Әбу Насыр Әл- Фараби – дүние жүзілік мәдениет пен білімнің Аристотельде кейінгі екінші ұстаз атанған данышпан, философ, энциклопедист ғалым, әдебиетші, ақын.
Ол Арыс өзенінің Сырдарияға құяр беріс сағасындағы ежелгі Отырар қаласында туылған. Отырар – бір жағы көшпелі мал шаруашылығын кәсіп еткен, екінші жағы отырықшы егіншілікпен айналысатын түрлі түркі ру – тайпаларын өзара байланыстырып тұрған буын іспеттес қала болған. Бұл шаһарды араптар Фараб деп атаған. Сол бойынша ұлы ұстаз Әл Фараби атанып кеткен.
Әл Фарабидің толық аты- жөні: Мұхаммед ибн Мұхаммад ибн узлағ Тархани – деп жазылатын болған. Мұндағы «тархан» сөзі екі нәрсені аңғартады: біріншіден, әл Фарабидің түркі тектес ру тайпалардан шыққанын білдіреді. Екіншіден, оның ата – бабасы дәулетті, қыпшақтар арасында есімі белгілі кісілер болғанын көрсетеді, өйткені қыпшақтардың атақтылары ғана дәстүр бойынша «тархан» деп аталатын болған.
Жастайынан асқан зерек, ғылым өнерге мейілінше құштар болып өскен әл Фараби алғашқы білімін туған жері Отырарда қыпшақ тілінде алады. Ол өсе келе өз заманының аса маңызды ғылым мен мәдениет орталықтары: Бағдат, Қорасан, Дамаскі, Каир, т.б. шаһарларда болды. Сол қалаларда оқыды, еңбек етті. Шығыстың осы шаһарларында олөз дәуірінің ең көренкті ғалымдары мен көркем сөз зергерлерімен танысады. Олардан тәлім- тәрбие алады.
Әл Фараби өзінің түркі тілімен қатар араб, парсы, грек, латын, санскрит тілдерін жетік білген жан. Ғылыми шығармаларын, өлең жырларын өз дәуірінің рухани ғылыми тілі саналған, араб тілінде жазды.
Ғұлама- ғалым ретінде әл -Фараби атсалыспаған, зерттеу жүргізбеген ғылым саласы жоқ деуге болады. Ол философия, логика, математика, астрономия, медицина, музыка, тіл білімі, әдебиет теориясы, т.б. ғылым салалары бойынша көп ғылыми еңбектер жазды. Алайда оның көптеген шығармалары ел арасында қолжазба күйінде тарап, бірте- бірте жоғалып қала берген. Фараби еңбектерінің кейбір тізімдері ғана сақталған. Соның өзінде ұлы ғалым еңбектерінің саны жөнінде нақтылы деректер жоқ. Мәселен, Фараби шығармаларының санын неміс ғалымы Ш. Штейшнейдер 117 еңбек десе, түрік ғалымы А.Атеш 160, ал совет ғалымы Б. Ғафуров 200 трактат деп көрсетеді.
Фарабидің «Ақылдың мәні туралы трактат», «Данышпандықтың інжу маржаны», «Ғылымдардың шығуы», «Философияны оқу үшін алдымен не білу керек», « Аристотель еңбектеріне түсіндірме» («Поэтика», «риторика», «Софистика» т.б.) сияқты зерттеулері оның есімін әлемге философ ретінде танытты.
Әл Фарабидің әлеуметтік қоғамдық және этикалық көзқарастарын танытатын туындылары да аз емес. Бұл тұрғыдан алып қарағанда, әсіресе, «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары», «Бақыт жолын сілтеу», «Азаматтық саясат», «Мемлекеттік қайраткерлердің нақыл сөздері», «Бақытқа жету жайында» деген сияқты еңбектерінің мәні ерекше зор.
Әл Фараби «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары» атты кітабында қоғамдық, әлеуметтік ,этикалық мәселелерді сөз етеді. Ғалым бұл шығармасында мемлекеттің пайда болуы, ондағы теңсіздіктің өмірге келуі, идеал қала халқының моральдық бейнесі, мұндай қала әкімдеріне қажетті адамгершілік қасиеттер, әрбір адамның бақытқа жетуі үшін бүкіл қоғам болып, бірігіп тіршілік ету керектігі, т.б. мәселелер жайындағы өз пікірін ортаға салады.
Әл Фараби әдебиет теориясымен де жан – жақты шұғылданған ғалым. «Өлең ырғағы туралы», «Ырғақ пен өлең туралы сөз», «Поэзия өнерінің негіздері туралы трактат», «Өлең кітабы», т.б. және көптеген әдеби терминдерге анықтама береді.
Әл Фарабиді әлемге танытқан, музыка теориясына арналған шығармаларының бірі — « музыканың үлкен кітабы» атты еңбегі. Ғұлама бұл еңбекте математикалық тәсілдер пайдалану арқылы музыкалық дыбыстарды тұңғыш рет қағаз бетіне түсіріп, нотаны алғаш дүниеге әкелген. Ол тек музыка теориясын жазып ғана қоймай, музыкалық аспаптарды да қолдан жасап, сол аспаптарда керемет ойнай білген. Қазақ домбырасының атасы – асқан музыкант Әбу Насыр әл Фараби десек қателеспеген болар едік.
Араб музыкасының жалпы тарихын жазған белгілі ғалым Г. Фармер: «Барлық ғылымдар саласында әл Фараби екінші ұстаз, ал музыка саласын алатын болсақ, әл Фараби бір өзі ғана бас кароль болып табылады. Басқаша айтқанда, музыка саласында әл Фарабиге үлгі боларлық бірінші ұстаз боларлық адам болмаған», дейді.
Сонымен қатар әмбебап, энциклопедист, ғалым әл Фарабидің жақсы дарігер болғаны белгілі. Ол медицина ғылымы жөнінде пікірлер айтып қана қоймай көлемді еңбектерде жазған. «Жүрек- басты мүше, мұны тәннің ешқандай басқа мүшесі билемеиді. Бұдан кейін ми келеді, бұл да басты мүше, бірақ мұның үстемдігі бірінші емес»,- деп адам ағзасы мүшелерінің қызметін де айқындап берген. Әл Фараби ғылыми еңбектерді көп жазған. Бірақ өз еңбектерін жинап, тәртіпке келтіріп қоюға онша ұқыпты қарамаған тәрізді. Оның саяхатшылық өмірінің өзі де оның еңбектерінің жоғалып кетуіне себеп болған. Солай бола тұрса да оның жазған еңбектерінің белгілі санының өзі жүзден асады. Әл Фараби ғылымдарды төмендегідей топтарға бөледі:
- Тіл туралы білім және оның бөлімдері
- Логика және оның бөлімдері
- Математикалық ғылымдар
- Физика мен метафизика және оның бөлімдері
- Азаматтық ғылым және оның бөлімдері, құқық және дін.
Әл Фараби бүкіл түркі дүниесінің ғұламасы. Оның еңбектеріне таң қалған әлем ғалымдары және ізбасар шәкірттері ол жайында көптеген естеліктер мен пікірлер айтқан. Ұлы ойшыл Ибн Сина тарихшы ғалымдардан Захируддин әл – Байхакий, Жамолуддин ибн әл- Кифтий, Ибн Әби Усайбиа, Ибн Халликон сияқты атақты ғалымдар өз шығармаларында ұлы философ әбу Насыр әл Фараби жөнінде кейбір мәлеметтер беріп кеткен. Белгілі шығыстанушы ғалым А. Ирисов солардың бірқатарын араб тілінен өзбекшеге аударып жариялаған екен.
« Исламда Әбу Насырға тең түсер адам туған жоқ, оның ілімін қастерлегендер екінші ұстаз деп дәріптеді. Дүниеде төрт ғажап адам болған. Олар: Аристотель мен Александыр Афродизеиский және Әбу Насыр мен Әбу әли Ибн Сина»,- дейді араб тарихшысы Захир ад- дин әл Байһақи .
«Әл Фараби Аристотельдің «физикасын» қырық рет, «риторикасын» екі жүз рет, «жан туралы» атты кітабын жүз рет оқыған екен, неткен таңғаларлық еңбек», деп немістің ұлы философы: Г. Гегель таң қалысын жасыра алмайды.
Қорыта айтқанда, азамат ақын М. Шаханов: « Арман» деп аталатын балладасын да жас Фарабидің Отырар өңірінде білімге құштар болып өсіп келе жатқанын кейіннен әлемге танымалы ғалым болғанын тамаша суреттеп жазған. Баллада аяғында ақын:
Ал, Әбуше?
Кеңге жайды ол қанатын
Әбуіміз әрі ғалым әрі ақын
Әбуіміз біздің ұлы бабамыз
Әбу Насыр Әл Фараби болатын.
Әдебиеттер:
- Келімбетов Н. «Қазақ әдебиетінің ежелгі дәуірі» А; – 1996 ж.
- Қыраубаева А. «Ежелгі дәуір әдебиеті» Астана; – 2001 ж. «Елорда»
- Келімбетов Н. Қанафин Ә. «Түркі халықтары әдебиеті» А; 1996 ж.
- Келімбетов «Қазақ әдебиеті бастаулары» А; «Ана тілі» ,– 1998 ж.
- Айдаров Ғ. «Көне түркі жазба ескерткіштерінің тілі» А; – 1986 ж.
- Дербісалиев Ә. «Қазақ даласының жұлдыздары» А; – 1995 ж.
- Жолдасбеков м. «Асыл арналар» А; – 19986 ж.
- Диваев Ә. «Тарту» А; – 1992 ж.
- Қоңыратбаев Т. «Көне мәдениет жазбалары» А; – 1991
- Марғұлан Ә. «Ежелгі жыр, аңыздар» А – 1985 ж.
- Қыраубаева А. «Ғасырлар мұрасы» А –1988 ж.
- Машанов Ә. «Әл Фараби» А – 1971 ж.