АЛЛЮВИЙ СУЫ — өзен аңғарларының аллювий шөгінділері қабатындағы жер асты суы. Су тұтқыш қабаттың қалыңд. аллювий шөгінділерінің қалыңдығына байланысты жазықтағы ірі өзендерде 15 м-ге, кей жерлерінде 30 — 50 м-ге жетеді. А. с. жер бетіндегі сулардан, атмосфералық ылғалдан, кейде тектоник. жарылымдар бойымен тереңде жатқан арынды су қабаттарынан толысады. Жер бетіне жақын жаткандықтан және минералдылығы төмен (1 — 3 г/л-ге дейін) болғандықтан А. с. елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету үшін пайдаланылады. Тұщы А. с-ның мол қорлары Оңт., Орт. Қазақстанның және Шығ. Қазақстанның өзен аңғарларында кездеседі. Соңғы кездері жер беті суларының ластануы А с-на да кері әсерін тигізуде.