АЛМАТЫ ТЕЛЕДИДАР МҰНАРАСЫ — радиотеледидар хабарларын тарататын станса кешені. 1975 — 84 ж. Алматы қ.маңындағы теңіз деңгейінен 1000 м биік Көктөбе беткейіне тұрғызылған (арх-лары: Н.Г. Терзиев, А.Н. Савченко; конструкторлары: Н.К. Акимов, Б.В. Остроумов). Мұнараның биікт. 372 м, онда екі жүрдек лифт және арнаулы жүк көтергіш механизм жұмыс істейді. Темір-құйматасты іргетасы (көлемі 15 мың м2), биікт. 20 м үш қабатты секциялы подвалдан және биікт. 12 м екі қабатты техникалық үйден тұратын біртұтас қорапты құрылым. Діңгегінің металл бөлігі 18,5 м профильді анодталған алюминий панельдермен қапталып, кейбір тұстары шыны витражбен бөлінген. 146 м биіктігінде қала көркін тамашалауға арналған алаң бар. Ал 252 м биіктікте антениалық-фидерлік жүйелерді тех. қадағалау қызметі бөлімі орналасқан. Мұнара биікт. 114 м секциялы металл антенна этажеркасымен бітеді. Әр секцияда теледидар мен радио хабарын таратуға арналған антенналар бар. Ол антенналар арқылы 80 — 190 км радиуста 5 арнада телехабар және 4 арнада радиохабар толқындары таратылады. Тех. қызметке арналған үйдің бірінші қабатында телерадио хабар стансасы, байланыс аппараттары мен гидроқызметті қадағалайтын басқару құралдарымен жабдықталған кабинеттер бар. Екінші қабатта мұнараның көру алаңынан қаланы тамашалағысы келетіндерді қабылдап, оларды алаңға жеткізуді ұйымдастырушыларға арналған бөлмелер орналасқан. А. т. м. сейсмикалығы (10 балл) жоғары таулы ауданда бой көтерген бірегей кешен.