АЛЛОПАТРЛЫҚ ТҮР ТҮЗІЛУ, аллопатрия (грек. allos — басқа, бөтен, patris — отан) — бастапқы түрдің оқшау аймақтарында орналасқан бір немесе бірнеше аралас өскіндерінен (популяцияларынан) жаңа түрдің түзілуі. Бұл кезде бір түр ареалы бірнеше бөліктерге бөлініп кетеді. Мыс., Солт. Еуразияның қоңыржай климатты орман алқабын алып жатқан інжугүл ареалы мұз басу дәуірінде бірнеше бөліктерге бөлініп кеткен. Қазір бұл өсімдіктің тек жылу сүйгіш түрлері ғана Жерорта теңізі маңында, Кавказда түрлі өскіндер (популяциялар) құрып тіршілік етуде. А. т. т. түр ареалының кеңеюіне де байланысты болады. Мыс., Дарвиннің зерттеулеріндегі Галапагосс құнақтары тіршілік ортасына және қоректену ерекшеліктеріне байланысты тұмсықтарының түрліше құрылысымен ажыратылады. Атап айтқанда кактус гүлдерімен қоректенетін құнақтардың тұмсығы — ұзын, өсімдіктердің ірі тұқымдарымен қоректенетін түрлерінікі — шомбалдау, ал ұсақ жәндіктермен қоректенетін түрлерінікі — ұзынша келген түзу болады. Бұл құнақ түрлері бір- бірімен шағылыспайды. Олай болса, А. т. т. түрлік ареалдың қалыптасу тарихымен байланыста жүреді.