АЛТАЙ МЕТАЛЛОГЕНИЯ АЙМАҒЫ 

АЛТАЙ МЕТАЛЛОГЕНИЯ АЙМАҒЫ — Алтай тауы сілемдеріндегі белгілі геологиялық заңдылықпен орналасқан кенді белдеулер мен белдемдер жүйесі. Ол Алтай тауларын және Қалба жотасын, Дегелең мен Шыңғыс тауларының бөлігін қамтиды. Аймақ оңт.-шығыстан солт.-батысқа қарай бір-біріне тетелес созылған 8 кенді белдеулерден тұрады. Олардың алтауы: Таулы Алтайдың сирек металды (W, Мо), Кендіжәне Оңт. Алтайдың полиметалды, Қалба мен Нарын жоталарының сирек металды (W, МоSn, Та, Nb, т.б.), Батыс Қалбаның алтынды, Дегелең мен Қандығатай тауларының сирек металды (W, Мо), Шыңғыстаудың мысты-алтынды белдеулері Қазақстан аумағына толық немесе ішінара енеді. Бұлардан басқа кейбір белдеулердің ішінен кенді белдемдер (Шар алабыньщ сынап және Қаршыға пирротинді мыс белдемдері) өз алдына жіктеледі. Белдеулердің алып жатқан ауданы мен олардағы кен қоры әр алуан. Мыс.,. Кенді Алтайдың полиметалл белдеуінде Зырян, Лениногор, Тишин, Березов сияқты алып кен орындары орналасқан. Олардан қорғасын, мыс, мырыш, сондай-ақ алтын, күміс, кадмий, селен, теллур, мышьяк, сүрме, индий, галлий, т.б. 20-дан астам сирек кендер алынады. Аймақтың кенді белдеулері терең жарылымдармен бөлінген. Әр белдеуде тек белгілі кентас формациялары мен металдар тобы басым болып келеді. Сондай-ақ жоғарғы және төменгі темп-рада пайда болған белдеулер өзара ауысып, қатарласып отырады. Алтай кендерінің белдеулене орналасу заңдылығын ашу (Қ.И. Сәтбаев, И.Ф. Григорьев, В.П. Нехорошев, А. Қайыпов, Ж. Айталиев, Г.Н. Щерба, т.б.) кен іздеу және барлау жұмыстарын ғыл. негізде жүргізуге мүмкіндік берді; қ. Кенді Алтай. 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *