«ҚҰҚЫҚ ЖӘНЕ ЭКОНОМИКА НЕГІЗДЕРІН ОҚЫТУ ӘДІСТЕМЕСІ» КУРСЫНЫҢ ПӘНІ, АТҚАРАТЫН ҚЫЗМЕТТЕРІ

Мақсаты:.Студенттерге  «Құқық және экономика негіздерін оқыту әдістемесі» пәнінің маңызы мен мәнін теориялық тұрғыда түсіндіру және пәннің болашақ құқық және экономика пәні мұғалімі үшін алатын ролін ұғындыру.

Жоспар:

  1. Құқық және экономика негіздерін оқыту әдістемесі пәні және оны оқытудың мақсаттары мен міндеттері.
  2. Құқық және экономика негіздерін оқыту әдістемесі пәнінің басқа ғылымдармен байланысы.

 

  1. 1. Еліміз құқықтық демократиялық мемлекет құрып жатқандығын паш етіп, оны Ата заңымыздың бірінші бабында заңдастырғаны бәрімізге белгілі. Құқықтық мемлекет – ұзақ тарихи дамудың жемісі. Ол үрдіс күрделі, қиын, әрі сан – салалы. Мол қаржыны, жалпы мемлекеттік деңгейдегі ұйымдық – құрылымдық шараларды, бүкіл педагогтар, зиялылар қауымының қажыр – қайратын, рухани ізденістерін қажет етеді. Демек ел, ұрпақ тағдыры үшін маңызы мен жауапкершілігі айрықша білім беру ісіне барлық деңгейдегі мммемлекеттік органдардың бетбұрысы, қамқорлығы керек. Бұл жөнінде Президентіміз Н.Ә. Назарбаев «Қазақстан – 2030» жолдауында негізгі бағыттарды көрсетіп берді. Сол бағыттардың бірі – жоғарғы құқықтық сана мен құқықтық мәдениет. Осы екі элементтің іргетасы азаматтарда алдыменен отбасында қаланса, содан кейін мектеп қабырғасында жалғасады.

         1995 жылы маусым айында елімізде жаппай құқықтық білім беруді жүзеге асыру жөніндегі шаралар туралы қаулы қабылданды. Қаулыда құқықтық оқуды мектептерде бастауыш сыныптардан бастап неғұрлым кең көлемде енгізу қажеттігі атап көрсетілді. Бұдан шығатын тұжырым не? Ол тәуелсіздік тұғырына көтерілген Қазақстанның алдында білім беру саласында жаңа қажеттіліктердің пайда болуы. Ғылым мен техниканың тез даму қарқыны, өндіріске шетелдік және отандық озық, жаңа технологиялар мен әдістердің енуі, қоғамның жаңа экономикалық қатынастарға көшуі республикамызда білім беру саласында жүргізіп жатқан реформалық  өзгерістерді жетілдіруді, білім сапасын арттыруды талап етеді.

          Қазіргі «Білім туралы» заңның талаптарын орындау әлі де сан қырлы экономикалық- материалдық, ұйымдық, кадр, құқықтық -–нормативтік шараларды жүзеге асыруды қажет етеді. Бүкіл қоғам, жалпы жұртшылық болып күш салатын істер шаш етектен. Солардың ішіндегі ең күрделісі, ең маңыздысы – құқықтық сауатты азаматтарды дайындап шығару. Құқықтық сауатты адамдар қылмысқа ұрынбауға әрекет жасайды. Өмір сүрудің тиімді жолдарын өз бетімен шешуге үйренеді. Азаматтық құқығын жете меңгергендер ғана қолайсыз көріністерге бой алдырмайды.

         Тиімді білім беру жүйесін қабылдау үшін қазіргі білім беру жүйесін қоғамның даму мақсатына сай қалыптастыруға бағыттау керек. Құқықтық білім берудің міндеті – дүниеге этикалық жауапкершілікпен қарайтын, шығармашылық ойлауға дағдыланған, дүниетанымдық мәдениеті жетілген, адамгершілігі мол және білікті маман даярлау. Осындай мақсаттарға жетуде Қазақстан мемлекеті және құқығы негіздері курсын мектеп қабырғасында оқытудың қажеттігі артуда.

         Қазіргі кезде жас оқытушылар тобы өз жұмыстарын жаңа қоғамға, яғни қоғамдық жаңа өзгерістерге лайықтап бастап отыр. Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі білім беруді дамытудың тұжырымдамасында: «Қазіргі кезде әлемдік қауымдастықтың Қазақстанды нарықтық  экономика елі ретінде танып отыр. Тәуелсіздік алған қысқа тарихи кезең ішінде Қазақстан тарихи сілкініс жасады, әлемдік өркениетпен ықпалдануда, жаңа прогресшіл технологияларды пайдалануда. Елдің әлеуметтік даму болашағы анықталған.

Қоғамдық қарым – қатынастар жүйесіндегі өзгерістер өз кезеңінде білім беру ісіне ықпал етеді және оны жаңа тарихи кезеңнің шақыруына жұмыла үн қосуды, әрі соған сай жауап беруді талап етеді және де тұтастай алғанда экономикалық даму қажеттіліктеріне сай болуы тиіс».Қазіргі көтеріліп отырған білім беруді дамыту тұжырымдамасының мақсаты – жылдам өзгеріп отыратын дүние жағдайларында алынған терең, кәсіби дағдылардың негізінде еркін бағдарлай білуге, өзін — өзі іске асыруға, өзін — өзі дамытуға және өз бетінше дұрыс, адамгершілік тұрғысынан жауап , шешімдер қабылдауға қабілетті жеке тұлғалар қалыптастыру.  Қазақ халқы Жолдауда көрсетілген бағыттарды сәтті іске асыруға талпынуда. Мектеп өмірінде құқықтық білім беруге бағытталған қайта құрулар жүргізіліп жатыр. Құқық пәнін оқытудың рөлі артты. Орта мектептердің оқыту жоспарларына жоғары сынып оқушыларының құқықтық санасын одан әрі көтеруге бағытталған «Адам.Қоғам.Құқық», «Қаржылық білім негіздері» арнайы пән ретінде енгізілді. Пәнді оқытудың нысандары мен әдістері таңдалып алынды.

         Құқықтық мемлекеттің талабына сай жаңа азаматты және жоғары дәрежелі, білікті мамандарды қалыптастыру мектеп қабырғасында алған білімге байланысты. Мектепте «Құқық және экономика негіздері» пәнін оқытудың сапасын анықтайтын маңызды факторлардың бірі – «Құқық және экономика негіздерін оқыту әдістемесі» пәнінің ғылыми тұжырымдалуы және әрбір мұғалімнің осы теорияны меңгеру дәрежесі болып табылады. Тек қана дұрыс анықталған әдістемелік теория мұғалімді құқықтық – нақты іс –тәжірибе жолына бағыттайды. Сондықтан «» курсының пәнін, міндеттерін, қызметтерін анықтап алу қажет.

         «Құқық және экономика негіздерін оқыту әдістемесі» пәні өзінің міндеттері етіп мыналарды қояды:

  • оқытудың тиімді әдістерін пайдалана отырып құқықтық және экономикалық білім беруді жүйелеу;
  • құқықтық және экономикалық ғылым материалдары негізінде оқушыларды тәрбиелеу.

 

         Құқық және экономика негіздерін оқытудың әдістемесін оқытуда педагогика ғылымының алатын рөлі өте зор. Педагогика психология ғылымына сүйене отырып мектепте тәрбие және  оқыту мәселесін қоғамдық – саяси және ұйымдасу – педагогикалық жағдайға негіздеп қарастырады. Құқықтық және экономикалық тәрбие берудің маңыздылығының артуына мән берілуінің де ерекшелігі бар, сондықтан Құқық және экономика негіздерін оқыту әдістемесі пәні  педагогикасыз өзінің оқыту жүйесін құра алмайды. Ол мектептің негізгі міндеттеріне сәйкес оқу – тәрбие жұмыстарының жалпы қааағидаттары мен жалпы әдістерін жасап береді. Атап айтсақ сабақтың қойылуына, оқу құралдарына талаптар қояды. Бірыңғай жүйе шеңберінде Қазақстан Республикасы мемлекеті және құқығы негізін оқыту әдістемесінің өз орнын, өзінің қызметін анықтайды. Өз алдына құқықтық оқыту мен құқықтық тәрбиені қоя отырып Құқық және экономика негіздерін оқыту әдістемесі өзін педагогика ғылымдарының бір бөлігі ретінде қарастырады.

         Құқық және экономика негіздерін оқытудың әдістемесі – құқықтық білімдерді игеру арқылы жастарды оқыту және тәрбиелеуді мақсат етіп қойған жоғарыда аталған ғылымдардың мазмұны мен қағидаттарына сүйене отырып мемлекет пен құқықтың пайда болып, экономикалық даму заңдылықтарын оқытатын педагогикалық ғылым болып табылады. Бірақ, Құқық және экономика негіздерін оқыту әдістемесі педагогикаға сүйене отырып мемлекет пен құқықтың жалпы мазмұнын зерттеу арқылы өз оқыту үрдісін құрады.

         Құқық және экономика  негіздерін оқытудың әдістемесінің негізгі міндеті – заң ғылымдарының негізінде оқушыларды терең құқықтық біліммен қамтамасыз ету және құқықтық, экономикалық саналы, мәдениетті адамдарды тәрбиелеу.           

Аталмыш мәселелер сәтті шешілу үшін құқық және экономика негіздерін оқытудың әдістемесі заң және экономика ғылымдарының мазмұнын талдайды, одан мәнді айғақтарды, ұғымдарды, негізгі заңдылықтарды аталмыш ғылымдардың жинақтылық негізі ретінде қарастырады. Мемлекет көлемінде шығарылып жатқан құқықтық – нормативті актілерді, келеңді көзқарастарды басшылыққа ала отырып құқық және экономика негіздерін оқытудың әдістемесі мектеп оқушыларын ең алдыңғы қатарлы технологиямен, құқықтық біліммен қаруландыруды көздейді. Осы көзқарас бойынша алып қарар болсақ, құқық және экономика негіздерін оқытудың әдістемесін құқықтық және экономикалық пән ретінде де қарастырылады және ол әрқашан қазіргі құқықтық және экономикалық жағдайлардың деңгейінде болады.

«Құқық», «Экономика» ұғымдары  «мемлекет» ұғымымен әрқашан қатар аталады, себебі олар бір – бірімен  өте тығыз байланыста, біз оларды бір бірінен бөліп алып қарастыра алмаймыз. Қоғамдық қатынастардың барлық саласынан «мемлекет», «құқық», «экономика» терминдерін жиі кездестіреміз. Бұл салада құқық және экономика негіздерін оқытудың әдістемесін  қоғамдық ғылымдардың қатарына жатқызсақ та қателеспейміз.

Құқық және экономика негіздерін оқытудың әдістемесі курсының пәні болып оның зерттейтін аясы табылады, яғни мемлекет пен құқықтың және экономиканың  пайда болу, даму заңдылықтары, ерекшеліктері.

         Құқық және экономика негіздерін оқытудың әдістемесі курсының атқаратын қызметтері: азаматтылығы жоғары адамды қалыптастыру, оның жалпы құқықтық және экономикалық  мәдениеті мен әлеуметтік белсенділігін арттыру, жастарға арнайы құқықтық, экономикалық  білім беру, құқық бұзушылықтың алдын –алу шараларын жүргізу, жастарды нарықтық экономикаға бейімдеу.

         Қазақстан Республикасы мемлекеті және құқығы негіздері әдістемесі курсының атқаратын қызметтері: азаматтылығы жоғары адамды қалыптастыру, оның жалпы құқықтық мәдениеті мен әлеуметтік белсенділігін арттыру, жастарға арнай құқықтық білім беру, құқық бұзушылықтың алдын –алу шараларын жүргізу.

Қазақстандағы экономикалық реформа бұған дейін қалыптасқан экономика ғылымы, экономикалық білім мен практика арасындағы қарым- қатынас жүйесін өзгертті. Нарықтық экономиканың қалыптасуына   байланысты экономикалық білімге деген сұраныс күшейді. Экономикалық білім тек  экономика мен басқарудың түрлі саласында қызмет істейтіндірге, ғылым экономистерге  немесе экономика пәнін оқытатындарға ғана керек  емес, сонымен қатар экономикалық білім күнделікті өмірде кездесетін мәселелерді шешуде қоғамның әрбір мүшесіне қажеттілігін бүгінгі өмір талабы көрсетіп отыр.

 Экономикалық білім беру мен тәрбиелеу жүйесінің ХХІ ғасыр басындағы өзектілігін белгілей отырып бұл жүйенің басты жағдайларына  тоқтала кеткен жөн. Бастауыш мектеп оқушыларына экономикалық білім берудің басты мақсаты – қоршаған экономикалық өмір жағдайлары  және қоршаған адамдардың  қызметі туралы бастапқы  ұғымдарды қалыптастыру. Мұндай білім адамның  жалпы мәдениетінің маңызды бөлігі. Орташа сыныптың оқушылары  өз құқықтары мен бостандықтарын  ерекше сезініп, оларды жауапкершіліктен тыс қараумен ерекшеленеді. Бұл кезеңдегі оқу танымы үрдісінің бірнеше ерекшелігі бар, негізгі мектеп оқушыларының  психологиялық – физиологиялық сипаттамалары оларға көбінде  бейнелі ойлау мүмкіндігін береді. Қазіргі кезеңнің  адамгершілік құндылықтары  кедейлік пен байлықтың сыйластықта өмір сүру мәселесін шешуге, жеке адам мен бүкіл ел мүдделерінің бірлігін түйсінуге бағытталған сындарлы экономикалық талдауды қажет етеді және ол тәрбиелеудің басты құралы болып саналады.

 Қазақстандағы экономиканың дамуын, сондай-ақ экономикалық теорияның негіздерін зерттеген ғалым-экономист, экономика ғылымының кадидаты, доцент Ұ.Мәмбетов болды. Бірақ, ХХ  ғасырдың 70-жылдарына дейін экномикалық білім беру қоғамдық тәрбиенің дербес бағытына айналған жоқ. Себебі әміршілдік экономика жағдайларында ол қажет деп табылған жоқ. Ал, Қазақстанда мектеп оқушыларына экономикалық білім беру проблемаларына қатысты бірнеше еңбекті атауға болады. Мысалы, 1985 жылдары академик С.Сатыбалдиннің мектептің жоғары сынып оқушыларына  арналған «Экономика» сынақ оқулығы шығарылып, бұрынғы Орал облысы мектептерінде факультативтік сабақтарда пайдаланылады. Сонымен бірге Л.Ш.Лысенкер, Э.М. Лысенкер «Бизнес – математика», «Основы экономических знаний» (Алматы, 1997 ж. ), М.А.Құдайқұлов «Основы предпринимательства и бизнеса» (Алматы, 1998 ж.) еңбектері дайындалып әр мектеп, бастапқы білім беру мекемелері өз мүмкіндіктеріне қарай пайдаланылған.

Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі мектептерде экономикалық білім беру ісіне үлкен көңіл бөлуде. 2000 жылдың  24 ақпанында ҚР Білім және ғылым министрлігі Қазақстан Республиасы мектептерінде «Экономика білімдерінің негізі» курсын оқыту туралы  бұйрығы шықты. Осы бұйрық негізінде Қазақстан Республикасы мектептерінде «Экономика білім негіздері» курсын факультативтік негізде жүйелі түрде оқыту мақсатында Қазақстан Республикасының  жалпы білім беретін мектептерде  2000-2001  оқу жылынан бастап «Экономикалық білім негіздері» курсын сатылап енгізу қамтамасыз етіле бастады.

 

  1. Жалпы алып қарайтын болсақ, аталмыш пәннің негізгі мәселелері мемлекет, құқық, экономика ұғымдарының шеңберінде қарастырылып, шешіледі. Мемлекет пен құқықтың және экономиканың пайда болуы, типтері, нысаны, құқықтық және экономикалық қатынастар, құқық нормасы, құқықтық мемлекет т.б. мәселелер қоғамдық ғылым салалары болып табылатын философия, тарих, әлеуметтану, саясаттану, мәдениеттану ғылымдарымен тығыз байланыста дамиды.

         Құқық және экономика негіздерін оқыту әдістемесі пәні  ғылыми — әдістемелік пән болып табылғандықтан педагогика ғылымының дидактика саласымен де тығыз байланысты. Себебі, әрбір әдістемелік пән мектептерде қолданылып жүрген оқытудың көрнекілік, жүйелілік, бірізділік, ғылымилық, түсініктілік қағидаттарын қолданады. Бұл қағидаттарды  негізге ала отырып әдістемелік пән оқытудың барлық нысандарын қарастырады. Дидактика кез келген пәннің оқыту әдістемесінің негізі. Ол оқудың білім мазмұнын, оны ұйымлдастырудың түрлерін, оқытудың заңды ұстанымдарын баяндайды. Демек, әдістеме жеке пәндерді оқытудың ерекшеліктерін баяндайтын болса, дидактика оқытудың барлық пәндерге ортақ жалпы заңдылықтарын ашып береді.

         Құқық және экономика негіздерін оқыту әдістемесі (ары қарай ҚжЭНОӘ)  пәнінің  оқушыларға құқықтық  және экономикалық тәрбие беруде маңызы зор. Бұл салада оқушылардың құқықтықжәне экономикалық тәрбиесінің әдіс, тәсілдеріне, оларды қолданудың тиімді жолдарын анықтауға баса назар аударылады. Міне осы саладағы атқарылатын істің бәрі педагогика ғылымын басшылыққа алады.

         ҚжЭНОӘ пәні қоғамдық ғылымдардың бірі саясаттану ғылымымен де тығыз байланысты. Бұл екі ғылымның зерттейтін нысандарында ұқсастық бар. Атап айтсақ, мемлекетті  қоғамның саяси жүйесі ретінде саясаттану пәні өз қырларынан қарастырса, оның қоғамдағы саяси жүйесі ретіндегі  саясаттану ғылымы зерттеп, көрсетіп берген теорияларын ҚжЭНОӘ пәні басшылыққа алады.               

         ҚжЭНОӘ пәні өз пәнін зерттеу саласында тарих ғылымын да басшылыққа алады. Мемлекет, құқық және экономика саласындағы құбылыстардың тарихи зерттелуі негізінде, ол құбылыстарды оқушылар санасына жеткізеді. Басқа қоғамдық ғылымдарға қарағанда тарих ғылымының зерттеу аясы  әдістемелік пәнге біршама жуық. Құқық, экономика туралы ой негізін қалаған жекелеген тұлғаларды  бейнелеуде тарих ғылымының алатын орны ерекше.

         ҚжЭНОӘ пәнін оқытуда  физиология ғылымының да алатын өз орны бар.  Кез келген пәнді оқытуда  оқушылардың жас ерекшеліктерін ескеру мұғалімге өте қажет. Жалпы мектеп оқушыларын жас шамаларына қарай үш топқа бөлуге болады. Олар кіші буын – 7 – 11жас, орта буын – 11 – 14 жас , жоғары буын – 14 – 18 жас.  Құқық және экономика негіздерін оқытуда мұғалім бала бойындағы өзгерістерге мән беріп отыруы керек. Демек, физиология ғылымының  ҚжЭНОӘ пәнінің мазмұнын толықтыруда маңызы зор. Бұл жөнінде Т.Тұрлығұл тарих пәнін оқытуда  мұғалімдердің физиология ғылымымен қарулануының қажеттігі туралы  айтқан. Бұл оймен толық келісуге болады, себебі физиология ғылымын қалыс қалдыру мұғалімді өзінің тура  жолынан тайдыруы да мүмкін. Бұл салада орыс физиологы И.М.Сеченовтың «Ми» атты еңбегін басшылыққа алудың еш артығы болмас. Аталмыш еңбекте рефлекстік құбылыстар туралы айтылады, яғни мұғалім мектеп оқушыларының бойындағы  ойлау, сөйлеу, оқу, жазу сияқты дағдыларын қалыптастырған жағдайда, оның еңбегі нәтижелі болатындығы сөзсіз.

Айтылған ойды қорытындылайтын болсақ, ҚжЭНОӘ пәнін оқыту өз алдына жеке жүргізілмейді, оны оқытуда мұғалім жоғарыда аталған ғылымдармен мықтап қарулануы қажет.      

Талқылау сұрақтары:

  1. Құқық және экономика негіздері пәнінің атқаратын қызметтері қандай?
  2. «Құқық және экономика негіздерін оқыту әдістемесі» пәнінің мазмұны мен міндеттерін атап көрсетіңіз?
  3. «Құқық және экономика негіздерін оқыту әдістемесі» пәнінің құрылымы неден тұрады?
  4. Құқық және экономика негіздері бойынша мектептің оқу жоспарлары және оқулықтарының аталмыш пәндегі орны мен ролін анықтаңыз?

Ұсынылған әдебиеттер:

  1. Білім туралы. – Об образовании: Қазақстан Республикасының Заңы. Алматы. «Литера», 2012ж.
  2. Жарықбаев Қ. Психология.Алматы: Білім, 1993.
  3. Жұмабаев М.Педагогика. Алматы: Ана тілі, 1992.
  4. Газизова Н.С. Азаматтық білім – құқықтық мемлекет болудың кепілі. // Қазақстан мектебі, №3, 2004.

Газизова Г.С. Құқық дегеніміз не? // Қазақстан мектебі, №4, 2004

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *