АЛЛА — бүкіл дүниені, адамзатты, жан-жануарды жаратушы ие — Құдай. Қасиетті Құран — А-ның сөзі. Оны А. Жәбірейіл періште арқылы соңғы пайғамбар Мұхаммедке 23 жыл бойы аян-аяттар түрінде жолдап отырған. Абай А-ны бүкіл әлемдік дәрежедегі болмыс, шындық, ақиқаттың жиынтық атына балайды. “Алланың өзі де рас, сөзі де рас, Рас сөз еш уақытта жалған болмас” дегенде, “рас” сөзі сол болмыстың, шындықтың, ақиқаттың синонимі ретінде алынып тұр. Әлемдегі рас — ол болмыс. Болмыс рас болса, шындық рас болса, А. да рас. Шындықты мойындау — А-ны мойындау. Мұны Абай ізгіліктің бастауы деп түсіндіреді. Алла ісіне мойынсұнып, мұсылман болудың Абай айткан шарты — адамға адамшылық жасау.
“Алла ішімді айтқызбай, біледі, ойла,
Бендесіне қастықпен кінә қойма.
Распенен таласпа му’ мин болсаң,
Ойла, айттым, адамдық атын жойма!”
Үшінші жолдағы “распенен таласпа…” деп отырғаны, ақынның А.сөзіне күмәнданба дегені. Себебі А. жолына түссең адам атыңды жоймайсың. А. жолында болсаң адамдықтан шықпайсың. Абай сонымен А-ны абсолют шындық ретінде ұсынады, ал оның сөзін жеткізушілер туралы өзгеше пікірде. Ол “Замана, шаруа, мінез күнде өзгерді, Оларға кез-кезімен нәби (пайғамбар) келді” дейді. Міне, осы тұста Абай өзі айтқан А. жолы мен пайғамбар жолының айрығына келді. Нәбилер келеді, кетеді, ал А. — мәңгілік. Нәбилердің келіп-кетуінің себебін Абай диалектик. тұрғыда түсіндірген. Замана, шаруа, мінез болғандықтан үнемі өзгеріп отырады. Мұқағали ақын айтқандай: “Кереметті өзгертіп кереметтер, Керемет шақтағы да кез келеді”. Өзгермейтін бір А., ол — абсолют. Өзгеретін оны танушылар, оның құдіретіне бас июшілер. Адасатын А. емес, адамдар. А. — ақиқат, мәселе оны тану керек. Тану жолы көп. Нәбилердің айтып жүргені сол жолдар. Түптің түбінде оның бәрі А-ның растығын қабылдауға бастап апарады. Абай А. туралы ойларын тек ислам діні шеңберінде қарастырмай кең мағынада алған. “А. деген сөз жеңіл” деп басталатын төрт шумақ өлеңінде Абай біршама мәселелерді қозғаған. Ол алдымен “Алла” дегенге үстірт, жеңіл қараудан сақтандырған. А. тек ауызбен айтылған ақиқат емес, ол жүрекпен қабылданатын шындық. А. туралы сөз айту дегеніміз көңілдің шындығын талап етеді. Бұл бір мәселе. Келесі шумақта ақын “жүректің ақыл суаты, махаббат қылса тәңірі үшін” — деп, махаббат туралы сопылық дүниетаным тұрғысында түсінік берген. Махаббат иесі — А., оны ұғыну үшін жүрек нәрленуі керек. Ол жайды Абай “жүректің асыл суаты” деген. Үшіншіден, А. ақыл арқылы танылмайтын шындық екеніне баса назар аударған. Бар нәрсені ақылмен тану мүмкін еместігін Бат. Еуропада көптеген ғұламалар айтқан. Бірақ Абай бұл мәселеде Бат. ойшылдарына еліктеп тұрған жоқ. Ол бар нәрсенің барлығы туралы ой айтқанда ислам дүниетанымынан тыс кетпеген. Ислам филос-сында А-ны ақылмен танудың мүмкін еместігі әлденеше рет айтылған. Абай бұл жағдайды “ақылға сыймас ол алла, тағрипқа (түсіну, білу) тілім қыска, аһ!” деп суреттеген. Тіл қысқалығы — ақыл мүмкіншілігінің образды бейнеленуі. Бірақ бар нәрсеге шүбә жоқ, себебі оның барлығын жүрек арқылы сезбекпіз. “Ақыл мен хауас (сапа, түр) барлығын білмейдүр жүрек, сезедүр” — яғни сезімдік таным Абай дүниетанымында ерекше айшықталған. Осы басы ашық мәселе туралы өзінше қисынды ой айтпақ болғандарға “бекер босқа езедүр” — деп Абай үзілді- кесілді пікір айтқан. Себебі бар нәрсені жоқ деп қаншама “ойшылдар”, Абай тілімен айтсақ, босқа сөзді езіп, аяқ астынан мәселе тауып, ақылсынғанды ақын оқып та көрген, олармен кездесіп те байқаған. Абай “Алланың” барлығы туралы таласты бекер сөз етпеген. Ақын түсінігінде А. шүбәсіз шындық, дүниедегі бардың есімі.
Ислам дінінде А. жайлы ілім (ат-таухид) негізгі догматтардан саналады әрі бірінші орынға қойылады. А-ның сипаттары, табиғаты хадистерде, тәфсірлерде, жаратушы жайлы арнайы әдебиеттерде (кәләм) кең сөз болады. А. ақыл- ойдың ең жетілген құдіретті күші әрі шексіз махаббат иесі ретінде ұғылады. Құранда бір А-ға, оның елшісіне мойынсұнып, құлшылық ету өте жиі айтылады.