша бір-бірінен айырмашылығы зор.

Өзен аралық жазықтарда қарама-қайшы жер бедері формалары жоқ болғандықтан мекендердің қалыптасуы аналық жыныстардың айырмашылығымен және табиғи дренаж сызығынан алыс жақындығымен айқындалады. Соңғы фактор әсіресе ылғалдануы жоғары территорияларда негізгі рөл атқарады.

Өтпелі территорияларда әртүрлі өсімдік топтары бірдей экологиялық жағдайда болғанда мекендердің жіктелуіндегі негізгі рөлді өсімдік топтары арасындағы бәсеке таластық қарым-қатынас атқарады. Бәсекелес топтар көршілес орналасып территориясын сақтайды, жергілікті климаттың, топырақ пен су режимінің өзгеруіне де көп әсерін тигізеді.

Ландшафттардың әрбір жекелеген морфологиялық бөліктеріне генетикалық бірлік пен сапалық ұқсастық тән. Өйткені олардың құрамына енетін фацияларға ұқсас, біршама жақын ылғалдану, жылумен қамтамасыз етілу және тау жыныстарының литологиялық құрамы ұқсас болу керек. Сондықтан да мекендер ландшафттардың анық, айқын бөлінетін бірлігі болып табылады, яғни үйлесімді орналасқан мекендер тізбегі далалық ізденістер мен аэрофотосуреттерде негізгі жіктеу объектісі. Жіктеуде пайдаланылатын критерийлер:

а) біріншіден, мекендерді айқын ажырата білу мезорельеф формасының тілімденуі анық көрінетін жерлерде көрінеді. Мысалы, төбешіктер мен ойыстар. Мекендердің өзгешелігі, айырмашылығы тек жер бедері формаларының сыртқы пішініне ғана емес, сонымен қатар, олардың шығу тегіне, аналық тау жыныстарының литологиялық құрамына да байланысты. Мысалы, сырттай көзбен қарағанда бір-біріне ұқсас жазықтар мен сайлардың субстратындағы айырмашылық олардың су мен жылу режиміне, топырақ түзілу процестеріне және биоценоздарына әсерін тигізбей қоймайды, сондықтан әртүрлі мекендер қалыптасады.

ә) екіншіден, өзен аралық тегіс жерлерде, жер бедерінде айырмашылығы жоқ мекендердің пайда болуы мен дамуындағы, жіктелуіндегі негізгі фактор субстрат ерекшелігі. Мұнда төселме беттің су өткізгіш ерекшелігі, карбонаттығы сияқты көрсеткіштерімен қатар жер беті жыныстарының физикалық қасиеттері есепке алынады. Мысалы, Қазақстанның шөлді аймақтарында механикалық құрамы саздан және саздақ топырақ жамылғысынан құмға дейін алуан түрлі топырақ жамылғысы кездеседі. Жер бедерінде аналық жыныстардың осындай алуан түрлілігі білінбейді, бірақ әртүрлі мекендердің пайда болуына себеп болады.

б) әртүрлі мекендер  жер беті жыныстары, тосқындары бірдей болған жағдайда да қалыптасады. Ол үшін:  а) жер беті жыныстарының қалыңдығы бірдей болмау керек; в) олар біршама аздаған тереңдікте орналасқанымен топырақ түзілу үрдісі мен су мен ылғал режиміне әсерін тигізеді;

г) Өзен аралық жазықтарда мекендерді жіктегенде тағы да есепке алынатын фактор – табиғи дренаж жағдайы — өзен аңғарына алыс, жақын орналасқандығы. Өзен аңғарынан алыстаған сайын жер асты суларының деңгейі төмендейді; су ағыны нашарлайды; олар топырақ пен өсімдік жамылғысына әсерін тигізеді; осының салдарынан су айрықтық жазықтардың орталық бөлігіне қарай мекендер біртіндеп ауысады.

д) территорияның климаттық және геоморфологиялық жағдайы бірдей болса да өсімдік жамылғысымен қаншалықты көмкеріліп тұрғанына байланысты да әртүрлі мекендер дамиды. Өтпелі аймақтарда, әсіресе, зона аралық кеңістікте бірдей экологиялық жағдайда бір-бірімен бәсеке таластық жағдайда болатын өсімдік топтарында әртүрлі мекендер қалыптасады. Бәсеке таластағы өсімдік топтары қатар орналасып әрқайсысы өз территориясын сақтап қалуға тырысады, сөйтіп жергілікті жердің климатының, су және ылғал режимінің, топырақ түзілу процестерінің өзгеруіне ықпал етеді.

Фацияларды картаға түсіру ірі масштабты талап етеді де тек “кілтті” участоктарда жүргізіледі. Ал мекендер геосистема иерархиясында ландшафттар мен фациялар арасындағы өтпелі бірлік болып табылады да қолданбалы ландшафттық ізденістерде:

а) ауыл шаруашылық жерлерді бағалаудың, есепке алудың;

ә) оның халық шаруашылығындағы тиімді жолдарын іздестірудің негізгі объектісі болып табылады. Мұндай ізденістер үшін фация қамтып жатқан ауданы бойынша кіші, өйткені ауыл шаруашылығына қажетті жерлер үлкен, ірі массивті аймақтарды талап етеді.

Ішкі құрылым күрделілігіне байланысты мекендер: а) қарапайым; ә) күрделі деп бөлінеді. Н.А.Солнцев бойынша мекендерде мезорельефтің әрбір элементінде бір ғана фация қалыптасады, ал күрделі мекенде бірнеше фация. Мысалы, сайдың түбінде және оның әр беткейлерінде бір-бір ғана фация қалыптасса – ол қарапайым мекен, ал бірнеше фация қатарынан тұрса онда күрделі мекен.

Күрделі мекен мынадай жағдайларда қалыптасады:

а) рельефтің (жер бедерінің) ірі мезоформасына екінші қатардағы мезоформа элементтері кіріккенде. Мысалы, жыралары бар сайлар; көлшігі бар батпақты ойыстар.

ә) мезорельефтің бір формасы немесе элементі, бірақ литологиялық құрамы әртүрлі – күрделі мекен пайда болады;

б) доминантты су айрықтық мекендерде жанамалы немесе осы жерге тән емес фациялар кездескенде (карстар, батпақтар, аңдардың індері т.б.) күрделі мекен қалыптасады;

в) әрқайсысы жеке өзіндік мекен құрайтын мекендер тізбегі кездескенде күрделі мекен пайда болады. Жоғарыда көрсетілгендей мекендер орта және ірі масштабты карталар түсіргенде нақтылы мәліметтерге негізделе түсіріледі. Олар қандай мәліметтер: а) генезисі немесе шығу тегі, пайда болуы; ә) морфографикалық типі мен жергілікті ағын жүйесінде алатын орнына қарай мезорельеф формаларын белгілі бір ретке келтіру. Сонымен – рельеф – ылғалдану мен табиғи дренаж ерекшелігімен тығыз байланыста есепке алынатын көрсеткіш.

Әртүрлі ландшафттық зоналарда, подзоналарда және провинцияларда біртекті жер бедері формаларында, біртекті аналық жыныстан тұрса да климаты, ылғалдануы, топырақ жамылғысы мен биоценозы әртүрлі мекендер пайда болады. Неліктен? Өйткені территорияның орналасуы әр зонада. Сондықтан мекендердің классификациясын жасағанда фация сияқты мекендерде де зоналық және провинциялық ерекшеліктерге сүйену міндетті.

Әрбір нақтылы ландшафт Л.С.Бергтің тұжырымы бойынша уақыт пен кеңістік аралығында қайталанбайды. Бір-біріне ұқсас екі ландшафтты табу мүмкін емес, бірақ бұл түсініктен ландшафттар арасында сапалық ұқсастық жоқ деген ұғым тумау керек. Салыстыру нәтижесінде генезисі мен динамикасы жағынан бір-біріне ұқсас ландшафттарды табуға болады, сондықтан да жүйелеуге мүмкіндік бар.   

Ландшафттық жүйеге келтіру жер бетіндегі ландшафттарды танып білуде үлкен ұйымдастырушы рөл атқарады және практикалық та маңызы зор. Қолданбалы мақсатта  өткізілетін ландшафттық ізденістерде (мысалы, ауыл шаруа-шылығына тиімді жерді анықтағанда, табиғатты қорғау немесе мелиорация жұмыстары жүргізілгенде) олардың құрылымы күрделі болып, әрбір нақтылы ландшафтқа баға беру, оған талдау жасау қиын және көп уақытты қажет етеді. Сондықтан да көптеген жағдайларда типтік табиғи ерекшеліктерге байланысты типтік нормалар мен шараларды қолдануға тиіс болады. Кез келген табиғи жіктеу объектің инварианттық қасиетіне пайда болуына, құрылымына, өзгермелігіне негізделеді. Бұл көрсеткіштер ландшафттану жұмыстарында маңызды рөл атқаруы тиіс. Бірақ, олардың ұқсастық деңгейі әртүрлі, сондықтан ол өз маңызын жіктеудің сатылығынан табады, яғни таксономиялық бірліктер жүйесін қолданудан. Жоғарғы таксономиялық бірліктерден төменгісіне ауысқан сайын жіктеуде жаңа көрсеткіштер енгізіліп отырады. Осының салдарынан ландшафттар қамтитын шеңбер кішірейген сайын олардың ортақ қасиеттері арта бастайды. Олай болса, ландшафттардың ұқсастығы жіктеудің барлық сатыларында сақталады – тип, класс, түр, бірақ төменгі деңгейде ортақ қасиеттер көп, жоғарғысында керісінше.

Ландшафттардың ұқсастығы мен айырмашылығы көптеген себептерге байланысты, сондықтан таксономиялық қатарда осы себептер қандай тәртіп бойынша есепке алынатынын анықтаған жөн. Ландшафттардың дамуындағы төмендегідей көрсеткіштер: ылғал айналымы, биологиялық зат айналымы, топырақ түзілу, биомассаның өнімділігі олардың жылумен, ылғалмен қалай камтамасыз етілгенімен, яғни күн энергиясының түсуімен анықталады. Ал жылу мен ылғал мөлшері, олардың қарым-қатынасы зоналық ендікке, секторлыққа, және биіктік белдеулерге тәуелді.

Осы ой-пікірлерді есепке ала отырып жіктеудің ең жоғарғы таксономиялық бірлігі ландшафттар типі болып табылады. Ландшафттар типтерін айырудың негізгі көрсеткіші жылу мен ылғалмен қамтамасыз етілу айырмашылықтары, олардың гидротермикалық ерекшеліктері. Нақтылы классификациялық белгі болар көрсеткіштер: радиациялық баланс, белсенді температура жиынтығы Н.И.Ивановтың континентальдық коэффициенті. Сонымен қатар ауа температурасының орташа және экстремальды көрсеткіштерін, жауын-шашын мөлшерін, булану шамасын да есепке алған дұрыс. Бір типке жататын ландшафттардың ортақ қасиеттері су балансынан, қазіргі геоморфологиялық және геохимиялық үрдістерден, органикалық заттардың өмір сүру қабілеттерінен, құрамынан, өнімділігінен, биомасса қорынан, биологиялық зат айналымынан және топырақ түзілу ерекшеліктерінен көрінеді.

Фация қарапайым бірлік. В.Б,Сочава бойынша фациялардың жіктелуі. Мекен-жай типтеріне байланысты фациялардың бөлінуі. Элювиальды. Супераквальды жӘне субаквальды фациялар.

  Фация морфологиялық қатардағы ең төменгі, жіктелмейтін  бірлік. Оның тұтастығы белгілі территория шеңберінде қалыптасатын қарапайым үрдістер мен олардың тұтастығымен анықталады. Үрдістердің бірдей болуы – фацияның жер бедерінің бір элементінде немесе пішінінде қалыптасуының нәтижесі. Ол ылғал мен жылудың, жарықтың бірдей таралуының, борпылдақ және байырғы тау жыныстарының литологиялық құрамы бірдей болғанда жүзеге асады. Фацияның бүкіл шеңберінде осындай жағдайлардың үйлесімділігінің нәтижесінде бір топырақ түрі пайда болады, ол генетикалық горизонттардың  және үрдістердің жиынтығымен сипатталады.

Топырақтың ұқсастық көрсеткіші — өсімдік жамылғысы. Фация шекарасындағы фитоценоздардың түрлік құрамы бірдей, ал өсімдік топтарындағы тығыздық пен кейбір түрлердің басым кездесуі топырақ құрамы мен жер бедері пішінінде орналасуына тәуелді.

Бірдей климаттық, геологиялық, геоморфологиялық және биогеографиялық зоналық пен азональдық жағдайда дамитын ландшафттың жіктелуіндегі негізгі фактор  олардың жер бедері пішінінде орналасуы. Жер бедері элементі ландшафттың көршілес территориядан салыстырмалы биіктігі, беткей экспозициясы, беткей формасы мен еңкіштігі т.б. көрсеткіштері арқылы ерекшеленуі. Жазық территорияларда кешеннің орны микрорельеф формасымен, табиғи дренаж шекарасынан алыс-жақындығына тәуелді.

Көтеріңкі жер бедері формасының өзі ауа массаларының ағынына, желдің бағыты мен жылдамдығына, атмосфералық ылғалдың таралуына әсер етеді. Жел жақ беткейлерге қарағанда ық беткейлерге ылғал мол түседі. Әсіресе қардың таралуында едәуір айырмашылық байқалады: төбешік пен жел жақ беткейден қар ұшып ойыстарға жиналады да жоғарғы бөлікпен салыстырғанда 2-3 апта көп жатады. Беткей еңкіштігіне байланысты атмосфераның жергілікті циркуляциясы пайда болады; түнде суыған ауа төменге соғып температура инверциясын тудырады.

Күннің тура радиациясының жыл мезгілдері бойынша таралуы да беткей экспозициясына тікелей бағынышты. Жер бедері формасы мен еңкіштігі су ағынының қарқындылығына, еріген зат шығынына, аналық тау жыныстарының шайылуына осының салдарынан борпылдақ тау жыныстарының құрамына, топырақтың механикалық ерекшелігіне ықпал етеді.

Сонымен, әртүрлі мекен-жайлар бір-бірінен жылу мен ылғал режимінің, минералдық заттардың кірісі мен шығынының қарым-қатынасы арқылы ерекшеленеді. Сондықтан бір ландшафт шекарасында біртекті субстраттағы мекен-жайларға бірдей экологиялық жағдай немесе экотоп, бір биоценоз тән. Сөйтіп, біртекті  мекен-жайдағы өсімдік пен жануар түрлері органикалық емес орта компоненттерімен қарапайым географиялық кешен — фацияны қалыптастырады.

Тірі организмдердегі клетка іспеттес фация ландшафттың алғашқы энергия көзі мен геохимиялық ұясы, яғни фация шеңберінде зат пен энерия айналымын, айналымның тасымалдану бағытын, сондай-ақ тірі организмдердің биогеохимиялық “жұмысын” зерттеу басталады. Бірақ, фацияны зат пен энергия айналымы тұйық автономды жүйе деп қарастырмау керек. Фация жер бедері қимасында бір-бірін заңдылықты алмастырып отыратын фация қатарын құрайды.

Фациялардың әр алуандығы оларды белгілі бір жүйеге келтіруді талап етеді. Бір ландшафт шеңберінде фацияларды жүйелеу үшін  В.Б.Сочава мен А.А.Крауклис фациялық қатардың факторлы-динамикалық  принциптерін дамытты. Факторлы-динамикалық қатардың негізгі маңызы ландшафттардың зоналық, секторлық және биіктік ерекшеліктеріне байланысты әрбір жекелеген ландшафттағы фондық “норманы”, яғни фацияларды анықтау. Мұндай “норма” немесе эталон құрғақ, құмайтты топырақ жамылғысында орналасқан байырғы плакорлық фациялар бола алады. Көптеген физгеографиялық  үрдістердің ықпалында дамитындықтан, яғни нормалық деңгейден ауытқитындықтан, қалған фациялар әртүрлі фактор бойынша қатарларға топталады. Көпшілік жағдайда, мысалы, субстраттың, ылғалдану процесінің ерекшелігіне байланысты қатарларға топталады. Дегенмен, әртүрлі қатарлар бір-бірін жауып отыруы мүмкін, өйткені фациялардың қасиеттері тек бір фактормен анықталмайды.

Фациялар классификациясын құрастырғанда оның дамуында айқындаушы маңызы бар көрсеткіштер алыну қажет. Олар фациялардың тұрақты белгісі болып, барлық болмаса да көптеген ландшафттарда қолданылуы тиіс. Бұл шартқа орографиялық қиманың элементі ретінде – оның орналасқан орны сәйкес келеді. Сондықтан жекелеген, нақтылы ландшафттарға сәйкес келетін фация типтерін анықтау үшін олардың мекен-жай типтерін анықтауда Г.В.Высоцкий  1906 жылы орографиялық қиманың төрт типін ажыратуды ұсынған: а) жер асты сулары тереңде орналасқан су айрықтар мен беткейлер (плакорлар); б) су айрықтық қолаттар; в) жер асты сулары жер бетіне жақын орналасқан беткейлердің төменгі бөлігі; г) жер асты сулары шығып жатқан ойпаңдар.

Кейіннен ландшафттар геохимиясы туралы идеяны дамыта отырып Б.Б.Полынов табиғи компоненттердегі химиялық элементтердің миграциясын зерттеп қарапайым ландшафттардың үш қатарын ажыратты: элювиальды, супераквальды және субаквальды.

Элювиальды фациялар көтеріңкі су айрықтық мекен-жайларда орналасады да жер асты сулары өте тереңде жатқандықтан өсімдік жамылғысы мен топырақ түзілу  үрдісіне әсерін тигізбейді. Мұндай фацияларға керекті заттар тек  жауын-шашынмен, шаң-тозаңмен, яғни ауа қабаты арқылы жеткізіледі, ал шығын төменгі топырақ қабатына сіңетін су ағыны арқылы жүзеге асады. Олай болса шығын мөлшері оның кірісінен артық болуы тиіс. Сондықтан, топырақ жамылғысының жоғарғы қабаты сілтісіздендіріледі де біршама тереңдікте иллювиальды горизонт пайда болады. Жоғарғы топырақ қабатының үздіксіз шайылуы нәтижесінде топырақ түзілу үрдісі біртіндеп төменгі қабаттарға ауысады.

Супераквальды фациялар жер асты сулары жер бетіне жақын орналасқан мекен-жайларда қалыптасады, буланудың нәтижесінде еріген қоспалар жоғарғы қабатқа жиналады. Осының салдарынан топырақтың беткі қабаты қосымша элементтермен толығады.

Субаквальды фациялар суаттардың түпкі қабатында қалыптасады. Әртүрлі элементтер ағын су арқылы жиналады. Бұл мекен-жайлар құрлықтағы мекен-жайлардың органикалық қалдықтарының минералдық құрамы арқылы ерекшеленеді; қара шіріндінің орнына мұнда сапропелдер пайда болады.

Ландшафттардағы фациялардың алуан түрлілігі гидротермикалық жағдайдың ауысуымен, топырақ пен тау жыныстарының физикалық және химиялық қасиеттерінің өзгеруімен, экзогенді үрдістердің қарқындылығымен және адамның шаруашылық әрекетімен байланысты. Топырақ пен тау жыныстарының ылғалдылығы мен температуралық режимі төсеніш бетке жақын ауа массаларының температурасы мен ылғалдылығына, жер бедерінің пішініне, беткейдің абсолюттік биіктігіне, экспозициясына, топырақ пен аналық жыныстардың механикалық құрамына, жер асты суларының тереңдігіне, су көздері мен су қоймаларының алыс-жақындығына да байланысты болады. Әртүрлі мекен-жайлардың арасындағы абсолюттік биіктік айырмашылығы неғұрлым үлкен болса, температура мен ылғалданудағы айырмашылық соғұрлым көп болады. Бірдей жылу мен ылғал түсетін беткейдің тау жыныстары мен топырақтары да су және жылу режимі бойынша бір-біріне ұқсамауы мүмкін.  Топырақ қабатының ылғал сыйымдылығы мен жылу режимі бір-біріне тәуелді: ылғалы мол топырақтың жылуына қажет жылу да көп. Сол себепті бір беткейдегі саздар, саздақтар мен құмдардың жылу мен ылғал сыйымдылық көрсеткіштері әрқалай: саздар саздақтарға, саздақтар құмдарға қарағанда суық.

Тау жыныстарының литологиялық құрамы тек қана олардың су, жылу қасиеттеріне әсер етіп қоймай, фациялардағы зат ағыны мен осы айналымның химиялық құрамына да әсер етеді. Жыныстардың құрамы химиялық элементтердің миграциясы өтетін геохимиялық жағдайдың типін анықтайды (қышқылды ма, сілтілі ме). Химиялық элеметтер қышқылды немесе сілтілі ортада миграцияға ұшырайды. Бір жағдайда олар жылдамырақ қозғалып, тез шайылса, екінші бір жағдайда шоғырланады да аномальды аймақтарға айналады.

Геоморфологиялық үрдістердің фациялардың қалыптасуына әсер етуі. Түрлі табиғи жағдайдағы геоморфологиялық үрдістердің дамуы мен қарқындылығы жер бедерінің морфоскульптурасын анықтайды: шыңдардың пішіндерін, беткей қималарының ерекшеліктерін, делювийлі жамылғының пайда болуын, эрозиялық тілімдену деңгейін, сырғымалы пішіндерді, қорымдарды т.б. Сондықтан, әрбір генетикалық беткей типі өзіне тән жер бедерімен, микрорельеф формасымен сипатталады. Куэстерге, мысалға, опырылмалы-сусымалы, делювийлі-сусымалы және делювийлі беткейлер сәйкес, олар тіктігімен, жарылу қабырғаларымен, борпылдақ жамылғының құрамымен, олардың қозғалу қарқындылығымен және микрорельефімен ерекшеленеді. Осылайша тік опырылмалы-сусымалы беткейде жарылу қабырғасы, опырылмалы-сусымалы беткей мен делювийлі шельф пайда болады. Дегенмен, бұл беткейлерде одан да ұсақ морфологиялық бөлшектерді анықтауға болады: жарылу қабырғасында – кертпештер, эрозиялық сызықты пішіндер т.б. Экзогенді үрдістердің қарқындылығы мен бағытына фациялардың тұрақтылығы, компоненттердің айқындығы мен сақталуы тәуелді. Сондықтан жер бедерінің морфологиялық деңгейлері мен олардың элементтерінің бітісуін бақылау өте маңызды. Бұл мәлімет жер бедерінің деңгейлері мен элементтерінің шығу тегі туралы және беткейлердің жылу мен ылғалды бөлуі туралы түсінік береді.

Фациялардың алмасуына антропогендік фактордың әсері. Әсіресе тау-кен жұмыстары, құрғату мелиорациясы, гидроэнергетикалық құрылыстарды салу ( су қоймалары, плотина т.б.), мал бағу кезінде байқалады. Осы жағдайлардағы фациялардың алмасуы фацияның, фациялар тобының, ландшафттағы қоныс тобының су және жылу режимінің өзгеруімен байланысты. Тау-кен өндіру жұмыстары нәтижесінде пайда болған карьерлер ондаған есе көп ауданды қамтитын территорияда жер асты суларының деңгейінің төмендеуіне әкеліп соғады. Осыған байланысты табиғи зонаға тән емес фациялардың қалыптасуы байқалады: тайга және орман зонасындағы карьерлер маңында далалық өсімдік түрлерінің, дамбалардың маңында, сәйкес дренажсыз болған жағдайда гидротехникалық құрылыстардың орнында ауданы бойынша бірнеше фацияларды қамтитын батпақтану үрдісі. Фациядағы фитоценоз түрлерінің күрт өзгеруіне малды шектен тыс жаю да ықпал етеді. Түрлі фациялардың сыртқы көрінісін орман кесу жұмыстары, ауыл шаруашылықтық шаралар нашарлатады.

Фация жер бедерінің бүкіл мезоформасын сирек қамтиды. Бұл үшін сәйкес жағдайлар қажет: біртекті литологиялық жыныс, бірдей дренаж, жарық пен ылғалданудың айырмашылығы елеулі емес болуы тиіс. Фация мезоформаның бір элементінің шегінде жиі қалыптасады. Микрорельеф формасы немесе оның бөлігінде де бір фация орналасуы мүмкін. Фациялардың ауданы көбінесе аз жерді қамтиды, вертикальдық бағыттағы тереңдігі дренаж зонасымен шектеледі: жер асты суларының деңгейімен, яғни су көздерімен гидравликалық байланыста болатын қабатқа дейін төмендейді. Бірақ, әртүрлі тау жыныстары қатпарланып келген жағдайда фацияның тереңдігі алғашқы су өткізбейтін қабатпен шектеледі. Жоғарғы шекарасы туралы бірыңғай ортақ түсінік жоқ. М.А.Глазовская бұл шекараны өсімдіктер жамылғысының жоғарғы ярусымен сәйкес болады деп тұжырымдады, ал көптеген ғалымдар бұл шекті ондаған метр биіктік деп анықтайды.

Қарапайым геожүйе ретінде фациялардың негізгі ерекшеліктері: қозғалмалығы, салыстырмалы тұрақсыздығы және аз уақыттығы. Бұл қасиеттер оның тұйық еместігінен, көршілес фациялардан келетін зат пен энергия ағынына бағыныштылығынан көрінеді. Олардың уақыт пен кеңістік бойынша тұрақсыздығы ең активті компонент биотаның даму ерекшеліктерімен тығыз байланысты. Фация шеңберінде биотаның абиотикалық ортаға әсері бүкіл ландшафт көлемімен салыстырғанда едәуір елеулі. Өсімдік топтарының бәсеке таластық қарым-қатынасы да елеулі рөл атқарады. Олардың сукцессиялық және зат алмасу ерекшеліктері микроклиматты өзгертеді, бірақ ландшафт климатына елеулі әсерін тигізбейді. Ландшафттардың әрбір күрделі морфологиялық бірлігіне генетикалық ұқсас фациялар тобы тән. Олар литологиялық құрамы, жылу мен ылғалмен қамтамасыз етілуі сәйкес территорияларда пайда болады

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *