ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНДАҒЫ ҚҰҚЫҚТЫҚ ЖӘНЕ ЭКОНОМИКАЛЫҚ БІЛІМ БЕРУДІҢ ҚАЛЫПТАСУЫ МЕН ДАМУЫ

Мақсаты: Студенттерге еліміздегі құқықтық және экономикалық білім беру туралы жалпы мағлұмат беру, оның қалыптасып дамуындағы негізгі мәселелерді анықтауды үйрету.

Жоспар:

  1. Құқықтық білім берудің қажеттілігі.
  2. ҚР экономикалық  білім берудің  қалыптасуы және маңызы.

 

  1. Мемлекетте құқықтық тәртіпті орнату, адамдардың өмір сүруіне қолайлы жағдай туғызу және оны реттеу өзекті де маңызды мәселелердің бірі болып табылады. Жалпы мемлекетіміздің мызғымастығын сақтап, үйлесімді дамытумен бірге мемлекеттік мұқтаждықтарды қанағаттандыру  мақсатында заң жүзінде қадағалау үшін құқықтық мемлекетті дамыту басты рөл атқарады. Ата Заңның тұрақтылығы, конституциялық заңдылықтардың дамуы, демократияның орын алуы, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының баянды болуы еліміздің ең басты мақсаты болып табылады . Ғылыми тұрғыдан қарастыратын болсақ, бүкіл әлемде демократия дегеніміздің өзі заңдылықтың сақталуымен өлшенеді.  Демократия мен заңды сақтау ажырамас бөлшектер. Заң талаптары сақталған жерде ғана демократияның заңды күші бар. Біздің еліміз демократиялық, құқықтық мемлекет қалыптастыру жолында.  

Жалпы алып қарағанда құқықтық мемлекетті құру жолындағы мемлекеттің алдында тұрған маңызды міндеттерінің бірі ол құқықтық саясатты дамыту, яғни азаматтардың құқықтарын қорғайтын және олардың жүзеге асырылуына жағдай жасайтын заңдарды жетілдіру болып табылады. Сонымен қатар құқықтық мемлекет саяси билікті ұйымдастырудың формасы ретінде  қоғамдық өмірдің  барлық салаларында құқықтың  үстемдігі принципінен аса күрделі  ұштасуына, биліктің бөлінуіне, заңдардың үстемдігіне, заңдылықтың жүзеге асуына, халық егемендігінің  қамтамсыз етілуіне, азаматтардың құқықтары мен бостанықтарының, жалпы азаматтық құндылықтарды және әлемдік практиканы заңды түрде бекітілуіне негізделеді. Жас ұрпаққа тәрбие мен білім беру – педагогика ғылымының негізгі категориялары. Біз осы екі ұғымды бір-бірінен ажыратпай, бірге алып қарастырғанда ғана өздерінің толық мәнін, мақсатын айқын аша алады. Себебі, осы екі категорияның басты нышаны – Адам. Білім мен тәрбиенің өзара үйлесімді жүргізілуі нәтижесінде ғана оқушыны білімді, тағылымы мол, ақыл-парасаты биік азамат етіп қалыптастырудың басты шарты болмақ.   

Атақты психолог Л.С.Выгодский: «… балалар мен жасөспірімдердің көбінесе мақсатты дұрыс қоя алмайтындығын жиі кездестіреміз. Балалардың белгілі бір істе нәтижеге қол жете алмауы қолынан келмегендіктен емес, қайта не үшін жасау керектігінің өмірлік маңызын түсінбегендігінен болады» деген екен.

Құқықтық сананың дамуы  –  адамның барлық өмірін дерлік қамтитын ұзақ, күрделі және қарама-қайшылықты үрдіс. Бірақ көптеген көзқарастар, өмірлік ұстаным, мінез-құлық мотивтері балалық шақта қалыптасады. Жеке тұлғаның қалыптасуы кезінде құқықты түсіну және оған қарым-қатынас қалай дамиды, кейін адамның құқықтық ортада өзін ұстау көбіне осыған байланысты. Жасөспірімдердің құқықтық тәрбиесінің алғашқы буыны отбасы болып табылады. Бұл болашақ жеке тұлғаның тәрбиесін жанұяның негізгі міндеті етіп көрсететін қазақтың дәстүрлерінен бастау алады. Бұл туралы халық ауыз әдебиеті де айтады, осыған көптеген өткен ғасыр ойшылдары да көңіл бөлген.

Бала тәрбиесіндегі отбасы ролі жайында Қазақстан Республикасының Конституциясының 27-ші бабының бірінші тармағында: «Неке мен отбасы, ана мен әке және бала мемлекеттің қорғауында болады», ал екінші тармағында «Балаларына қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу ата-ананың етене құқығы әрі міндеті» деп атап көрсетілген.

Отбасында баланың мінез-құлқының негіздері, оның қажеттіліктері, қызығушылығы қалыптасады. Сондай-ақ  Отанға, ата-анаға деген махаббат, үлкендерге құрмет, азаматтық, патриоттық, ұжымшылдық, жоғары сезімталдық, құықтық тәрбиенің ымырсыздық сияқты рухани құндылықтары дамиды. Жанұяның жасөспірімдерге тәрбиелік әсері тікелей және жанама түрдегі сипаттарда болады. Балаға құқықтық тәрбие берудегі жанұяның жанама түрдегі әсер етуі мыналардан көрінеді:

  • Жанұяның сандық құрамы;
  • Ата-анасының білім және мәдени деңгейі;
  • Ата-анасының бір-бірімен және жанұяның басқа да мүшелерімен өзара қарым-қатынасының қалыптасу деңгейі;
  • Ата-ананың жұмысбастылығы.

Құқық бұзушы жасөспірімдер баласы аз және толық емес жанұяларда тәрбиеленген. Жанұя – бұл ұжым. Жанұя ұжымдық белгілерін жоғалтса, өзінің тәрбиелік рөлінің көп бөлігінен айырылады.

Жастар арасында заң бұзушы әрекеттердің деңгейі ата-аналардың білімі мен мәдениет деңгейлеріне тікелей байланысты. Мәдениеті төмен жанұяларда балалар қылмысы мәдениеті жоғары жанұялармен салыстырғанда анағұрлым жоғары. Балалар үлкендерге, ең алдымен өз ата-аналарына еліктейді, сондықтан олардың мінез-құлық тәртібі балалардың тәртібін қалыптастыратын маңызды фактор.

Құқықтық тәрбие мақсаты – оқушыларда құқықтық мәдениет пен құқықтық әрекет-қылық қалыптастырып, оларды құқықтық заңдылық талаптарын түсінуге әрі мойындауға баулу. Оқушыларға білім беруді, оның ішінде құқықтық білім беруді қоғамның әлеуметтік-экономикалық құрылымынан, мәдени құндылықтарынан, ұлттық дәстүр, рухани негізден бөліп қарастыруға болмайды.

Заңды білу – заман талабы. Өйткені, құқықтық білім берудің маңыздылығы күн артқан сайын арта түсуде. Оқушыларға қазіргі өмірдегі қоғамның қарым-қатынас заңдылықтарын терең қарастырып ажырататын құқықтық сана, құқықтық мәдениет қажет. Тәлім-тәрбиелік мәселелердің барлық табиғатына үңілсек, тіршіліктегі сан алуан қолданбалы мәні зор әлеуметтік нормалары – тарихи құқықтық жүйенің қайнар көзі немесе құқық ғылымының негізі деуге болады.

Оқушыларға құқықтық тәрбие беру, қоғамдық қарым-қатынастағы заңдық және әлеуметтік мәселелердің құқықтық мәнін терең әрі жан-жақты түсінуге негіз жасайды. Оқушылардың заңдық негіздегі құқықтық сауаттылығын ашу үшін, арнаулы оқу-әдістемелік құралдарын мектеп жасынан 6-7 сыныптардан бастап, мектеп бітіргенше оқыту қажет екенін қазіргі өмірде орын алып отырған әр алуан келеңсіз қоғамдық құбылыстар-ақ көрсетіп отыр, бұған кейбір жастарымыздың мемлекетіміз қабылдап, бекіткен заңдардағы өз құқықтарын дұрыс пайдалана білмеуі дәлел болады.

Оқушылардың құқықтық мәдениетін көтеру, ол оқушылардың қоғамдық саяси және мәдени жағынан өсіп жетілуін, олардың санасында жоғары адамгершілік қағидаларының орнығуын әлеуметтік белсенділігінің артуын және рухани жағынан байып, жан-жақты қалыптасуын көздейді. Оқушылардың құқықтық мәдениетін көтерудің негізгі міндеті – тұтас алғанда, құқықтық тәрбие процесінде жалпыға бірдей заңдылықты белгілі мақсатпен және принциппен жүргізу. Бұл жерде ең алдымен, тәрбие процесі білім мен сенімділікті қалыптастыруды ғана емес, сонымен қатар  жас азаматтардың құқық саласындағы белсенді өмір позициясын қалыптастыруды, оларды өз құқықтары мен міндеттерін сауаттылықпен пайдалана білуге ұмтылдыруды атап көрсету керек. Оқушылар өсе келе қоғамдық белсенділігі артады, сана-сезімі өсіп, психикасы нығая түседі. Өзін қоршаған ортаға сыни көзқараспен қарап, қоғамнан өз орнын табуға тырысады. Бұл жастағылар өзін-өзі бағалауға ынталану, рухани өмірге қызығу, қоғам мен жеке бас турасындағы ойлар адамгершілік идеялар кемеліне келе бастайды. Осы кезде мұның өзі адамның күшті, епті, ширақ, оңтайлы болып өсуіне және оның түрлі әдіс-тәсілдерді, арнаулы құқықтық ережелерді   бұзбай,  кедергілерді  жеңіп  үйренумен де тығыз байланысты.

Адамгершілік-құқықтық нормаларды заң нормаларымен ұштастыра біліп, құқықтық мәдениет пен құқықтық сананы қалыптастырудың осы міндеттерін жүзеге асырудың мынадай педагогикалық шарттарын атап көрсетуге болады:

  1. Қарқынды педагогикалық технологияны қолдану. Мұндағы басты талап: өткізілген іс-шаралар мен сабақтың саны емес, онда интенсивті технология қолдану арқылы тиімділігін арттыру көзделеді. Өйткені, ХХ1 ғасыр – технологиялар заманы. Әр түрлі сценарийлермен өтетін, ән-күй, дискотека мен көмкерілген іс-шаралар студенттерге құқықтық мәдениет қалыптастырмайды. Демек санаға, сезімге ұтымды ықпал ететін тәсілдер қолдану қажет. Осыған орай қазіргі кезде оқу үрдісінде қолданып келе жатқан «белсенді әдістер», «жаңа технология» дегендерді тәрбие жұмыстарында да мүмкіндігінше кең пайдалануды қарастыру керек.
  2. Құқықтық ағарту немесе құқықтық білім қалыптастыру – заң ережелерін білу, оны насихаттап, күнделіктк тұрмыста ұстана алатын дәрежеге жеткізу. Бұл іргелі білім қалыптастыру, оны жүйелі түрде жүзеге асыру, студенттер алған білімінің күнделікті тұрмыс талаптарына сәйкестігі мен адамгершілік нормаларына сабақтастығы оның негізділігінің белгісі ретінде қарастырылады. Барлық педагогикалық жоғары оқу орындарындағы «Құқықтану» пәні студенттердің құқықтық мәдениеттілігін қалыптастыруға бағытталуы оларда құқықтық сана қалыптастыруға септігін тигізеді. Сонымен қатар жастар және балалармен жұмыс істейтін мамандықтардың барлығында құқықтық әлеуметтендіру жұмыстарына даярлық осы құқықтық мәдениет қалыптастыру аясында болуы керек.
  3. Құқықтық тәрбие – студент жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастырудағы аса маңызды мәселе. Студенттер арасында жүргізілген алдын ала сауалнамаға қарағанда олардың құқық білімі, тәрбиелілігі мен құықтық мәдениет төмендігі, заң мен құқық арасындағы байланысты, заң мен құқық және адамгершілік тәрбие арасындағы байланысты көре алмайтыны, құқықтық сезімнің дамымағаны анықталды. Қазіргі кезде құқық тәрбиесі аса маңызды орын алуы, құқық мәдениетін қалыптастырудың басты жолдарының бірі екені даусыз. Жалпы студенттермен жүргізілетін барлық тәрбиелік іс-шаралар олардың құқық мәдениетін қалыптастыруға арналуы тиіс. Қалай болған күнде де құқық тәрбиесі құқықтық білім және мәдениет қалыптастыруға бағытталып, онда педагогиканың тиімді тәсілдерін қолданған күнде ғана нәтижелі болмақ. Құқық білімі мен тәрбиесінің күнделікті іс-әрекетінде, мінез-құлқы мен жүріс-тұрысында құқықтық әдет дағдыларға айналуының мотивтері, қажеттенуі секілді психологиялық тұстары мен оның педагогикалық тектері әлі күнге жеткілікті зерттелмегені белгілі. Сондықтан осы бағытта жүргізілген кейбір іс-шаралар пайдалы болғанымен, түпкі нәтижелілігі белгісіз.

         Құқықтық насихат арқылы құықтық мәдениет қалыптастыру жұмыстарының мақсатты, жүйелі, бірізділікпен жүргізілмей келк жатқаны, бұқаралық ақпарат құралдарында Ресейдегі секілді «Суд идет», «Час суда», «Громкие преступления мира», т.б. көрсетілулердің жеткіліксіздігі, осы жұмыстарға білікті заң қызметкерлері мен құқық қорғау органдарының араласуының жеткіліксіздігі байқалады. Қазіргі кезде мерзімді басылымдарда жарияланып жатқан материалдардың педагогикалық тиімділігі ескерілмеуі тек мәлімет түрінде болып отырғаны да белгілі.

  1. Құқықтық үгіт – бұл сөздің мәні адамды нақты бір іске жетелеу, түрткі беріп, қозғау салу. Студенттердің құқықтық мәдениетін көтеру мақсатында  арнайы жүргізілетін нақты жұмыс түрлері олардың күнделікті іс-әрекетінде құқықтық нормаларын сақтаудан бастап осындай іс-шараларға белсенді араласуын талап етеді. Болашақ педагогтер үшін бұл мектеп оқушылары мен олардың ата-аналары арасында жүргізілетін жұмыстар болып табылады. Оның тағы бір түрі: құқық қорғау органдарының жұмыстарына көмектесу. Мәселен, кешқұрым кезекшіліктер ұйымдастырып, ойын автоматтары мен дискотекаларда жүрген жеткіншек балаларды үйлеріне қайтару, топтасып отырған жерлерінен таратып жіберу секілді басқа да жұмыстарды ұйымдастыруға болады.

Құқық мәдениетін  қалыптастырудың басты құралы ретінде балалар мен жастарды құқықтық нигелизмі (құқық нормаларын жоққа шығару), салғырттық, осындай белсенді жұмыстарға араласудан бас тарту, құқық бұзушылықты көре отырып оған немқұрайдылық мәміле, қылмыскерлерді көрсе де көрмеу секілді кері әрекеттерді болдырмаудың өзі де құқық мәдениетінің қалыптасуына ықпал етеді. Қазіргі кезде құқықтық насихат жұмыстарын жүргізу, әсіресе, педагогикалық оқу орындарында ескерілмей келеді. Сол себепті студенттердің (болашақ педагогтердің) құқықтық білімі жеткіліксіз, құқықтық мәдениеті өте төмен. Демек, бұл жұмыстың педагогикалық ықпалын, психологиялық түрткілерін, тәрбиелік әсерін толыққанды пайдалану жолдарын қарастыру, студенттердің нақтыіс-әрекет белсенділігн арттыру қажеттілігін туғызады.

  1. Студенттерді құқықтық қорғау жұмыстарына араластыру тәжірибесі барлық педагог мамандығын беруді көздеген оқу орындарында жүргізілуі керек. Өйткені, олар – болашақ мектеп мұғалімдері. Ал, мектеп оқушылары арасында құқық бұзушылықтың сан алуан түрлері кең таралып, ол күннен күнге көбеймесе, азаймай отырғаны рас. Бұның маңыздылығы, сөз түріндегі, ой-пікір, идея түріндегі құқық нормаларының іс жүзінде орындалуын талап ету, олай болмаған күнде нақты істермен тосқауыл қою керек.

Ең бастысы, осы жұмыстарды орындау олардың құқық қорғауға болған көзқарасын, іс-әрекетін реттейді, құқық мәдениетінің қалыптасуына ұтымды ықпал етеді. Мұнда студенттің тек осы жұмысқа араласуы ғана емес, сонымен қатар оған қатысу мотивтеріне, осы жұмыстың мазмұнына тереңдейді, өмірлік маңызын ұғынады, жұмыс формалары мен әдістеріне қанық болады. Сондықтан бұндай жұмыстарға студенттерді араластыру, құқықтық тәрбие жұмыстарын жүргізудің әдіс-тәсілдері, формалары, мазмұнымен қамтамасыз ету — аса маңызды шаралардың бірі.

Бағалау-бақылау актісіне үшінші бір үрдісті де қосуымыз керек. Ол – үйретушілік үрдісі. Өйткені, оқушы білімін, икем-дағдыларын, тіпті жеке қасиеттерін бағалауда мұғалім қажет деп тапқан жағдайларда үйлестіру-түзету мақсатындағы жұмыстарды қоса жүргізуге мәжбүр болады. Мәселен, оқушыларға дербес тапсырмалар беру, оған басқа оқушы-кеңесші бекіту т.б. үлгіде болуы мүмкін. Сонымен, бақылау-бағалау актісі екі үрдістен емес, өзара байланысты үш үрдістен тұрады. Олар бақылау, бағалау және үйлестіру.

Бұдан бақылау-бағалау актісі өзінің құрылымы жөнінен төмендегідей элементтерден тұрады:

  • Бақылау-бағалау актінің мақсаты;
  • Бақылау, бағалау және үйлестіру нысаны;
  • Нысанмен салыстырылатын, теңестірілетін эталон;
  • Бақылау нәтижесі;
  • Баға критерийі;
  • Таңдап алынған критерий тұрғысынан қарағандағы бақылаудың кең көлемдегі мазмұнының бағасы;
  • Қойылған баға;
  • Үйлестіру амалдары;
  • Бақылау-бағалау қызметінің жаңа нысаны ретіндегі үйлестірудің нәтижесі.

Бұл элементтер бір-бірімен өзара байланысты. Бәсекеге қабілетті білім беру реформасы бағыттарының бірі мектептің жоғары сатысында бағдарлы оқыту. 2006-2007 жылдан бастап Қазақстан Республикасының орта білім берудің мемлекеттік стандартына сәйкес жоғары сыныптарда  бағдарлы оқытуға көшірілді. Оқытуды бағдарлау қоғамдық-гуманитарлық бағытты жүзеге асырылды. Кез келген бағдарда құқықққа және оның қолданыстарына ынталанған оқушыларға  қолданбалы курстарды ұйымдастыру арқылы құқыққы бөлінген сағат санын арттыруға болады.  Құқықтық бағдарлы оқыту оқушылар үшін  олардың қызығушылықтарын ескере отырып ұйымдастырылады. Құқықты оқыту кезінде  оқушыларға құқықты белгілі бір деңгейде меңгеруін талап ететін кез келген оқу орындарында таңдаған мамандықтары бойынша білімдерін жалғастыруға қажетті мүмкіндіктермен қамтамасыз етілу қажет. Сонымен 9-10-11 сынып оқушыларының қабілеті, қажеттілігі мен ата-аналарының сұранысын, мектептің оқу-әдістемелік, материалдық-техникалық жағынан қамтамасыздандырылған жағдайын ескере отырып құқықтық бағыт бекітіледі. Үш құрылымнан тұратын оқу жоспары құрастырылады:

І. Базалық бөлім

ІІ. Мектеп бөлімі

ІІІ. Оқушы бөлімі

Жоғары сыныптарда құықты оқыту кезінде мектептің оқу жоспарының вариативті бөлігіне таңдалған бағдарға сәйкес қолданбалы курстарды еңгізу қажет. Ондай курстарды мына тақырыптарда ұйымдастыруға болады:

«Сен өз құқығыңды білесің бе?», «Азамат, билік, демократия», «Барлығымыз заңдардың құлымыз», «Құқықтық қоғамда өмір сүруге дайындық» т.б. курстар.

Қолданбалы курстар оқушылардың  құқық пәні бойынша қызығушылықтары мен қабілеттерін дамытуға бағытталады. Қолданбалы курс бағдарламасын құру жолдары мынадай болмақ:

  • Таңдалып алынған бағдарламаға сәйкес тақырып таңдалып алынады;
  • Курстың білім мазмұны құрылымындағы орны анықталады;
  • Бағдарламаның түсінік хаты дайындалады және онда мыналар қамтылады:
    • Курстың мақсаты
    • Курстың міндеті
    • Кәсіпке бағдарлау
  • Курстық тақырыптар бойынша сағаттарға бөлінген мазмұны таңдалады;
  • Курсты ұйымдастыру формасы анықталады;
  • Курсты оқытуды аяқтау формасы (реферат, баяндама, жоба т.б.) анықталады;
  • Ұсынылған әдебиеттер тізімі беріледі.

Мектеп мұғалімдері даярлаған қолданбалы және таңдау курстарының бағдарламалары облыстық мұғалімдер білімін жетілдіру институтының сәйкес кабинеттерінде талқыланып, бекітілгеннен кейін ғана қолданылады. Мектепішілік бақылауда бағдарлы сыныптағы оқу-тәрбие жұмысы үнемі назарда болады. Жыл бойы ұйымдастырылған «дөңгелек үстел», іскерлік ойындар т.б. бағдарлы оқу-тәрбие жұмыстары қаралып, нәтижесі жан-жақты талданады.

Қазақстанның әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына енудің  негізгі стратегиялық міндеттерінің қатарына бүгінгі заманғы, бағдарлы білім беруді дамыту және болашақ білікті жұмысшы кадрларды даярлау жөніндегі міндеттер де кіреді.

Шығыстың ғұлама ғалымы Әбу Насыр әл-Фараби: «Жас жеткіншектеріңізді көрсетіңіз, мен сіздердің болашақтарыңызды айтып берейін» деген екен. Яғни жалпы орта білім берудің жаңа жүйесі – бағдарлы оқыту педагог кадрлардың кәсіби дайындығының мақсатын, мазмұнын айқындап, біздерге, педагогтарға мәдениетті, жауапкершілігі, азаматтық-құқықтық сана-сезімі жоғары, болашақ мамндығын сенімді таңдаған жеке тұлғаны, жас жеткіншекті қалыптастыруды жүктейді.

Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейін білім беруді дамыту тұжырымдамасы білім беруді  жалпы ұлттық басымдық ретінде белгілейді және мемлекеттік Қазақстан Республикасының ұзақ мерзімге арналған білім беру саясатын дамытудың негізін қалайды, әрі заңнамаға, қаржыландыру жүйесіне, кадрлық және әлеуметтік саясатқа өзгерістер мен толықтырулар енгізу үшін негіз болып табылады.

    Қазіргі таңда білім беру саласында озық технологияларды тиімді   қолданудың маңызы артуда.

Технология – өнім алу үшін керекті материалдарды өңдеу әдістері мен өнім шығаруға керекті жүйелі процесс.

Кез келген технологияның негізгісі – түпкі нәтижені мұқият анықтау және оған жетуболып табылады. Осыған сәйкес технологияның артықшылықтары төмендегідей:

  • Түпкі нәтиже дәл анықталады.
  • Мақсат диагностикаға сүйеніп қойылғандықтан, оған жету үшін істелетін жұмыстардың нәтижесі объективтік әдістер арқылы тексеріледі.
  • Мұғалім алдын ала дайындықсыз оқыту процесін жүзеге асыра алмайды.
  • Оқушылардың оқу іс-әрекетінің түрлері және мазмұны көрсетілген жоба жасалады, яғни сабақта оқушылардың іс-әрекеті түрліше ұйымдастырылады.

Технологияның кезеңдері:

  • Оқытудың мақсатын диагностика арқылы қайта тұжырымдау;
  • Жаңа мақсатқа жету кезеңдерін белгілеу;
  • Диагностика негізінде оқытудың жаңа мақсатын қою.

Тексеру құралдары арқылы оқушының сапасы, қажеттіліктері, іскерліктері, даму, қалыптасу деңгейлері анықталады.

Оқыту технологиясының ерекшеліктері:

  • Түрлі құралдар арқылы оқушылардың білім, іскерліктерін жиі тексеру.
  • Үлгермеушіліктерді анықтау және іріктеу.
  • Үлгермегендермен қосымша жұмыстар өткізу, материалдарды қайталау. Осы жұмыстардан кейін оқушылардың білім, іскерліктерін тағы тексеру.
  • Оқушылардың жаңа материалды меңгермеу себептерін анықтау және зерттеу.

Интенсивті оқыту технологиясын зерттеуде Абсатова М.А. оқытудың жалпыланған технологияларын былайша топтатырады:

  • Бағдарламаланған оқыту (Н.Краудер, Л.Н.Лнанда, А.Г.Молибог, Б.Ф.Скиннер т.б.);
  • Проблемдік оқыту (Т.В.Кудрявцев, И.Л.Лернер, А.М.Матюшкин т.б.);
  • Оқушылардың танымдық қызығушылықтарын жүйелі түрде қалыптастыру (Н.Г.Морозова, Г.И.Щукина т.б.).

Соңында педагогикалық технологияға мынандай анықтама береді: «Педагогикалық технология – қайта өңделген арнайы білім мазмұнының, кепілді және ұдайы жасалынатын жоспардың педагогикалық нәтижелілігінің педагогикалық және экономикалық негізделу процесі.

Қазіргі білім беру мақсаты: әлемдік білім беру кеңістігіне ықпалдастырылған және жеке тұлға мен  қоғамның қажеттіліктерін қанағаттандыратын көп деңгейлі үздіксіз білім берудің ұлттық молделін қалыптастыру. Білім беруді дамытудағы стратегиялық басымдықтарды белгілеу, жылдам өзгеріп отыратын дүние жағдайларында алынған терең білімнің, кәсіби дағдылардың негізінде еркін бағдарлай білуге, өзін-өзі іске асыруға, өзін-өзі дамытуға және өз бетінше дұрыс, адамгершілік тұрғысынан жауапты шешімдер қабылдауға қабілетті жеке тұлғаны қалыптастыру.

Осыдан келіп мынандай міндеттер туындайды:

  • Азаматтыққа, адамның құқықтары мен бостандықтарына құрметпен қарауға, елжандылыққа, өз Отанын сүюге тәрбиелеу;
  • Білім сапасын түпкілікті бағалаудың субъективтік факторларының әсерін азайту;
  • Оқушылардың сапалы білім алуға, функционалдық сауаттылыққа, ал мұғалімдердің біліктілігі мен педагогикалық шеберлігін ұдайы арттыруға деген уәждемелерін арттыру;
  • Білім алушылардың еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттігін қамтамасы ету үшін кәсіптік дағдылар алуына жағдай жасау;
  • Денсаулық сақтайтын және ақпараттық технологияларды енгізу;
  • Даму мүмкіндіктері шектеулі балаларды оқытуға жағдай жасау.

Аталған  міндеттерді іске асыру үшін:

  • Білім берудің мазмұнын орталық білімнен біліктілік мазмұнына қарай өзгерту;
  • Білім берудің мазмұнын дүниені тұтастай қабылдауды қамтамасыз ететін, тіл мен әдебиет, қоғамтану, математика, информатика, жаратылыстану, өнер, технология т.б. сияқты білім беру салалары арқылы іске асыру;
  • Оқушылардың жеке қабілеттері мен қажеттіліктеріне сәйкес жоғары сатыдағы бейімділік және кәсіптік бағдарлы оқыту жүйесін құру;
  • Білікті жұмысшы кадрларын, техникалық және қызмет көрсету еңбегінің мамндарын даярлаудың кәсіптік білім беру бағдарламаларының құрылымы мен мазмұнын жаңарту;
  • Техникалық және кәсіптік білім беруді сапалы ұйымдастыру үшін ынталандырудың және жұмыс берушілердің қаражаттарын таратудың нормативтік-құқықтық тетіктерін әзірлеу.

Оқушының өзін-өзі жетілдіру, алға жылжыту, өз орнын анықтау істерінің негізгі құрамы болып, нәтижесінде – өз мүмкіндіктерін жүзеге асыру, жұмыс істеудің жаңа эвристикалық тәсілдерін игеру мақсатын негізге ала отырып, жеке тұлғаға бағытталған оқыту – оқушының барлық мүмкіндіктері мен қабілеттерін ескере отрып, оның жеке ерекшеліктерін дамытуға қажетті жағдай жасау дегенді білдіреді. Білімділіктің, адамгершіліктің, кәсіби шеберліктің және іс-әрекетке икемділіктің жаңаша түсінігі алдыңғы шепке оқушылардың әрекеттері мен қатарымен араласудағы өз орнын анықтау, өзін-өзі жетілдіру, адамның табиғи мүмкіндіктерін ашу, ойлау қабілетін жетілдіру, сөйлеу, әрекет ету сияқты қасиеттерін ашып, осылардың нәтижесіндегі өмірдегі өз орнын табуға көмектеседі.

Білім мазмұнын мектеп қабырғасында тиімді оқытып, оның басты мақсатын жүзеге асыру оқытуды оқу-әдістемелік жағынан қамтамасыз етумен тығыз байланысты. Бүгінгі таңда білім беру жүйесін бағдарлы, дамыта оқытуды оқу технологиясына ыңғайлау қажет.

 

  1. 2. Қазақстандағы экономикалық реформа бұған дейін қалыптасқан экономика ғылымы, экономикалық білім мен практика арасындағы қарым- қатынас жүйесін өзгертті. Нарықтық экономиканың қалыптасуына байланысты экономикалық білімге деген сұраныс күшейді. Экономикалық білім тек экономика мен басқарудың түрлі саласында қызмет істейтіндірге, ғылым экономистерге немесе экономика пәнін оқытатындарға ғана керек емес, сонымен қатар экономикалық білім күнделікті өмірде кездесетін мәселелерді шешуде қоғамның әрбір мүшесіне қажеттілігін бүгінгі өмір талабы көрсетіп отыр. Экономикалық білімнің тиімділігі оның үздіксіздігінде. Оның мазмұны көп жағдайда экономика ғылымына байланысты. Бұның мәнісі, экономика ғылымы мен экономикалық білім — тұтастықтың маманданған академиялық қауымдастықтың екі саласы ретінде көрінуде.

         Нарықтық экономикаға байланысты, 1990 жылдары елімізде сұраныстың өсуінен экономикалық білім беру қызметінің ұсыныстары артты, бірақ оның саласы өте төмен деңгейде еді, оның ішінде  «экология» және  «менеджмент» бағытындағы білім беру деңгейі.

         Экономикалық бағыттағы білім барлық медициналық, техникалық және тағы да басқа жоғары оқу орындарында кадр мамандары, оқу мен ғылыми кітапханалардың жеткіліксіздігі деңгейінде оқытылды. Тіпті, маманданған, экономикалық жоғары оқу орындарының өздері көптеген проблемаларға кездесті.

         1990 жылдардың ортасында экономикалық жоғары оқу орындарының қаржы жағдайы салыстырмалы түрде жақсарып жаңа білім беру құрлымдары қалыптасты. Сол жылдары біздің елімізде шаруашылық пен айналысушы субъектілер жағынан экономикалық сарапшыларға қажеттіліктері артты. Бірақта ғалым экономистерге, жоғары оқу орындары тарапынан бұл сұранысқа лайықты ұсыныс аз болды.

         Қазақстан өнеркәсіптері мен қаржы несие секторының кәсіби сұраныстары мамандар дайындау нақты жүйеде емес еді. Сондықтан нарықтық экономика механизмінде жұмыс істей алатын орындарының отандық фирмаларды басқаратын білімді сапалы маман дайындауға әлі толық дайын еместіктері байқалады.Еліміздегі нарықтық жағдайдың қиындығына байланысты көптеген білімді мамандардың ғылыми және оқу орындарынан бизнеске кетулері елдің зерттеу және білім беру потенциялдарының әлсіреуіне әсерін тигізді.

         Экономика пәндерін оқытудың реформалық идеологиямызға сай нақты жоспарлары мен бағдарламаларының болмауы, оқыту құралдарының аз болуы нарықтық экономика талабына сай білім берудің деңгейін төмендетті. Бүгінгі таңда мектеп оқушыларына экономикалық білім негіздерін білу ісі аса өзекті мәселеге айналып отыр. Елімізде нарықтық экономика қалыптаса бастады, енді оқушыларға осы процестің дамитындығы жөніндегі түсініктерді қалыптастыру қажет.

         Оқушыларға экономикалық білім беру алдын алу, болжау, ұстанымдары негізінде жүзеге асырылуы тиіс. Қоғамдағы экономикалық сауатсыздық экономикалық дағдарыстың негізгі себептерінің бірі деуге болады. Жалпы білім беру жүйесі қоғамдағы экономикалық сауаттылықты көтеруге үлкен мүмкіндік жасай алады, алдын ала берілген экономикалық білім экономикалық дағдарыстан шығудың бірден бір маңызды факторларының бірі болып табылады.

         Қарапайым экономикалық білім жиынтығы оқушыларға тек ақпараттық мәні жағынан ғана құнды емес, сонымен қоғамдағы адамның рөлі мен оның құқығын түсіне білуге негіз болады. Экономикалық білім жас жеткеншіктің адами қасиеттерін қалыптастыруға көп мүмкіндік жасайды. Сонымен қатар экономикалық білім оқушылардың демократия, құқықтық мемлекет азаматтық қоғам, адам құқығы, бәскелестік, нарық сияқты жалпы адамдық  құндылықтарды белсенді қабылдауына септігін тигізеді.

         Жоғарыда аталған  экономикалық білім беру мәселелеріне қатысты пікірлер пәннің мазмұның анықтауға мүмкіндік жасайды және төмендегі ұстанымдарды басшылққа алуға септігін тигізеді:

  • Бастауыш сыныптан бастап үздіксіз білім беру;
  • Белгілі жас ерекшелігіне сәйкес білімінің оқушыларға пайдалану мүмкінігінің болуы;
  • Экономикалық білімінің бірте бірте тереңдетіп беруі;
  • Ғылым негізін жергілікті жердің, аймақтың, елдің, экономикасын білуге пайдалану;
  • Басқа пәндермен пәнаралық, пәнішілік байланыста болуы.(математика, тарих, информатика т .б.)

Мектеп оқушыларды болашақ  қоғамда өмір сүріп, оны түсініп еңбек етуге дайындау керек. Дамыған елдердегі болып жатқан өзгерістер туралы мәліметтер жастарға зор әсер етеді. Бұл мәліметтер оқушылардың ата- аналардың экономикалық білім алуға деген ұмытылыстарын арттыра түсу еді. Экономикалық білім мен біліктіліктің негізгі құрамдас бөлігі экономикалық ойлау. Бұл біліліктілік, яғни экономикалық ойлау өмірге нақты жол ашуға үлкен көмегін тигізеді. Бала кезден бастап адам таңдау проблемаларын: үй тапсырмасын орындауды қай сабақтан бастау керек, қандай кітап оқу керек, кіммен дос болу керек, өз мүдесін қалай қорғау керек, т.б. сияқты шешумен айналысады. Өз бетінеше осы сықылды таңдау проблемаларын шешпесе бала масылдық мәртебесінен шыға алмайды.Ал экономикалық білім негіздері осы таңдаудың түрлі жолдары туралы алуан түрлі мәліметтер беретін арнайы қазына болып есептеледі.

         Осы бағдарламаларға сәйкес экономикалық білім берудің үш деңгейін бөліп көрсетуге болады. Олар:

1) Оқушыларды экономикалық іс әрекетке әлеуметтік психологиялық жағынан дайындау.

Мақсат. Жалпы даму өмірмен өзімен танысу, араласу мәдениеті.

Нәтиже. Нарық жағдайына әлеуметтік психологияға бейімделу.

2) Экономикалық (теориялық) дайындық.

Мақсат. Өмірге белсенді араласу үшін жаңа білім саласын меңгеру.

Нәтиже. Экономикалық процестерді ұғыну, практикалық тапсырмаларды орындай ,білу.

3) Кәсіпкерлік іс әрекетке дайындық.

Мақсат. Нарық талаптарына сәйкес кәсіпкерлік дағдыларын қалыптастыру.

Нәтиже. Өз ісін ұйымдастырып, жүргізе білу. Жаңа пәнді оқудың жеке тұлғалық мәні материалдық құндылықтарды тиімді пайдалана білу, өз қажеттілігін дұрыс есептей білу және қанағаттандыра білу, болашақта өз шаруашылығын, жанұя бюджетін қанағаттандыра білу.

         Қазақстан Республикасының Білім және Ғылым Министрлігі мектептерде экономикалық білім беру ісіне үлкен көңіл бөлуде. 2000 жылдың 24 ақпанында ҚР Білім және ғылым министрлігі Қазақстан Республиасы мектептерінде «Экономика білімдерінің негізі» курсын оқыту туралы №155 бұйрығы шықты. Осы бұйрық негізінде Қазақстан Республикасы мектептерінде «Экономика білім негіздері» курсын факультативтік негізде жүйелі түрде оқыту мақсатында Қазақстан Республикасының жалпы білім беретін мектептерде 2000-2001 оқу жылынан бастап «Экономикалық білім негіздері» курсын сатылап енгізу қамтамасыз етіле бастады. Экономикалық білім саласының  басқа мектеп пәндерімен салыстырғанда өзіндік ерекшеліктері бар Ол ерекшеліктерінің бірі Қазақстандағы нарықтық экономика кезінде болып жатқан әлеуметтік экономикалық үрдістерімен байланысты. Елімізде болып жатқан үрдістерді саналы түрде ұғынып, өз орынын табу және өз мүмкіндіктерін жүзеге асыру қажеттілігі пайда болады. Экономикалық білімнің кәсіптік білім мекемелеріне тарауы жылдамдады. Ол экономикалық білім мен кәсіпкерлікке және жаппай іскерлік мәдениетін қалыптастыруға сұраныстың пайда болуымен байланысты. Оның үстіне базистік оқу жоспарының негізгі және қосымша бөлігінің ешқайсысында экономика арнайы білім сапасы ретінде қарастырылған жоқ.

         Қазақстан Республикасындағы көптеген мектептерде жаңашыл мұғалімдерге сүйене отырып, экономиканы оқыту орта және бастауыш буындарында базистік оқу жоспарларының қосымша сағаттары есебінен жүргізілуде.

         Мектепте экономика білім негіздерін оқытудың басты мақсаты – оқушыларды экономикалық мәдениетпен, қоғамның экономикалық даму заңдылықтарымен танысу, іскерлікке тәрбиелеу, еңбек ете білуге, өндіруге, өзін және өзгелерді рухани  материалдық құндылықтармен  қамтамасыз теу.

Экономикалық білім негіздерін оқытудың басты мақсаты келесі міндеттерді анықтайды:

  • Оқушыларды Қазақстан қоғамы және тұтас дүниежүзілік бірлестіктегі экономикалық даму заңдылықтарымен таныстыру;
  • Экономикалық теорияның ең маңызды білімдерімен қаруландыру, экономикалық мәдениет дағдыларын дарыту, экономикалық жағдайларда өз бетінше дұрыс шешім қабылдауға және әрекет етуге үйрету;
  • Оқушыларды Қазақстанда және халықаралық аймақта жүргізілетін экономикалық заңдылықтардың негізгі ұстанымдары еңбек, отбасы, әкімшілік, салық кодекстерімен таныстыру;
  • Еңбекті сүюге тарту, қоғамның экономикалық белсенді мүшесі  болуға баулу.

Жас ерекшеліктерін ескере отырып, мектеп пәні ретінде экономиканы жүйелі оқыту неігізі мектептің бесінші  сыныбынан басталады. Негізгі мектеп бітіруші жастардың экономикалық теорияны өмірлік қызметіне тікелей қатысты және олардың қызығуына қатысты  бөлімдері туралы толық  танымы болуы тиіс. Ең алдымен оларға экономиканың мәні, қоғамның және адамдардың  материалдық қажеттілігі, нарықтық экономика, тауар және өндіріс, ақша, еңбек, еңбек күші, меншік ұғымы, кәсіпкерлік, бизнес, макроэкономика, микроэкономика т.б. түсіндірілуі қажет.

Экономикалық білім саласы мынандай пәндермен  пәнаралық байланыста болады: тіл, әдебиет, математика, география, экология, информатика, қоғамтану, технология т.б.

Пәннің негізгі мазмұны педагогикалық ғылымдар қалыптасқан дидактикалық және әдістемелік ұстанымдармен анықталады. Сонымен қатар басқа пәндерде экономикалық білім берудің негізгі мазмұның анықтауда ескермеуге болмайтын өзгешеліктер бар:

  • білім беру мазмұны қоғамның экономикалық даму рухына cәйкес болу ұстанымы;
  • қоғамда не болып жатқаны дамудың дәл қазіргі және оның болашақтағы жағдайларын ескермей даму мүмкін емес;

5-9 сыныптарда экономикалық білім беру мазмұны «Экономикалық білім беру негіздері» курсымен анықталып, ол курс базалық курс болып табылады. 10-11 сыныптарда  экономиканы оқыту « Кәсіпкерлік және бизнес негіздері» курсы бойынша  бағдарлы негізде жалғасады.        Экономикалық білім негіздерін оқытудың басты мақсаттары:

  • оқушылардың экономикалық ойын қалыптастыру;
  • экономика ғылымдар мен оның заңдарының негізгі  түсініктерін меңгеру;
  • қазіргі экономикалық құбылыстарды түсіндіре білу;
  • күнделікті өмірдегі экономикалық мәселелер бойынша жеке шешімді қабылдау дағдыларын қалыптастыру.

         Қазіргі уақытта нарықтық қатынас кезеңіне көшуге  байланысты жалпы білім беретін мектептерде оқушылардың экономикалық білімі мен тәрбиесіне көп көңіл бөлініп отыр. Ол жөнінде жалпы білім беретін мектеп оқушыларын еңбекке оқыту мен тәрбиелеу тұжрымдамасында көрсетілген.

         Экономикалық білім  беру адамға қоғамның негізгі экономикалық заңдары, мемлекетіміздің экономикалық саясаты жөнінде білім берумен қатар, ұйымдастыру-экономикалық ептіліктерімен қаруландыруға бағыттайды.

         Экономикалық тәрбие —  тәрбиенің құраушы бөлігінің бірі. Ол қоғамның мүшелерінде  шаруашылық нормалары мен принциптеріне сәйкес білім, ептілік және дағдыларды , қажеттіліктермен қызығушылықтарын, ойлау стилін, өзін алып жүру  мен  іс-әрекетін  қалыптастыруды болжайды. Экономикалық тәрбие процесінде  жеке тұлғаның тәртіптілік,  іскерлік, ұйымдастырушылық, жауапкершілік, қамқорлық және т.б. сапаларды қалыптастырады.

         Экономикалық білім беру мен тәрбие  экономикалық дайындықтың негізігі  құраушысы болып табылады, экономикалық білімнің  құраушы элементтерін  мектеп қабырғасында  оқушыларға оқу пәндері арқылы берілетіні белглі.  Мектептік Технология пәннің  оқу бағдарламаларына  сәйкес бесінші сыныптың оқушылары  жұмыс орыны ұйымдастыру  мен күту жөнініде  белгілі білімдерді алады.  Жұмыс орны бұл қажетті жабдықтармен  құралдар мен бейімдеу  құралдары мен жабдықталған  оқушыға , жұмысшыға бекітіліп  берілген өндірістік аудан  деген түсінікті  алады және оны  ұйымдастыру бойынша іс әрекеттерді орындайды.

         Оқушылар сонымен қатар , бесінші сыныпта  экономика және экономия (үнемдеу) ұғымдарымен танысады.  Экономика  гректің сөзінен шыққан, алғашқы қолданысы үй шаруашылығын  тиімді жүргізуші деген  сөзді білдіреді.  Қазіргі кезде бұл ұғым  өте кең мәнде қолданылады. Экономия бұл шикізатты, материалдарды,  уақытты жән т.б.  ұқыпты  пайдалану  бағытындағы іс шаралар жүйесі.

Оқушылардың экономикалық білімдері мен тәрбиесіне қойылатын қоғам талабы мен олардың экономикалық дайындықтарынның арасындағы сәйкессіздікті жоюдың негізгі жолы мектеп оқушыларына экономикалық білім беру деп білеміз. Өйткені еліміздің экономикалық даму деңгейі нарық қатынасының дамуымен, қалыптасуымен  сипатталады. Нарық қатынастарының  дамуы жағдайында пайда болған қажеттілік, тұтынушы,  айырбас,  меншік,  кәсіпкерлік,  бизнес, пайда, коммерция сияқты экономикалық  ұғымдар мектеп оқушыларының санасына берік орнығу қажет, заман соны талап етуде.

         Демек нарқытық экономикалық қалыптасу үрдісінің басталуы бұл үрдістің қалай дамып отырғандығын түсінетін, оның себептерін меңгеріп, қоршаған ортамен арақытынаста болатын білікті мамандарды қажет етуде. Осы талаптарға сай азаматтар тәрбиелеу мақсатында мектепке экономикалық білім беруді енгізу мәселелері қолға алынуда. Қазіргі кезеңге дейін экономикалық білімнің  кей элементтері экономикалық география, физика, математика  қоғамтану еңбекке баулу сабақтарында пәнаралық байланысты сақтау негізінде беріліп келгенімен, жеке пән ретінде немесе білім беру аймағы ретінде қарастырылмаған.

         Мектеп оқушыларына экономикалық білім беру ісіне мүмкіндігінше жоғары дәрежеде қол жеткізуге және оны сан салалы бағытта жүргізуге болады.

         Мектепте экономикалық білім негіздерін оқытудың басты мақсаты- оқушыларды экономикалық мәдениетпен қоғамның экономикалық дамуының дағдылығымен  таныстыру  оларды жеке тұлғаның дамуы қалыптасуы негізінде материалдық құндылықтарды өндіру мақсатына еңбек ете білуге үйрету, сонымен қатар, өз Отанының патриот азаматын тәрбиелеу болып табылады.

«Экономикалық білім негіздерін» мектепте оқыту оқушыларды экономикалық ұғымдардың мағынасын терең түсініп ұқыптылыққа үйретуге үлкен мүмкіндіктер тудырады. Өмірде өз орынын таба алатын епті, белсенді, экономикалық біліммен жақсы хабардар оқушыларды дайындауды қамтамасыз етеді. Қазақстанда мектеп оқушыларына экономикалық білім беру проблемаларына қатысты бірнеше ғана еңбекті атауға болады. Мысалы 1985 академик С.Сатыбалдиннің мектептің жоғары сынып оқушыларына арналған «Экономика»  оқулығы сынақ  ретінде шығарылып  Орал облысы мектептерінде факультатив сабақтарда пайдаланылды. Сонымен бірге Л.С.Ланның   «Экономическое воспитание школьников» (Алматы, 1980) , М.А. Құдайқұлов, Д.М.Құдайқұловтардың «Основа предпринемательства и бизнеса» (Алматы 1998 ) еңбектері дайындалып, оны мектеп бастапқы кәсіптік білім мекемелері өз мүмкіндіктеріне қарай пайдалануда.     Оқушыларға экономикалық білім беру алдын алу,  болжау ұстанымдары негізінде жүзеге асырылуы тиіс. Қоғамдағы экономикалық сауатсыздық экономикалық дағдарыстың негізгі себептерінің бірі деуге болады.

Жалпы білім беру жүйесі қоғамдағы экономикалық сауаттылықты көтеруге үлкен мүмкіндік жасай алады. Алдын ала  берілген экономикалық білім экономикалық дағдарыстан шығудың бірден бір маңызды факторларының бірі болып табылады.

Қарапайым экономикалық білім жиынтығы оқушыларға тек ақпараттық мәні жағынан ғана құнда емес сонымен қоғамдағы адамның рөлі мен оның құқығын түсіне білуге негіз болады. Экономикалық білім жас жеткіншектің адами қасиеттерін қалыптастыруға көп мүмкіндік жасайды.

Экономикалық білім оқушылардың демократия, құқықтық мемлекет, азаматтық қоғам, адам құқығы бәсекелестік, нарық сияқты жалпы адамдық құндылықтарды белсенді қабылдауына септігін тигізеді.

Мектеп оқушылары болашақта өмір сүріп оны түсініп еңбек етуге дайындауы керек.  Дамыған елдердегі болып жатқан өзгерістер туралы, мәлімет жастарға зор әсер етеді. Бұл мәліметтер оқушылардың ата — аналарының экономикалық білім алуға деген ұмтылыстарын арттыра түсуде. Экономикалық білім мен біліктіліктің негізгі құрамдас бөлігі экономикалық ойлау. Бұл біліктілік яғни эконмикалық ойлау өмірге нақты жол ашуға үлкен көмегін тигізеді.

Экономикалық білім беру — қоғамдық өндірістің барлық салаларын қамтитын күрделі құбылыс. Экономикалық табыс елдің және жеке адамның ырысының мол болуы әр адамның белсенді еңбек етуіне, сөйтіп бақытты өмір сүруге ұмтылуына байланысты екендігін оқушы зердесіне құю үшін мектеп ұжымы белсене араласуы керек.

 

Талқылау сұрақтары:

  1. Құқықтық білім берудің маңызы неде?
  2. Құқықтық білім мен құқықтық тәрбие арақатынасын қалай ұғынасыз?
  3. ҚР экономикалық білім берудің  себептері неде?
  4. ҚР құқықтық және экономикалық білім берудегі кедергілер мен қиындықтарды атап, аталмыш саланы дамытудың тиімді жолдарын ұсыныңыз?

Ұсынылған әдебиеттер:

  1. Искакова Г.К., Газизова Н.С. Қазақстан Республикасындағы адам құқығы. Оқу құралы. – Семей мемлекеттік педагогикалық институты. – Семей —  – 234б
  2. Ағанина Қ. Қазақстанда оқушыларға экономикалық білім беру жүйесінің қалыптасуы // Экономика негіздері – 2004-№3-.Б.7-11.
  3. Ағанина Қ. Экономикалық білі негіздері. // Экономикалық білім негіздері – 2004- №4 – Б.17-18.
  4. Ағанина Қ. Экономикалық білім беруді дамыту // Экономика негіздері- 2005-№2 – Б.36-37.
  5. Ерназарбекова А., Ортаев Б. Орта мектеп оқушыларына берілетін экономикалық білім мен тәрбие. // Ізденіс – 2007 — №4  — Б.241-244.
  6. Махадиева Б. Экономикалық тәрбие берудің қажеттілігі. // Қазақстан мектебі – 2008 -№6- Б.9-11.
  7. Сағындықұлы Е., Педагогика – Алматы РБК- 1999 жыл – 312 бет.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *