АЛМАЖАН Азаматқызы (1823, қазіргі Батыс Қазақстан обл., Жәнібек ауд. Бекетай- Бесқасқа а. — ө.ж. б.) — ақын. Әкесі Азамат 1836 — 37 ж. Исатай — Махамбет бастаған шаруалар көтерілісіне қатысып, шайқаста қаза тапқан. А. жастайынан өлең шығарып, ақын қыз атанады. Бірақ сақталып қалған шығармасы — “Жетім қыз” дастаны. Дастан әділетсіз әкімдердін жетім-жесірлерге жасаған зорлық-зомбылығы әшкереленеді. “Жетім қыздың” басты кейіпкері — Алмажанның өзі. Оқиға 2 жақтан баяндалады, арагідік қара сөзбен баяндауы бар. Дастанның сюжет желісіне әкесі Азамат қайтыс болғаннан кейін жетім қалған 14 жасар қыз бен 7 жасар ұлға Нарындағы билік иелері тарапынан жасалған зардаптар, Жәңгір ханға арызданбақшы болғанда көрген қиыншылықтары негіз етіп алынған. Дастанда әділдік іздеп күрескен жетім қыздың өршіл тұлғасы сомдалған.