“АЛТЫНАЛМАС” — Қазақстанда алтынның. асыл металдар мен асыл тастардың кен көздерін геологиялық барлау, оларды өндіру, өндеу, зергерлік бұйымдар жасауға пайдалану, экспорттық-импорттық операциялар жүргізу жұмыстарымен айналысатын ұлттық компания. 1993 ж. қыркүйекте ҚР Президентінің Жарлығымен кұрылған. “А.” 1995 ж. 17 мамырда ҚР Министрлер Кабинетінің қаулысымен жабық түрдегі акцион. қоғам болып өзгерді. Оның құрамына Ақбақай кен-байыту комбинаты, Василъков кен- байыту комбинаты, Юбилейное кен басқармасы, Алматы зергерлік бұйымдар зауыты, алтын өндірушілер артельдері мен басқа да жеке меншік ұсақ кәсіпорындар енеді. “А” шет ел компаниялары қатысатын “Алтын тас” және “Алтын Мунстоун” бірлескен кәсіпорындарының құрылтайшысы. 1996 ж. компания 5,8 т алтын, 298,2 т күміс өткізді. Осы алтынның 6%-і және күмістің 38%-і шетелге жөнелтілді. Асыл металдарды өткізуден түскен табыс 119 млн. АҚШ долларына жетті. Компанияның қаржы жағдайы тұрақты. 1996 ж. түскен пайда (5,9 млн. АҚШ доллары), негізінен, ғыл.-зерт., геол. барлау жұмыстарын қаржыландыру мен өндірісті кеңейтуге жұмсалды. Иелігіндегі кен орындарындағы анықталған алтынның қоры 450 т, болжанған қоры — 500 — 520 т.