АЛМА ЖЕМІРІ

АЛМА ЖЕМІРІ (Laspeyresia) — жеміс ағаштарын зақымдайтын, жапырақ ширатқыштар тұқымдасына жататын көбелек, алма ағашының ең қауіпті зиянкесі. Қазақстанда кең таралған. Түсі қара қоңыр немесе сұр, қанаттарының жайғандағы ұз. 20 мм. Жұлдызқұрттары ақшыл қызғылт түсті, басы қара болады. Олар алма ағаш діңінде, кеуектерінде, бұтақ қабықтары және әр түрлі паналар астында қыстайды. Көктемде қуыршаққа айналады. Көбелектер алма ағашы гүлденуінің аяқталар кезінде ұшып шығып, жұмыртқаларын бір-бірлеп жапырақтарға, жеміс түйіндеріне салады. Жұлдызқұрт жемістің ішіне еніп, тұқым дәнегіне қарай жол салады. Даму кезінде 3 — 4 жемісті зақымдайды. Зақымдалған алмалар пісуі жетілмей үзіліп түседі, сақтауға жарамайды. Залалсыздандыру шаралары: ағаш бұтағына тор іледі немесе жерге түскен жемісі жиналып алынады, ағаштың діңі мен бұтақтары ескі қабықтарынан тазартылып, сызаттар мен жарықтар бітеліп, сыпырынды өртеледі. Сондай-ақ А. ж-нің жұлдызқұрттары көбелекке айналмай тұрғанда жылына бірнеше рет инсектицидтер шашады.  

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *