Даосизм — қоршаған дүниенің құрылымы мен тіршілігінің негізін түсіндіру және адам, табиғат пен ғарыштың игілікке апаратын жолын табу мәселесін қарастырады.
Даосизмнің негізін б.з.д. VI ғ. соңы — б.з.д. V ғ. басында өмір сүрген Лао Цзы (Қарт ұстаз) салды. Даосизмнің қайнар көзі — «Дао-Дэ- цзин» деп аталатын философиялық трактатта көрсетілген. «Дао» — «жол, алғашқы бастама, алғашқы түпнегіз» деген мағынаны білдіреді. Дао-заттардың табиғи өсу, өнуімен бірге, әлемнің негізін құрайды. Бүкіл әлем Дао заңына бағынады. Даосизм философиясының негізгі мәселесі — ұлы Дао туралы, жалпылама Заң және Абсолют туралы ілім. Даоны ешкім жасаған жоқ, бірақ бәрі де содан тараған. Дао барлық жерде, әрқашан, әр уақытта, шексіз өз үстемдігін жүргізеді. Оны сезім арқылы көруге, естуге болмайды. Дао табиғаттың, қоғамның, адам мінезі мен ойының табиғи, бірақ көрінбейтін заңы. Оның бастамасы да, аяғы да жоқ. Сондықтан ол атаусыз. Ол уақыт пен кеңістіктен тәуелсіз, солай бола тұра, жарық дүниедегі барлық нәрсенің негізі мен бастамасы, аты мен түрі. Дао сансыз заттарды жасаса да, әрекетсіз күйін сақтайды; бос қуыс сияқты, бірақ мәңгі, таусылмайды, оларды әруақытта реттейді.
Ұлы аспанда Даоның ықпалында. Өмірдің мәні де, мақсаты да, оны танып білу, соның тәртібіне еру, сонымен жарасу. Даоны тану дегеніміз табиғаттың заңын ұғыну және сол тәртіпке үйлесе білу.