АЛТЫНАЙ (т.ө.ж.б.) — күйші сазгер, 19 ғ-да Батыс Қазақстанда ғұмыр кешкен күйшілер тобының өкілі. Осы өңірге тән салалы ақжелең күйлері жанрының дамуына үлес қосқан. А-дың “Ақжелең” күйі осы жанрға ерекше экспрессивті, құбылмалы сипат берді. Тақырыптық мазмұнының тереңдігі, формасының динамик. және диффузиялық сипаты күйді қазіргі аспаптық музыкада кеңінен пайдалануға мүмкіндік береді. Күйдің осы қасиетін Е. Брусиловский “Ер Тарғын” операсында тамаша пайдаланды. Күй түрлі аспаптарда өз реңін жоймай, керісінше, түрлене түсетіндігімен ерекшеленеді. Қазір ол қобыз, фортепьяно, скрипка сияқты аспаптардың репертуарынан түспейтін пьесаға айналған. Күйді алғаш жеткізуші домбырашы Л.Мұхитов. Ал кейінгі орындаушылардың ішінен оның табиғатын ерекше түсінетін және ашып тартатын атыраулық домбырашы Р. Ғабдиев.