АЛМАТЫ ШИҚЫЛДАҒЫ(Juno almaatensis) — құртқашаш тұқымдасының шиқылдақ туысына жататын көп жылдық жуашықты өсімдік. Іле Алатауының Ұзынағаш, Шамалған маңындағы тау етегінде өте сирек кездеседі. Биікт. 10 — 15 см болады, жуашығы жұмыртқа тәрізді келеді. Қысқа сабағын 4 — 8 орақ сияқты қайырылып келген ұзын жапырақтары жауып тұрады. Сары жасыл түсті 1 — 3 гүлі бар. Наурыз — сәуір айларында гүлдейді, мамыр — маусымда жеміс береді. Тұқымынан, жуашықтарынан көбейеді. А. ш. — сәндік, әрі сирек кездесетін өсімдік. Сондықтан қорғауға алынып, Қазақстанның “Қызыл кітабына” енгізілген.