АЛМАТЫ ХАЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ, Алматы қалалық қазақ әдебиеті мен өнері халық университеті — 1963 ж. М. Әуезов үйі ғылыми-мәдени орталығында халыққа ғылыми-көпшілік білім тарату мақсатымен ашылған қоғамдық негіздегі оқу орны (ректоры ҚР ҒА-ның корр. мүшесі, проф. Рахманқұл Бердібай). Халық ун-тінде қазақ халқының көрнекті мәдени, әдеби, фольклорлық, тарихи ескерткіштері, аса ірі қайраткерлері туралы 500-ден астам сабақ-дәріс өтті (1998). Ертедегі ғұндар, Түрік қағандығы, оғыз-қыпшақ бірлестігі, Қарахан мемл-і, Жошы ұлысы, Алтын Орда, Ноғай ордасы, Қазақ хандығы дәуірінің тарихи, мәдени, рухани өміріне қатысты тақырыптар қамтылды. Аттиланың (Еділдің) Еуропа елдері әдебиетінде бейнеленуі, Күлтегін, Білге Қаған жазулары, “Оғызнаманың” жанрлық ерекшелігі, Қорқыт Ата, Әбу Наср әл- Фараби мұрасы, Махмұд Қашқари, Жүсіп Баласағұни, Қожа Ахмет Иасауи, Ахмед Иүгінеки еңбектері көпшілікке жүйелі таныстырылды. Халық ун-тінің сабақтарын жүргізуге тандаулы мамандар шақырылды. Акад. Ә. Марғұлан, ҚР ҒА-ның корр. мүшесі А. Машанов, археолог Қ Акышев, тілші-ғалым Қ. Өмірәлиев, жазушы-ғалым М. Мағауиннің сабақтары жұртшылық назарын аударды. Домбырашылық өнердің бір арнасы — шертпе күй орындаушыларын тауып, олардың репертуарын халыққа кеңінен таныстыру ісіне де халық ун- тінің сіңірген еңбегі үлкен. Ұмыт қалған немесе “жоғалдыға” саналған бірталай муз. аспаптар Б. Сарыбаевтың еңбегінің арқасында қайтадан қатарға қосылды. Жұртшылық шаңқобыз, шертер, жетіген, аса таяқ, сыбызғы, дабыл, т.б. аспаптармен танысты.
Ун-ттің магнитофонға түсірген дәріс мәтіндері архивтік қымбат қазынаға айналды.