АЛЖУ

АЛЖУ,деменция (лат.de — жоқ және mens — ақыл, dementia — ақылсыздық, жарыместілік) — адамның психикалық іс-әрекетінің кемуі немесе жасы ұлғая келе пайда болатын жарыместілік. Ол сырқат салдарынан болатын патологиялық өзгерістерден туындайды. Мұндай жағдайда адамның табиғи мінез- құлқы өзгеріп, танымдық қабілеті нашарлайды. Ойлау, бейімделу қабілеті төмендейді. Клиникалық белгілеріне қарай А. толық (тоталдық) және жартылай (лакунарлық) болып бөлінеді. Т о л ы қ А. кезінде науқастың ойлау, есте сақтау қабілеті мүлде жойылады. Еске алу, аңғару қабілеті жоғалып, айналада болып жатқан оқиғаларға мән бермейді. Бойындағы қалыптасқан әдет, мінез-құлық мүлдем өзгеріп, бұрынғы қалпына ұқсамайды. Толық А. сал ауру, сенильдік психоз, Пик және Альцгеймер сырқаттарының асқынуы салдарынан болуы мүмкін. Ж а р тылай А. кезінде адамның есте сақтау, ойлау қабілеті бұрынғыдан нашарлайды. Науқастың көңіл-күйі өзгеріп, жылай береді, тез шаршайды. Жартылай А. церебральдық атеросклероз, ми мерезі, бас зақымдануы, маскүнемдік, т.б. сырқаттар салдарынан болуы мүмкін. А-дың бұлардан басқа жеке эпилептикалық А., маскүнемдік А. және амнестикалық А. деп аталатын түрлері бар. Эпилептикалық А. барлық психикалық процестердің өте асқынуымен сипатталады. Онда ойдың көмескіленуі, еске алу, аңғару қабілеттерінің нашарлауы, сөйлеу кезінде сөздік қордың тапшылануы, бір айтқанын қайталап айта беруге бейімділік, кек сақтаушылық, өшпенділік және қатты ашуланушылық пайда болады. М а с күнемдік А. адам интеллектісін жойып, еркінен айырады, миды зақымдайды, металкогольдық психоз тудырады. Амнестикалык А. кезінде адамның еске сақтау, болжау және ойлау қабілеті төмендейді және мидың қан тамырлары органик. өзгерістерге ұшырайды. 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *