АЛТАЙ ТІЛ БІЛІМІ (Altaic linguistics; Altaischen Studien) алтаистика — Алтай тілдерінің және фин-угор, жапон, корей, т.б. тілдердің шығу тегін, туыстық қатынасын, даму барысын, байланыс-қатыстылығын кең көлемде зерттейтін жалпы тіл білімінің салыстырмалы дербес саласы. 18 ғ-дан “Орал- Алтай тілдерінің төркіндестігі” туралы алғашқы болжамдар, пікір-ұсыныстар Ф.И. Страленберг, В. Шотт, Ф.Е. Видлеман, О. Бетлингк, Г. Винклер, М.А. Кастрен, Ю. Немет, В. Банг, И. Грунцел, А. Вамбери, т.б. зерттеушілердің еңбектерінде айтыла бастады.
А. т. б-нің тиянақталып қалыптасуына түркітану, монғолтану, тұңғыс-манжұртану, т.б. салалардағы іргелі ғыл. зерттеулер, нақтылы тілдік деректердің жариялануы көп септігін тигізді. Сөйтіп осы тілдердің материалдарын өзара салыстыра зерттеудің барысында фонетик., лексик., мор- фол., синтакс. деңгейде сәйкес құбылыстар мен ортақ тілдік заңдылықтар айқындалды. Мұндай тіларалық ұксастықтар, ортақ белгілер нәтижесінде олардың генеалог. тектестігі аңғарылды. Сөйтіп А. т. б- нің ең негізгі мәселесі — “Алтайлық тек тіл теориясы” тиянақталды. Бұл теория бойынша, қазіргі түркі, монғол, тұңғыс-манжұр тілдері өте ерте дәуірде бір тілден тарап өрбіген, шығу тегі төркіндес болып есептеледі. Бұл төркіндестікке жапон, корей тілдері де қатыстырылып келеді. Осы теорияны жақтаушы, көрнекті алтайтанушылар Г.И. Рамстедт, Е.Д. Поливанов, Н.Н. Поппе, Б.Я. Владимирцов, В.И. Цинциус, О.П. Суник, Л.Г. Герцемберг, Н.А. Сыромятников, Н.А. Баскаков, Б. Базылхан, Ш. Хаттори, Ш.Озава, А.Г. Азербаев, С.А. Старостин, Г. Мижидцорж, Т. Томортогоо, М. Базаррагиаа, т.б. ғалымдар осы тілдерді бір баба тілден деп тұжырымдады. Ал бұған қарсы, осы теорияны жоққа шығарушы В. Котвич, Дж. Клоусон, Г. Дерфер, Л. Лигети, А.М. Щербак және бұл мәселеге күдікпен қарайтын Д. Шинор, И. Бенцинг, Г.Д. Санжеев, т.б. ғалымдар бұл тілдердегі ұқсастықтар, ортақ белгілерді тілдердің тоғысу, араласу, қосылу процестерінің салдары деп түсіндіреді. Сондықтан Алтайлық тек тіл теориясы тарихи-салыстырмалы және тарихи-типол. екі тәсілмен зерттеле келіп, теор. екі бағытқа айналды. 1-бағыт өкілдері қазіргі түркі, монғол, түңғыс-манжұр, жапон, корей және фин-угор тілдерінің о бастағы шығу тегінің ортақтығын дәлелдесе, 2-бағыт өкілдері осы тілдер о бастан бүгінге дейін жеке-жеке тілдер болды (немесе бір тілден екінші тіл туындаған) деп есептейді. Зерттеушілердің басым көпшілігі бұл тілдер әуелі «бір негізгі тілден» салаланып дамыған деген теор. тұжырымды дәлелді деп, тарихи-салыстырмалы тәсілдің оң нәтиже беретіндігін, аса мол тілдік деректердің сәйкестігін алға тартады. Осы тілдердің фонет., лексик., морфол., синтакс. құрылысынан көптеген салыстырмалы деректер жарияланып келеді. Алтай тілдерінің мынадай ортақ белгілері анықталған: дыбыс үндестігі заңы, дауыстылар мен дауыссыздар үндестігі, түбір морфема (немесе түбір сөз) тұрақтылығы, оған жалғанатын қосымша морфемалардың жалғамалы жүйесі, тәуелдік жалғаулары, төл сөздік қордағы кейбір тұрақты атаулар, сұрау шылаулары болатындығы, анықтауыш, анықталушы және сөйлем құрылысының орын (бастауыш, баяндауыш) тәртібі сақталатындығы, есімше, көсемше оралымдарының жиі қолданысы, т.б.
Ғалымдардың зерттеулерінде осы тәрізді ұқсас құбылыс, ортақ заңдылықтар туралы сан түрлі ұсыныс, толықтырулар мен қарама-қарсы пікірлер баршылық.
А. т. б-ндегі жаңа теор. тұжырымды қазақ ғалымы проф. Б.Базылхан ұсынды. Оның «өзек тіл» деп атаған түркі, монғол (қазақ, монғол) тілдерін және тұңғыс-манжұр, жапон, корей тілдерін тарихи- салыстырмалы әдіспен зерттеуі нәтижесінде мынадай қорытынды тиянақталды: о баста алтайлық бір ғана тек тіл болды. Осы бір текті тілден қазіргі алтай төркіндес түркі, монғол, түңғыс-манжұр, жа- пон, корей тілдері эволюция- лық дамудың 1. «ым тіл» дәуірін; 2.»келте сөз» дәуірін; 3. “күрделі сөз” дәуірін бастан кешіріп, қазіргі дербес тілдер деңгейіне жетті. Зерттеуші ғалымдар түркі, монғол, тұңғыс-манжұр тілдерінің туыстығын, ортақтығын, жалпы заңдылықтарын тілдік нақтылы деректермен айқындап, дәлелдеп келеді. Соның ішінде әрбір тілдің сөзжасам жүйесіндегі түбір және қосымша морфемалардың сәйкестігі ең өзекті, басты туыстық қатынастардың дәлелі ретінде зерттелді. Ал бұл тілдерге жапон, корей (Азербаев, Старостин, т.б.) және финугор (М. Рясянен, X. Паасонен, Б. Коллиндер, Б. Мункачи, Д. Фокох-Фукс, Дж.Г. Киекбаев, т.б.) тілдерінің, сонымен қатар америкалық майя, кечуа, сиу, т.б. тілдердің (С. Викандер, М. Арибжанов, А. Каримуллин, т.б.) төркіндестігі, туыстығы жайында қызықты да соны дәлелдер, талдаулар жүргізілді. А. т. б-нің теор. мәселелері: бабаалтай тілінің құрылымы, тілдердің салаланып өрбіген хронол. кезеңдері, туыстық қатынас дәрежелері, тілдік құрылысты тұтасымен қамтитын ортақ негізгі заңдылықтары, т.б. мәселелер толық шешімін тапты деп айту әлі ерте. Сол себептен де, осы тілдер бойынша тарихи-салыстырмалы, салғастырмалы диахрондық, синхрондық зерттеулерді толығырақ жүргізу қажет.
А. т. б. мәселелері бойынша 1957 жылдан бері жыл сайын өтіп келе жатқан алтайтанушылардың халықаралық Конференциясы (DIАК — Тһе Permanent International Altaistic Conference) көп жұмыс атқарды. ҚР ҒА-ның Шығыстану орталығының ұйымдастыруымен 1993 ж. маусым айының 2 — 5 күндері Алматы қ-нда А. т. б-нің кезекті 36-құрылтайы өткізілді. Бұл халықаралық сессияға АҚШ, Ресей, Түркия, Германия, Жапония, Бельгия, Корея, Монғолия, Қалмақ, Тува, Қытай, Венгрия, Қырғыз, Израиль және т.б. елдерден 75, Қазақстаннан 25 ғалым-зерттеуші қатысып (тарих, мәдениет, философия, т.б. салалары бойынша), 100-ден астам баяндамалар талқыланды. Құрылтай барысында Қазақстан ғалымдарының түркітану және қазақ тіл білімі саласындағы іргелі еңбектерінің А. т. б. үшін орасан зор маңызы бар екені айқындалды.