Қорқыт ата кітабы

 

      Қорқыт ата түркі халықтарының бәріне  ортақ ұлы  ойшыл-кемеңгер, жырау, күйші, қобызшы.Ол туралы деректер 3 түрлі жолмен жеткен: 

1.Ел аузындағы аңыздан.

2.Тарихи шежірелерден.

3.«Қорқыт ата кітабынан».

«Қорқыт ата кітабы»- түркі тектес халықтардың  ежелгі тарихын,  байырғы тұрмысын,  әдет-ғұрпын, салт-санасын, ақындық дәстүрін танытатын эпикалық әрі  тарихи мұра.Қорқыт ата хикаясы-VII-VIII ғасырларда Сырдария  бойын мекен  оғыз-қыпшақ  тайпалары арасында туып, сан ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа тараған, рухани қазына ретінде бүгінгі күнге  дейін өзінің  әдеби, тарихи, этнографиялық т.б.  мәнін жоймаған, аса  құнды көркем туынды.

       Мазмұны жағынан сан қилы болып келетін  аңыздардың бірінде  де Қорқыт ата  ажалдан қашып, мәңгі өлмейтін  өмір ізейді. Сол үшін өзінің желмаясына мініп алып, дүниенің төрт бұрышын түгел аралайды. Ол қайда барса да алдынан көр, яғни  мола қазып жатқан адамдар шыға береді. Олардан: «Бұл кімнің көрі?» -деп сұрайды. Бәрі де  бірауыздан: « Қорқыттың көрі»-деп жауап береді. Қазақтың қиындық көрген кездегі сәттерде « Қайда барсаң да Қорқыттың көрі»-деп айтатыны осыдан  қалса керек. Қорқыттың өлімге қарсы  болған идеясы қазақтың бірнеше жазуында суреттеліп отырады. Ол әсіресе  «Қорқыт пен ажал» деген халық аңызын суреттейтін  поэмада  толық айтылған. Ол былай басталады:

Қорқыт қашып ажалдан,

Аңыратты қобызын.

Қобызында көп арман-

Тоқсан толғау  әдемі үн.

Желмаясын  желдіртіп,

Ілгері басып келеді.

Тасы құлап жартастың

Жаңғыртты даланы.

Құйын  боп та ұйытқыды,

Ну орманды шулатып,

Дауыл боп та  жүйткиді.

 Көл-өзенді тулатып,

 Қас қаққанша кенеттен

Баурап бәрін биледі,

Боздағандай  беубеулеп,

Жас төгеді күй легі.

             Қорқыт ата  мұрасын жан-жақты  зерттеу ісі соңғы жылдары мықтап қолға алына бастады. Бұл сөзімізге дәлел: 1999 жылы « Қорқыт ата» деп аталатын энциклопедиялық жинақ жарық көрді. « Қорқыт ата кітабының» екі қолжазба нұсқасы сақталған. Солардың бірі-қазір Германиядағы Дрезден қалалық кітапханасының сирек кездесетін қолжазбалар

қорында сақтаулы тұр. Екінші нұсқасы Византиядағы Аростолика кітапханасында  сақталып келеді. Бұл қолжазба алты жырдан құралған.

          «Қорқыт ата кітабының» Дрезден қаласында  сақталған  толық нұсқасын зерттеу, Еуропа тілдеріне аудару ісі  ХІХ ғасырдың бірінші жартысын бастаға еді. 1815 жылы немістің белгілі  ориенталист ғалымы Г.Ф.Диц бұл  шығарманың  бір тарауын- сегізінші хикаясын неміс тіліне аударып, баспасөзде  жариялады. Екінші неміс ғалымы  Теодор Нельдеке          « Қорқыт ата кітабын» неміс  тіліне толық аударып шықпақ болды. Бірақ ол аяғына  жеткізе алмады. Еңбекті өз шәкірті  В.В.Бартольдке тапсырды. Ол кітаппен ондаған жылдар айналысты. Сөйтіп, 1922 жылы орыс тіліне аударып шықты.Бірақ ғалымның көзі тірісінде аудармасы жарық көрмеді. Бұл аударма 1962 жылы академик В.М.Жирмунский мен А.Н. Кононовтың редакциясымен басылып шықты.

     Қазақстан ғалымдарынан  зерттеу, аудару, насихаттау ісіне Ә.Марғұлан,Х.Сүйіншәлиев,  Ә.Қоңыратбаев, Б. Ысқақов , М.Байділдашев, Ш. Ыбыраев  белсене  ат салысып келді.

          Кітап 12 жырдан, басқаша айтқанда 12 оғыз-намеден тұрады.«Қорқыт ата кітабындағы» теңдесі жоқ алыптардың бірі-Оғыз Қазылық  баласы  Игенек. «Оғыз Қазылық  баласы  Игенек» туралы жырда  оны Икенек-Бек деп те атайды. Игенек жырдағы  басқа батырлардан ерекшелігі-ол сегіз қырлы, бір сырлы  жігіт ретінде суреттеледі. Ол-әрі жойқын қолбасшы, қобызшы, ақын. Ел оны ерекше ұнатқан.Оғыз Қазылық жауға аттанып, соғыста жеңіліп, тұтқын болған еді.Бұл кезде Игенек әлі  бір жасқа толмаған екен. Ол он бес жасқа толғанда  Баяндүр ханға барып: « Маған әскер берінің, әкемді тұтқыннан босатам»-дейді.Сойтип қол бастап, жауға аттанады. Жолшыбай Игенек түс көреді. Түсінде нағашысы Игенекке « үйіңе қайт, Дюзмюрд қаласына барма» деп кеңес береді. Сонда нағашысына қарата:

 

Көтеріліп орныңнан тұрғанында,

Жауыңа қарсы жасақ құрғаныңда,

Мөлдір көз жігіттерді шақырмадың,

Бектермен тізе қосып ақылдасып,

«Аттандап» арыстандай атылмадың.

Бес теңгеге жалданған шал-шауқанмен

Қалаға әрең-әрең жақындадың.

Бастан дәйім кетпесе-дәулет жақсы,

Білгенін есте сақтаса-ауыл жақсы,

Қас жауынан қашпаса-батыр жақсы-дейді.

Сонда Игенек жанына тағы күш қосып, жауға аттанып, әкесін тұтқыннан алып шығады. Осылай жыр аяқталады.

       Кітаптағы 12 жырдың әрқайсысы өз алдында жеке жыр болып, соңында жинақталып, бір жинақ болып, еңбек болып шықты. « Қорқыт ата кітабының» көне  түркі тіліндегі түпнұсқасындағы сөздің ритмикалық құрылысы мен эмоциялық интонациясы үйлесіп,тұтасып жатады.

     Сонымен, кітап Көк түріктер дәуірінің сан қилы қоғамдық-әлеуметтік көріністерін, салт-санасын, діни сенімін, әдет-ғұрпын, көркем сөз үлгілерін, ертедегі аңыздарын біздің заманымызға жеткен ғажайып туынды болып табылады.

Өзін өзі тексеру сұрақтары:

  1. Қорқыт ата туралы деректер бізге қалай жеткен?
  2. « Қорқыт ата» деп аталатын энциклопедиялық жинақ қай жылы жарық көрді?

3.Қорқыт ата кітабы қай ғасырдан бастап зерттеле бастады?

 

 

 

Әдебиеттер:

  1. Келімбетов Н. «Қазақ әдебиетінің ежелгі дәуірі» А; – 1996 ж.
  2. Қыраубаева А. «Ежелгі дәуір әдебиеті» Астана; – 2001 ж. «Елорда»
  3. Келімбетов «Қазақ әдебиеті бастаулары» А; «Ана тілі» ,– 1998 ж.
  4. Айдаров Ғ. «Көне түркі жазба ескерткіштерінің тілі» А; – 1986 ж.
  5. Дербісалиев Ә. «Қазақ даласының жұлдыздары» А; – 1995 ж.
  6. Қоңыратбаев Т. «Көне мәдениет жазбалары» А; – 1991
  7. «Қорқыт ата кітабі» А; – 1986 ж.
  8. Марғұлан Ә. «Ежелгі жыр, аңыздар» А – 1985 ж.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *