“АЛМАТЫ ФИЛИП МОРРИС” ТЕМЕКІ КОМПАНИЯСЫ — Қазақстандағы темекі өнімдерін шығаратын ірі кәсіпорын. Алғаш ферментация зауыты болып салынған кәсіпорын құрылысы 1933 ж. басталып, 1936 ж. аяқталды. 1- дүн. жүз. соғыс жылдары Ресей мен Украинадан көшіп келген темекі ф-каларының жабдықтары негізінде зауыт қуаты екі есе артты. Кейін кәсіпорында сигарет жасайтын станоктар орнатылды. 1958 ж. зауыттың цехтары бірігіп, комбинатқа айналды. 1965 ж. папирос шығаратын екі үдемелі технол. желі іске қосылды. Комбинат 1993 ж. халықар. тендер нәтижесінде жекешелендірілді. Тендерді ұтқан Филип Моррис компаниясы (АҚШ) жарғы капиталын иелену жөніндегі ҚР-мен жасалған шарт бойынша комбинатты сатып алды. Қазақстан тарихында бұл қолма-қол ақшаға жекешелендірілген бірінші жоба еді. Алматы темекі комбинаты ораулы өнім шығаратын әлемдегі аса ірі Филип Моррис темекі компаниясының бөлімшесіне айналды. Компания өндірісті жаңғыртуға, жабдықтауға, темекі өндіруге және республикада темекі өсіруге 340 млн. АҚШ доллары көлемінде қаржы жұмсады. 1994 ж. Алматы обл-нда жаңа темекі ф-касын салуға кірісті. Компания сигареттің жергілікті маркаларының сапасын халықар. стандарт деңгейіне көтерді. Өнім көлемі 1993 жылғы 10 млрд. темекі бірлігінен 1997 ж. 18 млрд-қа көбейді. Сигареттің кейбір халықар. өтімді маркаларын шығара бастады. Бес жыл ішінде (1993 — 97) мемл. бюджетіне салық түріңде 128 млн. АҚШ долларын төледі. Компания Қазақстанда бизнеспен шұғылданатын компаниялар арасында жетекші орында.