АЛМА (Маlus) — раушан гүлділер тұқымдасына жататын, өте кең тараған жеміс ағашы. Табиғи А-ның жер шарында 36 түрі белгілі, олардың 10 — 12-сінің шаруашылықтық маңызы бар. Қазақстанда, негізінен, Сиверс А-сы (М. sieversii), Недзвецкий А-сы (М.niedwetzkiana), қырғыз А- сы (М. kirghisorum ) өседі. А- ның жаздық, күздік, қыстық сорттары бар. А. ағашының өмір сүру ұзақтығы 20 — 100 жыл, биікт. 3 — 10 м болады. 3—12 жылда жеміс береді, әр га-дан шамамен 100 — 300 ц өнім алынады. Тұқымынан және өсімді (вегетативті) жолмен көбейеді. Тұқымынан көбейту бұлама алуда және селекцияда қолданылады. А-ны көбейту кейде ұластыру арқылы да жүргізіледі. Қазақстанның Оңт. Қазақстан, Жамбыл, Алматы обл-тарында А-дан мол өнім алынады. Қазақстанда А-ның 40-тан астам сорттары аудандастырылған, оның 20-сын (Салтанат, Іле, Алатау шапағы, Алматы, т.б.) қазақстандық селекционерлер өсіріп шығарған. А. жемісі тасымалдауға, сақтауға жарамды, тағамдық заттарға бай, дәмді келеді әрі жақсы өңделеді. А-ның құрамында 83 — 88% су, 7,5 — 16% қант, 0,2 — 0,8% қышқыл, 9,5 — 18,5% құрғақ қалдық, 0,28 — 1,0% илік заттар, А,ВрВ2,В6,С,РР витаминдері, көптеген минералды заттар бар. Шырынынан шарап, сусын дайындалады, жемісін емдік дәрі ретінде де, адам организмін ауыр металл заттарынан тазалауға, қан бұзылу және жүрек ауруларын емдеуге қолданады. А-ның зиянкестері: А. жегіші, А. биті, шие бізтұмсығы, гүл жегіш. А. аурулары: А. қотыры, ақ ұнтақ, жеміс шірігі, т.б.