АЛМАТЫ ТЕМІР ЖОЛЫ — Қазақ темір жолының Алматы, Тараз, Семей, Шымкент және Шу бөлімшелерін қамтыған торабы. Пайдалану ұз. 3086 км. Ірі тораптық ст-лары 1-Алматы, Семей, Защита, Аягөз, Ақтоғай, Зырян, Шу. 1977 ж. Қазақ темір жолын ірілендіру кезінде құрылған. Оның қалыптасуы Түркістан — Сібір (Түрксіб) т.ж. құрылысынан басталған. 1931 ж. 1 қаңтарда ұз. 1444 км Түрксіб т.ж-ы тұрақты пайдалануға берілді. 1931 — 32 ж. Локоть — Защита және Защита — Лениногор желісі тартылды. Бұдан соң жолдың Көксу — Текелі тармағы салынды. 1953 ж. Өскемен — Зырян, 1985 ж. Саяқ — Ақтоғай желілерінің құрылысы аяқталды.
1959 ж. жұмыс істей бастаған ұз. 304 км-ден астам Ақтоғай — Дружба темір жол торабы да осы жол бойында. 1991 ж. Дружба — Алашанькоу (Қазақстан мен Қытай арасында) мен 1996 ж. Теджен – Серахс — Мешхед (Түрікменстан мен Иран арасында) шекаралық т.ж. өткелдерінің құрылысы аяқталуы еліміздің Тынық мұхит пен Жерорта т. жағалауының айлақтарына шығуына жол ашты. Тегеран — Бендер — Аббас (Иран) т.ж. желісі Республиканы Парсы шығанағымен жалғастырды. Сөйтіп ежелгі Ұлы Жібек жолы бойында Трансазия темір жол торабы жасалды, осының нәтижесінде Азия — Тынық мұхит аймағымен, Еуропа, Таяу Шығыс елдері арасындағы жол қысқарды. Дружба — Алашанькоу шекара өткелі арқылы Алматы — Үрімжі — Алматы бағытындағы халықар. жолаушылар поездарының жүйелі қозғалысы болашақта Пекинге жалғастырылмақ. 1995 ж. шекаралық Дружба ст. арқылы ҚР-нан ҚХР-на тасылатын жүктің көлемі 1,7 млн. т-ға жетті. 2000 ж. оны 15 млн. т-ға жеткізу көзделіп отыр. Жүк өткізу мүмкіндігін қамтамасыз ету үшін жолдың қуаты мен сенімділігін арттыру, Ақтоғай — Дружба т.ж. желісін нығайту шаралары жүзеге асырылды.