АЛТАЙ АРҚАРЫ

АЛТАЙ АРҚАРЫ (Ovis ammon ammon) — жүптұяқтылар отряды, қуысмүйізділер тұқымдасының бір түрі. 19 ғ-дың басында батыс және оңт. Алтай т-ларында кең таралған. Осы ғ-дың 70-жылдарында бұл тауларда ол жойылып кетті. Қазақстанда қазіргі кезде А. а. Күршім жотасында, Қалмашық өз-нің жоғарғы ағынындағы биік тау беткейлерінде және Бұқтырма бөгенінің солт.-шығыс жағындағы тауларда тіршілік етеді. Негізінен, теңіз деңгейінен 800 — 3000 м биіктіктегі тау шалғындарында мекендейді. Жазда таудың альпі және субальпі белдеулерін мекендесе, күз түсе тау етектеріне қарай қоныс аударады. Қошқарының шоқтығының биікт. 125 см-ге, мүйізінің ұз. 129 см- ге дейін жетеді. А. а. дәнді дақылдармен, шөптесін өсімдіктермен қоректенеді. 3 жаста жыныстық жағынан жетіледі. Қазан — қарашада күйлеп, сәуір — мамыр айларында төлдейді. Әдетте жалқы қозы туады. Қозысын келесі күйлеу мерзіміне дейін емізеді. А. а. — өте бағалы аң. Дәл қазір олардың Қазақстандағы жалпы саны 60 бастай болады. Саны азайып, таралу аймағы қысқарып бара жатқандықтан қорғауға алынып, Қазақстанның “Қызыл кітабына” енгізілген (1996).

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *