АЛЛЕРГИЯ

АЛЛЕРГИЯ (грек. allos — басқаша, және ergon — әрекет, жауап) — организмнің қоршаған ортаның кейбір әсерлеріне әдеттегіден тыс сезімталдығы. А. терминін алғаш 1906 ж. Австрия педиаторлары К. Пирке мен Б. Шик енгізген. А. туралы деректер көне заманнан белгілі. Гален (2 ғ.) раушан гүлінен адам мұрнынын бітіп қалатыны туралы жазған. А-ны туындататын заттарды аллергендер дейді. Аллергендер организмге сырттан түсетін (экзогендік) және организмнің өзінде өндірілетін (эндогендік) болып ажыратылады. Экзогендік аллергендерге өсімдіктердің тозаңдары, жануарлардың түбіті, қайызғағы, үй шаңы, кір жуғыш ұнтақтар, кейбір тағамдық заттар, дәрі-дәрмектер (новокаин, пенициллин, витаминдер, т.б.), микробтар мен вирустар, өндірістік өнімдер жатады. Эндогендік аллергендер көпшілік жағдайларда әр түрлі микробтардың, вирустардың, суық немесе ыстық темп-ралардың, улы хим. заттардың, иондағыш сәулелердің әсерлерінен организімнің өзінде пайда болады. Аллерген организмге алғаш рет түскенде иммундық жүйелерге әсер етіп, оның сол аллергенге сезімталдығын көтереді. Кейін бұл аллергеннің қайталап түсуі салдарынан А- лық ауру пайда болады. А-ның кең тараған түрлеріне: бронхиалдық демікпе, есекжем, Кванке ісінуі, поллиноздар (грек. pollen — шөп тозаңдарынан дамитын ауру) және анафилаксиялық шок жатады. А-мен ауырған адам аллерголог-дәрігердің бақылауында болуы керек. 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *