АЛПТЕКИН Айса Иүсүп (1901, Қашқар, Иенигисар қышлағы — 17.12.1995, Стамбұл) — саясатшы, мемлекет қайраткері. Қашғар аймағындағы Хажы Маһдум, Рузй Ахун Халфетим медреселерін бітірген (1925). Қытай мемл- нің Әндіжандағы (Өзбекстан) консулдығында кеңесші (1926 — 32), Шыңжаңда “Шығыс Түркістан отаншылдары қоғамын” құрушылардың бірі (1932). Шығыс Түркістан өлкелік үкіметінің мүшесі (1944), бас хатшысы (1947 — 48) болды. Қытай, Ресей мемл-тері тарапынан түрікшілдік көзқарастары үшін қуғындалып, Түркияға қоныс аударды (1953 — 65). Мұнда әріптестерімен бірге “Шығыс Түркістан көшпенділері қоғамын” құрды (1960). Қоғамның төрағасы Мәмәтимин Буғра өлген соң, осы қоғамның басшылығына сайланды (1965).
Шығыс Түркістан мәдениеті, өркениеті және т.б. кешенді мәселелердің шешімін табу үшін Америка, Германия, Франция, Швеция, Пәкстан, Египет, т.б. елдердің басшыларымен байланыс орнатып, жалпы түркі рухани дүниесі мәселелерінің әлемдік деңгейде қаралуына үлес қосты.