Жүрсін ЕРМАН:
АЛМАС АЛМАТҚА
Түсіріп жүрекке жүк, жанға салмақ
Серіге болып еді ән қашан бақ.
Мен сенің өміріңе қызықпаймын
Сен мені кешіре гөр, Алмас Алмат.
Қадаса саған сұғын көздер кілең
Сен қашан тағдырыңды өзгертіп ең.
Ес біліп, етегіңді жапқалы сен
Ауырып келе жатсың сөз дертімен.
Жоқ сенің өзге дәулет, өзге малың,
Жыр толған өз әлемің, өз қамалың.
Ұмытып бар қызығын дүниенің
Бағасың ертелі-кеш сөз қабағын.
Аңғармай жаздың ауып, күз өткенін
Артығын шырпып алып, түзеп кемін
Бабалардың мұрасы — баптағаның,
Даналардың сарқыты — күзеткенің.
Жыр деген — еркетотай тұңғыш бала,
Айырмас — түн ұзақ па, күн қысқа ма.
Жартысын ғұмырыңның жеген шығар
Жүректі жарып шыққан «Шыңғыснама».
Астына жинап елді бір шатырдың
Күңреніп күн астынан үн шақырдың.
Барады іліп алып сарыныңды
Ізіңе тәу ететін мың шәкіртің.
Сен барда кетпес өнер құрдымға әрі
Шөліңді қандырады жырдың нәрі.
Жантақпен жүрек жалғап келе жатқан
Саф алтын арқалаған Сырдың нары!
16.VI. 16.