“АЛТУН ЯРУҚ”, Алтын жарық — орта ғасырларда көне түркі тілінде жазылған будда номы (сутрасы). Толық аты — “Алтун өңлүк яруқ ялтырақлы қопта көтірілміш ілікі атлық ном”. Будда дініндегі Махаяна (көне түрікше “Ұлұқ көлүңгү” деп атаған) ағымының діни қағидалары мен жол-жоралғыларын түсіндіретін бұл номды 9 – 10 ғ-да өмір сүрген Идиқұт хандығының ғұламасы, бесбалықтық монах Сыңқұсәли тұтұң көне қытай тілінен аударған. Әуелі санскрит тілінде (“Суварнап рабхасы”) жазылған “А. я.”, кейін қытай, тибет, түркі, монғол тілдеріне аударылып, будда әлемінде қастерленіп, кең таралған. “А. я-тың” 1687 ж. соңғы көшірмесінің толық нұсқасын 1910 ж. С.Е. Малов қытайдың Гансу өлкесінен тапты. Сарғыш түсті қағазға көне ұйғыр жазуымен көшірілген қолжазба 397 беттен тұрады. Қазір оның түпнұсқасы Санкт-Петербургтегі РҒА-ның Шығыстану ин-тының қолжазба қорында сақтаулы. “А. я-тың” көне ұйғыр жазуымен көшірілген бұдан ертеректегі нұсқаларының үзінділері Шыңжаң, Гансу өлкелерінің өзге жерлерінен де табылды. Алайда “А. я-тың” Малов нұсқасы қазірге дейін табылған көне түркі жазба ескерткіштерінің ішіндегі ең көлемдісі әрі толығы, сондықтан да ол ғылымда ежелгі түркі тілін және будда дінін зерттеудің аса құнды материалы ретінде айрықша бағаланады.