ФАУСТЫҚ МӘДЕНИЕТ— неміс мәдениеттанушысы О. Шпенглер енгізген ұғым. Оның «Еуропаның ақыры» («Закат Европы») атты шығармасында мәдениеттің бірінен кейін бірі келіп отыратын екі түрлі құрылымы жайында сөз болады. Оларды О.Шпенглер апполондық және фаустық деп атайды. Қазіргі заманда өзінің рухани-шығармашылық мүмкіншілігін сарп етіп, өлі өркениеттілік күйіне өтіп бара жатқан батыстық мәдениетті О.Шпенглер Ф.м. деп анықтайды. Өйткені европалық мәдениеттің берілген шекараны мойындамай, қол жеткізген нәтижесіне көңілі толмай, таңсық әлемді шексіз игеруді мақсат тұтқан рухы Гетенің шығармасындағы жаны тыныштық таппай безілдеген Фаусты еске салады. Сондықтан да О.Шпенглер европалық мәдениеттің рухани рәмізі ретінде Фауст бейнесін алып, оны Ф.м. деп айтады. Ф.м. түсіну үшін оның апполондық мәдениеттен айырмашылығын анықтау керек. Антикалық «апполондық мәдениеттен» Ф.м. өзінің шексіз шалғайға, түпсіз түңғиыққа талпынысымен, экспансивтілігімен (жаңа территорияларды жаулау ықыласымен), әлемді қайта құруға қүштар шығармашылық рухымен, табиғатқа өктемдік жасауға бейімділігімен ерекшеленеді. Билік және реттілік — Ф.м.-тің мақсаты. Білім арқылы әлемнің сырын ашуға болатын болса, «білім-күш» деп, оны өктемдік ету құралы мақсатында дамыту ісі еуропалықтардың ашқан жаңалығы.