АЛТАЙ ҰЛАРЫ (Tetraogallus altaicus) — тауық тәрізділер отряды, қырғауьш тұқымдасының өте сирек кездесетін түрі. Қазақстанда тек қана оңт. Алтай тауларында ғана мекендейді. Марқакөл маңындағы тау жоталарында аздап ұшрасады. Таудың альпі және субальпі белдеулерінде қоныстанады. Денесі ықшам, мойны қысқа, басы кішілеу, қауырсынының түсі сұр болады. Тамағы мен мойнынын бүйір жағында қызыл қоңырмен көмкерілген ақ дағы бар. Тұмсығы — қызғылт түсті. Салм. 2,5 — 3,5 кг-дай. А. ұ. — отырықшы, саққұс. Қоректенуге таңертеңгілік және кешкілік шығады. Шөптесін және бұталы өсімдіктермен қоректенеді. Өніп-өсуі мамыр — маусымда өтеді. Жұптасқан құстар көбейер алдында ғана бірін— бірі қуып, ерекше “ойын” өткізіп, шағылысады. Ұяларына 7 — 10 жұмыртқа салып, 28 — 30 күнде балапандарын өргізеді. А. ұ. — пайдалы құс, өте сирек кездесетін болғандықтан, қорғауға алынып, Қазақстанның “Қызыл кітабына” енгізілген (1996).